Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 8165 3 пікір 30 Желтоқсан, 2021 сағат 18:29

«Барыс жылы» - өзгеріс алдындағы тыныштық жылы

Барыс күш-қуат символы!

Халықаралық күнтізбелік жыл бойынша да, шығыстық дәстүрлі халықтық күнтізбелік білім бойынша да әрбір Жаңа жылдың хайуандар әлеміне тиесілі иесі бар. Григориан күнтізбесінде келіп жеткен жеткен, шығыс күнтізбесінде күтіп отырған Жаңа жылымыздың иесі – БАРЫС! Дәстүрлі күнтізбелік танымымызда 2022-2023 жылдары, одан кейін 2034-3035 жылдары қайта келіп, әр он екі жылда бізбен қайта қауышады.

Әр жылдың өз ерекшелігі, өз сипаты бар. Мүшел есебімен байланысты аңызда маңғаз түйе 12 хайуанға денесінен өздеріне ұнаған мүшесін бөліп берген. Аңыздың бірінде түйенің құлағын – тышқан, бақайын – сиыр, кеудесін – барыс, ернін – қоян, мойнын – жылан, шудасын – ұлу, жалын – жылқы, жонын – қой, бөксесін – мешін,  төдесін – тауық, санын  – ит, құйрығын – доңыз иемденген. Ал, аңыздың екінші нұсқасында түйенің құлағын – тышқан, бақайын – сиыр, тірсегін – барыс, ернін – қоян, шөккендегі өркешін – ұлу, көзін – жылан, төбесін  – жылқы, тісін  – қой, жүнін  – мешін, мойнын – тауық, табанын – ит, құйрығын  – доңыз иемденген.

Аңыздың бір нұсқасында барыс түйенің кеудесін, екінші нұсқасында тірсегін иемденіп, 12 мүшелдің жиынтығы түйенің денесін ұстап тұрған екен-мыс.

Он екі жылдық жыл санауға қатысты халық арасында өлеңмен тараған жұмбақ желісі де түйенің жыл жиынтығына құралған:

Жұмбақ:

Бір кезде он екі хайуан басын құрап,

Барлығы бір орнынан тапты тұрақ.

Адалы арамымен кезектескен.

Өзінен әркімдер жүр жасын сұрап.

Шешуі:

Өлеңнің ұзыны бар, қысқасы бар,

Сөздің де айта алатын ұлтасы бар.

Қарағым, сен білмесең мен айтайын,

Түйеде он екі жылдың нұсқасы бар.

Шығыс және қазақ халықтарының дәстүрлі танымында түйе 12 жылдық мүшелден, жыл санаудан құр қалмаған, түйе 12 жылдық мүшелдің жиынтығы, 12 жылдық жыл санау жүйесінің символдық нұсқасы. Ал, «түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты» танымы арқылы халқымыз балаларды ширақ, еңбекқор болуға тәрбиелеген.

Қазақ халқының күнтізбелік білімінде «барыс жылы» өзгерістер алдындағы жайлы, тыныштық жылы болады деп күтілген. Халық жылға сипатты хайуанаттарды танудағы халықтық білімімен берген. Барыс өзінің зоопсихологиясында қоршаған әлемін көзімен бақылып, барлап, дыбыссыз ақ игереді.

Күйеу там кесенесі қабырғасындағы барыс бейнесі. Маңғыстау этнографиялық экспедициясынан.

Маңғыстаудың қасиетті жерлерінің, әулиелік культ нысанының бірі, сәулет өнері ескерткішінің бірегей нұсқасы Күйеу там кесенесі (12-13 ғасыр) қабырғасына ойып салынған көкке ұмтылған барыс бейнесінің аспан денесі аймен бірге салынуы тотемдік символдар мен исламдық символдардың астасып жатуының  дәлелі. Жаңа туылған айдың өзіне жайлы орында шалқасынан туылып салынуы байырғы ата-бабаларымыздың халықтық күнтізбелік біліміндегі барыс жылының сипатын тани білуінен де хабар бергендей көрінеді.

Алтын Ордалық Сарайшық монеталарында барыс басының қайырылып немесе алысқа қарағандай мойнын созып, аяғын көтеріп, қозғалыста шекілуі, әрі аспан денелерімен бірге шекілуі  – олардың көкке ұмтылуын, алып күш иесінің, табиғаттағы билеуші күш екендігінің, яғни билік атрибуты болғандығының белгісі.

Сарайшық монеталарындағы барыс бейнесіндегі тотемдік символдар. Зейнолла Самашев қазбасы.

Ерте түркілік және ортағасырлық кезеңде барыстың  символдық мәнінің жоғары болуының түп-тамыры, архисемасы тереңде жатыр. Ерте темір дәуіріндегі сақ тайпаларының ұғымында қасиетті аң саналғанының заттай дәлелі  – «Алтын Адам» киіміндегі барыс құймалар! Барыс бейнесі Жетісу, Шығыс Қазақстанның жерлеу орындарынан табылған археологиялық ескерткіштерінде көп кездеседі.

Халық ұғымында «қасиетті» деп танылған «нысандарға» жан-жануарлар әлемінің «мифтенген өкілдері», халықтың тіршілік қамы жүйесінен маңызды орын алған жануарлары да жатады. Қанатты айдаһар бейнелері әлем халықтарына ортақ болса, қанатты пырақ, қанатты барыс, желмая сияқты мифологиялық бейнелер қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымдағы көліктің ерекше бір көрінісі. Қанатты барыс – тектілік, батылдық, шапшаңдық, алғырлық, тәкаппарлықтың символы, бағзы заманнан табиғат пен адамның қамқоршысы, қас-қағым сәтте қаһарманының қасынан табылады, көзінен шашылған от жауды шегіндіреді! Қанатты барыс осы өңірді мекен еткен тау барысының қиял-ғажайыптық бейнесі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қақпа есігінің сол жақ бөлінің тоқпақшасы, есік фрагменті.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жамағатхана (Қазандық) бөлмесінің екі жаққа ашылатын қақпа есігіне орнатылған екі оң жақ, сол жақ қола тоқпақшасының  жоғарғы топсасында көзі жанып тұрған үш барыстың басы, ал тоқпақшаның өн бойына «өсіп-өркендеу символы» – қауыз ашқан қызғалдақ бейнесі ойып түсірілген.  Барыс басы мен қызғалдақтың бір композицияда берілуінің ғұрыптық мәні зор.  Тоқпақшаның жиегінде айнала «Жеті жүз тоқсан тоғызыншы (1396-97) Құдайдан ғана үмітті, міскін құл ‘Изз  ад-дин ибн Тадж ад-дин ал-Исаги жасады. Бұл есік қуаныш үшін әрқашан құтты болсын, достарға ашық және дұшпанға жабық болсын», - деп жазылған. Қола тоқпақшаның есіктің өн бойындағы қызғалдақгүл өрнегімен астасып берілуінің мәні өсіп-өркендеу танымында жатыр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне сыйға тартылған Әмір Темірдің бұйрығымен ‘Изз  ад-дин ибн Тадж ад-дин Исфахани жасаған тұғырлы қола шырағданның бірінде арыстан басының,  аспалы қола шырағданның бірінде барыс басының бейнеленуі алып отты күш иелерінің символдық мәнін айғақтай түседі.

Халқымыздың «барыс танымы» табиғат пен адам арасындағы байланыс, табиғатты дәстүрлі игеру тәжірибесінен қалыптасқан.

Барыс жылы халықтық ұғымға сай тыныштық, жайлы өзгерістер жылы болғай!

Әдебиеттер:
Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. ҚРМОМ энциклопедиясы. 5 томдық. Ғылыми редактор Нұрсан Әлімбай. – Алматы: Адам Даму Интеграция, 2017. – 845 б.
Қожа Ахмет Йассауи кесенесі. /Құраст. Ә.Қ.Муминов, М.Б. Қожа, С.Моллақанағатұлы, М.Ж.Садықбеков, Ж.М.Нұрбеков. Өңделіп толықтырылған 3-басылым. – Алматы: «Эффект», 2011. – 208 б.
Тойшанұлы А. Түрік-моңғол мифологиясы. – Өскемен: Шығыс ақпарат, 2016. – 298 б.
Самашев З., Бурнашева Р., Базылхан Н., Плахов В. Сарайшық тиындары. – Алматы, 2006. – 184 б.
Автордың этнографиялық экспедиция материалдары.

Тәттігүл Қартай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
этнограф

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345