Омарованың жолын кескен - КСРО-ның кәрі елесі
Қазақстан тумасы Сәуле Омарованы АҚШ Президенті Джо Байден Қаржы министрлігіне қарасты валюталық бақылау басқармасының басшысы ретінде ұсынған болатын. Бірақ, кеше ғана Омарова бұл лауазымға үміткер болудан бас тартты.
Ол Ақ үйге жазған хатында «Валюталық бақылау басқармасының басшысына үміткер болудың еш мәні қалмағанын» айтқан. Президент Байден оның өтінішін қабыл алды. АҚШ президенті мәлімдемесінде:
«Ол туған өлкесі бұрынғы Кеңес Одағынан қашып, Америкаға қоныс аударып, өзінің «Америкалық арманына» жетті. Ол Джорж Буштың кезінде Қаржы министрлігінде жұмыс істеп, қазір Корнель заң мектебінің профессоры қызметін атқарады. Омарованың осы маңызды істе америка халқына әлі де әкелер үлкен жеңістері бар еді. Алайда, о бастан Сәуленің кандидатурасы орынсыз сынның астына қалды», - деп жазған.
Президент 1200 ұлттық банкке бақылау жасайтын бақылаушы қызметіне кандитдат іздеуді жалғастыратынын айтты.
Сәуле Омарова бірнеше ай бойы республикашылар мен банк лоббистерінің қарсылығына ұшырады. Олар Омарованы Америка экономикасына қауіп төндіреді деп есептеген болатын.
Кейбір лоббистер: «Омарованың балалық шағы Кеңестік жүйенің құрсауында өтті, сондықтан ол сенім тудыратын кандидат емес», - деп жазылған «Wall Street Journal-ға» шыққан мақаланы тілге тиек етіп, «оның әлі де коммунистік идеялары басым болуы мүмкін» деген айып таққан. Лузианалық республикашы, сенатор Джон Кенеди: «Омарова Кеңес Одағының балалары кірген коммунистік жастар ұйымынан шыққан ба?», - деген құйтырқы сұрақ қойған. Оған Омарова: «Сенатор, мен коммунист емеспін, бұл идеологияны ұстанбаймын. Қайда туатынымды таңдай алмаймын», - деп түсіндірген.
«The New York Times»: «Сенаттағы демократтар Омароваға қолдау білдіргенде республикашылардың қарсылығы кедергі болмас еді. Оның лауазымды орыннан бас тартуына демократиялық заң шығарушылардың қолдау танытпағаны себеп», - деп жазған.
Огай штатының демократы, сенатор Шеррон Браун: «Доктор Омарова – сол осы қызметке ең лайықты үміткер еді. Себебі, оның саяси тәжірибесінің арқасында жеке сектор мен академиялық ортада біліктілігі жоғары адам», - деп, бұл шешімнен көңілі қалғанын жеткізген. Ол ықпалды топтардың Омарованың көзқарасын «бұрмалағанын» айтты.
Ал, Пенсильваниялық республикашы, сенатор Патрик Ж. Туми: «Профессор Омарованың Американың банк жүйесіне қатысты өзін-өзі жария қылған радикалды идеялары біздің еліміздің ең жоғары банктік реттеушіге жетекшілік етуге жарамайды», - деді.
Сенатор Элизабет Уоррен Омарова: «бұл қызыл қудалаудан» жоғарыға лайықты екенін айтады.
Айжан Темірхан
Abai.kz