Сенбі, 25 Маусым 2022
46 - сөз 5930 7 пікір 27 Желтоқсан, 2021 сағат 16:21

Вашингтон жанжалдың соғыссыз бітпейтінін түсінуде

Ресей 250 мыңға жуық әскерін, әскери техникасын, тіпті артиллериясын Украин шекарасына тақап қойыпты.
Бұның арты ақыры үлкен соғыссыз бітпейтін болды.
Украина да бұған өз бетімен дайындалып жатыр.

Бүгін АҚШ та "Вашингтонның орыс басқыншылығына қарсы шыққан украин халқына да қару таратып оларға жәрдем беретіндігі" туралы сыбыс шықты.
Кремльдің "НАТО шегінсін" деген талабы "маған айды әпер, сосын күнді әпер" дейтін тәлпіш қыздардың әңгімесі сияқты дүние болса керек, оны ешкім қыстырған да жоқ.

Мәскеуді соғысқа мәжбүрлеп отырған маңызды екі нәрсе бар.
Оның біреуі - Қырымда бүгін су жоқ. 2014 жылы украин премер - министрі Яценюк Украинадан су әкелетін Қырым каналын бөгеп тастаған болатын. Қырым қазір сусыз қуарып қаңсып отыр.

Егер каналдан су келмесе енді бір он жылдан соң ол жерде экологиялық апат болып, түбекте Қырымды иемденіп "Крымнаш" деп тек түйелер мен кесірткелер ғана құтыратын күн туады. Қырым - Сахара болады.
Бұл бір жағынан Путиннің "Қырым даңқын" арзандатып жоққа шығарады.
Су - тіршілік көзі. Ал сусыз Қырым — Қырым емес. Ресей Қырымдағы су мәселесін украин су каналысыз шеше алмайтынын түсінді.
Кремльді басқыншылыққа итермелеп отырған маңызды бір фактор осы.
"Сила есть, ума не надо" деген де осы орекеңнің мәтелі.

Екіншісі - ол қазір көптеген сарапшылар мән бермей отырған Украинаның жыл сайын, ай сайын өсіп бара жатқан әскери әлеуеті.
Меніңше, қазіргі эксперттердің көбі бұл жанжалда "Путин басқыншы, озбыр, андай мындай" деген әңгімеден аса алмай бұған аса мән бермейтін сияқты.
Жалпы, Украина әскери саласы қазір күрт даму үстінде, олар соңғы 7 жылда отандық өз қару жарағын шығарып тіпті сыртқа саудалай бастады.
Украинаның қазір өз әскери өнімі - ракета кешені бар, танкіге қарсы қолданатын Стугна - Корсары бар, мықты танкілері бар, сапалы винтовкалары бар.

Оған олардың сырттан алып жатқан қаруын қосыңыз, "Жавелин", " "Байрактар", тағысын тағы..

Жалпы, АҚШ та билікке Байден келгелі, Украинаның әскери саласына миллиондаған қаржы бөлініп, тікұшақтар, техникалар ағылуда.

Ал украиналықтарға олардың тілін үйретіп НАТО әскерилері жетектеп жүр.
Шамасы бұл жағдай кремльді қатты алаңдатып отыр. Оны мынадан көруге болады:
Ердоған соңғы рет Сочиге келгенде Путин оған Украинаға БПЛА бермеуін қатты өтініп сұраса керек, бірақ оны меніңше Ердоған пысқырмады. Ол "бұл коммерциялық жоба, бұған саясаттың қатысы жоқ" деп қолын сермеген болар.

Әйтеуір Украинаға қазір жасырын түрде "Байрақтардың" біразы жетті.
Яғни, Мәскеу Украинаның қарулануын өте ауыр қабылдап отыр.
Жығылғанға жұдырық демекші, бұрын Украинаға қару беру мүмкіндігін бұғаттап отырған Путиннің апасы - канцлер А. Меркель орнынан кеткесін НАТО ұйымы келешекте Украинаға қарудың түр түрін жаудыруы мүмкін. Бұл да бар.

Демек, Украина қазір құжат жүзінде НАТО болмаса да, іс жүзінде НАТО ның жарты әлеуеті болып қалды. Бұндай қарқынмен үш - төрт жылдан соң "Украина - Ресей соғысында" орысқа қарсы ортаңқол НАТО елі соғысуы мүмкін.

Ал НАТО мен Ресейдің кішігірім соғысын көргіңіз келсе — былтырғы Әзірбайжан мен Әрмения соғысын қараңыз.
Менің ойымша, осыны сезіп Путинді соғысты дәл қазір бастауға үгіттеп, асықтырып отырған ресейлік ген штабтағы орыс әскери генералдары болу керек. Өйткені сәлден соң Украина, өз әскери әлеуеті жағынан Ресейге бой бермей кетуі мүмкін.
Ал ол дегеніміз - ресейдің әскери держава ретіндегі дәуірі аяқталып, Путиннің билігіне - "путин капут" деген сөз.
Себебі, Путин Ресейде 21 жыл билікте отырса соның 8 жылын Украинаға арнаған екен.

Путинді алдарқатып Байден де уақыт созып бір келіссөзден екінші келіссөзге сүйреуде, меніңше бұ жерде Вашингтон кремльді дипломатиялық арнаға тартқансып, уақыт ұтып Украин әскерінің жедел қалыптасуына шексіз үлес қосуда және АҚШ екінші қолымен Украинаға қару жарағын төгіп жатыр.
Өйткені Вашингтон бұл жанжалдың соғыссыз бітпейтінін іштей баяғыда түсінген болу керек.

Олжас Әбіл

Abai.kz

7 пікір