– Бүгін (8 желтоқсан) Алматы қалалық полиция департаментіне сәлемдеме алып барғанбыз. Қабылдайтын полиция "ол аштық жариялап жатыр. Сіздердің алып келген азық-түліктеріңізді қабылдамайтын шығар" деді. Тым болмағанда суды қалдырайық десек, "оны да ішпейді" деп айтты, – деді белсенді Азаттық тілшісіне.
Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкері 9 желтоқсанда таңертең белсендінің аштық жариялағанын растады. Полиция өкілінің сөзіне қарағанда, Мүбәраков 6 желтоқсанда аштық жариялаған. "Су ішеді. Қазір жағдайы қалыпты" деді ол.
Әзірге белсендінің қандай талаппен аштық жариялағаны белгісіз. Facebook'тағы #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобы Мүбәраковтың заңсыз ұсталуына наразылық танытып отырғанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, екі күн бұрын ұсталған шымкенттік белсенді Ерлан Файзуллаев та аштық жариялаған. Ақпарат анықталып жатыр.
5 желтоқсанда Алматы әкімшілік соты Айдар Мүбәраковты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" (488-бап 6-бөлігі бойынша) 15 тәулікке қамаған. Сот қаулысындағы ақпаратқа қарағанда, ол 27 қарашада қаладағы Шоқан Уәлиханов алаңында өткен "заңсыз митингіге белсене қатысқаны үшін" айыпталған. Сот кезінде белсенді тағылған айыпты жоққа шығарып, әлеуметтік желіде рұқсат етілген митинг деп көрсетілген шараға барғанын айтқан.
16 желтоқсан күні қарсаңында Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер полиция қысымына шағымданып жатыр. 7 желтоқсанда сот шымкенттік белсенді 39 жастағы Ерлан Файзуллаевты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 күнге қамаған.
Abai.kz