Журналистика және өмір
Бұқаралық ақпарат құралдарында қажырлы еңбек етіп, ғылыми-педагогикалық істері тарихта қалған тұлғаның бірі - Тауман Салықпайұлы Амандосов.
1921 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы Балықшы ауданы Кеңөзек ауылдық кеңесінің Қайыршақты ауылында дүниеге келген. Жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, орта мектепті аяқтаған соң, «Социалистік құрылыс» газетінде бөлімше бастығы санатына дейін қызмет атқарған. Бұл туралы Хамит Ерғалиұлы: «Екеуміз де жетімнен жетілген, адал жанның сарқытын Алланың берген несібесіндей қастерлеген, түнергеннен түңіле білген пендеміз. Сондықтан бізді түсіну –оңайдың оңайы», - деген екен.
1946 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімінде білім алып, оқумен қатар журналистика саласында тынбай ізденіс жасап, қаламгерлік өнерді жанына серік етті.
Журналистика - өз уақытындағы жаңалықтарды жинақтай отырып қоғамға ақпарат жеткізу. Журналистиканың басты қағидасы ақиқатты айту, қоғамның ақпарат алу құқығын құрметтеу. Журналистика термині 18 ғасырда алғаш рет Францияда пайда болған. Сол жылдан бастап қолданыстағы бұл ауқымды теорияны терең зерттеп қазақ журналистикасын қалыптастырған тұлғаның бірі де бірегейі Т.С. Амандосов болды.
Тауман Салықбайұлы Амандосов тарихта тұңғыш рет қазақ журналистика факультетін құрды. Дербес факультетте алғаш декан болып, ұстаздық етті. Шәкірттеріне білім бере жүріп, ғылыммен айналысты. 1991 жылға дейін журналистика факультетінде оқығандардың бәрі Амандостовтың шәкірті болғанын мақтанышпен айтады. «Дүниеде адам тәрбиелеуден артық ардақты іс, абыройлы әрекет жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе! Тәкең осындай ұлылық өлкесінің өкілі еді. Табиғаты тап таза, жан жүрегі кіршіксіз әппақ, тұла бойы толы мейірім еді» -деп, еске алды жазушы, әріптес-інісі Зейнолла Қабдолов. Ал, тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев болса: «Өмірге келген пенде өзіне тиісті үш міндетті орындауы парыз. Бұ ретте Тәкең орда тігіп, қара шаңырақ тұрғызды, перзенттерін аяқтандырды. Ол ағаш өсірмеді, есесіне жүздеген, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.Орыс қызметкерлерінің «Біз Гогольдің шинелінен шықтық» дейтіні сияқты, еліміздің кәсіби жорналшылықтың қалыптасуы мен дамуы осындай үлкен жүрек иесіне қарыздар. Бұл күні қазақ баспасөзінің тұтқасын ұстап жүрген журналистердің басым көпшілігі –Тәкеңнің шәкірттері. Тәкең аз ғана өмірінде өзіндік із қалдырды» - деп шынайылығымен құнды естелік қалдырған.
Т.С.Амандосовтың тағы бір қыры –талантты аудармашы екендігі. Кеңес заманындағы атақты аудармашылар С.Байішев, Ж.Жантурин, Қ.Сағындықовтармен етене араласып, тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеді. С.Л.Лупоновтың «Әлемнің ашылуын», Н.Касильдің «Теңіз қашығындағысын», А.Сафроновтың «Өкімет» атты пьесаларын қазақ тіліне аударған Амандосовтың еңбегін халық жоғары бағалады.
Жазушы-журналист, профессор Әбілфайыз Ыдырысов Амандосов жайлы естелігінде былай дейді: Профессор Амандосовтың журналист-сардарлық-тұлғалық болмысының сыры мыналар:
Ол қазақ журналистикасының жоғары оқу орнын кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында ақ Алаштық, азаттық, демократиялық идеяларға негіздей құрған ғалым.
Ол - болашақ журналистерді қазіргі заман ғылым - ілімнің аса қажет салаларымен терең қаруландыруға күш салған патриот.
Ол - орыс тілді нашар білетін қазақ шәкірттерге қазақ тілі жетік білетін орыс ұстаздарға таза қазақ тілінде дәріс бергізді. Амандосовтың нұсқауымен қазақ шәкірттерге экономиканы Ф.А.Жеребьятов қазақ тілінде оқыды, И.И. Хомутов деген орыс тілінің маманы орыс тілі грамматикасын таза қазақ тілінде түсіндірді.
Амандосов - журналистика факультетінде: Журналистика шеберлік және Әдеби редакциялау, Телерадио журналистика, Журналистиканың теориясы мен практикасы , Журналистика тарихы, Мерзімді баспасөз кафедраларын ұйымдастырушы инициатор.
«Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы өз естелігінде: «Тауман Салықбайұлы - факультеттегі таза журналистикаға қатысты ғылыммен айналысқан, журналистика теориясы бойынша докторлық диссертация қорғаған тұңғыш ғалым. Өз өмірінде 100 баспа табақтан астам ғылыми еңбек жазған ұстаз 11 кітап шығарса, соның жетеуі монографиялық еңбек, үшеуі оқу құралы, біреуі оқулық екен. Солардың ішінде «Қазақ кеңес баспасөзінің жанрлары» оқулығының орны бөлек. Ең алдымен, ол - журналистика саласындағы теориялық мәселелерді арқау еткен қазақ тіліндегі тұңғыш оқулық. Бұған дейін қазақ журналистикасына арналған оқулық шыққан емес. Оқытушылар қазақ аудиториясына көбіне-көп орыс тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарын пайдаланатын-ды. Тауман Салықбайұлы осы оқулығы арқылы журналистикадағы жүйелі теориялық білім беруді жолға салды десе де болады.
«Қазақ публицистиканың тамыры көне дәуірден басталды». Т.С.Амандосов Қазақстанда бірінші болып публицистиканың әдебиеттен бөлек өнер екендігін дәлелдеді. «Публицистика - дәуір үні» кітабында: «Публицистика жанрларының жалпы даму жолдарын, ол дамудың жалпы заңдылығын зерттеу, сонымен қатар жеке жанрлардың даму ерекшеліктері мен заңдылығын зерттеу - қазіргі кезең қойып отырған зор міндет. Зерттеулердің барлығы да публицистиканың жалпы даму заңдылығына негізделе жүргізілуі керек. Публицистикалық шығармаларды жүйеге, жанрларға бөлудің өзі функциялық және пәндік бірлікті салыстырмалы түрде дербес мүшелеуден барып шыққан. Егер бұлай болмаса жеке жанрлар қалыптаспаған болар еді», - деп публицистиканы негізі үш жанрға бөлді: публицистиканың хабар жанрлары, публицистиканың таңдамалы жанрлары, көркем публицистикалық жанрлар.
Тауман Салықпайұлының қазақ ғылымына қосқан елеулі жаңалықтарының бірі – көсемсөз жанрларының айқындамалары мен сипаттамаларын алғаш қазақ тілінде жасап шығарғаны. Сонымен қатар Қазақстандағы баспа ісі туралы тұжырымдар жазып қалдыруы. «Қазақстан баспалары», «Кітап баспалары» деп аталатын айшықты зерттеулері қазіргі кезде баспа саласына байланысты алғашқы ғылыми еңбектер.
Кеңестік кезең қазіргі замандағыдай емес баспасөз саласының беделі артып тұрған кезең еді. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, сол замандағы барлық жаңалықтардан хабардар етіп отыратын газеттің маңызы зор. Ғалым өз еңбектерінде газет-журналдарға да айрықша көңіл бөлген. «Газеттің негізгі ерекшеліктеріне: өмір шындығын жан-жақты және белгілі бір бағытта жүргізетіндігі, оның актуальдығы мен оперативтілігі, шығарылуының мерзімділігі мен ритмділігі: тиражының көптігі тән»- деп, ғалымның өзі айтпақшы газеттің сол заманда елеулі орынға ие болғанын көре аламыз. Еңбектерін оқи отыра түсінгенім ғалым басқа бұқаралық құралдардан гөрі баспасөзді алға қойған. «Журналист және өмір» кітабында, Амандосов өз мақаласында: «Адамзат баласына ауа қандай керек болса, баспасөз де сондай қажет. Әрбір сауатты адам күнделікті газет оқуға құштар. Өйткені ол өмірде болып жатқан жайды білгісі келеді. Сол арқылы қоғамдағы өз орнын түсінеді. Отанында қандай өзгерістер болып жатқанын байқайды. Сондықтан да баспасөз қоғамдағы маңызды да игілікті роль атқарады» - деп газет оқитын адамның қоғамда өз орны бар адам екенін айқындап берді.
Газеттің мұндай маңызды, танымал болуы заманға емес газетке шыққан әр ақпараттың құнды болуымен елеулі болған шығар деп ойлаймын. Ол заманда газет тек ақпарат жеткізуші ғана емес, халыққа берер тәлім тәрбиесі мол мұра бола білді. Бұл орайда ғалымның мына бір сөзін дәйекке келтіре аламыз: «Газет - коллективтік насихатшы, коллективтік үгітші ғана емес, сонымен қатар коллективтік ұйымдастырушы да». Тарихқа көз жіберетін болсақ, ол кезеңде газетте қатаң цензура болды, халыққа һәм айқын елеулі ақпараттар шығып отырды. Дербес қазақ мемлекеті болғанымызда Алаш ардақтыларының мен қоғам қайраткерлерінің еңбектері жарыққа шығып, бүгінгі күнге құнды жәдігер болып қалары анық еді... Бірақ сол кездің өзінде жарыққа шыққан әр мақаланы халық жарыса оқып, қоғамда не болып жатқанынан хабардар болып отырды. Ақпаратқа иланды, өз мүдесіне жарата білді. Бұл бір жағынан газеттің қажеттілігін көрсетсе, бұл жағдайдың да өз кемшілігі болды. Бұл жайлы Т.С.Амандосов «Баспасөздің қоғамдық ролі мен оның негізі принциптері» мақаласында: «Буржуазиялық баспасөз бұқарамен байланыс жасай алмайды және ол мүмкін де емес. Өйткені буржуазиялық баспасөз әлеуметтік жағынан шеңбері тар, халық мүдессіне қайшы келеді. Өзінің сөзін сөйлейтін үстем таппен ауыз жаласа отырып, өкімет мекемелеріне арқа сүйеп, өтірікті, өсекті судай сапырады. Буржуазиялық идеологияны насихаттап, капиталистік тұрмысты мадақтайды. Сондай жалған насихат арқылы халықтың белгілі бір бөлігін өзі уағыздап отырған қылмысты жолға түсіреді» - деп күйінішін білдірген еді. Қазіргі тәуелсіз, егемен ел болып отырғанымызда баспасөздің оның ішінде газет-журналдардың дәрежесінің түскенін байқаймыз. Оның себебі газетте халыққа берер жаңашыл көзқарас, маңызды, қызықтыратын ақпараттың аздығы деп ойлаймын. Интернеттің дамуы ешқандай баспасөздің жоғалуына алып келмейді. Кітап пен газет-журналды қолымызбен парақтап оқып отыру арқылы қағаздың құнын, ақпараттың құнын түсінеміз, руханиятымызды көтереміз, Мұхтар Шаханов айтқандай «Компьютербасты жарты адамдар» болуыдан сақтанамыз. Қазірде газеттің бұрынғыдай ықпалы мен маңыздылығын жоғалтқандығы газет журналдың маңыздылығын насихаттайтын, дұрыс бұрысын талдап жәрдемшіл болатын Амандосов сынды адамдардың аздығынан да шығар...
Амандосовтың шәкірті, ғалым-жазушы Абдул-Хамит Мархабаев «Амандосовтың өзгелерден өзгешелеу болатындығы сонда, ол журфактың күн сайынғы бітпейтін де қоймайтын қат-қабат шаруасының арасынан уақыт тауып, жастар оқитын арнайы оқулықтар жазып шыққандығын айтсаңышшы! Амандосовтың кітаптары бүгінгі күні де мән-маңызын жойған жоқ, мейлі мың жерден дүниені компьютер қаптай берсін, интернетке жүгінетіндердің қатары көбейе берсін. Қысқасы, Амандосов Амандосов болып қалды. Сол кісінің жанқиярлық еңбегінің арқасында журналистиканың оқу жүйесі қалыптасты. Журналистика жапсырма мамандық емес, бүтіндей ғылыми салаға айналды. Журналистиканың жауаптылығымен қатар сапасы артты».
Иә, замана сұранысына сай журналистиканы зерттеудің теориясы мен методологиясын қалыптастырған Тауман Салықбайұлы Амандосов есімін дәріптеп, еңбегін ұлықтау жас журналистердің парызы деп білемін.
Айзада Сатыбалды,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика
факультеті, баспа ісі мамандығының 3-курс студенті
Abai.kz