Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3628 18 пікір 17 Қаңтар, 2022 сағат 14:11

«Қаңтар оқиғасы»: Тәуелсіз комиссия құрылды

Өткен аптада есім-сойы елге белгілі бір топ саясаткер, қоғам қайраткерлері мен заңгерлер «Қаңтар оқиғасын» зерттеу жөнінде тәуелсіз комиссия құрылғанып жариялап, баспасөз жиынын өткізді.

Оған белгілі қоғам қайраткерлері Балташ Тұрсымбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Ермұрат Бапи, Еркін Рақышев, аға журналист Марат Тоқашбаев, заңгер Әлнұр Ильяшев т.б. кісілер қатысты.

Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Ел басына ауыр күн туып тұр деп айтуымыз керек. Қазақстанда мемлекеттік  және саяси дағдырыс орын алып отыр. Оның себептері мен салдары халықтың мойнына жүк болап түседі. Содырлар, лаңкестер тағы басқалардың әркеттері біршама тоқтаған сияқты. Дегенмен, қауіп-қатер әлі де бар. Сондықтан, біз осы қиын сәтте, Тәуелсіз комиссия құрып, «Қаңтар оқиғасының» зерттеуге күш салуды көздеп отырмыз. Өйткені біз осы оқиғалардан соң азаматтардың қорғаны болады деген Қазақстан билігіне сене алмаймыз.

Қазір оқиғаға, митингке қатысушыларды, көшеге шыққан бейбіт адамдарды, олардың ішінде журналистер де бар, барлығын қудалау, қинау, айыптау шаралары жүріп жатыр.

Жазықсыз оққа ұшқан адамдар бар. Бір көлікке елу шақты оқ тиіп, содан өртеніп, күлі ғана қалған «желтоқсандық» бауырларымыз бар. Бір үйден қызы, әкесі, шешесі оққа ұшып, қасіретке ұрынып отырған жағдайлар бар. Жақындарын, бауырларын, балаларын іздеп зар еңіреген адамдар қаншама?..

Ресми деректерге қарасаңыз, он мыңға жуық адам қазір қамауға алынған. Олардың барлығы бірдей  полициямен жағаласып, оларға қарсы оқ атып, әкімшілік ғимараттарды, дүкендерді, басқа да ақша тұрған жерлерді тонап, теріс әркеттер жасағандар деп айтуға болмайды. Сондықтан біз қазір, жазықсыз жазалау, қудалау көріп жатқан отандастарымызға араша түсуіміз керек. Соларды биліктің қатігездікпен, заңбұзарлықпен жасайтын сойқанды әркеттерінен, асыра сілтеулерінен қорғауымыз керек. Біз құрып отырған комиссияның негізгі мақсатының бірі осы.

Сонымен бұл комиссияның миссиясы, жұмысы не болмақ?

Бірінші, заңдар мен олардың қолданылуы мәселесін қарау. Бейбіт жиындар туралы, азаматтардың қауіпсіздігі туралы, күштік құрылымдардың әрекеттерін реттейтін т.б. заңдар қаншалықты дұрыс жасалған? Олардың қолданылуы қалай болды? Осылардан бастау керек.

Екінші, бейбіт жиындарға қарсылықтар. Қақтығыстың себептері мен салдарларын толық анықтау.

Үшінші, арандатушылар, лаңкестер кімдер? Бұл туралы қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Биліктің айтқанымен толық келісе салуға тағы болмайды. Өйткені, ақпарат құралдарындағы ресми адамдардың айтысына қарасақ, мүлдем басқа картинаны көреміз. Шындығы қалай, осыны анықтауымыз керек.

Төртінші, күштік құрылымдардың бейбіт жиын басталғаннан аяқталғанға дейінгі және қазіргі кездегі әрекеттері мен әрекетсіздіктерін зерттеуіміз керек.

Бесінші, қаза тапқандарды анықтау. Кім, қандай жағдайда қайтыс болды? Бұл бір отбасының ғана қасіреті емес, тұтас Қазақстанның қасіреті. Сондықтан, қайтыс болған әрбір адам анықталуы керек.

Алтыншы, асыра сілтеуге жол бермеу керек. Митингке қатысқан бейбіт, жазықсыз азаматтарды біз қалай да қолдауымыз керек. Митингке қатысушылардың барлығын қылмыскер санайтын биліктің ескі ауруы бар. Сол ауруы қазір одан ары асқынып тұр. Бұл жерде ескеретін мәселе – қақтығыс болғаннан кейін қандай да бір себептермен, кімдердің арандатуымен болмасын, полицейлер соққыға жығылды, оқа ұшты. Олардың кегі бар, ызасы бар. Осы психологияның да қазіргі жазалау процесіне әсері бар.

Жетінші, күштік құрылымдардың, мемлекеттік басқару органдарының әрекетіне саяси және заңдық тұрғыдан баға берілуі керек.

Сегізінші, заңдарды қайта қарау, өзгерту мәселелерін қозғауымыз керек.

Тоғызыншы, бейбіт жиындар туралы ұстанымды қайта қарау. Бұл Президенттен бастап көзқарастарын өзгертуі керек. «Бізде заң жақсы жазылды. Тек ескерту арқылы митингтерге шыға беруге болады», - деп өзін де, халықты да, әлемдік қауымдастықты да алдап отырған жағдай бар.

Оныншы, жәбірленушілерге өтемақы төлеттіру. Қазаға ұшыраған адамдар бір әулеттің асыраушысы. Кез келген мемлекетте осындай жағдайлар болғанда, асыраушысынан айырылған адамдарға мемлекеттен көмек көрсетіледі. Ол көрсетілген көмек Жаңаөзендіктерге көрсетілгендей болмашы ғана сома болмауы керек. Ол өркениетті, халқын, азаматтарын сыйлайтын елдердегідей болуы керек.

Он бірінші, бітімгерлік әскерді кіргізудің заңдылығы мәселесін қарауымыз керек. Саяси тұрғыдан алғанда бұл әрекет дұрыс болды ма? Мұны билік жағымды тұрғыдан көрсетуге тырысуда. Бұған да обьективті баға берілуі керек.

Он екінші, жинақталған материалдар негізінде БҰҰ, Еуропарламентке, Халықаралық сотқа жүгіну.

Сондай-ақ, халыққа нақтыланған ақпараттарды тарату. Жалған ақпараттарды тарату комиссияның жұмысына кірмейді. Ондайға әуестенбейміз. Бұрмаланған, әлі ашылмаған ақпараттарды куәлардың түсініктемелері, фото, бейне т.б. құжаттар негізінде деректерге сүйеніп, жинақтаймыз.

Одан кейін қолға алатын жұмыстың бірі – оқиғаға қатысушылардың әркееттеріне талдау жасау. Соған байланысты қоғамдық пікір білдіру. Бұл жерде бейбіт жиынға қатысушылар бар, арандатушылар бар, құқық қорғаушылар бар, ұры-қарылар бар, морадерлер бар. Солардың әрқайсысын ажыратуымыз керек.  Барлығы заң жүзінде қаралуы керек. Тергеу әділетті жүргізілуі керек. Жазықсыз адам жапа шекпеуі керек.

Біз Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаушы барлық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істемекпіз. Біз барлығымыз дәл қазір әділетті жақтаушы болмасақ, мынадай қанды оқиғалар тағы қайталануы мүмкін.

Ермұрат Бапи:

- Комиссияның нақты атауы - «Қаңтар оқиғасын» зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссия. Осы комиссияның жинақтаған материалдарына БАҚ арқылы ақпараттық қолдау көрсететінімізді «Дат» газетінде жарияладық. Комиссия құрамында кімдер бар? Комиссия құрамында: Балташ Тұрсымбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Еркін Рақышев, танымал құқық қорғаушы Ғалым Ағелеу, заңгер Тимур Тоқсейітов, журналист Динара Сейсен, журналист Думан Мұхаметкәрім, журналист Қойшыбек Мүбәрак, заңгер Әлнұр Илияшов, заңгер Маржан Аспандиярова, қоғам белсендісі Арайлым Назар, журналист Мирболат Мырзатайұлы, қоғам қайраткері Нұрлан Бұланбай т.б. бар. Сонымен бірге әрбір облыстан бір-бір комиссия мүшелері іріктеліп алынады. Ол жөнінде қосымша хабарлаймыз. Комиссияның техникалық тобы болады.

Әрі қарай жұмыс барысында нақтылана түседі деп ойлаймын, ал әзірге комиссияға жетекшілік ету – Рысбек Сәрсенбайұлы мен маған тапсырылды. Алдағы уақытта комиссия құрамына запастағы полиция қызметкерлерін, тергеу мәселелері, тергеу тәртібін білетін адамдарды кіргізу керек. Сонымен қатар, криминалистиканың және басқа да осындай оқиғаларды зерттеу жұмыстарынан тәжірбиесі бар мамандарды тарту жоспарланып отыр. Оны енді біз жұмыстың  барысында көре жатармыз.

Ең бастысы, сіздердің естеріңізде болар, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін зерттеген комиссия оқиға болып кеткеннен кейін, көп дүние өшіріліп қалғаннан кейін құрылды. Онан кейін 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты да комиссия құрылды. Ол комиссия өте жақсы жұмыс істеді.  Оның материалдары Халықаралық ұйымдарға дейін жетті. Қазір енді, қазақ халқының тағдырына жазылған тағы бір қасіретке тап болдық.  Біздің комиссиямыз осыған байланысты құрылып отыр.

Мен енді ақпарат құралдары арқылы Қазақстан халқына өтініш жасағым келеді. Осы оқиғаға байланысты  айтылмай қалған, жасырылып қалған жағдайлар болса, қаза тапқандар туралы, қылмыс жасағандар туралы, т.б. қажет деп саналатын мәселелер болса, комиссияға жеткізулеріңізді сұраймын. Біз ол материалдардың барлығын топтастырып, жинап, сараптама жасап, кейін комиссияның қорытынды есебін жариялаймыз. Жариялап қана қоймай, заңгерлердің сараптамасын жасап, оны Халықаралық ұйымдарға жеткіземіз. Бұл мемлекеттік ресми есептен бөлек, тәуелсіз ақпарат болады деп ойлаймын.

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440