Қыркүйектің ортасында парламенттің төменгі палатасы Қазақстанда өкілдігі жоқ әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы заң жобасына түзетуді бірінші оқылымда мақұлдаған. Түзету қоғамда түрлі пікір туғызған.
Петиция авторларының пікірінше, заңға енетін түзетулер цензураны күшейтіп, ақпарат алу еркіндігін шектейді. Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және өзге де танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына бөгет жасайды.
Петиция авторлары заң жобасындағы төмендегідей өзгерістерге қарсы:
- шетелдік интернет-платформа, әлеуметтік желі мен мессенжерлерді Қазақстанда тіркеуге міндеттеу;
- Олардың өкілдіктеріне Қазақстан азаматтарын тағайындау;
- Егер тіркеуден бас тартса, желілер мен платформалардың жұмысын шектеу;
- Тіркелген өкілдіктер Қазақстанның өкілетті органдары тыйым салған немесе шектеу қойған ақпараттарға тосқауыл қоюы тиіс;
- Мемлекеттік органдардың өкілетін кеңейту.
"Біздің ойымызша, бұл өзгерістер қудалау сипатына ие және интернетті реттеу емес, бақылауға бағытталған. Мұндай іс жүзіндегі цензура Конституция мен адам құқығы саласындағы халықаралық стандартқа қайшы" делінген петицияда.
Олардың пікірінше, Facebook, Telegram сияқты әлеуметтік желілер Қазақстанда өкілдіктерін тіркеуден бас тартса, қазақстандықтар интернетті еркін пайдалану мүмкіндігінен айырылады. Олардың ойынша, заң шығару органдары бұл өзгерістер кибербуллингпен күрес үшін қажет деп айтқанмен, "аталған тәсіл тиімсіз", ал бала құқығын сылтауратып заңды өткізіп жіберуге тырысу "манипуляция".
Бұл 2019 жылғы президент сайлауынан кейін айтылып келе жатқан биліктің реформалар туралы уәделеріне де қайшы. Қазақстанның адам құқығы саласында алған міндеттемелеріне де кереғар, қоғамның дамуын тежейді дейді хат авторлары.
Петиция авторлары 15 қазанда ашық хат пен жиналған қолды президент әкімшілігі мен парламентке тапсыратынын да айтады.
Бұған дейін заңға түзетулерді "Әділ сөз" баспасөз ұйымы да сынап, аталған норма ақпарат алу мен тарату, интернетті пайдалану құқығын шектейді деп мәлімдеген.
Abai.kz