Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Анық 10756 66 пікір 11 Қараша, 2021 сағат 14:22

Лавров дұрыс айтады, Қазақстанда ксенофобия бар!

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Қазақстанда орыстілділерге қатысты ксенофобияға куә болдық...», - депті.

Сергей Викторович дұрыс айтады, Қазақстанда орыстілділерге қатысты ксенофобия бар! Болғанда да, ксенофобияның көкесі бар. Және ол – болмауы мүмкін емес әрі болуға әбден тиісті ксенофобия!
Сергей Лавровтың осы сөзіне байланысты қазақ қоғамы у-шу болып жатыр. Бірақ, билік жағы үнсіз.

Мәжіліс депутаты Снежана Имашева: «Ешқандай да ксенофобия жоқ. Мен өзім белорусьпін. Ешқашан, ешқандай ксенофобияны сезінген жоқпын. Басты қатырмасын!», - депті.

Өзге ұлт өкілі болып келетін тағы бір орыстілді депутат та осы сарында сөйлеп, азарда-безер болған көрінеді... Екі депутаттыкі де шылғи өтірік, билікке жағыну!

Тағы қайталап айтайын, Сергей Викторович дұрыс айтады, Қазақстанда орыстілділерге қатысты ксенофобия бар. Болғанда да, ксенофобияның көкесі бар. Және ол – болмауы мүмкін емес әрі болуға әбден тиісті ксенофобия!

Тіпті, ол Кеңес одағы мен Қытайдікі секілді өктем саясатпен емес, Мәңгілік Елмен бірге мәңгі жалғаса беретін табиғи, эволюциялық процесс. Оны ешкім де тоса алмайды!

Жасыртын түгі жоқ, Сергей Лавров айтып отырған Қазақстандағы орыстілділерге ксенофобия жасап келе жатқан қазақтың бірі мен – Ауыт Мұқибек!

Мен 1998 жылдың 24 қазанында Қытайдан Қазақстанға оралдым. Сол қасиетті қазақ топырағына табаным тиген сәттен бастап орысша сөйлейтін қазақстандықтарға ксенофобия тудырып келемін.

Әлі есімде, Қорғас арқылы Қытайдан өтіп, Қазақстан шекарасына келгенімде кеден қызметкері маған: «Давай паспорт!», - деді. Мен оған бірден: «Қазақша сөйлеңіз!», - дедім. Міне, содан бері тұп-тура 23 жыл өтіпті. Мен орыстілді қазақстандықтарға осы сөзді күніне әлде неше мәрте айтумен келемін!

Базарда, сауда орындарында, әлеуметтік көлікте, жиналыстарда – барлық жерде менің алдыман орыс тілі шығады. Егер, сөйлеп тұрған адам қазақ болса, бірден тойтарыс жасап, қазақша сөйлетем. Қазақша білмесе, білетін адамды шақыртам.

Ал, орыс немесе өзге ұлт өкілдері жолықса, қазақ тілін білетін-білмейтінін сұраймын. Білсе, қазақ тілінде сөйлесем. Білмесе, білетін қызметкердің келуін өтінем.

Бірақ, құры кетпей, олардың мемлекеттік тілді білуге, қазақша сөйлеуге үгіттеп отырам.

Сондай-ақ, орыс тілінде жазылған қағазға өмірі қол қойған емеспін! Қанша уақытым кеткеніне қарамастан, сазарып отырып қазақ тіліндегі нұсқасын алдырамын. Бүгін жоқ болса, ертесі дайындап қоюын талап етіп, ертесі келемін.

Сөйтіп, соңында бір-бірімізге рахмет айтысып, қол қысысып қоштасамыз...

Бір қуаныштысы, менің орыстілді жерлестерім менің бұл әрекетімді «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деп қабылдайды.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы шығартып, алыс-жақын шетелдерде жүрген қандастарыңызды Атажұртына оралту үшін батыл әрі тарихи шешім қабылдады.
Міне, алдағы 18 қарашада сол №711 Қаулының қабылданғанына 30 жыл толады!


Сөйтіп, отаршыл Ресей мен Қытай торғайдай тоздырған қазақтың басын Тәуелсіз Қазақстанда қайта қосуды бастады. №711 Қаулының арқасында «Көші-қон» деген Ұлы саясат қалыптасып, Заңдар, нормативтік құжаттар қабылданды, мемлекеттік құзырлы мекемелер, мемлекеттік емес ұйымдар, қорлар құрылды.

Міне, қазірге дейін 1 млн. 84,7 мың этникалық қазақ Қазақстанға оралып, бақытты тұрмыс кешіріп жатыр. Мысалы, 2019 жылғы ресми мәлімет бойынша, сол қандастарымыздың 61 пайызы Өзбекстаннан, 13,2 пайызы Қытайдан, 11,3 пайызы Моңғолиядан, 7 пайызы Түрікменстанна келгендер.

Ал, олардың 3,7 пайызы ғана Ресейден оралғандар. Қалған 3,8 пайызы басқа елдерден көшіп келгендер.

Осылардың ішінде Сергей Лавровтың елінен оралған 3,7 пайыз қазақ қана түгел орыс тілінде сайрап тұр. Өзбекстаннан келгендердің жарымына жуығы, тіпті көбінің орысшасы онша емес. Жоқтың қасы. Түрікменстаннан келгендерді білмеймін.

Ал, Қытай мен Моңғолиядан көшіп келген 20 пайызға жуық қазақтар орысшаңызды қақпайды! Балалары болмаса, үлкендерінің орыс тілін сөйлеуге, үйренуге құлқы да, ынтасы да жоқ! Себебі, олардың үлкен буыны мен арғы атарлары Владиимир Путин мен Сергей Лавровтың, Си Цзиньпин мен Чын Чуангоның ағалары мен аталарының геноцидіне ұшыраған. Ол геноцид Қытайда бүгінге дейін әлі жалғасып жатыр!

Қысқасы, Сергей Лавров айтты екен деп, біз басымызды кесіп алса да орыс тілінде сөйлемейміз!

Есесіне, Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 2-тармағын емес, 1-тармағын басшылыққа алып, өзге тілде сөйлейтіндерден мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауды батыл талап етеміз!

Ұлттық мүдеге – жер мен тіл мәселесіне келгенде біз басымызды бәйгеге тігеміз! Ешкімді аямаймыз!

Ресей президенті Путин мен Сыртқы істер министрі Лавров Қазақстандағы Көші-қон саясатын, шеттен оралған бір миллионнан астам рухы күшті, патриот қазақтардың бар екенін ескеруі керек еді. Өкінішке орай, оған олардың деңгейі де, жетесі де жетпей тұр!

Біздің халық Сергей Лавровтың осы сауатсыз сөзіне байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты жауап бермеді деп жазғырып жатқан көрінеді.

Мен жұрттың бұл пікірлермен мүлде келіспеймін. Нұрсұлтан Әбішұлы мен Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз шығындап, Сергей Викторовичтың деңгейіне түскенін мүлде қаламаймын!

Кеше, депутат ханым Дәриға Назарбаева: «Тұрмыстағы жекелеген ұлтшылдыққа бола Ресейдің ең жоғары деңгейінен осындай сөздің айтылғанына шын өкінемін. Ондай [оқиға] біздің елде де, өзге мемлекеттерде де болып тұрады...», - деп өте дұрыс айтқан! Оларға осы сөз жетеді.

Егер, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда Қазақстандағы қазақ тілінің қолдану аясы кеңіп, басқы орынға шығып бара жатса, ол – Мұхтар Шахан мен Қазыбек Исаның құры айғайының емес, осы шеттен оралған қазақтар жағынан болған ксенофобияның нәтижесі!
Бірақ, соған қарамастан, Қазақстандағы мемлекеттік тіл әлі мүшкіл халде тұр.

Сондықтан, Қазақстандағы қазақ тілінің мәртебесі өз деңгейіне жетіп, үстемдігін орнату үшін біздің елімізге мұндай ксенофобия ауадай қажет!

Алла қаласа, пандемия аяқталып, шекара ашылса, Қазақ көшінің екінші «алтын дәуірі» басталайын деп тұр. Ксенофобияның көкесі сонда болады, Сергей Лавров бүгінгі күнімен жылап көрісуі мүмкін...
Қазақ билігі жасырып-жапқанымен, ант-су ішіп ақталғанымен, айдай ақиқат – осы!

Сергей Лавровтың Қазақстанды тату көрші, стратегиялық әріптес санаса, екі ел арасында тату-тәтті достық пен берекенің қаймағы бұзылмасын десе, тырнақ астынан кір іздемей, қайта Қазақстандағы орыс диаспорасының өкілдеріне: «Сендер болашақ тағдырларыңды Қазақстанмен байланыстырам десеңдер, Қазақстанның мемлекеттік тілін біліңдер. Ол елге шеттен көшіп келген миллионнан астам қазақ бар. Олардың көбі орыс тілін білмейді. Қазақстандағы орыстілді қауым оларға құрмет етулерің керек!», - деп үнемі айтып отыру керек!

Ал, Қазақстандағы қандастарының сағы сынбасын десе, Путинге айтып, арнайы грант бөлдіріп, Қазақстандағыорыс диаспорасына қазақ тілін үйрететін орталықтар ашып берсін!

Егер, Ресей билігі Жириновский секілді желбуаздарын айдап салғанның орнына, осындай сөз бен іске көшсе, бұл нағыз көргендік, тектілік болар еді!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

66 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063