Жұма, 22 Қараша 2024
Дабыл 4637 6 пікір 28 Желтоқсан, 2021 сағат 14:15

Дордойдағы теракт және қауіп елесі

Тәлібтер Ауғанстанды басып алғаннан кейін, Орталық Азия елдеріне террорлық қауіп артты. Оған тәлібтерден бөлек Ауғанстандағы түрлі соғысушы лаңкестік топтардың бері өту қаупі қосылды. Міне, осы аралықта Қырғызстан ақпарат көздерінде лаңкестік қауіпті талқылау туралы ақпараттар көбейді. Соның бірі 19 жыл бұрын, 2002 жылы 27 желтоқсанда Қырғызстандағы ең ірі «Дордой» сауда кешенінің ауданында орналасқан «Оберон» базарында болған жарылысқа қатысты, 

Жарылыс 9 адамның өмірін қиды. Жойқын жарылыстан 50-ге жуық адам ауыр күйік және әртүрлі ауырлықтағы жарақаттар алған еді. Жарылыс жұма күні, таңғы сағат 10-11 аралығында, базарда сатып алушылар мен саудагерлер ең көп болған уақытта іске асырылды. Бір тоннадан астам қытайлық петардалар, отшашулар бар екі контейнер қирап, кейін жарылғыш зат қойылғаны белгілі болған қойма бөлмесі толығымен қирады.

Елу метр радиустағы барлық сауда контейнерлерінің күл талқаны шықты. Оқиғадан кейін  алдын ала болжамдар айтыла бастады. Бастапқыда  қытайлық пиротехниканың жарылуы мүмкін деген ой айтылды. Бұл нұсқа отшашу мен петардалардың қауіпсіздік ережелерін сақтамай контейнерлерде сақталуына байланысты ұсынылды. Келесі бір нұсқада газ баллоны жарылуы мүмкін деп мәлімет тарады. Дегенмен бұл нұсқалар тергеу барысында расталмады.

Кейін нарықта лаңкестік әрекет жасалды деген нұсқа ұсынылды. Жарылыс орнында тротил, пластид немесе аммонит сияқты жарылғыш заттарға тән жарылғыш заттардың қалдықтары табылды. Оқиға орнында жиналған айғақтарды Қырғыз Республикалық сот-сараптамалық бюросының сарапшылары мен «Манас» авиабазасының америкалық мамандары тексерді.

АҚШ әскери мамандары мен қырғыз сарапшылары контейнердің жарылуы аумағы 6400 шаршы метрден асатын қуатты жарылғыш затты қолдану нәтижесінде болғанын анықтады. Сөзсіз бұл теракт болатын. Енді басты сұрақ туындады: лаңкестік әрекетті кім және не үшін жасады?

Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаны зерттейтін үкіметтік комиссияны сол кездегі бірінші вице-премьер Құрманбек Осмонов басқарды. Президент пен премьер-министр бұл мәселені жеке бақылауына алды. Жарылысқа қатысы болуы мүмкін екі адамның фотосуреттері БАҚ-та жарияланды.

Взрыв на рынке Дордой в 2002 году

«Оберондағы» жарылыс бойынша қылмыстық істі полиция 2003 жылдың мамыр айында ашты. Салмағы 20-25 келі болатын жарылғыш затты жарылыс қарсаңында, яғни 2002 жылдың 26 желтоқсанында Өзбекстан Ислам қозғалысының (ӨИҚ) мүшелері Оберон қоймасына әкелгені белгілі болды. Олардың лақап аттары Абдулазиз және Асадулло болатын, кей деректе оларды ағайынды деп көрсетеді.

Абдулазизді Оштағы әріптестерінің хабарламасы бойынша туған жері Әндіжанда полиция ұстаса, екінші күдікті Асадулло Бішкекте құрықталды. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2002 жылы Қырғызстанға Орталық Азия аймағындағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған диверсиялық жұмыстар, лаңкестік актілер және басқа да іс-шараларды дайындау және жүргізу үшін ӨИК мүшелерінің бір тобы жіберілді. Оның ішінде террорлық әрекеттерде тәжірибесі мол жандар да көп еді. Мысалы «Дордойдағы» лаңкестік әрекетке қатысы бар деп айыпталған Абдулазиз Шешенстан мен Ауғанстандағы лаңкестік лагерьлерде оқудан өткен, Тахир Юлдашевтың серігі болған.

Взрыв на рынке Дордой в 2002 году

Қырғызстанға келген бір топ лаңкестер Ошта жалған құжаттар арқылы тіркеліп, кейбірі жергілікті әйелдерге үйленген. Бастапқы нысана АҚШ елшілігі болған, алайда қорғанысы мықты ғимаратқа шабуыл жасай алмайтынын түсінген олар, ақыры «Дордой» сауда кешенінің базарларының бірі «Оберон» базарын жаруды іске асырған.

Ішкі істер министрлігінің  мәліметінше 26 желтоқсанда Абдулазиз бен Асадулло жарылыс жасау үшін базар маңына келген. Олар жарылғыш зат салынған сөмкені алып, Оберонның қоймасына тапсырады.   Жарылғыш зат электронды сағат арқылы келесі күні, 27 желтоқсанда іске қосылған. Ол кезде екі лаңкес Ошқа жетіп үлгерген еді.

«Оберон» базарындағы лаңкестік әрекетке қатысты деген айыппен Ош облысы Қарақұлжа ауданында туған Хамидулло лақап аты бар 1975 жылы туған Маматов Илимбек Сүлейманұлына іздеу жарияланған болатын. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол Шешенстан мен Ауғанстандағы әскери лагерьлерде дайындықтан өткен, Өзбекстан Ислам қозғалысының (ӨИҚ) мүшесі.

2004 жылы, 19 ақпанда Қырғызстанның Әскери соты Өзбекстанның ұсталған азаматтары Асадулло Абдуллаев пен Ильхом Изатуллаевты Ош қаласындағы "Оберондағы" және банктегі жарылыстар үшін өлім жазасына кесті.

Бүгінгі таңда Қырғызстан билігі елде тағы да лаңкестік қауіптердің артып келе жатқанын айтуда. Теріс діни идеологияны бақылау қиындық туындатуда, ал ӨИҚ қайта жандану үстінде.

Ка Мырза

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5288