Жексенбі, 24 Қараша 2024
Өзгелер 4132 9 пікір 26 Қазан, 2021 сағат 12:21

Өзбекстандағы сайлау: әлем не дейді?

2021 жылдың 24 қазанында Өзбекстанда кезекті президент сайлауы өтіп, Шавкат Мирзиеев екінші мерзімге айқын басымдылықпен өтті. 

Өзбекстан Республикасының қолданыстағы сайлау кодексіне сәйкес, Өзбекстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге сайланады және бір адам қатарынан екі мерзімнен артық Өзбекстан Республикасының Президенті бола алмайды. Республика Президентi болып кемiнде отыз бес жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi меңгерген, сайлауға дейiн кемiнде он жыл Өзбекстан аумағында тұрақты тұратын Өзбекстан Республикасының азаматы сайлана алады. Бұрын қылмыстық іске тартылып, сотталған немесе кәсіби тұрғыдан діни қызмет атқаратын және діни мекемелер мен ұйымдарға мүше азаматтар сайлауға түсе алмайды.

Саяси партияларға келетін болсақ, олар сайлау науқаны басталғаны туралы хабарланған күнге дейін төрт айдан кешіктірмей Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркеуден өткен жағдайда кандидат ұсынуға құқылы. Кандидаттарды ұсыну сайлауға 65 күн қалғанда басталып, сайлауға 45 күн қалғанда аяқталады. Кандидаттарды ұсынуды саяси партиялардың жоғары органдары ғана жүзеге асырады, ал бір саяси партия бір ғана кандидат ұсынады. Саяси партия өз мүшелерiнiң арасынан немесе партияға мүше емес жанды тарта отырып кандидат ұсынуға құқылы. Осылайша, тәуелсіз және партияның шақыруына ілікпеген партияға мүше емес жандар кандидат ретінде тіркеліп, заң бойынша өз бетінше кандидатураны ұсына алмайды. Бұл үшін ресми тіркелген партиялардың біріне мүше болу және осы партиялар басшылығының қолдауы мен мақұлдауымен ғана өзін ұсыну қажет. Бұл мәселені сарапшылар, саясаттанушылар, халықаралық бақылаушылар мен ұйымдар, сондай-ақ құқық қорғаушылар, оппозиционерлер мен диссиденттер жиі сынға алады. 2021 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Өзбекстанда тек бес саяси партия ресми түрде тіркелген. Олар Өзбекстанның либералдық-демократиялық партиясы, «Миллий тикланиш» демократиялық партиясы (Ұлттық жаңғыру), «Адолат» социал-демократиялық партиясы (Әділет), Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы және Өзбекстанның Экологиялық партиясы.

Мирзиеев Өзбекстанның либералдық-демократиялық партиясы атынан сайлауға түсті. Президенттік сайлауға түсушілер арасында Максуда Варисова жалғыз әйел кандидат болды. Ол Мирзиеевтан кейінгі екінші көп дауыс жинаған кандидат бола білді.

Өзбекстандағы сайлауға қатысты ЕҚЫҰ (ОБСЕ) бақылаушылары көптеген заң бұзушылықтар тіркелгенін атап өтуде. Ұлыбритания атынан бақылаушы болып келген Ваис Каис Өзбекстанның пандемиялық жағдайды ескерместен онлайн дауыс беру жүйесін енгізбегеніне наразылық танытты. Оның ойынша дәстүрлі дауыс беру әдісі жақсы, алайда заманауи технологияларды енгізу маңызды. Тіпті Өзбекстаннің елшіліктері жоқ елдерде азаматтар дауыс беру мүмкіндігін онлайн құрылғылар арқылы іске асыра алуы тиіс және ол демократияға сай болмақ.

Көптеген сайлау учаскелерінде бірнеше паспортпен дауыс беруге тырысу фактілері кездескен, ал кей дауыс беру орындарында бақылаушыларды кіргізбеуге тырысқан. Алайда Орталық Сайлау штабы ешқандай заң бұзу фактілері болмады дегенді айтуда.

ШЫҰ атынан Өзбекстандағы сайлауға қатысты арнайы қорытынды жасалды. Олар сайлауды әділ болды деп мәлімдеді.

«ШЫҰ атынан келген бақылаушылар миссиясы Өзбекстандағы сайлау ел заңы мен халықаралық құқықтарға толықтай сай, демократиялық, таза әрі әділ өтті. Сайлау нәтижесіне күмән келтіретін заң бұзушылақтар болмады», - деді ШЫҰ өкілдері.

ЕҚЫҰ (ОБСЕ) атынан келген бақылаушылар болса, керісінше сайлаудың өту барысына көңілдері толмапты.

«Сайлау науқаны бейбіт әрі тыныш өтті. Алайда оны толық демократияға сай деп айтуға келмейді. Оппозициялық партияларды сайлауға жібермеу Ташкенттің демократиялық реформаларды жалғастыру керектігін көрсетті. Өзбекстан реформалар жасауда, дегенмен ол аздық етеді. Бұл тұрғыдан жұмыстар көп», - деді олар.

Сарапшылар Мирзиеевтың соңғы сайлауы екенін айтып, оның келесі қадамына болжам жасауда. Басым көпшілік Мирзиеев заңды өзгертуі мүмкін немесе Путин-Медведев форматын таңдайды деген ойда.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560