Сенбі, 23 Қараша 2024
Алтын Ордаға 750 жыл 2470 0 пікір 10 Қараша, 2021 сағат 17:59

Алтын Орда кезеңіндегі Тараз қаласы

ХІІІ ғ. әлем елдерінінің санасында ең қанқұйлы тарихи жеңістер мен бөрі тектес түркілердің ғаламды талап жеген тағылық әрекеті ретінде сақталып қалды. Шығыстан тозақтың жалын отындай жер бетін жайпап шыққан моңғол тайпаларының Еуразия даласының екіден бірін ат тұяғының астына таптап дүниені дүр сілкіндірген шапқыншылығы көптеген тайпалар мен ұлыстардың жүрегін ұшырған құбыжық қорқыныш болып елестеді.

Бытыраңқы моңғол руларының басын қосып, өзін «Ұлы Қаған» жариялаған Темучин 1206 ж. Азияның орталығында Қытайдың солтүстігіндегі ұлан-ғайыр территорияда Моңғол мемлекетін құрады. Түбі бір түркі тектес тайпалардың шашыранды басын бір арнаға қосып, қатаң тәртіп пен ұлы империя құру жолындағы Шыңғыс ханның көрегендігі өзі ойлағандай ұлы Тәңірінің қалауымен іске асты.

Шыңғыс хан ұлан-ғайыр көп жерлерді жаулап алып, көзінің тірісінде осы жерлерді төрт ұлына енші етіп үлестірді.

Қазақстан аумағы моңғол ұлысының құрамына енді: үлкен бөлігі Жошы ұлысына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан Шағатай ұлысына, Жетісудің солтүстік-шығыс бөлігі  Үгедей ұлысына қарады. Жошы ұлысы Ертістен батысқа қарайғы ұлан-ғайыр жерді, Жетісудің солтүстік бөлігі мен бүкіл Дешті-қыпшақты, Еділдің төменгі бойын қоса алып жатты. Шағатай ұлысы жоғарыда аталған жерге қоса, Шығыс Түркістан мен Мәуереннахрды қамтыды. Үгедей Батыс Моңғолияны, Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатайды биледі. Шыңғыс хан ұлдары өз ұлыстарын тәуелсіз иеліктерге айналдыруға тырысты. 1227 ж. Шыңғыс хан өлгеннен кейін бұл ұмтылыс күшейе түсіп, империя бірнеше тәуелсіз мемлекеттерге ыдырап кетті.

1227 ж. Жошы өлген соң орнына ұлы Батый отырды. Ол Батыс Дешті-қыпшақ даласына, Еділ бұлқарлары жеріне, одан әрі батысқа шапқыншылық жорықтар ұйымдастарды. Ірі орыс князьдықтары талқандалды, Польша, Венгрия, Чехия және басқа көптеген елдер тонауға ұшырады. Жеті жылға созылған жорықтарының нәтижесінде Батыйдың қол астына Қырымды қоса, Еділден Дунайға дейінгі жер, Солтүстік Кавказ, батыс қыпшақ (половецтер) даласы қосылды. Осыдан кейін Батый Еділдің төменгі ағысында Алтын Орда атты жаңа моңғол мемлекетін құрды. Оған Жошы ұлысының жері – Шығыс Дешті-қыпшақ, Хорезм мен Батыс Сібірдің бір бөлігі және батыстағы жаңадан жаулап алынған жерлер қарады. Батый әскерінен жеңілген орыс князьдықтары вассалды тәуелдікте болды. Орыс князьдары Алтын Ордаға тәуелділіктерін мойындап, ұлы ханның қолынан князь атағын алып, алым-салық төлеп тұрды.

Үш ғасырға жуық Еуразия құрлығының басым бөлігінде өмір сүріп, сол аумақтағы көптеген халықтардың тарихы мен мәде¬ниетінде, олардың мемлекеттілігі тарихында терең із қалдырған Алтын Орда им¬периясының тарихы күні бүгінге дейін зерттеуші мамандардың назарын өзіне аударуда.

Алтын Орда тарихы тереңнен бастауды қажет етеді. Өйткені бұл тек бір мемлекеттің тарихы ғана емес – бұл бүкіл Шығыс Еуропа (Ресей), Орталық Азия, Қазақстан және тағы басқа көптеген халықтың тарихы мен ортақ мемлекеттік жүйенің қалыптасу кезеңі.

Алтын Орда сөзі қайдан шықты десек, оның бірнеше нұсқасы бар. Батый құрған Алтайдан Альпіге, Ертістен Ду¬най¬ға дейінгі алқапта билік еткен, Дешті-Қыпшақ даласында шаңырақ кө¬терген алып мемлекет басында «Ұлық Ұлыс» деп аталды. Мемлекет шығыс деректерінде Жошы ұлысы деп, сондай-ақ Жошы ұрпақтары – хандардың атымен (Батый ұлысы, Берке ұлысы, т.б.) деп те аталды.

Басқа бір болжам бойынша, Алтын Орда атауы орыс тіліндегі Золотая Орда, яғни Бату ханның  Еділ өзенінің жағасында өзінің болашақ астанасының орнын белгілеу үшін алтын түсті үйлерден тіккізген салтанатты қаласының атынан шыққан, моңғол тілінде Алтын Орда деген сөз тіркесі Алтын түсті орданы немесе патша сарайын білдіреді. Алтын діңгек – бүкіл елдің тірегі деген сөзден шығаруға болады. Моңғолдың билеуші руы өздерін Алтын әулет деп атаған, Алтын Орда атауы осыдан келіп шыққан болуы да мүмкін.

Моңғолия тарихында Алтын деген атау төрт шартараптың түсінен келген деген жорамал бар: солтүстіктің түсі – қара, шығыстың түсі – көк, оңтүстіктің түсі – қызыл, батыстың түсі – ақ, ал сары (немесе алтын) түс – орталықтың түсі.

XIII-XIV ғғ. Алтын Орда күшті мемлекет болды: Батый хан тұсында (1227-1255 жж.) Алтын Орда Моңғол империясына тәуелді болды.

Берке хан (1257-1267 жж.) тұсында тәуелсіздігін жариялады.

Заңғар жазушы І.Есенберлиннің еңбегінде, сонымен бірге көптеген тарихшылардың дәлелдеулерінде Алтын Орда Берке ханның тұсында біртұтас Моңғол империясынан бөлек тәуелсіз мемлекет болғандығына көз жеткіземіз. Бұл туралы нақты тарихи фактілер де жетіп-артылады.

Алтын Орданың гүлденуімен бірге Мөңке хан өз атынан теңге шығарған.

Біздің тарихымыздан белгілі болып отырғанындай, Алтын Орда ХІV ғасырдың бірінші жартысында, яғни Өзбек пен Жәнібек хандар тұсында едәуір көтерілді. Батыс Еуропамен, Кіші Азия, Египет, Үндістан, Қытаймен сауда қатынасы дамыды. Өзбек ханның тұсында 1312 ж. мұсылман діні мемлекеттік дін болып жарияланды.

XIV ғ. екінші жартысында Алтын Орда алауыздықтан әлсіреп, тәуелсіз иеліктерге бөліне бастаған. 1357 жылдан 1380 жылға дейін Орда тарихында болған «Ұлы дүрбелең» кезеңінде 25-тен астам хандар билікке отырып, бірін-бірі өлтіріп, тақ үшін таласқа түскен.

1380 ж. Алтын Орданың билеушісі, төменбасы Мамай Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен Куликово даласында тас-талқан боп жеңілді. Жошы ұрпағы Тоқтамыс хан осы жағдайды пайдаланып, Алтын Орданың билігін тартып алды. Ол билігін нығайту үшін 1382 ж. Ресейге жорық жасап, Мәскеуді өртеді. Мәуереннахр мен Закавказьеге бірнеше рет жорық жасады. Тоқтамыстың соңына түскен Әмір Темір  Алтын Ордаға қайта-қайта жойқын шабуыл жасап (1389, 1391, 1395 жылдары), халқын қырып, байлығын тонап, енді қайта көтеріле алмастай етіп тастады. Тоқтамыс пен Темір арасындағы күрес Сыпыра жыраудың жырларында айтылады.

XV ғ. ортасына қарай бірнеше үлкен ұлыстар өз алдына хан сайлап, Алтын Орда бір жола құлады. Бұл ұлыстардың ең ірісі XV ғ. 30 жылдары Еділ мен Днепрдің аралығында құрылған Ақ Орда болды. 20-60 жылдары Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары бөлініп шықты.

Осылайша, ғасырлар бойы Еуразия даласында құрылған күш-қуатты және халықаралық саясатта аса үлкен рөл атқарған Алтын Орда мемлекетінің құлауы  қазақ халқының қалыптасуына негіз қалаған болатын.

Шыңғыс хан қолының негізгі жорықтарының бірі Қазақстан мен Орта Азия жеріне жасаған жорығы болды, бұл жорық оларға Шығыс Европа мен алдыңғы Азияға жол ашты. Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияға жасаған жорығына зор мән беріп, оған ұзақ әрі мұқият әзірленді. Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Қазақстанға басып кіруге «Отырар опаты» деп аталатын жағдай себеп болды. 1219-1224 жж. моңғолдар шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс хан империясының құрамына кірді.

Моңғолдардың жаулап алуы салдарынан өндіргіш күштер талқандалып, адамдар жаппай қырылды, өркендеп тұрған қалалар жер бетінен ғайып болып, материалдық және мәдени қазыналар жойылып кетті, ондаған мың тамаша шеберлер мен қолөнершілер құлдыққа айдалды. Жергілікті халықтың қарсыласуын басу үшін Шыңғыс хан жаппай қырып жою және күштеу, тұтас бір қалалардан түк қалдырмау тәсілдерін қолданды. Шыңғыс ханның Орта Азияға баратын жолында жатқан Оңтүстік Қазақстанның Сырдария бойындағы қалалары мен қоныстары бұл тәсілдің алғашқы құрбандары болды. Моңғол әскерлері отпен өртеп, қылышпен қырып өзіне жол ашып отырды. Араб және парсы деректемелері түрлі елдердің халқын моңғолдар түгелдей дерлік қырып тастаған 30-ға тарта қалаларының атын келтіреді. Мәселен, моңғолдарға дейінгі уақытта 200-ге тарта елді-мекен қалалар болса, XIII-XIV ғғ., 20-ға жуық қана қала қалған. Оңтүстік Қазақстаннан Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент, Тараз сияқты ірі орталықтары қиратылып құрып кетті. Солардың бірі Тараз қаласы да өзінің Қараханид дәуіріндегі өрлеу дәуірінен айрылған болатын.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, қазақ халқының көне тарихының көзіндей өмір сүрген, Талас өзені бойында созылып жатқан тарихи қаланың бірі – ежелгі Тараз. Қазіргі таңдағы Жамбыл облысының орталығы Тараз тек еліміздегі көне шаһар ғана емес, сонымен қатар Орта Азиядағы ең көне қалалардың қатарында.

Сан ғасырлар тарихтың құпиясын бойына жиып жатқан, екі мың жылдан астам тарихы бар осы қала туралы парсы, қытай  тілдерінде  жазылған көне жазбаларда деректер сақталған. Оларда қаланың атауы «Тараз», «Талас», «Банки», «Ианги» немесе «Ианки»  деп аталғаны жөнінде мәліметтер кездеседі.

Екі мың жылдан астам тарихында әр түрлі атаумен аталған, 1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы жарлығымен ежелгі аты қайтарылып берілген Тараз қаласы «XIII-XV ғасырларда Моңғол империясының Шағатай ұлысының құрамында болған. Негізінен моңғолдардың Таразды жаулап алғаны жөнінде нақты жазба деректер жоқ.

Моңғол шапқыншылығынан кейін отырықшы мекендер дағдарысқа ұшырады, оның ішінде мекендердің территориясы едәуір қысқарды. Моңғолдар басып алғаннан кейін Тараздыңда аймағы үш есеге дейін кішірейіп кетті, бірақ, Тараз аймақтың экономикалық орталығы болып қала берді. Тараз аймағы моңғол хандарының көшіп-қонатын орны болды. Жазба деректерде Тараз моңғол наместниктерінің, елшілердің, саяхатшылардың сапарына қатысты аталады.

Тараздың айналасында 1269 ж. шыңғыстық ханзадалар құрылтайы өтіп, Шағатай ұлысының ханы болып, Үгедей немересі – Қайду жарияланады. Осы уақыттан бері Тараз Қайдудың ордасы болды. Қайду басқарған уақыт (1301ж. қайтыс болған) Тараз үшін жаймашуақ кезең болды. Қала қайта гүлдеп, жаңаша дами отырып, «Ианги Тараз», яғни «Жаңа Тараз» деген атаумен тарихқа енеді. Алайда ХIY ғ. басында шағатай ханзадаларының арасында өзара күрес өршіген уақытта Тараз қатты зардап шекті.

Талас алқабының бір кездері аса ірі болған орталығында моңғол уақытының қабаты шектеулі территорияда ғана анықталды. Нумизмтаикалық материалдар бойынша, ХІІІ ғ. Таразда суреттерінің алуандығымен, орындау шеберлігімен ерекшеленетін теңге соғылған белгілі болса, хижраның 732 ж. – 1331-1332 жж. кейін Таразда соғылған теңгелер кездеспейді.

Қолдалған әдебиеттер тізімі.

  1. К.М. Байпақов «Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы», Алматы 1995 ж.
  2. Б.Т.Берлібаев, А.Ө.Раджапов, С.Х.Байдильдина, М.Д.Жұмағұлов «Қазақстан тарихы», Оқу құралы, Алматы 2014 ж.
  3. Бегалин Қ.И «Алтын Орда хандары», Алматы; 2007 ж.
  4. Мұхамедиев А.Т. «Қазақстан Шыңғысхан мен оның мұрагерлері дәуірінде ХІІ-ХІV ғ.ғ.», Алматы: «Арыс», 1995 ж.
  5. «Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы», Алматы 2010 ж.
  6. Д. Қыдырәлі , М. Кәтімхан «Тараз тарихы», Тараз: «Сенім», 2005 ж.
  7. «Тараз ғасырлар куәсі», Анықтамалық-библиографиялық көрсеткіш, Алматы 2002 ж.

Қырқымбаева Гауһар Қайратқызы,

«Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі» экскурсоводы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441