Путин: КСРО деп аталған тарихи Ресей құлады
Ресей басшысы Владимир Путин КСРО-ның ыдырағанына қатысты көлемді сұхбат берді. Биыл КСРО-ның құлағанына тура ның құлағанына тура 30 жыл. Ол бұл тарихи маңызды оқиғаны үлкен трагедия деп қабылдайтынын жасырмайды. «Россия-1» арнасынадағы «Россия. Новейшая история» атты фильмде осы жайлы кеңінен көсіле айтыпты.
«КСРО-ның ыдырауы мен үшін де, көпшілік халық үшін де трагедия болды. КСРО-ның ыдырауы дегеніміз не? Бұл дегеніміз КСРО деп аталған тарихи Ресейдің құлауы ғой», - дейді ол.
Путиннің ойынша КСРО-ның құлауы Ресей үшін үлкен шығындарға әкеп соқты. Атап айтқанда 40% территориясын жоғалтты, дәл осындай экономикалық күш пен халқынан айырылды.
«Біз мүлде бөлек елге айналдық. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, түзілген игіліктерді жоғалттық», - дейді Путин. Ол осыдан он жыл бұрын айтқан сөзін сұхбат барысында тағы қайталады. Бір сәтте 25 млн орыс ұлты өзге елдердің тұрғындары болып шыға келді. Олар тәуелсіздік алып, өз алдына ел болған мемлекеттердің құрамында қалды дейді Кремль басшысы.
«Олар үшін әрине бұл жақсы шығар, бірақ өз еркінен тыс өзге елде қалғандар үшін бұл әрине жаман. Олардың қайтып оралуына мүмкіндік болмады, туыстарымен қауыша алмады. Тұратын орындары да, жұмыстары да болмады. Бұл еш әсірелеусіз үлкен гуманитарлық трагедия еді», - дейді Путин.
Путин КСРО-ның ыдырауына қатысты сан мәрте өз ойын білдірген. 2005 жылы ол Федералдық кеңес жиынында КСРОның ыдырауын XX ғасырдағы ең ірі геосаяси апат деп атаған еді. 2015 жылы Путин: «КСРО-ның ыдырауының нәтижесіне орыс халқы әлемдегі ең бөлшектенген, әр елге шашыраған ұлт болды», - деп атады. 2019 жылы «Россия зовет!» атты форумда КСРОның ыдырау себебін ел басшыларының дарынсыздығы, экономикалық қате шешімдер салдарынан болды деп жазды. Ол КСРО-ның ыдырауы Балтық елдеріндегі ұлттық көзқарасқа байланысты болды деген ойды жоққа шығарады. Ал Михаил Горбачев болса Ресей басшысының бұл пікірімен келіспей, одақтың құлауына тікелей республикалар арасындағы қарым-қатынас әсет етті дейді.
8 желтоқсан, 1991 жылы Борис Ельцин, Леонид Кравчук, Станислав Шушкевич бірігіп, Беловеж келісіміне қол қойды. Бұл КСРО атты алып халықтар түрмесінің соңы болатын. Ал сол жылы 25 желтоқсанда Горбачев қызметін тоқтатып, қызыл ту түсірілді. Осылайша КСРО тарих табытына тасталды.
Путин КСРО-ның ыдырауын Ресейдің территорияларды жоғалтуы ретінде қабылдайды. 2020 жылдың 21 маусымында ресейлік «Россия 1» арнасында «Ресей. Кремль. Путин» фильмі көрсетілді. Фильмде Ресей басшысы Владимир Путин Ресейдің қазіргі саясаты, Кеңес Одағынан кейінгі қалыптасу кезеңі жайлы ой қозғайды. Ол КСРО кезіндегі саясатқа баға бере отырып, Ресей территориясына қатысты да ой айтады.
«Кеңес Одағы құрылған кезде, одақтан шығу құқығы жайлы жазылды, алайда шығу үрдісі жазылмағандықтан үлкен сұрақ туындайды: Егер қандай да бір ел Кеңес Одағына кірген соң өзіне ресейдің тарихи жерінен үлкен аумағын алса, артынша Одақтан шыққысы келсе, онда қандай жермен кірді, сондай жермен шықсын. Орыс халқының сыйлығын өзімен бірге ала кетті. Оның бірде біреуі жазылмады ғой. Мен біздің Конституцияға өзгеріс енгізіп жатқанымызды дұрыс санаймын», - деді Путин.
Путин Ресей тарихында КСРО-ны қайта қалпына келтіруші ретінде қалуды армандайтындай. Оның Грузияға басқыншылығы, Украинаға агрессиясы, сыртқы саясаттағы ұстанымы соған меңзейді. Ал ондай көзқарастағы Ресей әрине Қазақстан үшін де қауіпті.
Асхат Қасенғали
Abai.kz