Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ойдан-қырдан 9376 9 пікір 27 Қазан, 2021 сағат 17:02

Қазан мен Мәскеу айқасы: Татарстан Ресейден бөліне ме?

Татарстан Парламенті «Ресей Федерациясының субъектілерінде мемлекеттік билікті ұйымдастырудың жалпы принциптері туралы» федералдық заң жобасын қолдамады. Онда басқалармен қатар барлық аймақ үшін ең жоғары лауазымды тұлға – Ресей Федерациясы субъектілеріндегі басшылық лауазымның жалпы атауын белгілейді. Татарстан – басшысы «президент» деп аталатын Ресейдегі соңғы аймақ.

Қыркүйектің соңында депутат Павел Крашенинников пен сенатор Андрей Клишас Мемлекеттік Думаға Ресейдің облыс басшыларын қатарынан екі мерзімнен артық сайлауға мүмкіндік беретін аймақтық билік туралы заң жобасын ұсынды. Сонымен қатар, құжатта жоғары лауазымды тұлға – Ресей Федерациясы субъектісінің басшысы лауазымына жалпы атау беру туралы ереже бар.

Дәл осы заң жобасы аймақ басшыларының өкілеттік мерзімін бес жылға белгілейді. Сондай-ақ, Ресей Президентіне губернаторларды сенім жоғалтуына байланысты отставкаға жіберіп қана қоймай, сөгіс жариялауға немесе міндетін орындаудан уақытша шеттетуге мүмкіндік береді.

Дүйсенбі күні Татарстанның мемлекеттік кеңесі – республикалық парламент бірауыздан федералдық заң жобасын қолдамау туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы Мемлекеттік құрылыс жөніндегі мемлекеттік Кеңес комитетінің басшысы Альберт Хабибуллин: «біздің ойымызша, заң жобасының кейбір ережелері Ресей Федерациясының демократиялық федералды құқықтық мемлекет ретіндегі конституциялық жүйесінің негіздеріне қайшы келеді», - деді.

Депутат Хабибуллин бұл мәселе бойынша пікірсайыс болдырмауды және заң жобасы Мемлекеттік Думаның бірінші оқылымында қаралған жағдайда талқылауға оралуды ұсынды.

Татарстан президенті Рустам Минниханов – Мәскеу мэрі Сергей Собянин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров сияқты өкілеттік мерзімі нөлге теңестірілуі мүмкін адамдардың бірі. Саясаттанушылар республикадағы президенттік билікті алып тастау және бір мезгілде белгіленген мерзімнің нөлге теңелуі Кремльдің ойынша ымыралық шешімге айналуы мүмкін деп болжайды.

- Меніңше, Татарстанға, жаңа мерзімге мүмкіндік беру үшін заңды түрде «президенттіктен» бас тарту бейресми келісімі ұсынылды, - деді Ресей саясаттанушысы Александр Пожалов. Ал саяси қайраткер Константин Калачев:

- Миннихановтың президенттіктен бас тартуы өте символикалық сипатқа ие болады. Бұл дәуірдің соңы, - деген болатын Би-Би-Сиге.

Татарстан билігі, ең алдымен, өз конституциясында егемендік туралы сөзді сақтауды, содан кейін президентті республика басшысының атауы ретінде айтуды дәйекті түрде жақтап келеді.

2025 жылы өкілеттігі аяқталатын Минниханов – саяси жолын 1991 жылдан бастаған, аймақты басқарып, кейіннен қызметінен кетіп, Татарстанның мемлекеттік кеңесшісі болған Минтимер Шаймиевтің мұрагері.

Ресейде республика президенттерінің атын өзгерту 2010 жылдан бері жүріп жатыр. Алғашқылардың бірі болып «президенттіктен» бас тартқан Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров: «бір мемлекетте бір ғана президент болуы керек», - деген болатын. Нәтижесінде басшылары «президент» деп аталған 12 республиканың 11-і өз басшыларының лауазымына өзгеріс енгізді.

Президенттік лауазымның атын өзгертуге ең белсенді қарсылық танытқан Татарстан, бұл мәселені 2016 жылға дейін шегерді. Кейін ол күн тәртібінен түсіп, президент Владимир Путин: «аймақ басшысын қалай атайтыны туралы шешімді Татарстан халқы қабылдау керек», - деп мәлімдеді. 2017 жылы Ресей мен Татарстан арасындағы өкілеттіктерді шектеу туралы келісімнің мерзімі аяқталды.

Дүйсенбіде Татарстан Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметшин Клишас пен Красхенинниковтың заң жобасына өзгерістер енгізілетініне үміттенетін айтты. Сөзіне сүйенсек, аталған жоба «РФ субъектісінің өкілеттіктеріне кедергі келтіреді және Конституцияның қолданыстағы нормаларын бұзады».

- Бұл заң жобасы Ресей Федерациясы субъектілерінің өкілеттіктеріне түбегейлі кедергі келтіріп, Ресей Конституциясының қолданыстағы нормаларын бұзады! Бізді Ресей Конституциясының нормаларын бұзуға мәжбүр етеді - деді Мұхаметшин Интерфакске берген сұхбатында.

«Бұл процес түбі аяғына жеткізіледі. Кремльдің логикасы бойынша Ттарстанда президент болмауы кеерк. Бұл – абсурд. Татарстан өзгелерден артық болмауы керек. Өйтпегенде бұл – Кремльдің әлсіздігі болып саналады», - депті саясаткер Виталий Иванов.

Ресейлік саясаттанушы, ғалым, шығыстанушы Евгений Сатановский Татарстан Мемлекеттік кеңесінің депутаттары барлық субъектілердің басшыларын президент емес, облыс басшысы деп атауға міндеттейтін федералдық заң жобасына қарсы дауыс берді деген хабарламаға қатысты пікір білдіріп:

- Ресейде әзірге екі президент бар. Бірі – бүкіл Ресейдің, екіншісі – Татарстанның. Егер Ресей КСРО сияқты аумақтық құрылымдардың шекарасында ыдыраса Татарстан бір сәтте жеке елге айналады. Татарстанда мұнай, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы бар. Барлығы халыққа сай, ал Қазан соңғы кездері тәуелсіз мемлекеттің астанасына қатты ұқсайды. Президент мәртебесі болашақта оның бір елден бөлінуінен басқа нәрсе үшін қажет екені тіпті кірпіге де түсінікті. Бұл басқаша болуы мүмкін емес, – депті Сатановский.

Назерке Алтайқызы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552