Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3576 2 пікір 11 Қаңтар, 2022 сағат 13:24

Бордақыланған жаусодырлық

Беймәлім «лагерь» тұтатқан от-көсеу

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ОДКБ қауіпсіздік Кеңесіндегі 10 қаңтар күнгі  сөзінде террористік ұйымның содыр соғысы мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатында болғанын жеткізді.  Мемлекеттік төңкеріс жасау – 30 жылдық Тәуелсіздікке төңкеріс жасау! Тәуелсіз Мемлекеттің тұғырын жұлып, Тәуелсіздіктің туы тігілген  «Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыны» талқандап, қоса қабат  бірнеше қаланы қатар ойқастап, «төңкеріс» жасау үшін қанша содырды, қанша ай, қанша жыл дайындауың керек?. Алдына келген адамды ататын, басын шабатын, от қолды, өрт қолды, қансодыр көзді адамға айналатын көрсодырларды қайдан, қай жерден жинап алып келуге болады?. Қанды жаусодырлардың аспаннан түсе қалмағаны, алдын-ала дайындықтан өткені, стратегиялық маңызды нысандарды алудың қанды жоспары болғаны белгілі болды. Жаусодырлар бізге әзірге беймәлім «лагерьде» алдын-ала дайындықта қарумен   бордақыланған қансодырға айналған. Жау-қансодырлардың бірі арқадан, бірі іштен оқ сұғып бір мезетте астан кестеңімізді шығарып жатқанда іштен шыққан ұрысодырлардың бірі жағадан, бірі етектен тартып қиратушылық, тонаушылық әрекетке барып, жығылғанға жұдырық болды.

Ұрлық – атам заманнан қылмыстық іс. Қазақтың әдеттік құқығы бойынша бір жылқы ұрлаған адам ұсталса, оның астына мініп жүрген аты тартып алынған, оны «қанды ат» деген. Айыбына ұрланған жылқыны қайтарумен қатар, мойнына байлау деп үш жасар құнан, құйрығына байлау деп – екі жасар тай қосып берген, мұны атам қазақ «мойнына қосақ, көтіне тіреу» деген. Ұрлық, барымтаны қарағанда  билер алдында қылмыскердің екі аяғын ала жіппен қосып байлап  қойған, бұл дәстүр даушыға жіп кесер деп аталған.  «Біреудің ала жібін аттама» деген халық сөзі осымен байланысты. Қылмыстыға ала жіп айыбы кесілген. Ұрлық көлемі үлкен болған кезде айып көлемі үш тоғызға дейін өскен, бұлай жаза кесу айбана деп аталды, тіпті қылмыскер барлық мал-мүлкінен де айрылуы мүмкін.  Ұрлық қылмысы атам заманнан тек жазалаумен шешілген.

Бұл баяғы заманға қайта оралу деген сөз емес!. Орын алған «ұрысодырлық» ұлттық тәрбиені ынтымақтастықта жүргізуге кешенді кірісуді талап етеді. Дәстүрге де осы заманға бейімделген инновация керек. Ұлттық тәрбиені жаңаша жүзеге асыруды қолға алу қажет.

Қазақта баланың тұсауын «біреудің ала жібін аттама» деп ала жіппен кеседі. Тұсау кесу отбасылық дәстүр. Ал біз баланың тұсау кесуін отбасылық дәстүрден үлкен тойханалық шоукесуге айналдырдық. Жаңа тәй-тәй басқан баланың алдына машинаның кілтін, ақша, ойыншық, оның арасына «маскировка» жасап кітап қойып, қайсысын алар екен деп камера, фотоапараттарды шатырларып, топан адам баланың үстіне төніп есін тандырып, шошытып жылатамыз. Қазақ баласының тұсауын кескенде баланың алдына еш кедергі қоймаған. Баланың назарын ала жіптен тайдырып, өзіміз қолдан қойған алдындағы кедергі үйіндіге аударып жүрміз. Ал, бұл бір ғана мысал...

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан ақ көп жаңалықты жақсылық деп қабылдап алғанымыз ащы шындық. Жақсылық екен деп қабылдап алған жаңалығымыздың бірі – жаңа діни ағымдар.

Радикалды діни бағыттардың тамырын түбегейлі шабуға жұмыла кірісу кезек күттірмейтін шұғыл төтенше мәселе! 

«Медия-этнография» – ұлттық тәрбие айнасы

Еліне таза қызмет ететін, ары таза ұрпақ тәрбиелеу жөргектен басталады. Ұрпаққа ең алдымен өнеге болатын оның ата-анасы. Баланың бойына ізгі қасиеттер отбасының тәлімі арқылы дариды. Одан кейінгі баланың тәрбие алатын жері оқу орны мен қоршаған ортасы, қоғамдық орындар, көше. Ұлттық құндылықтардың дәстүрлі тамырын таныту оқушылар, жастарға ғана емес,  ата-ана, орта, үлкен буын, тіпті  қоғамның әртүрлі саяси, мәдени, интеллигенция қауымы, блогерлер арасында да жүру керек. Шоу-хабарлар, түрлі мәдени бағдарламалар, кино саласында этнографиялық сарапшылық болу керек. «Медия-этнография» бағытын бүкіл БАҚ, әлеуметтік желілер ғана қолға алып қана қоймай, әлеуметтік-гумантарлық және өнертану бағыттардағы барлық мамандықтарға жүретін міндетті пән болуы керек.

Нартәуекелге бару

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери арсеналға қорғаныс тактикаларын қосуға,  достас мемлекеттердің қарулы күштерінің қорғаныс көмегін тартуға шұғыл шешім қабылдауға нартәуекелге барды. Достас мемлекеттердің әскер күші маңызды стратегиялық нысандарды күзетуде. Қосымша қорғаныс күш бізге қазір аса қажет! Полиция департаменттеріне шабуыл, өрт сөндіргіш машиналарды жаппай шабуылдап өртеу өз қорғаныс күшімізге көмек-күштің қажет екенін айғақтады.

Қазақстан бұрын соңды болмаған, қаншама адам өмірін алып кеткен террорлық соғысты бастан өткізді. Террорды тек әскери күшпен  ғана жеңе аласың, бұл тығырықтан басқаша шығу мүмкін емес!  

Халыққа террорлық қарулы операция болатыны, қауіпсіз жерде болу, үйде қалу ашық ескертілді. Ескертуге құлақ аспай көшеге шығушылық та орын алды. Бұл қателік халыққа құқықтық сауаттылық ақпараттылық ісі керек екенін анық көрсетеді.

Осындай террорлық соғыстың алдын алу мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғылым мен техника инновациясын барлау, қару-жарақ арсеналының заманауй түрлерін жаңғыртып, әскери-қорғаныс, қауіпсіздік күштердің замануй қағидаттарына жұмылдыру керектігіне көзіміз анық жетіп отыр. Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскер сапындағы сарбаздардың өзінің қауіпсіздігі басты назарда болып, олардың рухын асқақ ету,  халық алдындағы айбынын асырып, «сарбаздың әскери статусын»  көтеру механизмдері алға шығуын қолдауымыз тиіс.

«Өткелде ат айырбастамайтын адам»

Жаусодырлар тудырған осы күні жазушы Дәурен Қуаттың «Қазақ әдебиеті» газетінің 2021 жылы 12 қараша №46 (3784) санында «Өткелде ат айырбастамайтын адам» атты мақаласын қайта оқып шықтым. Мақала соңы: «Сын мен мін өз алдына, ең бастысы – Президент Тоқаев әлемді жайлаған індет пен геосаяси, геоэкономикалық дағдарыстардың салқынына бой алдырмай ілгері басып келеді. Ресей журналистеріне берген сұхбатында Тоқаев: «Мен саясатқа шарбақтан аттап келе салған кездейсоқ адам емеспін» - деген еді. Ол және өкпек жолаушы (попутчик, транзитный человек) болып пойыздан пойызға аяқ артып, ұшақ айырбасталмайтындығында да айтқан болатын. Бұндайда қазақ: «Өткелде ат айырбасталмайды» дейді. Ия, ол – өткелде ат айырбастамайтын адам», - деп түйінделген. Шындығында, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күндері Мемлекетімізге қарсы қолдан будандастырылған, бордақыланған террорлық соғыста  «өткелде ат айырбастамайтын адам» екенін дәделделі.

Әке көрген – оқ жонар!. Жауынгер қаламгер Кемел Тоқаевтың  ұлы, өз қайсарлығын, қасқайып халықтың бетіне тік қарап тұрып көрсетті. Террорлық күресте еш мүсіркеушілік болмайтын шешімдерін және халықпен бірге екенін кесіп айтты!

Тәттігүл Қартай,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті профессоры,

этнограф-ғалым

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351