Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кіші Құрылтай 4418 5 пікір 13 Қазан, 2021 сағат 14:27

Қош Ыстамбұл, Ұлы Құрылтайда бас қосайық!

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы «коммунизмге таяп қалдық, шыт-жаңа совет ұлты қалыптасу үстінде» деген ертегінің күлпаршасын шығарып, отарлық иделогияның тепкісінде тұншыққан сана мен рухты сілкіп оятты. Арғы жағы тарихтың даму заңдылығы бойынша Горбачевтың «реформа, жаңаша ойлауына» ұласып, атышулы, азулы империя ыдырап тынғанда,  өз жерінде отырып азшылыққа айналған (40%), діні, ділі, тілі бөгделенген Алаш жұрты алды-артын аңдап барып Тәуелсіздік жариялағанда бірнеше сағаттан кейін Тәуелсіздікті мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан ел - түбі бір туыс Түрік Республикасы еді.

Қазақ елінің нарықтың қыспағынан шығып, Тәуелсіздік тұғырын бекемдеуіне жақыннан жәрдем берген де осы Түрік елі мен халқы болатын. Міне, Тәуелсіздіктің отыз жылдық торқалы тойын атап өту қарсаңында Еуропа мен Азияны жалғап тұрған алып мегеполис Ыстамбұлда Кіші Құрылтай өткізуге мүмкіндік беріп отырған да Түрік елі болды.

Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев Тәуелсіздік жариялай сала тарихқа кеткен есемізді түгендеп, еңсемізді тіктеу үшін әрі-сәрі болмастан, тәуекелге толы үш қадам жасады. Әуелі, нарықтық қатынасқа көшсе, екінші - әлем қазақтарының құрылтайын ашып, көші-қонды еліміздің ішкі-сыртқы саясатының басым бағытының біріне айналдырды. Содан кейін, өзі туып-өскен «жер жаннаты Жетісуға» хош айтып, арқаның төсіне Республика орталығын көшірді. Бұл стратегиялық қадамдардың қаншалық қиындықпен іске асса, соншалық ел игілігіне айналғанын бұл күнде уақыт пен тарих дәлелдеді әрі дәлелдей бермекші.

Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Кіші Құрылтайдың Ыстамбұлда өтуінің тарихи, саяси, дипломатикалық, әлеуметтік, символдық маңызы зор деп білеміз. Атажұрт пен анажұрттың қауышуы, ескі өркениет пен жаңа танымның тоғысуы, зайырлы мемлекет құру жолындағы ұлт көсемдерінің идеялық жақындығы деп білеміз.

Сонымен қыркүйектің 23-і күні ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» РҚБ және «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйытқы болуымен Ыстамбұл қаласында Түркия және Еуропада тұратын қандастардың қатысуымен Кіші Құрылтай өтті. Құрылтай даңқты спортшы, екі елге ортақ тұлға М.Өзтүрік атына берілген саябақтың ашылу салтанатымен басталды. 800 мыңнан астам тұрғыны бар, өткен ғасырдың елуінші жылдарында Гималай асып келген қандастарымызға пана болып, ортаға бейімделіп, өсіп өркендеуіне қоныс болған Бағжылар ауданының әкімі Локман Чағыржы сөз алып, туысқан екі халықтың өткен тарихы мен қазіргі жағдайын саралап айтты. М.Өзтүріктің адами қасиеті мен тұлғалық тұғырын ерекше атап өтті.

Осыдан кейін сөз алған «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының» РҚБ-ның бірінші орынбасары, қоғам және мемлекет қайраткері З.Қауысбекұлы мен Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы Ә.Байел жиылған жұртты саябақтың ашылуымен құттықтап, лентасын кесті. Одан кейін, Жамбыл облысынан арнайы келген өнерпаздар М.Өзтүріктің сөзіне жазылған «Бұл-бұл құстар сайраған» әнін орындап, мерекенің мерейін асырды. Шығыс жекпе-жегінің халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Гиннес рекордтар кітабына үш мәрте тіркелген, М.Өзтүріктің ісін жалғастырушы Д.Жамали өнер көрсетіп, көрерменді тәнті қылды.

Түскі қонақасынан кейін Бағжылар ауданының Қадир Топбаш атындағы халық сарайында Кіші Құрылтай жалғасын тапты. Тізгінді қолына алған «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығың» РҚБ-ның төрағасының орынбасары Ә.Ыбрайым мырза Кіші Құрылтайдың ресми ашылу сөзін З.Қауысбекұлына берді. Басты баяндаманы «Отандастар қорының» вице президенті М.Сарбасов мырза жасады. Аудан әкімі мен Бас консул құттықтау сөздердін сөйледі. «Шетелдегі, оның ішінде Түркиядағы қазақ диаспорасын ахуалы, бүгіні мен ертеңі» деген тақырыпта Ә.Қара, Е.Ғайретуллах бастаған шетелдегі қоғамдық ұйымдардың басшылары мен өкілдерінен оншақты адам жалынды сөз сөйлеп, көкейде жүрген ұсыныстары мен талап-тілектерін ортаға қойды. Кіші Құрылтайға қатысушылардың қандастар мен Қазақстан халқына арнаған үндеуін жариялады. Жырақта жүрсе де жүрегі отаным деп соғып, еліміздің көші-қон саясатына сүбелі үлес қосқан біраз қандастарымыз «Кіші Құрылтай» төсбелгісімен марапатталды. Осыдан кейін Бағжылар ауданының мәдениет орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Ақмола облысының «Алтын тамырлы атажұрт» көрмесінің ашылуы, этнограф Б.Бопайұлының түрік тіліне аудырылған кітабының тұсаукесері, Қазақстандық жоғарғы оқу орындарының Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Халықаралық Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жөніндегі ақпараттық таныстырылымдар және жастарды оқуға шақыру «Білім көрмесі» қатарласа-қапталдаса өтті. Әсіресе, қауымдастықтың ұсынысын жерге тастамай, Қарағанды облыстық «Тәттімбет» атындағы академиялық қазақ халық аспабтар оркестірін толық құрамымен жіберген облыс әкімі мен әкімшілігіне алғасымыз шексіз. «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» Қарағанды облыстық филиалының төрайымы М.Башайқызы шымылдықты марқұм Е.Зейіпханның әні, сөзін арқалы ақын А.Ахметбекұлы жазған әйгілі «Көк тудың желбірегенімен» бастап, қандастар арасында кең тараған «Ел көшкенде» әнімен жалғастырғанда бүкіл зал тебіреніп кетті. Арқаның асқақ әуенді әндері мен күйлері түрік әуендерімен қабысқанда, байырғы империяның астанасы көшпелілердің рухы мен құдыретін сезінгендей болды-ау деп ойлаймыз.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім қажы айтқандай осы реткі Кіші Құрылтайдың мәнісі де, барысы да өзгерек болды. Барлық қадам мен шара қазақтың берекесін арттырып, еңсесін көтеруге арналғандай. Қазақ саясаткерлері мен дипломаттары тізе қоса еңбектеніп, Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойына осылай есеп беріп, сыйлық жасағандай. Көші-қон саясатының ендігі бағыт-бағдары мен келешегіне жол нұсқағандай.

2009 жылғы санақта қазақтың еліміздегі үлес салмағы 70%-ды құрағаны айтылды. Соңынан 68%-ға түсіп одан кейін 65%-ға келіп тұрақтады. Десе де бұның өзі үлкен табыс еді. Ұлт көшбасшысы және оның командасының талдап алған «Қазақстандық жолының» дұрыстығын әрі кемеңгерлігін көрсетті. Десе де ұйыған берекемізді, нұрлы болашағымызды көргісі келмейтін алыс-жақындағы, ішкі-сыртқы бақталастарымыз ашық-жасырын әрекетке көшті. Соның салдарынан қазақ көші тығырыққа тірелді. Қазақ көшін қаралаған ақпараттар ағынына шектеу болмады. Ақыры «қос анықтама» деген заңның бір тармағына кіріп, Қытайдан, Ираннан келетін көшке тоқтау болды. Советпен бірге келмеске кеткен тұрақты тіркеу деген талап айналысқа еніп, қандастарымыз бен ауылдан қалаға көшкен азаматтардың құқығы тапталып, өрісі тарайды. Міне, осы кезде Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайы шақырылып, З.Қауысбекұлы төрағаның бірінші орынбасары болып сайланды. Осы құрылтайда Н.Назарбаев барлық қордаланған мәселелерді қатысты елдермен кеңесе отырып шешуді тапсырды. «Отандастар қоры» құрылып оның басшылығына ұлт көшбасшысының оң қолы болып талай сыннан сүрінбей өткен, Тәуелсіздік тарихында қолтаңбасы айқын көрінетін Н.Әбіқаев мырза тағайындалды. Көшке қан жүгірді. Қабат-қабат әкімшілік кедергілер алынып тасталды, ешқашан өздеріне «пиар» жасамайтын, амбициясы жоқ, айналасына жағымпаз зиялыларды жинап, «мадақ» жырын оқытпайтын, сылдыр сөзге емес, нақты ісіне сенетін осы екі тұлға өз миссияларын адал атқарып келеді.

Биліктің барлық баспалдағынан өткен З.Қауысбекұлы 1997-1999 жылдары Республикалық көші-қон агенттігін басқарып тұрғанда еліміз ат басын бұрған қандас зиялылардың бір тобына пәтер кілтін беріп, есте қалды. Сол кезде тарих ғылымының докторы Н.Мұхаметқанұлы, медицина ғылымының докторы У.Сейпілұлы, ақын А.Ахметбекұлы, марқұм Е.Зейіпханұлы, әнші Т.Қожанұлы, ақын С.Сейтқамзыұлы, айтыс ақыны Қ.Құлмұхаметұлы қатарлы Қытайдан келген қаймақтар осы кісінің қолынан пәтер кілтін алды. Осы істің даңқы мен дақпырты сол кезде Қытайға да тарап, қазақ көшінің алтын дәуірін бастауға қозғаушы болды. Халқымыз айтатын «мың сіз-бізден, бір быж-тыж артық» деген аталы сөздің мәнісі осындайға қаратылса керек.

Алқалы жиында қайраткер, экс елші, «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» Зәкең Ыстамбұлдағы Бас консул осы шараның сәтімен өтуіне бар күш-жігерін жұмсап, шеберлігін, мәмілегерлігін танытқан, келешегінен үлкен үміт күттірген Әлім Дәуренұлы Байелге алғысын айтып, батасын берді. Қырыққа әлі келе қоймаған Бас консулдың жігерлі, іскер екендігі әр әрекетінен көрініп тұрды. Ыстамбұлда Абай атындағы көше, Наурыз мерекесін кең көлемде тойлануы, Томирис фильмінің тұсау кесері, М.Өзтүрік атындағы саябақтың ашылуы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылына арналған естелік монетінің тұсаукесері сынды маңызды шаралардың бәрі де осы жігіт Бас консул болғалы іске асып жатыр екен. Елдестірмек елшіден дегендей, Тәуелсіздікпен бірге есейіп, ер жеткен, болашақтың түлегі болған осындай жігіттердің жұлдызы жарқырай берсін деп ішімізден дұға оқып, тілек тіледік.

Осы шараның ойдағыдай өтуіне көп күш шығарған «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице президенті М.Сарбасовтың жан-жақты дайындалған баяндамасы көптің көңілінен шығып, жүректерге жол тапты. «Жас келсе іске» дегендей, кішіпейіл, іскер басшы қысқа мерзімде әр елден келген, әр түрлі мінез-құлықтағы қандастардың көңілінен шығып, құрметіне бөленіп үлгерді. Әсіресе, пандемия басталып, шекара жабылған соң елге жете алмай тарыққан қандастарымыз 3-ші ел арқылы жыл басынан бастап Атамекенге аяғы тигенде шекара күзетінің кедергісіне көп ұшырады. Осы кезде үйлестіру қызметін Мағауия мырза мен Қ.Бекпатша ханым күнді түнге жалғап істеді. Тіпті, кейбіреулерін әуежайдан күтіп алды. Кейбір пысық популистер қыстырылып әуежайға барып фотоға түсіп, мәселені мен шештім деп дауырыққанда іш жиған жоқ. Уақыт бәрібір өз орнына қойды. Кейін Зәкең премьер министрдің орынбасарына өзі шығып, мәселенің нүктесін қойды.

«Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» Жамбыл филиалының төрағасы, іскер, меценат А.Төлеубаев мырза облыстың делегаттарын бастап келіп, өнерден шашу шашып, сыйлы қонақтарға шапан, камзол жауып, кәдесый таратты. Алыста жүрген қандастарымыз ауыз тисін деп алып келген қазы-қарта, жал-жая, құрт-ірімшіктері сағыныш пен сыйластықтың дәнекерін арттыра түсті. «Хабар 24» арнасы мен Шымкенттік «Айғақ» телеарнасы арнаулы репортаж түсіріп, ақпараттық қолдау көрсетті. «Жебеу» республикаық қоғамдық бірлесітігі де сыйлы қонақтарға өз ілтипатын көрсетіп, қауымдастық пен «Отандастар қоры» тапсырған міндетті абыроймен орындады. «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» РҚБ-ның орынбасары Ә.Ыбрайымұлы, қазақ диаспорасы мен жұмыс істеу департаментінің бас менеджері Ж.Леспеков, бас бухгалтер Л.Кучембаева, төраға бірінші орынбасарын кеңесшісі, Нұр-Сұлтан филиалының төрайымы Қ.Хожамұрат қатарлы кісілер алдын-ала барып, консулдық қызметкерлермен бірлесе отырып қызмет етті. Қонақтарды күтіп алу мен шығарып салу, олардың нәзік көңіліне қаяу түсірмей қызмет ету үшін қаншама ерік-жігері мен сабыр-төзімділік керек екенін басынан өткен адам ғана түсінеді. Сонымен Кіші Құрылтай мәресіне жетті. Қош Ыстамбұл! Келесі жылы Ұлы Құрылтайда Еуразияның кіндігі саналатын байтағымыз Нұр-Сұлтанда бас қосайық!

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602