Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 5547 9 пікір 13 Желтоқсан, 2021 сағат 14:58

Жолдасбековке Халық қаһарманы неге берілмейді?

ӨЛМЕС РУХ  

1986 жылғы Алматыдағы тарихи Желтоқсан қозғалысынан бір жылдан соң болған осы бір оқиға әр жылдың осы мезгілі жақындаған сайын жиі еске оралады....

Бұл оқиға - өзінің бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанның гүлденуі мен игілігіне арнаған, көзі тірісінде Қазақстан Республикалық Инженерлік академиясының Президенті, Республика саяси еңбек партиясының Төрағасы, Халықаралық инженерлік академияның бірінші вице-президенті, Ислам елдері Инженерлік академиялық  федерациясының вице президенті болған, қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекеттік сыйлықтың және В.Г.Шухов пен әл-Хорезми (Иран) атындағы халықаралық алтын медалдардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Республика Жоғары Кеңесіне алты рет депутат болып сайланған, Ленин және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, батыл да батыр, біртуар қазақ Өмірбек Арсыланұлы Жолдасбеков ағамыз өмірден өткелі бұрынғыдан да салмақтырақ болып еске оралуда.

Сол салмағына орай, Өмекеңнің толық емес өмірбаянын әдейі тізбектеп отырмын. Бұл мен білгенім, ал білмейтінім қанша? Ондағы мақсат Желтоқсан салмағын иығымен көтерген әйгілі академиктің көзінің тірісінде-ақ, берілуге тиіс «Халық қаһарманы» атағын, әруағын сыйлап кеш те болса Елбасының жарлығымен беріп жатса, мақтаныш тұтар елімізге де, ерімізді еңбегіне қарай құрмет тұтар елімізге де, аброй болар еді. Жалпы, менің ойымша, осы Желтоқсан оқиғасы қазақ тарихында нақтылы өз бағасын алса, бүгінге дейін толық өз бағасын алмаған қаһармандар шоғыры да соңынан болса да анықталары қақ, солардың бірі болып Өмірбектің де есімі аталары сөзсіз...

...Түстен кейін қызмет телефоным безілдеп қоя берді. Трубканы көтердім, академик Өмірбек Жолдасбеков екен. Кәдімгі мол денесіне ылайық сабырлы қоңыр дауысы.

- Қалқам, Бақтыбаймысың?

- Ия.

- Мен Өмірбек Жолдасбеков ағаң ғой. Сен жұмыс аяғында басқа жаққа бұрылмай біздің үйге соқшы, - деп Карл Маркс көшесі бойындағы үйінің номерін айтты. Басқа әңгіме болған жоқ.

Әйгілі академиктің өзі телефон соғып, бұл жұмбақ шақырысына түсініңкіремеген басым, жұмыстан соң, сағат кешкі жетіге жетер жетпес, айтылған адрес бойынша жетіп келдім. Өмекең өзі қарсы алды. Баяғы аңқылдаған қалпы. Арқамнан қаққыштап төргі бөлмеге бастады. Арнайы дайындалған үлкен адамдардың шырайлы дастарханы. Тартыншақтағаныма қарамай мені төрге оздырды. Ішкі бөлмеден күйеу баласы мен ұлы Іскендірбек, ас бөлмеден жұбайы белгілі ғалым, Мая жеңгеміз бен қыздары Гауһар мен Баян көрінді. Басқа ешкім жоқ. Бәріміз дастархан басына жайғасқан соң, Өмекең өзі бастап маған алдымен отбасын толық тыныс тіршілігімен қоса таныстырып өтті. Соңынан:

- Шырағым, Бақтыбай, мен көпті көрген адаммын. Соған орай, естіп те жүрген шығарсың, тіршілігімде көп адамға жақсылықтар да жасаған жанмын. Және ондай жақсылықтарды бақай есеппен жасаған емеспін. Жақсылық - тіршілікте қайырымы мол адамдардан ғана шығады. Мына өмір, мына тіршілікті осы күнге дейін көксетіп, көркейтіп бүгінге жеткізіп отырған да сол жақсылық пен мейірімнің шапағаты. Сондай жақсылықтың бірін мен де тіршілікте мына сенен көрдім, қалқам! Желтоқсан нәубеті қазақтың небір қасқа азаматтарын жазықсыздан-жазықсыз сансыратып кетті. Шаңырағы шайқалғандар қаншама... Осындай сындарлы кезеңде – кімнің кім екені де танылып қалады. Менің құдай берген кең құшағым тарылып, қаққан қанатым талған сәтте қаншама азаматтар қолын созды. Соның бірі - өзің едің. Сол азаматтығыңа орай жанұямның басын қосып, солардың алдында саған ағалық алғысымды айтқалы, жеңгеңмен келісіп, отбасына арнайы дәм татуға шақырғаным еді, - деді.

«Ұлық болсаң – кішік бол» деген қайран қазағым ай. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» Өмекеңнің мына шақырысын енді түсіндім...

...Желтоқсан «оқиғасына» біз де араластық. Бүкіл болмысы мен жаны да, қаны да қазақи марқұм Сағат Әшімбаев бастаған қазақ теледидарының біраз ұлтжанды азаматтары « Мен, мен» деп, төсін ұрмай-ақ, өз қауқар шамасынша Желтоқсан оқиғасында ел жанашыры бола білді. Соған орай Желтоқсан ызғары тележорналшылардың біразына - тән жарасын түсірсе, біразына жан жарасын салды. Ал, тарихи оқиға үш күн бойы біздің мекеме, республикалық теледидар алдында, біздің көз алдымызда өтті. Теңіздердегі асау толқындардың жағаға ұрғанындай, сырттағы халықтық толқын біздің кеңсеміздің ішіне, бөлмелерге еніп кеткенін көзіміз көрді. Кішігірім ұлт аралық кикілжің, екпіні қатты жігіттердің қол жұдырықтасуы  үш қабатты мекенжайдың ішкі өмірінде де көрініс тапты. Ұшқыннан жалын алғандай ұлттық намыс, ішке түйілген ашуымыз көп айларға дейін басылмады...

Сол кездерде ҚазТАГ-тың «Жолдасбеков партия қатарынан не үшін шығарылды?»- деген атышулы мақаласын, жерден жеті қоян тапқандай, Қазақстандағы барлық газеттер көшіріп басты. Тағылмаған айып жоқ. Ғұлама ғалым тағдыры тәлкекке ұшырады. Жоғары оқу орындарында академикті орынсыз кіналаған жоғарыдан жоспарластырылған жиындар өтті. Осы кездері өзінен бұрынғы нар қазақтар Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезовтердің кешкен нәубет күндері Өмекеңнің де басына үйірілді. Орынсыз қуғын-сүргінді жүрегімен көтеріп, миына күш түсіп жүрген кезде мен ағамызды бұрын-соңды танымасам да үйіне телефон шалып, тікелей эфирге хабарға шақырдым. Бауыры қайтыс болып, көтерген қиыншылығына қосымша қайғы салмағын жамап жүрген кезі екен. Сол кезде қазақ теледидарынан «Тіршілік» атты тікелей эфир арқылы берілетін хабарға мен жетекшілік етіп, жүргізуші едім.

- Қалқам, басшыларыңның келісімін алдың ба? Сен түгілі дәл қазір маған ара түсіп жанашырлық пікір айтуға сол бастықтарыңның да жүректері дауалар ма екен. Тұрымтай тұсымен болып жатқан кез ғой. Бұрын-соңды танымайтын ағаң маған шаршамай-ақ, қойғаның жөн ау, - деді сабырлы қалпы. Ниет етіп, жоспарлап қойған соң және осы бір тілдесудің өзінен азаматтың қал-ақуалын терең ұғынған мен де өз пікірімнен қайтпадым.

- Студияға келуге келіспесеңіз, ертең түсте Үкімет үйінің маңына келіңіз. Бар жоғы бір сағат уақытыңызды бөлесіз. Мен сол жерде айтар әңгімеңізді киноға түсіріп аламын. Қалғаны менің тірлігім.

Академик келісімін берді.

Ертеңіне Өмекеңнен бұрын алдымен Алматы қалалық парткомиссиясының төрағасы аузынан Ө.Жолдасбековты партиядан шығару туралы партбюро шешімі мен бірге, өзінің азаматтық пікірін кинотаспаға жазып алдым. (Фамилиясын ұмыттым). Азамат екен. Ол кісі парткомиссияның қатаң сөгіс беру туралы шешімін қараған, қалалық партия комитетінің бюросы мәселені орынсыз ушықтырыңқырап жібергенін және өте қатаң жаза қолданғанын жаны қынжыла айтты. Жанға медеу сол сөзді бейнетаспаға түсірдік те, Өмекеңмен келіскен Үкімет Үйінің маңындағы алаңға келдік. Сырттай танығаным болмаса, Ө. Жолдасбеков бұрын кездеспеген адамым. Ол кісі де айтқан уақытында келді. Байқағаным қаншама қиыншылықты арқалап жүрсе де, сабырлы адам ғой, жүзінен шаршаған белгіні сездіре қоймады. Аман-саулықтан соң, бірден сұрақ жауабымызды бейнетаспаға жазуды бастадым. Еркін сауал, нақтылы жауап. Өмекең ашынып айтты, шындықты айтты, қатты айтты. Бар мәселені ҚКП Орталық Комитетінің хатшысы З.Камеледдинов бастаған топ нақақтан-нақақ ұйымдастырып отырғанын, бұл кісі басқарған Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетіне сексеннен астам тексеру жібергенімен нақтылы ештеңе таппағанын, «тамыр-таныстық, ұлтшылдық, жершілдік мақсатты басшылыққа алды», - деп қып-қызыл жала жабылғанын, оны мойындамайтынын және ешкім мойындата алмайтынын, ҚазМҰУ-дың өзі басшылық еткен он алты жыл көлемінде Одақтың ең үздік оқу орындарының бірі болғандығын, солай бола тұра партиядан орынсыз шығарылғандығын жасырмады. Бәрін жазып, түсіріп алдым. Болған соң кешкі 23-те тікелей эфирден берілетінін ескерттім. Академик ағамыз сенерін де сенбесін де білмей өткір жанарын өзіне бейтаныс маған тік қадап, біраз тұрды. Сөйтті де;

- Менің бұл сөзімді өзгертпей эфирге жібере алсаң, онда нағыз батыр болғаның. Бірақ, Закаш қазіргі орынында отырғанда, басшыларың менің бұл сөзімді жібере қояр ма екен, - деді әлі де сеніңкіремегенін сездіріп. Мен бұл хабарға өзім ғана жетекшілік ететінімді айттым.

Содан мен де тәукелге бел будым.

Студияға келіп түсірген плекамды монтаждадым да, кешкі эфирге әзірлендім. Үш-төрт сюжеттен тұратын тікелей эфир арқылы өтетін «Тіршілік» тележорналынан сол күні академик Ө.Жолдасбековтың елді ойға жетелер, өзі жайлы барлық шындықтың бетін ашқан әңгімесі берілді. Түнде кім не дей қойсын, оның үстіне тікелей эфир. Ертеңіне ертемен жұмысқа келсем, алдымен жеңгеміз Мая, соңынан ағамыздың өзі телефон соғып, аялы аналық-ағалық алақандарымен арқамнан қаққандай рахметін жаудырды. Мұндай рахметті өзім танитын КазГУ-дің біраз мұғалімдері де жеткізді. Жеткізе отырып өзімді сақтандырғандар да болды.

Әрине, бұл хабардан соң, не Орталық Комитеттен, не өз бастығым Ғ.Шалахметовтен бір таяқ жейтін шығармын, жегенде де оңбай жейтін шығармын деген үрей болмай қалған жоқ. Бірақ, аталынған орын мен басшылар өздері көрмей қалды ма, не жамандап жеткізген жан болмады ма, олардан еш әңгіме қозғалмады. Тек, «ұлтшыл» атанып, өзі қысымда жүрсе де, қазақша қоғамдық саяси хабарларға үнемі назарын салып отыратын С.Әшімбаев қана «Дұрыс тірлік жасадың», - деген  ізгі ниетін амандасқанымда, қолымды қысып қана білдірген болды. Соның өзі алаңдаған көңілдің біршама байыз табуына медеу болды.

Өзіне жабылған жаланың бетін ашып көрсеткен осы хабардан соң, Өмекең айға жетпей ҚазМҰУ сайлау округынан депутаттыққа кандидат болып тіркеліп, соңынан басым дауыспен депутат болып сайланды. Кеңес Үкіметі кезінде әрбір саналы азаматтың абройы саналар сүйікті партбилетін қайта алды...

Өмекеңнің жанұясы арасына шақырып, айтып отырған рахметі осы жағдай еді. Мақтанғаным емес, бар шындық осылай болатын.

Отырыс үстінде академиктің отбасымен терең таныстым. Әсіресе, белгілі ғалым Мая жеңгеміз сирек кездесетін, ескі басылым кітаптарын ерекше ықыласпен жинайтындығы туралы әңгімелері ерекше есте қалыпты. Өткеннің елшісін бойтұмардай ілтипатпен жинастырыпты. Қазақстанда «Робот атасы» атанған ғалым Өмекең, сол отырыста таяу мерзімде Инженерлік академия  ашылғалы отырғанын, оның перспективалық бағдарламаларын түсіндіріп берді. Біз сол күннен бастап ағайындылардай болып араласып кеттік. Ұзамай айтылған шаңырақ ашылып, әлем назарын өзіне аударып, жұмыс жасай бастаған сәтте мен қазақ теледидарына, «Инженерлік академия» деген жарты сағаттық танымдық телеочерік дайындадым. Сол хабардың түпнұсқасы күні бүгінге дейін өз архивімде сақтаулы.

Бұл мен үшін Шерхан ағамыз айтқандай «Нағыз академик» Ө. Жолдасбеков туралы өзім жасап қалған – тірі тұмар. Мен үшін мақтаныш. Өйткені, қазақ халқы тіршілік жасаса, Өмірбек Жолдасбеков те сонымен бірге мәңгі жасайтын ұлы тұлғалардың бірі.

Бақтыбай Айнабеков.

Мақала 1999 жылы шілде айында «Заң газетінде», соңынан 2000 жылы «Шартарап» баспасынан шыққан «Академик ЖОЛДАСБЕКОВ» атты коллективтік жинақта жарық көрді.

Амантай Біртанов, Алматы қалалық Жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері:

         «МЕН ӨМІРБЕКТЕЙ ҚҰДАМНЫҢ БОЛҒАНЫН МАҚТАНЫШ ТҰТАМЫН»

- Әбеке, Сіз өз дәрежеңізде елге жасаған жақсылығыңызбен еңбек абройына бөленген белгілі қайраткерлердің бірісіз. Осыған орай басылым беттерінен сіз жайлы жазылған мақалалар мен өзіңіз берген сұхбаттарға азды-көпті назар салып жүрген жағдайым бар-ды. Менің байқағаным ұлт абройын асқақтар қандай бір тірлік болмасын қалыс қалып жатпайтын сияқтысыз. Бұл ретте, ел есінде қалған әруақтар абройын көтеру мен бабалар шежіресін зерделеуде жинақтаған еңбектеріңізбен де таныстым. Соған орай бүгінгі сұбхатымыздың ерекешілігі - сіздің өз ұлтыңызға жанашырлығыңыз бен ұлттық дәстүрге көзқарасыңызға байланысты болғалы отыр. Сіздің танымыңызда ұлт дегеніміз не және оның дәстүр салты туралы не айтуға болады?

- Айтылар әңгімеміз қашан да актуалдылығын жоя қоймайтын тақырып екен. Меніңше, бұл ретте әртүрлі пікірлердің ағымына ілесуге де болады, сонымен бірге жеке өз танымыңды ұстануыңа да мүмкіндік мол. Сондықтан, ұлтқа деген ғұламалардың тұжырымына ортақтаспай-ақ, өзім көріп жүрген ұлт бақыты мен ұлт трагедиясы деген қарапайым тұжырымды сөз өзегі ете отырып, ұлт туралы, ұлт құндылығы мен оның ұлықтығын түсіндіріп көрейін.

Қазір әлемде күрт деген ұлт бар. Жалпы саны елу миллионның үстінде. Жер әлемді жайлап жатса да байыз табар отаны жоқ. Мемлекеттік шекарасы жоқ. Отаны болмаған соң әлем мойындар байрағы мен заңды бекіген әнұраны да жоқ. Қарашы, қандай ұлттың еңсесін көтертпес трагедия! Дәл осы күнді өзіміздің ұйғыр халқы да кешіп отырған жоқ па ...Бұл - өзін белгілі бір ұлттың перзентімін деп санайтын әрбір азаматқа, Жаратқанның көрсетіп қойған сабағы емес пе?...

Біз қазақ бақытты халықпыз, бақытты ұлтпыз. Тіліміз бар, туымыз бар, әнұранымыз бар, әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орынды иемденетін жеріміз бар. Осынша байлықты бізге мұраға қалдырған ата-бабалар рухы алдында біз мәңгі борыштар ұрпақпыз. Қазір осы бақытты ұғынбайтын ұрпақтар қалыптасып келеді. «Ұлт боламын десең бесігіңді түзе», - деген қасиетті сөзді де әркім әр қалай қабылдайды. Біз бала күнімізден бесікте жатып-ақ, ана әлдиімен бірге ата-бабаларымыздың арасынан шыққан батырларымыз бен даналарымыздың ерлік жырын құлағымызға сіңіріп өскен жанбыз. Мұншалықты жеріміз солардың бізге қалдырған мұрасы. Бойға, қанға сіңген сол тәрбие бізді ұлтшыл, рухшыл етіп тәрбиеледі. Менің әруақтарды тірілтіп, елі үшін еңіреп өткен батыр бабалардың, абыз даналардың шамам келгенше рухын көтеріп жүргенім, өткеннің шежіресін бүгінге насихаттап жүргенім, сол тәрбиенің жемісі. Қазіргі жастарымызда осы тәрбие жетіспей жатыр. Өзіміздің баға жетпес дәстүрлі ұлттық қазынамызды бойымызға сіңіріп алмай, батысшыл болғымыз келеді. Өзбек ағайындардың «Орыс болам десең алдымен қазақ бол», - деген мысқылын, ащы да болса қабылдамасқа, шара жоқ...

Осы ауруханаға баласының басына төнген сырқатына байланысты қаншама менмін деген азаматтар келеді. Көмек сұрайды. Несін жасырамыз небір кеудесіне нан пісіп жүрген азаматтарымыздың балалары бүгінде емге көне бермейтін дәрежедегі наркоман. Сол ата-аналар балалларының бойына меңдей сіңген сол сырқатты, өздерінен көрмей, өзгенің балаларына жапқысы келеді. Өзінікі судан таза, сүттен ақ.  Қандай трагедия!..

Турасын айтып туғанына жақпай қала беретін мен байғұс сол ата-аналарға кейде бетіне баса отырып, алдымен өз баласының - өзін ғана емес, бүгінгі қоғамды сырқатқа айналдырып отырғанын, бүгінгі қой үстіне боз торғай жұмыртқалар қоғамның келешегіне балта шауып отырғанын, айтпасқа лажым қалмайды. Біздің қоғамымыздың, ұлтымыздың келешегі жастар екенін мойындасақ - бала тәрбиесін бұлайша бетімен жіберуге ешкімнің де қақысы жоқ.

Біздің ұлт, ғасырлар қалыптастырған ұлт, дәстүрі бар ұлт. Қалыптасқан ұлт пен оның дәстүрін көрмеу, сезінбеу, ұлт тағдырын тұйыққа тірейді. Ондай тағдырды басынан кешіп отырған ұлттарды көріп отырмыз ғой. Біздің ұрпақ осы тарихтан сабақ алса, еліміздің бүгінгі бақыты баянды болмақ...

- Ұлт туралы ұғымды-ақ, пікір айттыңыз. Соны айта отырып әңгімемізді өрбітуде дәстүр-салтқа да баспалдақ салдыңыз. Әрине, айтар адамға дәстүр-салт ауқымы мен арнасы кең ұғым, біз соның бір тармағы құда-жекжат, олардың ұлттық тарихымызда қалыптасқан өзара қарым-қатынасы туралы пікір алыссақ?

- Қазақта ұлтты білген адам, оның дәстүр-салтының бір көшелі арнасы құда-жекжат туралы да білуі керек шығар, - деп отырған шығарсың. Шындығында осы бір дәстүр басқа ұлттарға қарағанда біздің халыққа етене сіңіп, шегенделген қасиет. Құда-жекжат болу деген сөз - бауыр ажырамас ынтымаққа ену деген сөз. Қазір біреулер рушыл, жүзшіл болып, тар өрістігімен көзге түсіп қалып жүрген жағдайларды байқап жүрміз. Құда-жекжат болу деген - осы бір жанға жақпас жарасымсыз бөлшектенуді жоққа шығаратын, керек десеңіз біртұтас қазақ ұлтын қалыптастыратын ұлы күш. Менің қазір өмірдегі ең қымбатты қазынам – үш ұлым бар. Үш ұлым үш жүздің қызын алып, өрісімді кеңітіп, бауырмашылдық көңілімнің керегесін кеңітіп отыр. Мен сол үш құдамнан қалай алшақтай аламын, қалай бөліне аламын. Дәл қазір бәріміздің қуанышымыз да қайғымыз да ортақ. Әр қазақ өсіп өнуде - менің осы тағдырымды кешіп отыр. Демек, осындай тарихтан келе жатқан құдалық - ынтымақтастық пен бауырмашылық, бүкіл қазақ ұлтының осыншалықты жерге, тарихи мұраға егелік етуіне негіз болған. Ал өз ара қарым-қатынасы ол адамдардың қадір-қасиеттеріне байланысты шаруа...

- Осы жауабыңызбен тағы бір сұрақтың ұшын шығарып отырсыз. Сіздің, қазақтың біртуар ұлы, Шерхан ағамызша айтсақ «Академиктердің арыстаны» Өмірбек Жолдасбековпен құда болғаныңызды білеміз. Осы құдалықтарыңыз туралы не айтар едіңіз?

- Құданы Құдай қосады демей ме, Өмекеңнің көзімді ашып көрген тұңғыш құдам екені рас. Мен Өмірбектей құдамның болғандығын өмірімде мақтаныш тұтамын. Тіршілігімізде ағалы-інідей болып кетумен бірге, Өмекеңнің көрегендігі сол, менің құдалық жолымды үнемі назарынан шығармайтын. Үйінде болсын, достарының арасында болсын құдасына деген құдалық құрметін ашық көрсетіп отыратын. Жарасымды көрініс емес пе. Сондықтан да, бергенінен берері көп, алғанымнан аларым көп осындай ұлық азаматқа кезіктірген Жаратушыма әрдайым шүкіршілік айтатынмын

- Осы әңгімені одан әрі тереңдетсек. Осыдан бес жыл бұрын Өмекеңнің 70 жылдығына байланысты жарық көрген «Қайран, Өмекең, мен соны ойлап отырмын» атты естелігіңізде Өмекеңмен көп сырласқандығыңыз туралы жазылған еді. Сол көп сырларыңызбен арада біршама уақыт өтті ғой, енді бөлісуге болмас па?

- Өмекең қандай бір отырыстың болмасын гүлі еді. Бар адамның назарын өзіне аударып алатын. Ол кісі отырған жерде бірге болу адамды рухани жағынан байытатын. Көп білетін, бойыңа мол жігер беретін...

Қазір біздің жігіттердің бойына бір сырқат жабысып жүр. Отырған жерінде қасында жоқ бастықтарды жамандағанда ойланып-ақ, қаласың, ал сол адам өзі жамандаған адамының қасына барғанда, басқа бір жағымпаз қырымен көргенде төбе шашың тік тұрып, жағаңды ұстайсың. Мұндай құбылмалы сырқатқа ұшыраған азаматтар от басына да отанға да опа бермейді. Өмекең отырыстарда осындайлардың жолын кесіп отыратын.   Сұрап қалдың ғой, мақұл-ақ, бір ашылғандағы сырын айтып берейін.

Өмекеңді зор ұйымдастыру қабілеті үшін Димекең өте жақсы көретін. Үлкен кісінің ол ықыласын Үкімет апаратындағы басқа қызметкерлер де жақсы білетін. Осы ықыласты да Өмекең қара басына емес, халықтың игілігіне жарасымды пайдалана біліпті. Осы қазақ ұлттық университеті қалашығы құрылысы басталған жылдары, Өмекең жылына бір екі рет Димекеңнің қабылдауына жазылатын көрінеді. Қабылдауына барғанда шаруасын сұраса: «Ешбір шаруам жоқ, қол алысып аман саулығыңызды біліп шыққым келгені ғой. Тапсырған тапсырмаңыз, құрылыс жұмысы өз дәрежесінде жүріп жатыр. Уақытыңыз болса көре кетсеңіз тіптен дұрыс болар еді», - дейтін сыңайлы. Үлкен кісі ризалығын білдіріп, құрылысқа уақыт тауып соғатындығын айтатын көрінеді. Содан шыға Өмекең обком мен горкомның хатшыларына хабарласып, Димекеңнің құрылыс басына келгелі жатқанын жеткізетін көрінеді. Ол кезде бірінші басшының түкірігі жерге түспейтін кез ғой. Үлкен кісінің келетінін естіген басшылар алдын ала, күн-түн демей Өмекеңмен бірге жаңа құрылыстың маңында болатын көрінеді. Мына университеттің алғашқы кезеңі Өмекеңнің осындай қимылының арқасында жедел пайдалануға беріліп қалды. Бұл құрылыс қазір Өмекеңнің ғана емес, қазақ халқының мақтанышы болып тұрған жоқ па.  Ұстазы академик Артоболевскидің Өмекеңе деген құрметін көрген Асанбай Асқаров ағамыз да Өмекеңе ерекше құрметпен қарайтын, әр қимылын мақтаныш тұтатын.

- Жарасымды жауап болды, енді құдаңыздың өміріндегі достарының сатқындығы туралы өзіңізге  не түйдіңіз?

- Өмекең азаматтардың пәндешілігін Құдай берген мол парасатымен жеңе білген азамат. Ол қуғынға ұшыраған тұста 84 рет тексеру болғанын жұрттың бәрі біледі. Осы тексеру барысында кезінде кейбір азаматтар тарапынан адам айтса нанғысыз мәдениетсіздіктер мен оғаш қылықтар да орын алды. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» дей ме?...  Қазақ десек өзімізге тиеді, жеме-жемге келгенде, сол бір орынсыздау асыра сілтеу кезінде Өмекеңді қазақ ғалымдарынан бұрын, ең алдымен өзінің қарамағында істеген және көрші елдердегі еврейлер мен орыс ғалымдары қорғап қалды десем күлесің бе, жылайсың ба.

Өмекеңнің азаматтығы сол, осы мәселені сөз еткенде: «Е-е, бауырым-ай, жақсылыққа жамандық - әр адамның ісі, жамандыққа  жақсылық нар адамның ісі», - дегенді білмеуші ме едің дейтін. Сондықтан дұшпандық жасағандардың дұшпандығын атын атап, түрін түстемей-ақ, өз арларына салайық. Дегенмен, мұндай  қуғын-сүргіннің әлегі адам жүрегіне салмақ салмай кепейді. Оны адам жанының жанашыры - дәрігерлер, сіздерден көрі, біздер жақсырақ білеміз. Бар ауыртпалықты қашан да ми мен жүрек көтереді. Өмекеңнің кейін емдеуге бой бермеген сырқаты да осыдан болды...

-  Адал достық өмірде де, қызметте де көп нәрсеге дәнекер болады. Өз адамгершілігіңізбен де қажетті ортаңызды ойып алып жүрген беделді азаматтардың бірісіз ғой. Дегенмен,  Өмекеңнің таныстыруымен тапқан ортаңыз туралы не айтасыз?

- Өмекең аз уақыттың ішінде мені Президенттен бастап, көп зиялы азаматтармен таныстырды. Көбімен жолдас болдым. Көбімен осы күнге дейін дастархандас болып жүрмін. Бұл орайда елі мақтан тұтатын қазақтың талай қайраткерлерінің атын атауға болады. Өмекең таныстырған ортаға да, өз ортама да ризалықтан басқа айтарым жоқ. Жалпы мен өз өміріме көңілім тоқ адаммын.

- Өмекең Колбиннің кезінде ұлтшылдығы үшін таяқ жеді. Араға уақыт салынды ғой, осы пікірге бүгінгі көзқарасыңызды білуге бола ма?

- Дұрыс айтып отырсыз, асыл азамат ұлтшылдығы үшін таяқ жеді. Соны кезінде айтатын азаматтар аз болды.  Өз ұлтын, өз халқын сүймеген адамнан ештеңе күтуге де болмайды ғой. Өмекеңді өз қанында бар қасиетінен қалай айыруға болады. Ол кісі ұлттық сана мен сезім туралы тайсалмай айтып, онымен санасып, қастерлеу керектігін үнемі алға тартып отыратын нағыз патриот болатын. Ғабеңнің айтқаны дұрыс, ұлтшылдан емес, ұлттық намысы жоқтан сақтанған жөн. Мұнымен қабат, Өмекең көп азаматтан жершілдігімен емес өршілдігімен дараланатын

- Өмекең ұлт тілінің, студенттерге ұлттық тілде білім берудің жанашыры болған деген  пікірге байланысты айтарыңыз?

- Қазір ауызекі әңгімеде тіл жанашырлары көп. Тіпті, жазушыларыңыздың ішінде өзінің қазақ тілінде жазған кітабының бетін ашып көрмеген балаларын көрмей, өзгеге ақыл айтатын небір «шешендерді» көріп жүрміз. Менің Өмекеңе байланысты айтарым, оның үлкен талантының тағы бір қыры, ол ғылымның ұлтқа қызмет етуін алдымен ойлады. Ол машинатану жөніндегі тұңғыш терминологияны жасады. Жоғары оқу орындары үшін қазақ тілінде осы сала бойынша тұңғыш оқулық жазып, сол заманның өзінде ана тілінің жоқтаушысына айналды. Кезінде оның осындай тіршілігіне таразылап баға берген бір басылым, оның ұлттық қасиеті жалпы мұсылмандық намысқа ұласып, кейінгі жылдары ол Ислам елдері ғалым инженерлерінің басын қосып, үлкен іс бастады деп оның Ислам елдері Инженерлік академиялар федерациясының вице-президенті болып сайланғандағы ұйымдастыру жұмыстарына да баға бергенін көргенмін. Шындығында да Өмекеңнің ұлтшылдығы мен дінге деген құрметі жарасымды болатын. Оның дүниежүзілік Инженерлік академияларының форумын Қазақстан сиқты мұсылман елінің әсем астанасы  Алматыда өткізуге қаншалықты күш салғанын білетін Ислам елдерінен келген ғалымдар, сол форумға қатыса алмай төсек тартып жатқанда, президиум трибунасына шығып Алладан: «Киелі де, ақжарқын досымызбен жүздестіре гөр, ғұмырын ұзақ ете көр!», - деп Алладан тілегенде барлық ғалымдар сол тілектің шылауында кетті...

- Құрметіңіздің жоғары екенін білдірдіңіз, енді екеуіңіздің араңыздағы рухани ұқсастықты білуге бола ма?

- Болмысымызда шынында да ұқсастық көп болатын. Ол кісінің дұшпанынан досы көп болатын. Сол көп досты өз еңбегімен, адалдығымен, азаматтығымен арттыратын. Атақ та аброй да осы қасиеттерімен қоса келіп жататын. Мен де осы бір жарасымды қасиетті өзіме болмысымнан сіңіріп келе жатқан адаммын. Бұған Өмекеңнен үйренгенімді қосыңыз... Мен өзім туып өскен Талас ауданының Құрметті азаматымын. Қай жылы облыс әкімі Серік Үмбетов деген бауырымыз хабарласып маған Жамбыл облысының Құрметті азаматы деген атақ берілгелі жатқанын хабарлады. Шынымды айтайын, мен алғашында бас тарттым. Өзім Алматы қаласында жұмыс істеймін. Сонда ол кісінің айтқан уәжі, «мен осы облыстың барлық аудандарын аралап жүремін. Елдің сөзіне құлақ түремін, сонда көпшілік азаматтар Алматыдағы сенің ауруханаңа барып, сырқаттарына шипа тауып қайтқандарын айтып, алғыстарын айтып жатқанын естідім. Сонда бұл атақты, елден тыс жүрсе де жерлестерінің алғысына бөленіп жүрген Сіздер алмағанда, кім алуы тиіс?!», -деді. Жақсылық артыңнан іздеп жүрсе, оған шүкіршілік жасау керек қой...

- Енді өз қызметіңіге оралсақ – қалалық жедел жәрдем ауыруханасының бүгінгі тынысы туралы не айтасыз?

- Бүгінгі қызметі бұдан бес-алты жылғы жағдайдан көп ілгерілеп отыр. Ауруханамыз  республикалық медициналық ғылыми зерттеу институттарымен тығыз байланыста. Аурухана жанынан медициналық университеттің кафедралары ашылған. Дәрігерлік емдеу тәжрибесі мен ғылым арасында болуға тиісті бірлік пен сабақтастыққа қол жеткізіп отырмыз. Сонымен қатар денсаулық сақтау ісіндегі әлемдік озық тәжірибені, иновациялық жетістіктерді игеріп, іс жүзінде пайдалануға айырықша көңіл бөліп отырмыз. Европа мен Американың, орталық Азияның көптеген ірі медициналық орталықтарымен өзара тәжірибе алмасу, біліктілік жетілдіру жөніндегі келісім шарттар жасалып, солардың нәтижиесінде аурухананың емдеу қызметі әлемдік озық тәжірибелермен байытылып отыр, сапа жағынан да жаңа деңгейлерге көтеріліп отырмыз ауруханада 1000-ға жуық адам қызиет етіп жылына 25 мың адамға дейін емделуде.

- Бұл өз коллективіңіз жайлы пікіріңіз. Сіз халық қалаулысы - қалалық мәслихаттың депутатысыз. Бір қалада тұрған соң  Алматы қаласының саулығы туралы да сұрасақ артық болмас. Осы салаға жергілікті билік орындарының қамқорлығы Сізді қанағаттандырады ма?

- Қаладағы екі миллион адамның саулығына жауап беру – оңай шаруа емес. Алматыда 74 мемлекеттік медициналық мекеме бар. Бұдан бөлек 15 республикалық, жеті жүз мемлекеттік емес медициналық мекемелер жұмыс жасайды. Осылардың жұмысын жолға қою керек болатын. Бұл мәселе Алматыға Иманғали Тасмағанбетовтың әкім болып келуімен мықтап қолға алынған сияқты. Денсаулық депортаментінің директоры ауыстырылды. Соған орай салалық топтасулар қолға алынуда. Қазір қалаға  бұрын-соңды болмаған әлемдік жаңа медициналық техникалар келіп, өндіріске ене бастады. Билік орындарының нақтылы қамқорлығы деген осы болса керек.

- Жедел жәрдем ауруханасы болған соң өмір мен өлімнің жиі беттесер жері ғой, донорлар мәселесіне байланысты не айтасыз?

- Донорлар туралы айтқанда екі бөліп айту керек. Бірінші, қан беруші донарлар. Қай бір ауруханаға болмасын, қайырымды азаматтардың қаны ауадай қажет. Әсіресе, жедел жәрдемді қажет ететін біздің аурухана үшін. Күнделікті қаншама адамдарға жедел операциялар жасалады. Қан көп кеткен адамдарға алдымен қан қажет. Сол берілген қанмен адам жаны арашаланып жатады. Бұл елене бермейтін ерлік емес пе! Солай бола тұра осы қанын берген адамдарға соңғы жылдары мемлекеттік қамқорлықтың жоғалып кеткені жасырын емес. Бұл мәселе қазір қолға алынып жатыр. Үкімет тарапынан заң жобасы да әзірленіп жатыр дегенді естиміз. Бір жүйеге түсер. Екінші, донорлық мәселе, адам мүшелерін кәдеге асыру. Бұл әлемде бар тәжірибе болғанымен, күрделі мәселе. Бір адамның жарамды мүшесін екінші бір адамға ауыстырып салу үшін ең алдымен ол адамдардың туған-туыстарының келісімі қажет. Екіншіден бұл мәселемен екі адамның бірінің айналысуына мүмкіндік беруге болмайды. Бұрын дәрігерлер Гипократтың алдында берген антына адал болатын. Қазір... Мұнымен айналысатын дәрігерлер ардан туған азаматтар болуы тиіс...

- Жалпы Үкімет орындарының дәрігер кадрларына жасап отырған қамқорлығына көңіліңіз тола ма?

- Бұған бір жақты жауап беруге болмайды. Біз өтпелі қоғамда тұрған жас мемлекетпіз. Жеткеннен гөрі жетеміз деген үмітіміз мол елміз. Жалпы дүниежүзінде дәрігер мамандығы барлар ең бай адамдар саналады. Шет елдерде солай. Біздерде соңғы уақыттары Үкімет тарапынан дәрігерлердің жалақысын қаншама арттырғанмен, ондай байлыққа жақын арада кенеле қою, дәл қазір мүмкін бола қоймас. Шетелдіктердің бай болатыны дәрігерлердің жұмысы ақшамен бағаланады. Ауруханаға түссең алдымен есеп шотыңда емделуге қажетті қаржыңның бар-жоғын сұрайды. Ақшаң болса емделесің, ақшаң болмаса біткенің... Бізде ең алдымен адам жанына жанашырлық тұрса, оларда ақша тұрады...

- Әңгіме, ұлт және оның дәстүрі туралы болғанмен, соны ашып көрсетуде, негізіннен ғұлама ғалым, Сіздің құдай қосқан құдаңыз Өмекеңнің тіршілігіне ойысты ғой. Сол арнаға біз де қайта ойыссақ. Өмекеңнің соңғы әңгімесі, соңғы аманаты туралы не айтар едіңіз.

- Жарық дүниеге тіршілікке келген адам, одан оңайлықпен күдер үзгісі келмейді. Өмекеңді ауруханаға 1998 жылы 23 тамызда өз қолыммен әкеліп жатқызып, 1999 жылы  23 шілдеде жұма күні өз қолыммен жансыз құр денесін алып шықтым. Өмекең қатты сырқаттанып жатқанына қарамастан кенжесі Гауһар мен біздің Ержаннан дүниеге кештеу  келген немересі Әділеттің атын қойып, иіскеп кету үшін, қиналғанына қарамай, ұлы Скендірбектің сүйемелдеуімен біздің үйге келді. Мұнда да үлкен тәрбиелік мән бар. «Жасым үлкен, оның үстіне ауырып жатырмын, сәбилеріңді менің алдыма алып келіңдер», - десе, амал жоқ алып барамыз ғой. Ол кісі олай жасамады. «Ұлдан туған ұрпақ, қыздан туған жиен, ол ертеңгі сенің ұрпағың, сенің өміріңнің жалғасы», - деп біздікіне келіп, құтты болсын айтумен шектелді. Бұл исі қазақ азаматтарына сабақ болар көрініс. Менің білетінім Өмекеңнің өз туған немересі Арыстан білім қуып, шет елде атасының ісін жалғастырып жүр.

- Өмекең туралы айтқан соң, оның  «Менің мен болып жүргенімнің 90 пайызы әйелімнің арқасы. Әрине, қалжың ғой. Дегенмен, оның бұдан кемге келіспейтінін тағы да білемін», - деп, өзі тірісінде мәртебесін көтеріп кеткен әйелі, тірісінде Әлем әдебиеті және журналистика университетінің ректоры, филология ғылымының докторы, профессор, академик Майя Мұхамед-Әлиқызы Бағызбаева туралы еске алмай кетсек үлкен әбестік болар.

- Өмекең өз тіршілігінде менің жалтақтамай тура айтатын өр мінезімді дұрыс көруші еді. Сол мінезіммен көрінгенім жөн шығар. Өмекеңнің бұл сөзін әйеліне берген бағасы деп емес, әйелге деген ерекше азаматтық қамқорлығы деп қараған мақұл. Қазақта «әйел ердің тұсында» деген мақал бар. Жақсы еркекке тап болған әйел Жаратушысына мың қайтара шүкіршілік айту керек. Майя құдағиымыздың өзі де көзі тірісінде ағынан жарылып: «Ол маған адал жар, балаларына қамқор әке болып қана қойған жоқ, үлкен сүйенішіміз бен тірегіміз, арқа тұтар асқар тауымыз болды», - деп айтумен өтті. Өмекең Майяға деген қамқорлықты, үйленбей тұрып, өзі студент кезінде, Ленинградта оқып жатқан жерінен Мәскеуге ауыстырып алып жасаған азамат. Жалпы, өзі жақсы азаматтың шапағатымен отбасы ғана емес, бір қауым жора жолдастары да тіршілігінде жақсы аты қалуы мүмкін...

- Өмекеңнің басқа қайраткерлік жұмыстарын айтпағанның өзінде, қос қарашығындай қалғып кетпей жер әлемге назар салып тұрған, өз қолымен құрылысын  көтеріп, халық игілігіне пайдалануға беріп кеткен екі шаңырақ, Қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеті мен Инжинерлік ғылым академиясының Өмекеңтануға байланысты бүгінгі тірлігіне көңіліңіз тола ма?

- Неге толмасын, әл Фараби атындағы мемлекеттік университетіміз көп жылдардан бері  тоқтап қалған Өмекеңнің өзі бастап кеткенмен, аяқталмай қалған арманы Ұлттық университет қалашығы құрылысының екінші кезеңі қайта бастау алды. Университет  ректоры Төлеген Қожамқұловтың басшылығымен ұлттық университет еліміздегі басты ғылыми орталыққа айналып отыр. Ғалым болған соң хабарымыз бар - дүниежүзінде елу мың университет бар екен. Соның ең үлкен бес жүзінің басын қосатын Ұлы Хартияға Орта Азия мен Қазақстаннан бірінші болып осы университет еніп отыр. Мақтаныш емес пе! Ұжым білім мен ғылым саласында батыл қадамдар жасап отыр. Өзі тәрбиелеп, үлкен аренаға шығарып кеткен, бүгінде үлкен саяси жіне қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов жетекшілік ететін Инженерлік академия туралы да осыны айтуға болады. Өмекеңнің өмірден өтуімен бұл шаңырақ та өз тіршілігін тоқтатқан жоқ. Бұл ұжым да ел алдында ғана емес, әлемдік әріптестерімен бірлесе отырып Өмекең мақсат еткен тіршілікті одан әрі баянды етуде. Мен Бақытжанның әрбір тірлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінен Өмекеңнің барлық қабілетін меңгеріп алғандығын көремін. Ұстазының өнегелі тірлігін бойына сіңіре білген азаматтан көп нәрсені күтуге болады. Бақытжан Өмекеңнің 75 жылдығына естеліктер жинағын шығарғалы отыр.

- Екі шаңырақтың жетекшілерінің ісіне деген сүйіспеншілігіңізге менің де көңілім толып отыр. Бірақ көңілге келген бір нәрсені айтпай қалуға тағы да ылажым жоқ. Өмекеңнің мүрдесін шығарып салу рәсімі кезінде, қаралы топ, Инженерлік академияның маңына бір минут айалдады. Сол айалдау бір нәрсені  біздің есімізге аманаттағандай болып еді. Ол аманат өзі көтерген осы бір қара шаңыраққа Өмекеңнің есімін беру болатын. Сол мәселеге бас көз болар адамның әлі күні табылмай отыруын қалай түсінуге болады.

- Бұл енді Үкіметтің қала берді, Бақытжан бастаған шәкірттерінің қолға алар тірлігі ғой. Қазақ жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді демей ме. Менің білетінім Өмекең артына қалдырған ізмен мәңгілік өмірге ие болған біртуар қазақ азаматы. Сенің бұл айтып отырған ұсынысың ертелі кеш өз шешімін табуы керек деп ойлаймын. Мұндай атақты  коллектив те, Инженерлік академияның академиктері де бір ауыздан қолдау көрсетеді деп ойлаймын.

- Өмекең Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған қайраткер ғой. Биыл осы оқиғаның 20 жылдығы. Жиырма жылдықта Желтоқсанның қазақ тарихындағы орыны мен бірге Желтоқсан оқиғасының зардабын шеккендерге де тиісті баға беріледі деген үміт бар. Осы ретте кезінде “Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов бастаған бір топ зиялы қауымның Елбасына Өмірбек Жолдасбековке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы жазылған хатын қайта жаңғыртуға болмас па?

- Желтоқсан оқиғасының жиырма жылдығынан қазақтың да, тарихтың да үміті көп болып отыр ғой. Бірақ, он тоғыз жыл өз жауабын бермеген бедеу көрініс тағы да кейінге сырғытпаса. Бұл оқиғаға байланысты Үкімет қана емес тарихшыларымыз да мардымды шараларға бара алмай жүр ғой. Ал енді Өмекеңе үшін өзі өмірден өткен соң, көзі тірісінде ұсынылған атақты қайта қолға алу бұл да бір ойлануды қажет ететін шара сияқты. Менімше, өз кезінің әлем мойындаған ғұлама ғалымы болған, батыр, ірі қоғам қайраткері Өмірбек Арсыланұлына шынымен-ақ, кеш те болса «Халық қаһарманы» атағы беріліп жатса, елдің еріне деген зор құрметі болар еді.

Бақтыбай Айнабеков

Сұхбат 2006 жылы  «Заң газеті» мен «Жұлдыз» журналында жарық көрді...

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415