Күн қайтадан Шығыстан шығады...
11-12 қараша күндері Түркияда түркі елдерінің басшылары бас қосып, үлкен жиын өтті. Түркі кеңесінің аясындағы басқосуда тарихи шешімдер қабылданды. 11 қарашада министрлер деңгейіндегі экономикалық форум өтіп, сауда және экономикалық байланыстарды арттыруға қатысты келісімдер жасалса, 12 қарашада мемлекет басшылары арасындағы жиын болды.
Жиынның басты жаңалығы кеңестің ұйымға айналғаны болды. Әлемдегі барлық Тәуелсіз түркі мемлекеттері бір ұйым аясына кірді. 8-ші Түркі саммиті барысында түркі мемлекеттерінің басшылары Түркі кеңесінің атын «Түркі Мемлекеттері Ұйымына» өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұл тарихи сәт болатын. Жиын тек қана ұйым статусын өзгертіп қоймай, сонымен бірге, 2040 жылға дейінгі струтегияның қабылдануымен де есте қалды.
Әлемнің геосаяси келбеті жыл өткен сайын өзгеріп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау қиынға түсуде. Сондықтан түркі мемлекеттері үшін ортақ ұйымның болуы да маңызды. Экономикалық, сауда және террорлық қауіптерді бірге еңсеру бойынша әрекеттесе қимылдау қашанда өзінің оң нәтижесін бермек. 2040 жылға дейін түрлі салалар бойынша байланыс артпақ.
Шекаралық қауіпсіздікті сақтау, терроризм мен экстремизм, исламофобия, ксенофобияға қарсы күресу мақсатында арнайы ақпарат алмасуды жиілету көзделіп отыр. Адам саудасы, қару-жарақ тасымалы, есірткі өткізу мен адам ағзасын саудалауға қарсы тұру мақсатында трансұлттық деңгейдегі қылмыстық топтармен күресу үшін құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу да жиілемек.
Экономиканы дамыту мен өркендету мақсатында түрлі жобалар іске аспақ. Арнайы стартаптарды қолдау, кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасуды күшейту, сауда байланысын бірнеше есе арттыру да көзделіп отыр. Түркі мемлекеттерінің арасындағы сауда айналымы әлемдік сауданың 3%-ын ғана құрайды, бұл көрсеткішті кезең бойынша еселеп арттыру да басты мақсаттардың біріне жатады.
44 күндік соғыста Әзербайжанның басқыншылардан Қарабақты азат етуі үлкен тарихи маңызға ие болды. Ендігі уақытта Транскаспий аймағын Батыс-Шығыс сауда жолына айналдыру үшін түркі мемлекеттері бірлесе қызмет етпек. Орталық Азиядағы түркі елдері, артынша Каспий арқылы Әзербайжанға өтетін теңіз жолы мен Қарабақ арқылы Нахичеванға өтетін керуен жолы және сол арқылы Түркияға апаратын дәліз болмақ. Бұл ірі жол Еуропа мен түркі елдерінің арасындағы сауда айналымын еселеп арттырып, үлкен тауар айналымындағы хаб болады деп күтілуде. 2040 жылға дейін мемлекеттер өзара шекаралық тексеру мен салық мәселесін де кеңесіп, шешуді ойластыруда. Әсіресе Зангезір дәлізін тиімді қолдану көзделіп отыр.
Киберқауіпсіздік, ғарышты бірге игеру салалары да маңызды болып отыр. Әлемде кибершабуыл жыл өткен сайын артып келеді. Бұл ретте бірлесе күресу маңызы артуда, ал ғарыш әлемдік бәсекелестіктің бөлінбес бөлшегіне айналды.
Энергетика саласындағы байланысты да арттыру маңызды. Бұл арнайы стратегияда да жазылды. Түркі мемлекеттерінің ішінде Қазақстан, Түркіменстан мен Әзербайжан газ бен мұнай қорына бай елдер. Түркия Жерорта теңізінен газдың мол қорын тапса, Өзбекстан газ игеру саласында алға жылжыды. Сондықтан энергия көздерін тиімді пайдалану да маңызды болып отыр. Баку-Тбилиси-Джейхан, Баку-Тбилиси-Эрзурум, Оңтүстік газ дәліздеріне де назар аударылды. Түркі мемлекеттерінің энергия тұрғысынан тәуелсіз болуы және тапшылық көрмеуі ұйымның дамуы мен берік әріптестіктің негізі болмақ екені де аталып өтті.
Туризм саласын дамыту да айтылды. Бұл салада Түркия көшбасшы және экономикасының бестен бір бөлігін туризм құрайды. Сондықтан Түркия тәжірибесімен бөлісуге дайын, ол үшін арнайы тәжірибе алмасу бағдарламалары құрылмақ. Бағаны оңтайлы ету мен туристерге қолжетімді деңгейге жеткізу де көзделіп отыр. Түркияның туризмнен жылдық табысы 20 млрд доллардан көп, бұл кей түркі елдерінің бюджетінен артық. Сондықтан аталмыш саладағы тәжірибе алмасу маңызды болып отыр. Түркі елдерінің арасында тарихи орындарды насихаттау және ұйымға мүше елдер тұрғындарына қызықты әрі тартымды ету саясаты да көзделуде.
Денсаулық сақтау саласына үлкен мән берілді. Бұл пандемиялық дағдарысқа байланысты болып отыр. Сондықтан қысқа перспективада медициналық қажеттіліктермен бөлісу, вакцинация және дәрі-дәрмекті барлық елдерге жету жолында ортақ саясат ұстану көзделіп отыр. Ал ұзақ перспективада медициналық жабдықтарды шығару, медицина мамандарын даярлау және басқа да денсаулық сақтау саласы бойынша тәжірибе алмасу іске аспақ.
БАҚ саласы, спорт пен мәдениет саласындағы әріптестіктерді де дамыту тоқтап қалмақ емес. Бұл қазіргі уақытта түркі елдерінің арасындағы әріптестікте ең дамыған салалар саналады.
Түркі мемлекеттері ұйымында Түркия басшысы Ердоған: «Күн қайтадан шығыстан шығатын болады», - деді. Ал Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі. Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл бәріміз үшін маңызды», - деді.
«Демократия және бостандық» аралындағы кеңесті ұйымға айналдырған тарихи жиын осылайша аяқталды. Келесі саммит 2022 жылы Өзбекстанда өтпек. Ол саммиттің ерекшелігі кеңестің емес, ұйымның саммиті.
Ка Мырза
Abai.kz