Бейсенбі, 5 Қараша 2026
Әдебиет 181 0 пікір 5 Қараша, 2026 сағат 13:21

Келешек капиталы: Балалар контентін қалай дамытамыз?

Сурет: ult.kz сайтынан алынды.

Қазіргі таңда балалардың санасы мен талғамы гаджет экранындағы ақпарат ағыны арқылы қалыптасып жатыр. Егер мемлекет пен қоғам өскелең ұрпақтың рухани иммунитеті мен шығармашылық әлеуетін уақытында қолдамаса, ұлттық код пен мәдени суверенитеттің әлсіреу қаупі туындайтыны сөзсіз.

Батыс пен Шығыстың (Қытай, Жапония, Корея) озық тәжірибелері көрсеткендей, балалар контенті мен шығармашылығына инвестиция құю — бұл тек мәдениет емес, ұлттың экономикалық және стратегиялық болашағына салынған капитал сала алғанымыз болып табылады.

Осы орайда, Қазақстан үшін, Отандық балалар контенті үшін, аса маңызды үш бағытты, атап айтар болсақ: қаржыландырудың тиімді модельдері, мектептен тыс шығармашылық орталықтарды жаңғырту және жаһандық деңгейдегі ұлттық брендтерді қалыптастыру мәселелерін кешенді түрде қарастырып көрелік.

Бүгінгі таңда отандық анимация мен балалар контенті көбінесе мемлекеттік бюджеттің немесе Ұлттық кино қолдау орталығының гранттарына тәуелді болып қалып отыр. Бұл модель бастапқы кезеңде қажет болғанымен, нарықтық бәсекеге қабілетті ұзақ мерзімді экожүйе құруға жеткіліксіз екендігі еш дау тудырмайды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (GPP) және салықтық ынталандыру: Корея мен Батыс елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, анимациялық студияларға және креативті стартаптарға салықтық жеңілдіктер (наурыз-технологиялық парктің баламасы ретінде креативті хабтарға салық босату) беру арқылы жеке инвестицияларды тартуға болады. Мысалға айтар болсақ, жарнама немесе IT саласындағы ірі компаниялардың балалар контентіне салған инвестициясын салықтан шегеріп тастау тетігін енгізу өте тиімді болар еді.

Краудфандинг және халықаралық копродукция (Co-production): Қазақстандық студиялар тек ішкі нарыққа емес, түрік тілдес мемлекеттер ұйымы (ТҮРКСОЙ) немесе Азия елдерімен бірлесіп ортақ бюджетпен анимациялық фильмдер мен сериалдар түсіруге жанталаса кірісуге тиіс. Бұндай бизнес қадам қаржылық жүктемені бөлісіп қана қоймай, контенттің экспортын қамтамасыз етеді.

Merchandising (Брендті монетизациялау) моделі: Батыс мен Азияда (Disney, Pokémon, Baby Shark) түскен кірістің 70-80%-ы фильм немесе әннің өзінен емес, оның кейіпкерлері бейнеленген ойыншықтардан, киімдерден және гаджеттерден түседі. Қазақстанда да анимациялық өнім жасалған сәттен бастап оның лицензиялық өнімдерін (мерчандайзинг) шығаратын өнеркәсіптік әріптестермен бірге жұмыс істеу модельдерін қалыптастыру қажеттігін баса айта кеткізіміз келеді.

Кеңестік кезеңнен қалған оқушылар сарайлары мен дәстүрлі үйірмелер балалардың қол моторикасын дамытқанымен, қазіргі жасөспірімдердің цифрлық сұранысын толық өтей алмай отыр. Шығармашылықты тек сурет салу немесе классикалық домбырамен шектемей, оны заманауи индустриямен ұштастыру керек.

«Maker-Spaces» (Жасампаздар кеңістігі) пен 3D зертханаларын ашу: Қазіргі мектептер мен қосымша білім беру орталықтарында балаларға ерте жастан робототехника, 3D дизайн, кодтау және визуалды сторителлингті үйрететін орталықтар көбейтілуі тиіс. Батыстағы Maker Movement қозғалысы сияқты, әрбір қазақстандық бала өз идеясын компьютерде сызып қана қоймай, оны 3D принтер арқылы өнімге айналдыра алуы керек.

Ұлттық өнер мен цифрлық технологияның синтезі: Қытай мен Жапония өздерінің көне каллиграфиясы мен ұлттық өнерін заманауи цифрлық форматқа (диджитал арт, NFT, мобилді қосымшалар) сәтті көшірді. Дәл сол сияқты, қазақтың ұлттық қолөнерін, киіз басу өрнектерін немесе ұлттық музыка аспаптарында ойнауды заманауи мультимедиялық бағдарламалар арқылы оқытатын гибридті үйірмелер жүйесін енгізу ұлттық күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік болып саналады.

Тәлімгерлік (Mentorship) және стартап мәдениеті: Жасөспірімдердің шығармашылығын тек байқауға қатысып диплом алу үшін емес, өз жобаларын (шағын мобильді ойындар, комикстер, анимациялық роликтер) коммерциялық жоба ретінде дамытуға бағыттайтын бизнес-акселерация элементтерін қосымша білім беру орталықтарына енгізу маңызды екенін білуге тиіспіз.

Әлемдік нарықта орын алу үшін Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасы мен мифологиясын заманауи поп-мәдениет тіліне аудара білу қажет. Бұл бағытта үш негізгі тетік жұмыс істеуі тиіс. Жіпке тізгендей санамалайтын болсақ:

Эпос пен мифологияны глобалды форматқа түсіру (Қытайлық үлгі): Қытай өздерінің «Маймылдар патшасы» немесе «Нэчжа» эпостарын Голливуд деңгейіндегі 3D анимация мен блокбастерлерге айналдырып, бүкіл әлемге таратты. Қазақ фольклорындағы Алпамыс батырдың ерліктері, Қобыландының жорықтары, сақтар мен түріктердің тарихы қазіргі балалар түсінетін тілде (сапалы комикстер, вебтундер, консольдік ойындар) сөйлеуге тиіс. Бала шетелдік суперқаһармандардан кем түспейтін ұлттық қаһармандарды көріп өсуі тиіс.

Эмоциялық визуализация және вирустық маркетинг (Корея және Жапония үлгісі): Кореяның Baby Shark бренді немесе Жапонияның Studio Ghibli анимациялары қарапайым дүниенің өзін терең эмоция мен мінсіз визуалды эстетика арқылы жаһандық трендке айналдырды. Қазақстандық балалар әндері, ертегілері мен анимациялық кейіпкерлері де TikTok, YouTube Shorts сияқты платформаларда вирустық форматта тарала алатын заманауи аранжировка мен сапалы визуалға ие болуы тиіс.

Мәдени суверенитет және экспорттық әлеует: Сапалы контент жасау арқылы біз еліміздің ішіндегі балалардың санасын ғана қорғап қоймаймыз, сонымен қатар түрік тілдес мемлекеттер мен Орталық Азия кеңістігінде мәдени лидерлікке қол жеткіземіз. Отандық брендтер шетелдік нарықтарға экспортталатын рухани өнімге айналуы тиіс.

Сөз түйіні: Балалар контенті мен шығармашылығын дамыту — уақытша мәдени шара емес, бұл ұлттың болашағы мен қауіпсіздігінің іргетасы. Батыстың прагматикалық креативтілігін, Қытайдың жүйелі масштабтау қабілетін және Азияның басқа елдерінің визуалды маркетинг тәжірибесін ұлттық кодпен ұштастыра алсақ, Қазақстан өзінің төл креативті индустриясының алтын діңгегін қалайтыны анық. Жаратқан осы жолда Отандық балалар контенті мен шығармашылық индустриясын жаңа деңгейге көтеруде жар болсын деп, тақымымызды қыса отырып тілейік!

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір