Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5695 49 пікір 6 Желтоқсан, 2021 сағат 13:16

Жөні түзу жүйе жоқ, түзете алар ие жоқ!

Бұл да – бір кезең...

Беларуссияның Беловеж қорығы – ұлттық парк. Викули – билік  басшыларының сондағы демалыс орталығы. Мұнда 1991-жылы желтоқсан айының 7-күні: Ресей президенті Б.Ельцин, Украина президенті Л.Кравчук, Беларусь президенті С.Шушкевич нөкерлерімен жиналып, келіссөз жүргізіп, 8-күні КСРО-ның ыдыратылғанын ресми жариялады. Келісімге  қол қойылысымен Ельцин АҚШ президенті Д.Бушқа телефон соғып, «батасын» алыпты. Шушкевич КСРО президенті М.Горбаевтан  «шүйінші сұрапты».

Мұны ұзынырғасын айтқан С.Шушкевич содан соңғы сұхбатында: - Келіссөзге Қазақстан президенті Назарбаевты қатыстыруды жөн көріп, үлкен досы Ельцин оны телефонмен іздестіріп, Мәскеуден  тауып алып, бізге қосылуға шақырды: «Нұрсұлтан, кел, біз мұнда маңызды мәселелерді шешпекшіміз», деді. Дауыскүшейткішпен сөйлесті, біз естіп отырмыз. Назарбаев: «Иә, барамын. Ұшаққа жанармай құйып жатыр, қазір ұшамын, жетемін!» деді. Ол бізге келген жоқ, Горбачевқа барды. Ол жалпы жағдайдан хабардар еді. Біздің бе, Горбачевтың ба, - қайсымыздың жығарымызды болжай алмай сасқан. Михаил Сергеевич оны қайткенде өзіне қаратып алуды көздеді, жеңген күнде тұтқындағы Анатолий Лукьяновтың орнына КСРО Жоғары Кеңесінің төрағасы етуге уәде беріпті. Назарбаевтың бізден сырт айналғаны сондықтан, - деді.

А.Лукьянов Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті – ГКЧП – бүлігімен байланысы үшін тұтқындалған-ды.

КСРО құрамындағы республикалар, ең алдымен Балтық бойындағы, одан соң Кавказ өңіріндегі кешегі одақтастар суверенитет (дербестік) алуға кірісті. Горбачев: - Суверенитет қанша керек болса, сонша ала беріңдер! – деді. Ол ельциндер жобалаған «Содружество независимых государствты» (СНГ. «Тәуелсіз елдер достастығы» - ТМД) құптағанында кейін бәрін қайтадан жиып алып, «Тәуелсіз мемлекеттер одағын» құрып алуды ойлаған көрінеді. Пиғылдас Н.Назарбаевтың оған сенуден, дәмелі лауазымын күтуден күдері үзілсе керек, ақырында дербестікті амалсыз, ең соңында алды. 1993-1994-жылдары «Комсомольская правда» газетінің тілшімен сұхбатында: «Тәуелсіздікті басқалар алып жатқан соң, біз де алдық» десе, Мәскеудің мемлекеттік уиверситетіндегі (МГУ) кездесуінде: «Совет Одағын сақтап қалу үшін менің ақырғы патроным қалғанша соғысқанымды өздеріңіз білесіздер» деді.

...Біздің Жоғары Кеңес (төрағасы – Серікболсын Әбділдин) 1991-жылы желтоқсан айының 23-күнгі қаулысымен республикамыздың тәуелсіздігін жариялады. Алайда, көп ұзамай, желтоқсанның 16-күні «Қазақстанның тәуелсіздік күні» болып белгіленді. Естуімше, ол өзгеріс  Н.Назарбаевтың ұсынуымен жасалыпты. Кейбіреулердің айтуынша: «Алматыда 1986-жылы желтоқсан оқиғасы басталған күнді есте сақтау ойластырылған». Уәйдә!.. Егер Н.Назарбаевтың билігі ол күнді есте сақтауға, тарихта толық мәнінде қалдыруға мүдделі болса, заң жүзінде қаулы қабылданған күнді сақтау керек еді. Меніңше, керісінше, өздері де кінәлі қанды  оқиға күндерін көлеңкелеу үшін оған «Тәуелсіздік  күнін» апарып жапсырды. Солай екеніне  жастарымыздың ол саяси  қимылына  ресми дұрыс баға әлі күнге берілмегені дәлел.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев кейінде: «Біз тәуелсіздікті ата жолымен алдық, ақылмен алдық», деп шықты. Пәлі десеңші!.. Ата жолымыз Беловеж қорығынан басталған болды ғой? Ақыл – Горбачевтың  уәдесі екен ғой?..

Е, Нұрекеңнің бұлайша «нақыл» болып кеткен сөздері жеткілікті. Таққа отырысымен: «Қазақстанда шекара болмады, бүгінгі шекарасында мемлекеті болған жоқ» дегенінің өзі «не тұрады»?!. «Қазақстанның тарихы 1991-жылдан басталды деу керек»; «Қазақта пәлен батыр, би, әулие болғаны – бекер, аңыз сөз»; «Өз күніңді өзің көр»; «Бай бай болады, кедей кедей болады»; «Ағылшын тілін меңгермей Қазақстанда ұлттық прогресс болмайды» дегендері ше?!.

Ол ел билігінің дізгін-шылбырын қолына алған 1991-жылдан бері жазып шығарған 102 кітабында (құрастырғандар: Мырзатай Жолдасбеков пен Махмұт Қасымбеков), ол туралы жазылған 172 кітапта (Асылхан Мамашулы, «Назарбаев «сыновный долг Родине» отдает книгами». «Радио Азаттык», 2012 г.) қанша «нақыл» барын білмеймін, білгім келмейді де.

Иә, сонымен, тәуелсіздік бізге де ойда жоқта бұйырды. Совет Одағының, социалистік елдердің атын өшіруді 1946-1972 жылдары үш рет ресми жоспарлаған халықаралық сионизмнің торына шырмалған Ельцин мен Горбачев тобы қожайындарының тапсырмасын орындап, сатқындық жасап тынды. Сатқындықтары қалайша, қаншаға бағаланды екен?!.

М.Горбачев 1999-жылы Стамбулдағы «Америка университетінде» сөйлеген сөзінде былай депті (үзінді):

«Менің өмір бойғы мақсатым адамды аяушылығы жоқ коммунизмді құрту болды. (Құрылмаған коммунизмде «адамды аяушылық жоқ» екенін білгені, оны құртуды армандағаны  «ғажап данышпандық, ә?!. – Ғ.Қ.). Бұлай істеу керектігін менен бұрын түсіне білген әйелім мені толық қолдады. Мен  мақсатыма жету жолымда елге және партияға қызмет етудегі барлық мүмкіндігімді пайдаландым. Бұл жолда менің біртіндеп көтеріле беруіме, билікке жетуіме әйелім үнемі көместесіп жүрді...

Батыспен танысып, араласа бастаған кезде алдыма қойған мақсаттан айнымауға тиістігімді нық түсіндім. Мақсатымды орындау үшін СОКП  мен КСРО басшылығын, сондай-ақ социалистік елдердегі басшылықты түгел өзгертуге міндетті болдым» (М.Бурлаковтың «Билікке жол» кітабынан).

«Горбачев 1993-жылы мамыр айында бейресми сапармен Францияда болғанында КСРО-ны ыдыратуға «сыртқы көмектің» әсері жайындағы  сұраққа жауап беріп бақты. Әуелде сырттан әсер болғанын растады да,  одан соң «ол объективті әрекет» деді. Ал негізгі әрекет еліміздің ішінде басталғаны бекер емес. Горбачевтың соған сүйенгісі келгенмен, шындықтың шетін шығарып алды, - деп жазған «Фигаро» гәзеті онымен сұхбаттың тақырыбын: «Рональд Рейганның ықпалын мойындау жөн» деп  құйтырқылап қойды. «Фигаро» тілшілерінің мәлімдеуінше, Горбачев сол сұхбатында Рейкьявикте Рейганмен кездескен жолы КСРО-ның тағдырын АҚШ-қа тапсырғанын алғаш мойындаған. Онысына мына сөзі куә: «Рейкьявикте шынында драма, үлкен драма болды. Меніңше, Рональд Рейган сияқты  күшті тұлға болмаса, ештеңе шешілмес еді...  Жоғары деңгейдегі ол  кездесуде, білесіздер ме, біз тым алысқа кетіп қалдық та, қайтуға шамамыз  жетпеді» (А. Шутовтың «Ресей тарихтың диірменінде» кітабынан).

Горбачев СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы болған 5 жыл ішінде ресми, бейресми жағдайда Р.Рейганмен 11 рет, Д.Бушпен 6 рет кездесіпті.

«...Біз бір күні Совет Одағының басшысы (К.Черненко, - Ғ.Қ.көп ұзамай қайтыс болады деген анық ақпарат алдық та, оның орнына біздің уысымыздан шықпайтын кісіні отырғызуды ойластырдық. Менің сарапшыларым іске кірісті (мен Совет Одағын зерттеушілерді сұрыптап алғанмын, ол топ бізге керек мамандық иелерінің Совет Одағынан кетуіне жол ашумен де шұғылдануға тиіс болды).

Сарапшылар Михаил Горбачевті таңдады. Олардың тұжырымынша, Горбачев алаөкпе, еліктегіш және лауазымқұмар. Советтік саясатшылардың көбімен қарым-қатнасы тәуір. Демек, біздің көмегімізбен билікке ие болса, бізден теріс кетпейді.

Сарапшылар Ресейдің «Халық майданы» басшылығына Борис Ельцинді ұсыну, сөйтіп, оны Ресей республикасының Жоғарғы Советі құрамына енгізу, содан соң төрағасы етіп сайлау (Совет Одағының басшысы Михаил Горбачевқа қарсы ұстау) жөнінде біраз айтысыпты. Көпшілік оның бұрынғы қызметтерін, мінез-құлқын жаратпай, қарсы болыпты. Әйтсе де, ақырында келісім тауып, Ельцинді «көтеріп жіберуді» ұйғарыпты.

Сонымен, Ельцин Ресей Жоғарғы Советінің төрағалығына сайланды да, Ресейдің тәуелсіздігі  жайындағы мәлімдемесі дереу жарияланды. Кезінде Совет Одағының ұйтқысы болған Ресей кімнен тәуелсіздік алмақ? Оның дербестенгені Совет Одағының ыдырауы басталғаны болды (Англияның премьер-министрі Маргарет Тэтчердің 1991-жылы қарашада Хьюстонда (АҚШ) жасаған «Совет Одағы ыдырайды!» баяндамасынан).

АҚШ президенті Д.Буш бірде фото-суреттегі Горбачевті саусағымен түртіп көрсетіп: «Міне, бізге керек – осы!» депті...

Нью-Йорктың Парк-Ист синагогының бас раввині Артур Шнайдер «Дүние жүзі еврейлерінің қауымдастығына сіңірген еңбегі үшін»  Горбачевқа 1990-жылы 1-маусымда «Давидтің алтыбұрышты хрусталь жұлдызын» тапсырып тұрып: «Сіз жариялылық пен қайтақұруды бастап,  дүниежүзілік саяси оқиғаларды біздің бағытқа бұрдыңыз» деген.

АҚШ бас болып жасалған «Гарвард жобасында» (1961 ж.) жариялылық пен қайтақұрудың қалай басталуы, жүргізілуі 3 том болып әзірленген (1946-жылдан дайындалып), Горбачевтың Жариялылығы мен қайтақұруы – соның іске асырылғаны.

1975-жылы 30-сессиясында сионизмді айыптап, оны фашизмнің бір түрі деп шешім шығарған Біріккен Ұлттар Ұйымы, Горбачевтың талабымен (талапты сионистер қауымы қойдырған, орындатқан болар) 1991-жылы 16-желтоқсанда ол шешімінің күшін жойды. Сол «адал қызметі және КСРО-ны ыдыратқаны үшін» Дүние жүзі еврейлерінің қауымдастығы Горбачевқа арнайы «Горбачев қорын» ашып берген.

Горбачевтың БҰҰ-на сөзі өткенінің және мұншама құрмет-қамқорлық көруінің негізгі себебі атасының аты-жөні Андрей Моисеевич болғандығы шығар?!

Ал КСРО-ның «тарих диірменіне түсерін» И.Сталин былайша айтыпты (түпнұсқадан үзінді):

«...Многие дела нашей партии и народа будут извращены и оплеваны прежде всего за рубежом, да и в нашей стране тоже. Сионизм, рвущийся к мировому господству, будет жестоко мстить нам за наши успехи и достижения. Он все еще рассматривает Россию как варварскую страну, как сырьевой придаток. И мое имя тоже будет оболгано, оклеветано. Мне припишут множество злодеяний.

Мировой сионизм всеми силами будет стремиться уничтожить наш Союз, чтобы Россия больше никогда не могла подняться. Сила СССР - в дружбе народов. Острие борьбы будет направлено прежде всего на разрыв этой дружбы, на отрыв окраин от России. В целом в будущем развитие пойдет более сложными и даже бешеными путями, повороты будут предельно крутыми. Дело идет к тому, что особенно взбудоражится Восток. Возникнут острые противоречия с Западом.

С особой силой поднимет голову национализм. Он на какое-то время придавит интернационализм и патриотизм, только на какое-то время.

Возникнут национальные группы внутри наций и конфликты. Появится много вождей-пигмеев, предателей внутри своих наций...» (М.Труш, «Беседа И.Сталина с А.Коллонтай. 1939 г.»).

...Сонымен, біз де Тәуелсіздігіміздің туын алақайлап көтеріп, демократияның даңғыл жолына түскенімізді мәз бола айтып, шалқи бастадық. Жолымызда кедергі болмауын  тез ойлай білген жаңа өкімет пен үкімет Жекешелендіру (приватизация) туралы қаулы қабылдады. Яғни бұрында «мемлекетке масыл болғанның» бәрі: колхоз-совхоз, зауыт-фабрик, комбинат... енді жекеменшікке айналады. Қолма-қол сатылады, немесе несиеге беріледі.

«Өміршең» қаулы бас-аяғы бес-алты жылда іске асырылды. Әуелгі «тойымыз» ауыл шаруашылығымызды реформалау болды («реформа» -  латынтекті сөз, қазақшасы: «түбегейлі өзгерту, жаңарту»).

1980-жылы-ау деймін, КСРО басшысы Л.Брежнев Алматыға келіп, үлкен жиын алдында сөйлеп тұрып: «Қазақстанда қазірде 33 миллион қой бар екен, Димаш Ахметович, алдағы он жылда 50 миллионға жетеді деп ойлаймын» дегенінде  Лекеңнің ежелгі досы, біздің басшымыз Д.Қонаев қол соға құптап: «Жетеді, Леонид Ильич, жеткіземіз!» деген. 1990-жылы  36,2 миллионға жеткен сол қой да «түбегейлі өзгеріс» астаң-кестең еткен ұжымшар мен кеңшардың  басқа мүліктерімен бірге бөліске түсіп кете барды-ау!..

Ауыл  қазақтың азық-түлік қоймасы емес, алтын бесігі еді, сол бесік аударылды. Кеңестік дәуірде: «Қаладан – ауылға!»; «Қала мен ауылды  қатар дамытайық!» деген бағыт болды. Облыстық гәзет редакциясының журналшысы кезімде сол игі ниетті қолдаған мақалалар жазылуына атсалысқандардың бірі болдым. Ауыл-село тіршілігіне қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіліп, жан-жақты дамыды. Түтіні түзу шығып  тұрған 2 мыңнан астам ауыл-селодан анау «тарихи реформадан»  соң 2 жүздейі қалып еді, 30 жылда олар да азайып, берекелері кетіп, алыстағысын  айтпағанда,  тәуелсіз баспасөздің ресми дерек негізіндегі мағлұматы бойынша, тіпті Алматы    мен Астана маңындағы бірнеше ауыл-село бүгінде электр жарығына, газға, қылаяғы ауызсуға жарымай отыр.

Би-аға, Бейімбет Майлин: «Көркейсе ауыл – көркейеміз бәріміз!» деген ғой. Біздің билік болса, өзі аздырып-тоздырған «ауыл шаруашылығын қалпына келтіру керек» деп, соңғы он жылда үш қаулы қабылдап, мемлекет бюджетінен жүздеген миллиард теңге бөлді. Нәтижесі қандай болды?  Айтып бере алар ауыз жоқ.

Айхой Тәуелсіздіктің 30 жылы!..

Мен  экономика  ғылымының білгірі  емеспін. Дегенмен, оқыған, естіген, көрген жәйттерімді ортаға салып байқайын.

«Көсемдердің» 2-3 суретінсіз шықпайтын гәзеттерді шолғанымда  атақты да, беймәлім де авторлардың  сыпыра мақтау-мақтанулары үздіксіз жарияланатынын көремін. Олардың жазуына, айтуына сенер болсаң: елдің тірлігінде  алаңдайтын ауыртпалық жоқ, экономикамыз жыл сайын еселене нығайып, мәдениетіміз мәуелеп, демократиямыз дамып, адам құқымыз қылаусыз сақталып, айтып-айтпай не керек,  «...Бүгінде азаматтық қоғамды қалыптастырған  Қазақстан бүкіл әлемді қызықтырып, таңдандырып, үлгі-өнеге болып тұр. Әлемдік экономиканың ғұламалары «Қазақстандық дамудың кодын білуге құлшынулы» (Мырзатай  Жолдасбеков. «Егемен Қазақстан» гәзеті).

«...В Казахстане построена успешная современная экономика, основанная на рыночных принципах и названная в мире «Моделью Назарбаева» (Олжас Сулейменов,  Газета «Свобода слова»).

Енді осы «тарихи сипаттамаларға сай» цифрлар сөйлесін:

1994-жыл. 1 кило еттің бағасы 7,4 теңге; 1 литр сүт – 1,5 теңге; 1 бөлке нан – 53-58 тиын (қалып түрлеріне қарай).

2021-жыл. 1 кило еттің бағасы 3500–4000 теңге; 1 литр сүт – 300 теңге; 1 бөлке нан – 180-320 теңге.

Киім-кешектің, дүние-мүліктің, пәтерақының, электр қуатының  жыл сайын қымбаттауы - өз алдына «хикаят».

Бәрінің бағасын жинақтап, орта есепке айналдырғанда бұл мерзімде (27 жылда) жалпы баға 78 есе өскен. «Арзандады» деген сөзді ұмыттық, еститініміз – «қымбаттады».

1994-жылы 1 доллар – 4,5 теңге болса, қазірде – 430 теңге.

Билік жүйесіндегі шенеуніктер мен қатардағы қызметкерлердің    айлық ақысын салыстырсақ, біріншілер тау басында тайраңдап жүр де, екіншілер етегінде сүрініп-қабынып жүр.

Мәселен, Түркістан облысының әкімі Ө.Шүкеевтің айлық жалақысы 2 миллион теңге екені жақында баспасөзден мәлім болды. Ол – 20-30 мұғалімнің, немесе соншама дәрігердің айлықақысы! Облыстық әкімдіктердің, министрліктердің басшылары, парламент депутаттары қанша айлық алатындарын осы тұрғыдан шамаласақ, бірдің сорып, мыңның сорылуда екені  көрінеді.

Бүгінде елдегі жұмыссыз адамдардың саны – 455 мың (ресми дерек).

Қазақстанның сыртқа қарызы 160 миллиард доллар (ресми дерек).

Бізде 100-ден астам миллионер, 20 шақты миллиардер бар көрінеді. Бірнешеуінің  шет елдерде миллиондаған долларға сатып алған бау-бақшалы үйлері бар екен. Интернетте, мысалы, «Азаттық радиосы» сайтында, Н.Назарбаев әулетінің оннан астам сәулетті сарайларының суреттері тұр, бағалары жазулы, әрине, миллиондаған доллар.

Міне, «Қазақстан экономикасының коды», «модель Назарбаева» осындай.

Ең қысқа да нұсқа түйін: 30 жыл бойы халықтың не үстіңдегі киімі, не алдыңдағы асы арзандамаған, керісінше, үнемі қымбаттаған Қазақстанда экономикалық даму болды деу – далбаса сөз, мәнсіз мақтан!

Орыстар айтатындай, бұл – «медальдің бір беті».

Екінші беті:

Жөні түзу жүйе жоқ, түзете алар ие жоқ!

«...Бізде демократияның әзірше елес қана екеніне дәлел жеткілікті. Оны тізбелемей, тек біреуін: ой мен сөз бостандығына қиянат жасалып, Конституциямызда "жойылды!" делінген (20-ншы бабында) цензураның  полициялық  шоқпарға айналдырылғанын айтсам, ол маған ғана, қазақстандықтарға ғана мәлім емес, тіпті, ең өкініштісі, дүние жүзіне мәлім болып отыр емес пе?

Адам құқығын қадағалау жөніндегі халықаралық ұйымдарды ашындырушы  бейбастақ  істерімізді  еске  алудың өзі ұят. Әйтсе де, қысқаша ғана атап көрейін:

Белгілі саясаткерлеріміз: Сейдахмет Құттықадамның, Әміржан Қосановтың, Нұрболат Масановтың пәтерлерінің сыртқы есігін цементпен шегендеп, іштегілер шыға алмайтын етіп кетті.

Әміржанды соққыға жықты.

Ермұрат Бапиды соттады.

Әкежан Қажыгелдинді оңды-солды қаралап, қуғындап, елден кетірді (кейбір әсіресауатты әуейілер: "ол параны алып-алып, әдейі қашып кетті!" деп  сасықауызданып жүр. Байғұстар-ай!).

«ХХI век» гәзетінің редакторы Бигелді Ғабдуллинге оқ атып, кеңсесін өртеп, сотқа сүйреп, ақырында шет елге бассауғалап кетуге мәжбүр етті.

Лира Байсейітованың жалғыз қызын «есірткіші» деген жалған айыппен  тұтқындап, «өзі асылып өлді» деп қазаға ұшыратып, қайран ананы қайғы-қасіретке душар етті. Шығара бастаған гәзетін жауып тастады.

"Дат" гәзетін де жауып тынды.

"Таң" телеарнасын атқылап, жауып тастады.

"СолДат" гәзеті редакциясының қызметкерлерін сабап, мүліктерін тонап кетті. Бұл гәзеттің таралымын сан рет тәркіледі, гәзетті ерікті сатушыларды қуғындады (әлі де күн көрсетпей жүр).

"Республика" гәзетін жапты, кеңсесін өртеді, кеңсесіне  ит өлігін апарып тастап, ол иттің басын редактордың үйінің есігіне іліп кетті.

"Қазақстан" гәзетін қақпақылға айналдырды.

Андрей Платоновты сабады.

Сергей Дувановқа қылмақшыны қылып жатқандары анау...

КІМДЕР?

«Белгісіз біреулер».

НЕ ҮШІН?

Журналшылардың көріп-білген шындықтарын ашық, батыл айтқандары, жазғандары үшін. Былық-шылыққа белшеден батқан, ұрлық-қарлықты қаулатып келе жатқан озбырларды, жемқорларды, халыққа қаскүнемдерді әшкерелегендері үшін.

Егер тәуелсіз жорналшылар жалған сөйлеп, ақты қара деп  жазып жүрсе, онда заң жолымен жазалау оп-оңай емес пе?  Әлбетте. Өйту жоқ. Себебі: олардың "кейіпкерлері" - адамгершіліктен аттап кете барған  алаяқтар. Олар ақиқат алдында дәрменсіз, заңға жүгінуден қорқады,  қоялары ақтарыла түсетінін сезеді. Демек, жасаған қылмыстарын қылмысты жолмен бүркеуден басқа білерлері жоқ. Қылмыстарын аштырмауға күштері жететінін біліп алғаннан  кейінгі жерде емін-еркін тасыраңдауға және төселген...».

«Қайда кетіп барамыз, қырып-жойып?!» деп аталған, 2002-жылы жарияланған мақаламда осылай деген едім. Содан бері  он жыл өтті.    Өзгеріс бар ма?..  Болғанда қандай!..  Жадымызда, көз алдымызда:

Сол 2002-жылдың күзінде құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық қозғалысымыз премьер-министр Қасымжомарт Тоқаевтың жуан жұдырығымен тоқпақталып, жөргегінде үні өшірілді (сірә, Тоқаевтың сондағы тілалғыштығы ешқашан ұмытылмайтын болса керек,  былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырына қызметке жіберілді. Ол онда, әрине, бізден бай, бізден мәдениетті, бізден демократиялы  ел жоқ деп өсиет таратып жүр);

қозғалыс жетекшілері Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбіләзев жалған айыппен сотталды (ол екеуіне құрылған қара қақпан әлі күнге дейін қан көксеп тұр);

журналшы-саясаткер Сергей Дуванов та жалған айыппен сотталып, түрмеде отырып шықты;

елдің, жердің байлығы қорқауларға бұйырып, «бөліп ал да, жей бер» деген құлқынсаясат өршіді;

«Қазақгейт» дүрбелеңі болды;

қымбатшылықтың қыспағына душар етілген елімізде халықаралық «Форбс» тізімі бойынша ресми он шақты миллиардер бар, ал егер бір кезде Н. Назарбаев қолданған «сөзтіркесіне» сүйеніп айтсам, «шұлығына тығып» байыған бейресми миллиардердің саны оннан да көп екеніне күмәнім жоқ;

журналшы-жазушы Нүри Мүфтах қазаға ұшырады;

журналшы-саясаткер Батырхан Дәрімбет қазаға ұшырады;

журналшы Асхат Шәріпжанов қазаға ұшырады, - мемлекет, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовпен сұхбат жасаған күннің ертеңінде;

Заманбек Нұрқаділев «өзін өзі үш рет атып» қаза тапты;

мемлекет, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы (аутокөлігін жүргізушісі және оққағары үшеуі) атып тасталды. Ол қарақшылыққа президент Н.Назарбаевтың Алматыдағы күзет тобының «қырғилары» қатысқаны дәлелденді. Қылмысты ұйымдастырғандардың бірі екені сөзсіз нән шенеунік  – республиканың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы генерал Әлнүр Мұсаев  кейін, досы Рахат Әлиевке ілесіп, елден қашып кетті;

«Нұрбанкте» ойран-топыр болып, екі қызметкері ұрланып, өлтіріліп, соған кінәлі ретінде қылмыстық жазаға тартылар Рахат Әлиев - президент   Н.Назарбаевтың үлкен күйеубаласы - елден дереу кетіріліп, сырттай сотталып,  содан бері шет елдерде  тығылып жүр;

Астана  Мұсаевты да, Әлиевті де «таба алар емес»;

ақын Арон Атабек қиянатпен 16 жылға сотталып, түрмеде отыр;

жазушы Алпамыс Бектұрғанов қиянатпен сотталып, түрмеде отырып шықты;

заңгер, саясаткер Евгений Жовтис  сотталып, түрмеде отырып шықты;

журналшы Тоқнияз Күшіков  сотталып, түрмеде отырып шықты;

журналшы Рамазан Есіргепов көпе-көрінеу қиянатпен сотталып, түрмеде отырып шықты;

облыстардардағы тәуелсіз журналшылардың бәрі дерлік беталды айыппен жазаланды, бірі түрмеде отырып шықса, бірі түрмеде отыр, бірі хабар-ошарсыз жоғалып кетті;

облыстағы тәуелсіз гәзеттердің арасында әсіресе «Алтын ғасыр», оның  редакторы Жұмабай  Доспанов көрмеген қиянат-қорлық жоқ.

Журналшылардың сотталу себебі не? Билік қандай себеп керек болса, сондайды қойын-қонышынан суырып алады. Көбінесе «президенттің атына  кір келтірді, ар-намысына тіл тигізді» дейді. Әсте олай емес. Елдің ішкі-сыртқы жағдайының дұрыс болуына, республика азаматтарының құқы сақталуына Конституциямыз бойынша кепілдік беретін тұлға  - президент. Мемлекеттік, үкіметтік деңгейдегі мәселелер шешілмей жатқанына көзі жеткен  журналшы сол үшін  оның атына сын айтуға  құқылы ма? Құқылы!

Н.Назарбаевтың  ар-намысына шын мәнінде нұқсан келтіргендерді  соттау заңды болса, алдымен парламентті соттау керек еді. Неге? Ол Конституцияға бірінші жолы: президент Отанын сатқан жағдайда ғана қылмысты деп саналсын,  деген  түзету  енгізді ме? Енгізді! Ол сонысымен президент қандай қылмыс істесе де ерікті, тек Отанын сатпаса болды деп, оның кез келген қылмысты істеуі мүмкін дегенді аңғартып, атына кір келтірді ме? Келтірді!  Ал екінші жолы: президент міндетін атқаруды доғарғаннан кейінгі жерде қылмыстық жауапкершілікке тартылмасын, деген түзету енгізді ме? Енгізді! Ол сонысымен президент қылмыскер дегенді ұқтып, оның ар-намысын аяқасты етті ме? Етті! Сол бап бойынша, президенттің өзі  ғана емес, тіпті бүкіл  бала-шағасы  қорғалуы тиістігін атап көрсетіп, бала-шағасы  да қылмыс жасап жүр дегенді меңзеп, алдын ала масқараға ұшыратты ма? Ұшыратты! Парламенттің осындай «көріпкелдігіне» бұрын да еріксіз таңданып: «Мұндай «қамқорлыққа» Нұрсұлтан Әбішұлы неге тойтарыс бермеді?» деген сұрағыма енді: «Өзінің де, бала-шағасының да сондай екендерін  іштей мойындап тынған-ау!» деген пікірімді жалғамасқа шарам жоқ.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында өзінің адамдық құқын қорлауға  қарсы  ереуілге шығып, жеті ай сенделген мұнайшыларға ақырында әскер, полиция  оқ  жаудырып, он жеті адам өлтірілді. Билік ухит-сухит  тексеру жүргізіп жатыр, бірақ, біздегі «дәстүр» бойынша, бұйрық бергендер құтылар, бұйрықты орындағандар тұтылар. Оның үстіне жақында Германияда болғанында Н.Назарбаев: Жаңаөзендегі оқиғаны мас, бұзақы жастар бастады, полиция қорғануға тиіс болды деп  судыратты. Халықаралық демократиялық ұйымдардың, оның ішінде ОБСЕ-нің өкілдері көз жеткізген шындықты жоққа шығаруға тырысты.

Жаңаөзендегі жауыздықты айыптап сөз сөйлеген, мақала жазған, Жаңаөзенге барып, мұнайшылармен жолықпақ болған, тәуелсіздігіміздің жиырма жылында халықтың  талап-тілегімен санаспаған билікті сынап қаңтардың 28-і күні Алматыда жиын жасаған демократ қайраткерлер: Серік Сапарғали, Владимир Козлов,  Игорь Винявский, Болат Әбілев, Әміржан Қосанов, Әмірбек Тоғысов сотталды; Мұхтар Шахановқа, Жармахан Тұяқбайға, Гүлжан Ерғалиеваға, Рысбек Сәрсенбайұлына, Мұхтар Тайжанға, Қанат Ибрагимовке айып салынды.

Адал да батыл сөзді режиссер Болат Атабаев, жуналшылар Жанболат Мамай, Айжангүл Әмірова қуғынға ұшырады.

Полиция «Республика» гәзетінің редакциясына шабуыл жасады.

Билікшілдер жүйесі жүргізіп отырған сан-сапалақ озбырлыққа қарсылық  көрсету  үшін қоғамдық демократиялық ұйымдар Алматыда  ақпанның 25-і күні өткізген жиын барысында: Болат  Әбілев, Әміржан Қосанов, Жармахан Тұяқбай, Ермұрат  Бапи, Бақытгүл Мәкімбай, Бақытжан Төреғожина тұтқындалып, Әбілев пен Қосанов тағы 15 тәулікке қамалды (олар сот үкімінен кейін аштық жариялады), Тұяқбай үшжарым сағат тергеліп шықты. Қалған үшеуіне 50 айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде ақшалай айып салынды.

Қала  полициясы бұл жолы да жиналғандарды Абай ескерткіші маңына жолатпай, төменгі жағындағы тар көше бойларына ығыстырып, бөлшектеп қоршап тұрды, ортаға шығып сөйлей бастаған кәрі-жасты бассалып сүйрелеп, аутобусқа тоғытып әкетіп жатты.

Бұл ненің белгісі? Бұл – Қазақстандағы қазіргі билік жүйесінің халықты өкіметке, үкіметке заңды наразылығын білдіру  үшін ереуіл жасау құқынан да  айырған сұрқылтай күшке айналғанының белгісі; тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясына жазылған ой еркіндігі, сөз бостандығының өшіріліп тасталғаны!

«Рұхсат етілмеген жиынға қатысқаны үшін» жазалау бізде бітеу заңға айналды. Қит етсе: - Шет елдің анау елінде анандай жаңалық бар, мынау  елінде мынандай жақсылық бар, ол бізде де болуы керек! - деп даурығатын  басшыларымыз сол шет елдерде жұртшылықтың бейбіт наразылық жиын жасайтынын, оларға полиция қасқырша шаппайтынын көріп-біліп жүрсе де, ондай демократиялық үрдістен үлгі алар емес. Қара күшін қағындыра түсіп, «қызыққа батып» отырғандары!

(«Жас алаш», 25. 02. 2012 ж.)

***

Жақында мұрағатымдағы сыни жазбаларымды сұрыптау, іріктеп алу кезімде бұдан 9 жыл бұрын жарияланған бұл мақаламның «медальдің екінші беті» екенін бажайлап, оқырманға өзгеріссіз ұсынуды ұйғардым. Содан беріде билік тарапынан оң өзгеріс жасалды ма? Бір ғана «өзгеріс» болды, ол – Алматы жұртшылығының наразылық жиын өткізуіне «Сарыарқа» кинотеатрының ауласын «қиғаны». Басқа жерде жинала бастағандарды полиция күшімен тарату, белсенділерін аутобусқа тиеп   алып кету, соттап айып салу, түрмеге отырғызу... 1-президент қалыптастырған ол «тәртіпті» 2-президент сақтап отыр. Яғни, құрметті оқырман, өзіңе ұсынылған «ескі» мақаламды бүгін қуғындалып жатқан азаматтардың аты-жөндерін келтіріп «жаңартудың» қажеті болмас деп білдім.  Бәрі де өзіңнің көз алдыңда болып  жатыр емес пе?

«Тәуелсіздік» деген тәтті сөздің билікке тәтті, халыққа ащы болып тұрғаны өте өкінішті!

Ғаббас Қабышұлы

27.ХІ. 2021 ж.

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339