Ақпарат министріне қарсы ақпараттық шабуыл күшейді
11 қаңтар күні Қазақстанда президенттің ұсынысымен жаңа премьер министр тағайындалды. Оны білесіздер. Артынша жаңа һәм ескі Үкімет жасақталды. Үкімет құрамы бұрынғыдан аз-кем өзгешелеу болды. Оны елдегі соңғы оқиғалармен түсіндірсек болатын шығар. Еліміздегі маңызды министрліктің бірі – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Министрліктің тізгіні Омаров Асқар Қуанышұлына табысталды. Қуанышұлының министр болуы Ресей үшін қуанышты жаңалық емес екені бірден аңғарылды.
Жалпы Асқар Қуанышұлы Алматыда 1976 жылы өмірге келген. Тұран университетін бітірген. Қысқаша қызмет жолы былай:
1997-1998 жылдары — «Мәдениет мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми орталықтың» әлеуметтік-экономикалық мәселелер секторының жетекші маманы; 1998-1999 жылдары — «Қазақстанның шағын бизнесі» журналында маркетинг жөніндегі маман: 2001-2005 жылдары — «Новости недели» РГ ЖШС тілшісі; 2005-2006 жылдары — «Қазақстан» РТРК АҚ – «Астана» ТРО филиалы Ақпараттық-талдау бағдарламалары дирекциясының Алматы бюросының шеф-редакторы.
Әр жылдары жеке ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған:
2008-2010 жылдары — «Нұр-Медиа» ЖШС директоры, бас директорының орынбасары; 2011-2013 жылдары — «Түркі академиясы» КЕАҚ вице-президенті; 2014 жылы — «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ басқарушы директоры; 2016-2017 жылдары — қоғамдық қордың президенті; 2017-2020 жылдары — «ҚазАқпарат» ХАА ЖШС бас директоры; 2020 ж. қаңтар - 2021 ж. 18 тамыз аралығында — «ҚазАқпарат» ХАА АҚ басқарма төрағасы; 2021 жылғы тамызда ҚР Үкіметінің қаулысымен Асқар Умаров Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды.
Сөйтіп, әлгіндегі «қаңтар оқиғасынан» кейін Ақпарат министрі атанған Асекеңді орыс ақпараты, орыс тілді ақпарат «ағаш атқа теріс мінгізіп», алай-дүлей тулап жатыр екен. Қараңыз:
Ресейдің «Gazeta.ru» сайты: «Что говорил казахстанский министр-«русофоб» — и что о нем думают в Москве», - атты көлемді мақала шығарды. Онда мақаланы жазған ресейлік журналист(сымақ)тар былай деп ой қорытыпты: Қазақстанның су жаңа Ақпарат және қоғамдық даму министріне Ресейге кіруге тыйым салынған адам-мыс. Оған себепкер болған жайт 2017 жылы Асқар Қуанышұлы «Қазинформ» басшылығында болған сәтте, Қазақстанның тарихи жерлеріне қатысты карта жарияланады. Картада Қазақстанның тарихи жерлері Омбы мен Орынбор да көрсетіліпті. Бүгінде Ресей құрамында қалған аталмыш мекендердің Қазақстан картасында көрсетілуі Кремльдің ашуын тудырып, үлкен дау болғанын жазыпты. Асқар Омаровтың Тұран университетін бітіруіне қарап, Ресейлік сайт бұл істің артында Түркия немесе түркішіл күштер тұр деген ойға келген. Күлсеңіз күле беріңіз...
Содан «Россотрудничествоның» басшысы Евгений Примаков деген: «Бұл министрмен жұмыс істемейміз және байланыс орнату ойымызда жоқ», - деп бұлданып шыққан. Ол өз сөзінде министрді «орыстарды ұнатпайды» деп сипаттап, жеке басына тіл тигізген.
Ресейлік сенатор Сергей Цеков болса: «Біз Қазақстандағы кадрлық тағайындауларға қатысты өз пікірлерімізді айта аламыз. Бұл орыс халқына, тарихымызға ашық тіл тигізген, Ұлы Отан соғысы туралы теріс пікір айтқан адам. Менің ойымша, біздің тиісті министрліктер арқылы ынтымақтастығымыз Омаровтың бұрынғы мәлімдемелеріне байланысты онша сенімді болмайды», - деп көкіген.
Ресей ғарыш миссиясының басшысы Дмитрий Рогозин деген дөңқабақ, дәлдүріш болса: «Байқоңыр ғарыш айлағында біз министр Асқар Омаровты көруге риза болмаймыз. Біз оны онда күтпейміз», - деп сөйлепті. Құдды бір Байқоңыр Ресейде орналасқандай өктем сөйлепті.
Танымал ресейлік «Mk.ru» сайты болса, арандату сипатындағы: «А стоило спасать казахстанский режим?»: Токаев вызывающе назначил министром русофоба», - деген тақырыппен мақала жазыпты.
Андрей Грозин дейтін ТМД елдері институтының Қазақстан және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі былай депті: «Осындай құрылымды осындай адамдар басқаратын болса, бұл режимді құтқарып қалудың қажеті бар ма еді? Мен Қазақстандағы, дөрекі айтқанда, ұлт патриоттары болып табылатын белгілі бір тұлғаларға жеке «қызығушылықпен» қараймын. Мойындаймын, Мәскеуге түрлі делегациялардың құрамында түрлі адамдар келеді және олар орыс әлемін белсенді түрде қорғап жүрген біздің депутаттармен де қол алысады. Қызық, олар кіммен қол алысып жатқанын біле ме? Әрине, ұлтшылдардың Ресейді жек көретіні сонша, олар тек Түркияға барады деген нұсқалар бар. Бұл жерде ойланатын дүние көп».
Ал ресейлік саясаттанушы Константин Калачев болса: «Қазір Тоқаев айналасына түрлі күштердің кең коалициясын құруға тырысуда. Әрі ҰҚШҰ-ны шақырғаны үшін сын астында қалам ба деп қатты қорқады. Ол легитимділікті Қазақстан халқынан емес, «ҰҚШҰ мен Путиннен» алды деп сынға қалуы мүмкін, мұның бәрі ұлтшылдардың аузынан шығады. Омаровты тағайындау туралы шешім жақын арада бұл сынды тоқтатуы мүмкін.
Екінші жағынан, Тоқаев көпвекторлы саясаттан бас тартып, тек Ресейге ғана назар аударады деп ойлау да аңғалдық. Омаровқа келер болсақ, Тоқаев ел ішіндегі ұстанымын нығайтқаннан кейін оның бұл қызметінде қала ма, жоқ па, ол әлі белгілі емес», - деген. Осылайша Ресейлік саясаттанушы «Асқар Омаровты ішкі аудиторияны тыныштандыру үшін тағайындады» деген қорытындыға келгенін түсінуге болады.
Министр Асқар Омаровтың өзі болса: «Менің образымды құбыжық етіп көрсетуге (демонизациялау) қатысты айтарым: Мен олар көрсеткісі келетін образды адам емеспін. Өзім жұмыс атқарған бұрынғы қызметтерімде Ресейлік және өзге де әріптестерімізбен қоян-қолтық жұмыс жасадым. Бірлескен жақсы жобаларды, соның ішінде Жеңіс Күні секілді жобаларды жүзеге асырдық.
Бізге Ресеймен әріптестік қарым-қатынастардың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Кей мәселеде Ресей тарапының біздің елге көрсетіп отырған қолдауына құрметпен қараймын.
Өзімнің толеранттылығым мен принциптеріме және халықтар достығы, Қазақстан халқының бірлігі мен көршілермен доскөңіл қарым-қатынасқа адал екенімді айтқым келеді. Алдағы уақытта Ресейлік және басқа елдердің БАҚ өкілдерімен тәжірбие алмасу секілді бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге, бірге жұмыс істеуге әзірмін», - деп мәлімдеген.
Түйін: Ресейдің басып-жаншу, қорқыту мен үркіту саясаты оның ғасырлар бойы қалыптасқан күш көрсету бағытынан еш өзгермегенін анық дәлелдейтіндей. Соңғы екі жылда Ресей тарапынан төнген ақпараттық шабуыл бір толастаған емес. Аумақтық тұтастыққа қауіп төндіретін Никонов, Федоров, Жириновский, Мединский сынды саясаткерлердің түрлі қауіпті сөздерін сан мәрте естідік. Ал өткен жылы «тілдік қысым» деген ойдан шығарылған жала арқылы Лавровқа дейін айбат шекті. Әрине, бұл өте қауіпті тенденция.Тіпті Ресейде бүгінде депутат, ал күні кеше Украина шығысында баскесер-содыр болған Александр Бородай Қазақстан тек қана күшті түсінеді дегені бар. Осындай елмен тең одақтастық құру және тең дәрежедегі әріптестік жасаймыз деу әрине күмәнді. Не де болса, Асқар Омаровтың Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалуы солтүстіктегі солақай ниетті көршілеріміздің небір саясатшыларын итше үргізіп, шаптарына шоқ түсіріп шабаландырыпты...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz