АЭС пен «Орыс тілі жылы»: Ташкент қайда бет алды?
Соңғы уақытта Өзбекстан Ресейге деген бағытын өзгертті. Сарапшылар Ташкент Мәскеуге тым тәуелді болып барады дегенді айтуда. Оған негіз де жоқ емес.
Мәскеу Өзбекстанға АЭС салу жобасын қолға алуда. Бұған ресми Ташкент те қарсы емес. Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов ол туралы былай дейді: «Біз ең алдымен мұны экономикалық жоба ретінде қарастырамыз. Бұл жерде ешқандай саяси ойын да, саяси мүдде де жоқ. Неге оны біз кесіп айтып отырмыз? Өйткені бұл жобаға қатысты БАҚ өкілдері түрлі негізсіз ақпараттарды жазуда», - деді ол.
Ол жобаның тек қана экономикалық мақсатта екенін дәлелдеп бақты. «Әрине, нақты экономикалық қажеттілігі мен жобаның түпкілікті мақсаты нақты дәлелденуі тиіс. Бұл Өзбекстанда энергияның өзге де балама көздері қарқынды түрде дамып жатқан сәтте аса маңызды ғой. Біздің елімізге көптеген жобалар мен ұсыныстар түсіп жатыр, олардың басым бөлігі күн, жел, су энергиясын дамытуға қатысты болып отыр», - дейді министр.
Өзбек министрі Камилов МАГАТЭ қоятын талаптарға да баса назар аударып отырғанын және қауіпсіздік ең басты қажеттілік екенін ұмытпайтынын да айта кеткенді жөн санапты.
«Тағы бір аса маңызды сұрақ, ол ірі жобаның үнемі назарда болуы. Сондықтан біз бұл жоба бойынша тек қана ел халқының пікірін емес, сонымен қатар көршілес мемлекеттердің де ойын білетін боламыз. Осылайша бұл мәселені ары қарай зерттеп, қарастырамыз. Жұмыс жүріп жатыр. Бірақ барлығы да жоғарыда айтылған сұрақтарға берілген жауаптармен байланысты болмақ. Жауаптарға қарап, нақты шешім қабылдаймыз. Салына ма, жоқ па деген мәселе шешіледі», -деді ол.
Өзбекстанға АЭС салу мәселесі әлі талқыланып жатыр. Жоспар бойынша 2 блоктан тұратын АЭС 2022 жылы салынуы басталып, 2028 жылы қолданысқа берілуі тиіс. АЭС-ті ресейлік компаниялар салмақ, ал жоба құны орта есеппен 9-11 млрд доллар деп бағалануда. АЭС салынуына Өзбекстан халқы ішінара қарсы, ал көршілес мемлекеттер алаңдаушылық білдіруде.
Өзбекстан тек қана энергетикалық жоба бойынша емес, сонымен қатар басқа да бағыттарда Ресейге жақындауды жөн көргендей. Өзбекстандағы орыс тілді мұғалімдердің сауатын көтеру мақсатында Ресейден арнайы мамандар келіп, 30 мың өзбекстандық ұстазды оқыту бағдарламасын бастады. Ал ендігі уақытта Өзбекстан билігі ТМД бойынша «Орыс тілі жылын» өткізуді қолдап отыр.
«Россия-24» арнасына Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов көлемді сұхбат берді. Ол сұхбатта орыс тілін қолдау мәселесіне де баса назар аударды.
Оның ойынша Өзбекстандағы ресейлік 15 ЖОО-ның филиалдары екі ел арасындағы достық пен мәдени әріптестікті арттыру жолында қызмет етуде. Орыс тілін үйрету орталықтары да көптеп ашылып жатқанын мәлімдеді.
Ол Өзбекстан тарапы Ресей президенті Владимир Путиннің ТМД елдері басшыларының кеңесіндегі «Орыс тілі жылын» атап өту ұсынысын үлкен қызығушылықпен қарсы алғанын айтты.
«Бұл мәселе бойынша Өзбекстан орасан тәжірибеге ие. Мысалы 70-жылдары Ташкент қаласында ғылыми орта мамандарының басын қосқан, «Орыс тілі — достық пен ұлттарды біріктіруші тіл» атты үлкен форум өтті. Сондықтан бізде нақты қадамдарды жасау тәжірибесі, аталмыш бағыттағы шараларды ұйымдастыру әдісі бар. Біз бұл ұсынысқа үлкен жауапкершлікпен, қуана қатысар едік», - дейді өзбек министрі.
Өзбекстан орыс тілін дамытуға мәжбүр. Себебі еңбек мигранттарының басым бөлігі Ресейге барады. Ал Ресейде тіл білумен қатар, арнайы емтихандық жүйе енгізілуде. Сондықтан орыс тілін үйрену елге келетін капиталға да әсер етпек.
Ташкент Ресейдің бірқатар жобаларына қауіппен қарайтыны анық. Мысалы Мәскеу бірнеше мәрте ұсыныс жасаса да, ҰҚШҰ (ОДКБ) ұйымына қайта қосылмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ЕЭО-қа кіруге де ниетті еместігін көрсетті. Дегенмен сарапшылар бұл мәселе әлі шешілмегенін, Өзбекстанның ЕЭО қабылдаған жол картасына мүше болуы соның бастапқы сатысына айналу мүмкіндігін айтып отыр.
Ка Мырза
Abai.kz