Сенбі, 23 Қараша 2024
Желтоқсан естеліктері 4953 2 пікір 10 Желтоқсан, 2021 сағат 15:14

Сол бір Желтоқсанды ұмыта алмаймын!

Қазақ мемлекеттік университетін (КазМУ) бітірген жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі жанындағы баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау басқармасына жұмысқа алынып, осы мекемеде істеп жүрген кезім болатын. Жарты жыл арнайы бақылаумен оқытып, антымызды қабылдап, содан кейін ғана жұмысқа  кірістік.

Қызметім бөлім редакторы. Жұмысым оңай емес, өте күрделі болды. Сол кездегі Кеңес Одағының жетпістен аса министрлігі мен мемлекеттік комитеттерінің барлық құпияларын баспасөзде кетіп қалмауына жол бермей қадағалау. Бұл аса зор жауапкершілікті талап ететін. Сол бір кездегі Республика деңгейіндегі газеттер мен журналдар және өзге де баспасөз құралдары осы басқарманың арнайы тексеруінен өтіп, содан кейін ғана жарыққа шығатын. Газеттерді күнделікті қатаң тексеріп «В свет», -  деп қол қойып беретін едік. Жоғарыда аталған бүкіл министрлік пен мемлекеттік комитеттердің құпияларын есте ұстау оңай емес еді. Бұған мықты зерде, шыныққан денсаулық керек болатын. Журналистиканы жаңа ғана бітірген екі жігіт арнайы орындардың қатаң түрде тексеруінен өтіп, осы жұмысқа қабылдандық. Бірі мен, екіншісі менімен қатар, бірақ орыс тобында оқыған Еркінбек деген курстас жігіт еді. Жұмыс демекші, бұл арада істейтінімді туған-туыстарым мен жаңа үйленген әйелім де білмейтін. Сондай-ақ, мен істейтін мекеменің Алматы қаласының қай квадратында екендігін өзімнен басқа ешкімге тіс жармау міндеттелген болатын. Қойылған талап солай еді.

Қол қойған газеттерімізге ертеңінде қайтадан мұқият тексеру мен талдау жүргізілетін. Тәртіп өте қатаң еді. Құпия деп саналатын қандай да болмасын «Секретный» немесе «Совершенно секретный» деп келетін құжаттар абайсызда баспасөзде кетіп қалатын болса, айтуға ауызың бармайтын жаза белгіленетін. Ресейде жасырын зауыт ашылып қалып, оны баспасөзде жіберіп қойған осындай мекемеде істейтін азаматтың қалай жазаланғанын бізге талай рет ескерткен болатын. Кейде, ойлайтынмын «осы жұмысқа қайдан келдім», - деп. Бірақ, денсаулығым жарап, ата- тегімді тексеріп, дұрыс болған соң, «сен бізге қабылданасың», - деген соң, оған қарсы тұратын күш қайда. Күнде таңертең жұмысқа жиналғанымда, көңілімде үрей тұратын. «Жетпістен аса министрліктің біреуінің құпиясын жіберіп қоймадым ба», - деп. Өстіп жүріп, екі жылдай уақыттың қалай өткенің білмей қалдым. Дегенмен, біраз тәжірибе жинап қалған едім. Сөйтіп жүргенде, 1986 жылдың желтоқсаны да келді. Бір күні жүгіріп қасыма Еркінбек келді. Көрші кабинетте отыратын.

«Бейсеке, Орталық Комитетке Қазақстанның бірінші хатшысы орекең (орыс) болғалы жатыр дейді ғой», - деді. Пленум болып жатқанын білетінмін. Дегенмен, орыс ұлтының өкілін бірінші хатшылыққа тағайындайды дегенді шынымен де ойламаппын. Екеуміз қолайсызданып, не істерімізді білмедік. Біраздан соң, КазТАГ-тан Пленумның материалдары келді. Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Колбин Геннадий Васильевич тағайындалыпты.

Ертеңінде басқармаға жұмыстағы біздерді жиналысқа дереу жинап алды. Бастығымыз қазіргі Республикаға танымал адам болатын.  Басқармада істейтін қазағымыз, орысымыз түгел жиналдық.

«Орталық алаңға жастар жиналып жатыр екен. Мәскеудің шешіміне қарсылық танытып жатқан көрінеді. Ешкім өзінің жұмысынан басқа жаққа аттап баспасын», - деді. «Айналаға алаңдап, қателік жіберіп алмаңдар! Қатаң бақылауда жүресіңдер!», - деді.

Жиналыстан кейін, арнайы көлік жұмысымызға апарып тастады. Ішімнен ойлаймын «он тоғыз облыстың жарымын қазақтар басқарып отыр, ешқайсысы бірінші хатшы болуға жарамаған ба?!»  (Ол кезде елімізде он тоғыз облыс болатын). Жұмысымыз кейде түннің біраз уақытына дейін созылатын. Газеттерге қол қойып, кабинетті жауып шыққалы жатыр едім, қасыма көрші бөлмеден  шығып Еркінбек келді.

«Алаңға соға кетсек қайтеді», - деді. Қамығып, уайымдап тұрғанын байқадым. «Егер, бізді ұстап алса, оңдырмайды ғой», - дедім күдіктеніп. Сонымен қойшы, екеуміз үйімізге апаратын қызметтік көлікке отырмай, жаяу кеттік. Фурманов көшесімен (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) өрлеп, біраз жүрген соң, (жол бойы көліктерді тоқтатып тастаған) алаңға жақындадық. Орталық Комитеттің (осы кезгі Алматы қалалық әкімдігі) айналасын сап түзеген милиция. (әскер ертеңіне келген). Алаңдағы қарақұрым жастар ұрандатып, дуылдасып жатыр. Қанымыз қызып, біз де осы топқа кіріп кеттік. Улап-шулап жатқан жастар, алыстау қатар-қатар тұрған милицияға жұдырықтарын көрсетіп, кейбірі қолдарына ілінгендерін лақтырып, қызбаланып кеткені көрініп тұр. Жастардың арасынан ортаға шығып, өршелене сөйлеп жатқан шешендерге, қабақтары түксиген қызыл пагондылар ежірейе қарайды. Біраз уақыттан кейін, Орталық Комитеттен бір топ адам бері шығып, алаңдағы требунаға көтерілді. Танығаным, біреуі Орталық Комитеттің хатшысы Зақаш Камалидденов, енді біреуі сол кездегі Қазақ ССР Призидиумының төрағасы Саламат Мұқашев. Осылардың арасындағы біреуі жастарға қарата – «Қарақтарым, сендердің бұлай істегендерің дұрыс емес. Сөз ұғатын болсаңдар, тараңдар!», - деді. Тағы да біраз сөйледі. Оны тыңдаған жастар қайда, шулап, ұрандата бастады. Ешкім тыңдамаған соң, әлгінде келгендер, келген іздерімен қайтып кетті. Жас қыздар мен жігіттер бір кезде «Интернационал» өленің шырқай бастады. Қазіргі күндері ол алаңнан көлік жүрмейді. Сол уақыттарда арлы-берлі көлік жүретін. Бір кездерде қасымыздан көлік жүріп бара жатты. Қызынып тұрған топ жігіт әлгінің алдына тұра қалып, тоқтатты да, жүргізушісін ішінен суырып алып, көлікті жабылып аударып тастады. Багына от қойып, жағып жібергені. Қою түтін будақтап, көлік лезде жанып кетті. Солақ екен, өзге де жігіттер алаңның шетінде тұрған бірнеше көлікті итеріп алаңға алып келді. Оларды да аударып, жаңармайына от қойып жіберді. Осыларды көрген соң, тәртіп сақшылары әлгілерге тап берді. Төбелес басталды да кетті. Милиционерлер бірнеше жігітті сүйреп, алып бара жатты. Бірақ, алаңдағы басқа жастар жүгіріп келіп, әлгілерді құтқарып алды. Алаң у-шу. Бір кезде тәртіп сақшылары қайтадан қатарларын түзеп, сапқа тұрды. Тегі, «араласпаңдар» деген бұйрық келді ме, - деп ойладым.

Қолдарымызға қарды жеңтектеп, Орталық Комитетке қарай лақтырамыз. «Далой, далой», - деп шулағанымыз әлі есімде.

Жеңімнен біреудің тартқаның байқап, артыма қарасам Еркінбек ентігіп тұр.

«Бейсеке, арамызда біреулер фотоға түсіріп жүр, тыңшылар болмасын. Мекемеден біздің үйімізге телефон шалып, іздеп, тексеріп жатқан болар, қайтайық», - деді. Шынында да, солай болуы мүмкін екенін ойлап, «қайтсақ – қайтайық», - дедім. Екеуміз дүрмекке түсіп жатқан қалың топтан бөлініп, көшеге шықтық. Сонда байқағаным, Орталық музейдің қасында қазақтың бетке ұстар зиялы қауым өкілдері жиналып, алаңдағы жастарға қарап тұрғанын  көрдім. Көбін таныдым. Екеуміз біршама жүріп, Әл-Фараби даңғылына түсіп, үйімізге қарай жаяу аяңдадық. (Автобустарды  әлдеқашан тоқтатып тастаған). Ертеңінде жұмыста кейін Еркінбек екеуміз тағы да жасырын түрде алаңға келдік. Бойымызды кернеген жастық күш-қайрат қой, бір орында тұрғызбаған. Кешегідей емес, алаңның айналасында милиционерлермен қатар, әскерлердің тұрғанын көрдік. Біраздан кейін, әскерлер  жастарды ұрып-соғып,  қуып, тарата бастады.  Топтың алдында, әскерлер тұрған жақтағы жігіттер мен қыздар соққыға жығылып, қайсыбірі жараланып құлап жатты. Шамамыз келгенше, қолымызға түскен заттармен әскерлер тұрған маңайға зырқыратып лақтыра бастадық. Қасымда жүрген Еркінбекті біраздан соң, жоғалтып алдым. Сөйтіп, түн жарымына дейін жүрдім. Ертеңгі жұмысым ойыма түсіп, ішімнен «кетуім керек», - деп ойладым. Сонымен қатар, мен істейтін орын мемлекеттік құпия мекеме болғандықтан, ұсталып қалсам аямайтындығын түсіндім. Ақырын жылыстап, алаңдағыларға көңілім ауыра жалтақтап Фурманова көшесімен Әл-Фарабиға қарай шықтым. Ертеңінде білгенім, жастардың жараланғандарын әскерилер көлікке тиеп, тау арасына апарып тастағандарын естідім. Әлі есімде, жұмыста түс кезінде бірге істеп жүрген ұжымның қазақтары бөлек, өзге ұлттар бөлек тамақ ішетін болдық. Тіпті, бір ұрысып қалғандай едік. Уақыт шынында да қиын кез еді.  Сол уақытта елімізде кадр саясаты бірінші орынға шықты. Сол бір кездерде Алматының көшесінде жүру де қазақтар үшін қауіпті болатын. Сондай-ақ, ұлты қазақтар басқа ұлттардың алдында қорланғандай сезінуші едік. Осының бәрі ауыр тисе де, шыдадық. Елімізге соққы болып тиген сол Желтоқсан оқиғасы әліде күнге дейін ойыма түскенде, өзімді біртүрлі сезініп, ренжи бастаймын. Сондықтан да, мәні мен мағынасы ерекше, қадір-қасиеті мол  Тәуелсіздігіміздің бағасын түсініп, өткенді ойымыздан шығармайық!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402