Шарасыз аналар кімнің соңынан еріп жүр?
2017 жылдан бастап Қытайдың аз ұлттарға деген қысымы артты. Олар тәрбиелеу лагерьлерін ашып, қудалау саясатын ұстануда. Миллиондаған адам бұл саясаттан зардап шегуде, арасында қаны қазақ жандар да жетерлік. Қытай саясатына қарсы наразылықтар әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатыр, оның ішінде Қазақстан да бар.
Бүгінге дейін Қазақстандағы Қытайдың консулдықтары мен елшіліктері алдында Қытайда жазықсыз қамауда отырған туыстарын іздеген аналар, әкелер, ағайын-туыстары наразылық білдіруде. Бауырын іздеп шырылдаған, баласын іздеп зар еңіреген аналардың әрекетін қай қырынан алсақ та әділетті, қай тараптан қарасақ та дұрыс. Алайда қайғы жұтып, шарасыздықтан шырылдаған аналар кімнің соңынан еріп жүр? Олардың мұң-зарын өз мақсаттарына қолданып жүрген жандардың көздегені не?
Есімін атаудан бас тартқан бір оқырманымыздан келесідей ақпарат келіп түсті. Ол Байболат Күнболатұлыны қатысты. Байболат Күнболатұлы Қытай консульдығы мен елшіліктері алдында наразылық ұйымдастырушылардың бірі. Алайда оның әрекеттері үлкен сұрақтар туындатады.
Алматы қаласындағы 18 қараша күні өтуге тиіс наразылық акциясының уақыты жарияланып, Қытайдағы туыстары қамауда жатқан жандардың туыстары тиісті орынға жиналған. Акцияны заңсыз деп тапқан Қазақстан құқық қорғау органдары мүшелері жиналушыларды ұстап, кетуін талап еткен. Акция орнына өзінің жеке көлігімен келмек болған Күнболат құқық қорғау органдарын көрген сәтте көлігінен түспей, кері бұрылып, кетіп қалған. Неге ол аналар мен әкелердің арасына түсіп, акцияның мақсатын түсіндірмеген? Бұл бірінші оқиға емес.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында тағы бір акция ұйымдастырылуы тиіс еді. Оған Алматы қаласынан да баратын жандар ел астанасынан арнайы пәтер жалдаған. Кей жандар өз туыстарының үйіне барған. Акция болатын күні оларды астана полициясы бір-бірлеп ұстап, автозактарға тоғытқан. Алайда Күнболат тағы да олардың арасында болмаған. Оның далаға шыққан жандарды ұстап жатқанын терезеден қарап тұрғанын көрген жандар бар.
Ол аз десеңіз, сол наразылық акциясына шығап жүрген куәгерлердің айтуынша, Байболат Күнболатұлы АҚШ елшілігі және Үкіметтік емес халықаралық құқық қорғау ұйымдары басшыларымен кездесулерге өзін аналардың лидері ретінде көрсетіп, бірақ сол аналарды ертпей, жеке барғыштауы жиілеген. Байболат Күнболатұлының Серікжан Білашұлы басқаратын «Нағыз Атажұрт» ұйымымен де араларында дау туындаған. Ол даудың туындауына Байболат Күнболатұлы себепкер болған-мыс. Ал оның өзін араша сұраған аналардың лидері сықпытты көрсетуінің бір сыры – шекара асып, АҚШ-қа кету болуы мүмкін деген болжам да айтылады.
Сонда Күнболат кім болады? Оның мақсаты не, жоспары қандай? Қытайдағы тар қапас, суық зынданда жатқан балаларын, бауырларын босатамын деп шырылдаған қазақтың қайғысымен ойнап жүр ме, әлде қой терісін жамылған қасқыр, періште кейпіндегі арандатушы ма? Мақсаты босату емес, бопсалау, түрмеден шығару емес, саясат ойнау ма? Күнболат, кім болады?
Редакциядан: «Abai.kz» еркін ақпарат алаңы. Ой жарыстырып, пікір таластыру оқырман еншісінде. Ендеше біз редакциямыздың электронды поштасына келген аталмыш мақаланы оқырман талқысына ұсындық. Аталмыш мақала редакция ұстанымын білдірмейді. Мақалада есімі аталатын екінші тарап редакциямызға жауап беруге ниетті болса, біз мінбер ұсынуға дайынбыз.
Abai.kz