Жексенбі, 24 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 7976 10 пікір 8 Қазан, 2021 сағат 14:56

Қытай қысымы: Қазақстан экономикасы соққы алды

Қытай билігі Қазақстанмен сауда-саттыққа тоқтау салғалы еліміздегі көптеген компаниялар шығынға батып жатыр. Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан шекарасында орналасқан  Достық-Алашанькоу станциясында жүздеген жүк машиналары қозғалыссыз тұр.

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының мәліметі бойынша Қытайдан  тауар импорттайтын қазақстандық компаниялардың шығыны 170 млрд теңгеге жеткен.

Қытай-Қазақстан сауда қырым-қатынасының нашарлауынан, көрші елге тау-кен металургия өнімін экспорттайтын ірі компаниялар биыл 3 млн 566 211 тонна өнім тасымалдады, яғни жоспарланған экспорттың 77%-ын ғана орындай алды. Бұл өз кезегінде кәсіпорындарды 142 млрд теңгеге жуық шығынға ұшыратты.

Шекарадағы шектеулер былтыр қарашада Шыңжаңда кедендік ережелер күшейтілгеннен кейін басталды. Қытай тарапы бұл шектеуді COVID-19-ға қарсы карантин шараларының бірі деп түсіндіргенімен, экономист Арман Бейсембаев «Қазақстан Шыңжаң аумағындағы қазақ ұлты өкілдеріне қатысты Қытайдың саясатын сынағанынан кейін пайда болған мәселе», деп есептейді.

«Соңғы айларда Қазақстан Қытайдан келіп жатқан қандастарға «босқын» мәртебесін берді. Бұл дегеніміз, Қытайда азшылық жұрттың «азаматтық құқығы» шектегенін мойындау. Қытайдың «жұмсақ күш» доктринасы бар, олар қарумен келмейді, бірақ экономикалық тұрғыдан қысым жасайды», - дейді экономист. 

Биыл тамыз айында қазақстандық импорттаушы компаниялар Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан Қазақстанға Алашанькоу станциясы арқылы жүк жіберу тоқтағаны туралы телеграмма алды. Бұл туралы  Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Жақыпбаев мәлімдеген болатын. Бірақ шектеудің қашан жойылатыны туралы ақпарат жоқ. Қазақстандық кәсіпкерлерді бұл жағдай тұралатып кетті. Компаниялар келісім-шарттарын бұзып шығынға ұшырап жатыр. Әрі көрші елден жете алмай жатқан тауар үшін қоймаға ақы төлеуге мәжбүр. Тауардың дер кезінде жеткізілмеуінен Қытайдан әкелінетін барлық тұрмыстық техника, киім-кешек, аяқ-киім, тұрмысқа қажетті барлық бұйымның бағасы қымбаттады.

Тауар тасымалдауда әбден зардап шеккен кәсіпорынның бірі – Өскемен конденсатор зауыты. 60 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт бүгінде «Қорғас» халықаралық орталығындағы уақытша қоймада тұрған керек жабдықтарын жеткізе алмай отыр.

«Біз Қытайдан 5 жыл бұрын конденсатор бөлшектерін алуды бастағанбыз, бірақ биыл 130 млн теңгеге ($305 000) тапсырыс берген бөлшектерді ала алмай отырмыз. Тауар Қытай аумағынан бері қарай өткізілмейді.

Жүкті ең жақын уақыт желтоқсан айында өткізе бастағанның өзінде, елімізде мейрамға байланысты демалыс күндері көп әрі Қытай жаңа жылы да басталып кетеді. Егер биылғы жылдың аяғына дейін тапсырыс берушілерге конденсаторларды дайындап бере алмасақ, өнеркәсіп 70 млн теңгеге ($164 000) шығынға ұшырайды», - дейді зауыт өкілі Вячеслав Шахов.

Қытай тарапынан жасалып жатқан шектеудің ресми жарияланбауы жағдайды одан әрі ушықтырып тұр. Бұл мәселеге байланысты Қазақстанның уәкілетті органдарының ҚХР-ғы әріптестерімен келіссөзі еш нәтиже бермеген.

Айжан Темірхан

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584