Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2812 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 18:27

Дарындылар арасындағы дода

 

 

Филиппинің астанасы Манила қаласында күрес түрлері бойынша жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігі аяқталды. Оған сары құрлықтың барлық мемлекетінің өкілдері қатысты. Бақ сынауға бел буғандар арасында Қазақстан құрамасы да бар.
Грек-рим күресі бойынша өтетін жарыста ел намысын мына спортшылар қорғады: Артур Үмбетқалиев (50 келі), Мәди Жарболов (55 келі), Ербол Киікбаев (60 келі), Ренат Нығматулин (66 келі), Досжан Қартықов (74 келі), Жасұлан Қожанов (84 келі), Жанарбек Қабдолов (96 келі) және Самалбек Нысанбаев (120 келі). Құраманың аға бапкері Нұрым Дүйсенов шәкірттері жарысқа жақсы даярланғанын айтты. «Грек-рим күресін серік еткен қазақстандық балуандардың даңқы алысқа жайылған. Біздің елден көптеген Олимпиада және әлем чемпиондары шықты. Сол жеңісті дәстүрді мақтанарлықтай жалғастыратын дарынды ізбассарлар тәрбиелеу – біздің міндет. Осы орайда аянып қалып жатқан жоқпыз. Бұйыртса, Азия біріншілігінде асығымыз алшысынан түседі», – деп осы сапар алдында Дүйсенов мырза бізбен сыр бөліскен еді.
Иә, қырағы маман қателеспеген екен. Грек-рим күресі шеберлері біріншілікті қос алтын, бір күміс және үш қола медальмен қорытындылады. Біріншілік барысында қарсылас шыдатпаған Досжан Қартықовтың қимыл-қозғалысына құлшына қол соқпаған жанкүйер жоқ-ау, сірә. Дара талантымен оқшауланған Досжан бас жүлдені олжалады. Жерлесіміздің жеңісті жолын Артур Үмбетқалиев жалғастырды. Қарсыласының барлығын қапыда қалдырған жас өренге де Азияның алтыны бұйырды. Мәди Жарболов екінші орын алса, Ербол Киікбаев, Ренат Нығматулин және Жанарбек Қабдолов қола медальға қол жеткізді.
Іле-шала жарыс жолына әйелдер күресінің өкілдері шықты. Аға бапкер Болат Нұрмұхамбетовтің үш медальға қол жеткізуге күш салатындарын алдын ала айтқан. Оның шәкірттері арасында тәжірибелі балуандар аз емес-ті. Олардың біразы әлемдік, құрлықтық деңгейде шеберліктерін шыңдап үлгерген. Осы жолы Әлбина Әбілева (44 келі), Гүлмира Ысқақова (48 келі), Зүлфия Яхьярова (51 келі), Мөлдір Сақымбекова (55 келі), Джулия Сәттімбекова (59 келі), Татьяна Захарова (63 келі), Татьяна Костюкевич (67 келі) және Евгения Степова (72 келі) сынды бойжеткендерге сенім артылды. Осылардың арасынан Зүлфия Яхьярова суырылып шықты. Алайда ол алдын ала жоспарланған 51 келі салмақта емес, 54 келі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынауға бел буды. Бастапқы бәсекелерден сүрінбей өткен Зүлфия финалда Үндістанның өкілінен басым түсіп, бірінші орын алды. Татьяна Костюкевич ақтық сынға дейін жеткенімен, шешуші тұста қарсыласына есе жіберді. Татьяна күміс медальді еншілесе, қола медальға Гүлмира Ысқақова мен Татьяна Захарова қол жеткізді. Болат Нұрмұхамбетовтің шәкірттері Филиппин сапарынан 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен оралды.
Еркін күрес шеберлерінің жаттықтырушысы Алтай Танабаев алға қойған міндетін бірден паш етті. «Өткен жылы бір алтын медальға қол жеткізген едік. Биыл сол нәтижені еселеуге тиіспіз. Негізгі қарсыластарымыз – Иран мен Үндістан құрмалары. Қазақ балуандары да осал емес. Сол себепті үш-төрт медальдыі олжалауды көздеп отырмыз. Ал негізгі мақсат – жалпыкомандалық есепте үздік үштіктің қатарына ену» дейді ол. Еркін күрестен ел намысын мына балуандар қорғады: Марғұлан Жүсіпов (50 келі), Дәулет Ниязбеков (55 келі), Саятбек Оқасов (60 келі), Дәурен Жұмағазиев (66 келі), Жанболат Мағзұмов (74 келі), Ислам Азизов (84 келі), Ғани Ізмағамбетов (96 келі) және Мұса Мәмедов (120 келі).
60 келі салмақта белдескен Саят Оқасов ешкімге бет қаратпады. Жартылай финалда Иранның және финалда Үндістанның өкілінен айласын асырған қандасымыз алтыннан алқа тағынды. Ақтық сында ғана жеңіліс тапқан Жанболат Мағзұмов пен Мұса Мамедов күміс медальді қоржынға салды. Марғұлан Жүсіпов, Ислам Азизов және Ғани Ізмағамбетовке қола медаль бұйырды.
Күрестің үш түрі бойынша Филиппин елінің астанасында өткен Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы 16 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын, төртеуі – күміс және сегізі қола жүлде. Егер балуандық өнер бойынша сары құрлықта бәсекелестіктің белең алып тұрғанын ескерсек, отандастарымыз көрсеткен нәтижені оңды деп бағалаған жөн.

 

 

“Айқын” газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415