Ксенофобия тудырған Ауыттар емес, бүгінгі билік...
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров дұрыс айтады. «Лавров дұрыс айтады», - деп Ауыт та дұрыс айтады. Ауыттікі шындықты мойындау, бұл батылдық ар-ұжданға адалдық, азаматтық. Бұл жерде құбылыстың салдары айтылған. Себебіне үңілсек Қазақстанда ксенофобияны тудырған Ауыттар емес, бүгінгі Қазақстан билігі.
Орыс тілі кімнің тілі? Бүгінгі Қазақстанда қандай мәртебеге ие? Бұны ашып айтып, дәлелдеудің өзі басы артық шаруа сияқты. Бейнелеуге сөз таппай қиналасың. Тек іштегі шерді шығару үшін қайта-қайта айтқың келеді.
Орыс тілі қазақты отарлаған, қазақ ұлтын ұлттық болмысынан, тәуелсіздігінен айыра жаздаған, басқыншы, шапқыншы ұлттың тілі. Бүгінгі әлемде орыс тілі ғылымның да, мәдениеттің де тілі емес. Империялық аурумен ауырған бүгінгі орыс билігінің өзге мемлекеттерге қоқаңдауының сылтауы болып отырған тіл.
Тәу етер Тәуелсіздігіне отыз жыл толған бүгінгі Қазақстанда, бүгінге дейін Парламент мақұлдаған мың-сан заңның тек екі-үшеуі ғана Қазақстанның мемлекет тілі деп заңда бекітілген қазақ тілінде жазылып, қалған заңның барлығы орыс тілінде жазылды. Қазақ тілін білмейтін, менсінбейтіндердің қазақ ұлты Тәуелсіздігі үшін құрған Қазақстанда шенеунік болып, минстрлікті басқарып, Парлементте отыр. Өкімет іс қағаздары түгел дерліктей орыс тілінде жүргізіледі. Документті орыс тілінде жазбаса субсидия мен тендер ала алмайсың. Мемлекет басшыларымыз халықаралық жиналыста орыс тілінде сөйлейді. Мектепте шетел әдебиетін орыс тілінде оқытады. Бүгінгі қазақ билігі орыс билігіне Қазақстанда орыс тілін қорғап жатырмыз деп мақтана мәлімет береді. Тізе берсең таусылмайды. Бұлар нені түсіндіреді? Бұл орыс тілінің Қазақстанда айдарынан жел есіп тұрғанын түсіндіреді.
Қазақ тілі қазақ билігінің орыс тілін қорғау себебінен, барған сайын үні өшіп, өз жерінде өгей баланың күйін кешіп, соры қайнап отыр. Тәуелсіздігімізге отыз жыл толған дәл биылғы жылы қазақ тілінің заңға жазылған құқын ғана қорғаған Қуат Ахметов амалсыз шет елді паналады. Билікшіл саясаттанушы дейтін Расул Жұмағұловтың Түркия әуежайында ТМД-дан келген жолаушылардың әр қайсысы өз ана тілінде сөйлесе, тек Қазақстанның қазақтары өз араларында бір орыс жоқ бола тұра, орысша сөйлеп отырғанын көріп, «біз қандай мемлекет құрғанбыз, біз кімбіз» деген жанайқайы шықты. Жазушы, драматург Роза Мұқанова Президент қармағындағы клиникада кезек тосып тұрған қалың қазаққа «соңы кім?» деген бір ауыз қазақша сөзді тыңдата алмай аһ ұрып, «қазақ қандай халық? Біз неге өз-өзімізді сыйламаймыз», -деп жанайқайын жазды Бұларды оқып орыс тілінің қазақ тілін қаншалықты бейшара күйге түсіргенін көріп, жүрегің қан жылайды.
Егер Н.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», - деген сөзді шын ниетімен айтқан болса, онда орыс тілі Қазақстанның болашағына балта шабушы тіл. Орыс тілі Қазақстанды егемендігінен айыратын тіл.
Сондықтан да Қазақстанның егемендігін жан-тәнімен қорғайтын қазақ азаматтары орыс тілін қалайша жек көрмесін. Бізде сонда адамдық ар-ұят, ұждан болмауы керек пе? Шығар көздің ертерек шыққаны жақсы. Мен бір қазақ азаматы ретінде орыс тілін жек көремін.
Ағыбай Әкбарұлы
Abai.kz