Конференция: Тауман Амандосовтың туғанына 100 жыл
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде ғалым, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Амандосовтың туғанына 100 жыл толуына арналған ««Журналистика, баспа ісі, медиадизайн: бүгінгі тренд және даму тенденциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн және офлайн форматты қамтыған конференция өтті.
Ғылыми жиынға отандық және шетелдік ғалымдар мен еліміздің беделді ақын-жазушылары, журналистері қатысты. Іс-шараның шымылдығын ашқан ұлттық университет Ректоры Жансейт Түймебаев жиналған қауымды қазақ журналистикасының негізін салушылардың бірі – Тауман Амандосовтың 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, ғалымнан студент кезінде білім алу бақытына ие болғанын ерекше ықыласпен жеткізді.
«Ол 70 жыл бұрын университетті бітіріп, содан табжылмай университетте сабақ беріп, ұстаз деген ұлы атқа ие болып, көптеген шәкірттер тәрбиелеп, қазақ журналистикасына өлшеусіз еңбек сіңірді. Уақыт өткен сайын үлкен тұлғалардың еңбегі тереңдей береді, тұлғалары биіктей береді. Осындай ағаларымызға деген құрмет – ғылымға деген құрметті білдіреді», - деді ректор.
Конференцияның модераторы, журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев Тауман Амандосовтың мерейтойына арнайы жіберген ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен Ақпарат және коғамдық даму министрі Аида Балаевадан келген құттықтау хаттарын оқып берді.
Еліміздің белгілі тұлғалары қатысқан ғылыми іс-шарада ақын, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып мазмұнды баяндама жасап, жазушы, кинодраматург, профессор Смағұл Елубаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы; «Алматы» телеарнасының басшысы, журналист Нұржан Мұхамеджанова, журналист Қайнар Олжай сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Ғалымның ұлы Амандосов Азамат Тауманұлы салтанатты жиынның құрметті қонағы болды.
Конференцияға онлайн қатысқан ф.ғ.д., профессор, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов ғылыми конференцияның салтанатты ашылуымен құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады.
Тауман Амандосовтың туған жерінен арнайы келген қонақ Егембердиев Ысқақ Дүйсембайұлы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың құттықтау сөзін жеткізді.
Конференция көлемінде «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы және Атырау әкімдігінің демеушілігімен студенттер арасында «Амандосов байқауы» ұйымдастырылған.
Республикамыздың әр облысынан бақ сынаған жас білімгерлер «Үздік ғылыми жұмыс», «Үздік баспасөз материалы», «Үздік мультимедиалық жоба», «Үздік ғаламтор жарияланымы», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» номинациялары бойынша жүлделі орындарға ие болып, бір мәрте берілетін шәкіртақымен марапатталды.
«Үздік ғылыми жұмыс» номинациясы бойынша бірінші орын иегері Алмабек Ибрайымов:
«Бүгінгі Тауман Салықбайұлы Амандосовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Журналистика, баспа ісі, медиадизайн: бүгінгі тренд және даму тенденциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысқаныма өте қатты қуаныштымын.
Осы ретте қазақ баспасөзінің теориялық тұжырымдарын байыптаған, әсіресе оның жанрлық табиғатын терең үңіліп, оның іс жүзінде ілгері басуына барынша күш салған профессор Тауман Салықбайұлы Амандосовтың есімін журналистика факультетінің түлектері тағы бір мәрте еске алып, оның өнегелі өміріне тоқталып өтті. «Амандосов оқулары» аясында ұйымдастырылған байқауда шәкіртақыны иелегеніме өте қуаныштымын. Бұл өз кезегінде қазақ журналистикасының дамуына күш салатын келесі толқынның бірі ретінде айқындала түсері хақ…», - дейді.
«Дизайн өнерінің үздік туындысы» номинациясын жеңіп алған Ғалия Төремұратова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2-курс магистранты. Ол байқауға қатысу үшін ғаламтордан Тауман Амандосов туралы көптеген деректер іздеген. Алайда, журналист ғалымның бір-екі суретін ғана тапқан. Сондықтан магистрант заманауи поп-арт стилінде туынды жасап шығарғысы келген екен.
«Салған суретім қызықты әрі жаңа заманға сай болуы үшін мен «qr» код қолдандым. Яғни, менің салған туындым көрмеде ілініп тұрса, сіз суреттегі «qr» кодты басып алып қарайсыз. Код сізге телефоныңыздағы «бұлт» серверінде Тауман Амандосов туралы қысқаша ақпаратты шығарып береді. Бұл ойды іске асырудағы себебім: көз алдыңыздағы тұлғаның суреті арқылы ақпаратты оңай тауып аласыз», - дейді Ғалия. Ол журналистің ұлы Азамат Таумановқа жұмысының қатты ұнағанын жеткізді.
Ер есімін ел есінде қалдыру үшін ұрпаққа өнеге болар мұндай іс-шаралардың маңызы ерекше.
Сонымен бірге,«Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, доцент Айгүл Рамазан және кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Айнұр Сләмғажы т.б., журналистика факультеті ұстаздарының халықаралық ғылыми жиын ұйымдастыруда атқарған еңбегі зор екенін айту парыз.
Abai.kz