Ібілістің іріткісі
Бүгінгі Жалпыұлттық аза тұту күнінде - мемлекеттігімізді қорғау жолында қандыбалақ лаңкестер қолынан құрбан болған жазықсыз боздақтар мен бейбіт тұрғындардың рухына тағзым ете отырып, бала кезде әкем марқұмнан естіген бір аңызды еске алдым.
Бірде Ібілістен Құдайдың бір қарапайым пендесі:
-Сенің кірмейтін есігің мен тесігің, бүлдірмейтін ортаң, шатастырмайтын шаруаң, ауыстырмайтын миың,
алдамайтын, азғырмайтын, алжастырмайтын адамың,
шалыс бастырмайтын қадамың жоқ!
Қашан, қайда барсаң да ойыңа келгеніңді істейсің, әмісе дегенің болады. Осы дүниеде сен қорқатын не бар?-деп сұраған екен.
Сонда атың өшкір Ібіліс:
-Менің қорқатыным - адамдардың ынтымақ бірлігі! Егер адамзат баласы бір бірімен тіл табысып, тату-тәтті тұрып, қоян-қолтық жақындасып, қауышып, тізе қосып- бірігіп кетсе - мен олардың арасына тұмсық тыға алмай, дендеп кіре алмай, түлен боп түрте алмай, іргеден ішке іріткі сала алмай, арам іс, шайтани шаруам тұсалып, бүлігім тұншығып, ұрыс-керісім тұтанбай, лажсыз пұшайман болып қаламын,- деп жауап берген екен.
"Алтау ала болса - ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса - төбедегі келеді" деген осы.
Ардақты Алаш елі, бірлігіміз бұлжымасын, арамыздан арамза түгілі қыл өтпесін!
Шайтанның шатағынан, ібілістің іріткісінен сақ болайық!
Еліміздің басына күн туып, тәуелсіздігіне қатер төнген бүгінгідей сын кезеңде - бірліктен берік қалқан, ынтымақтан күшті қару жоқ!
Ұлықбек Есдәулет
10.01.2021
Abai.kz