Өзімізді өзіміз тонадық па?..
Міне, осы қаңтар айының басында өткен халықтың жаппай наразылығының себеп-салдарын ашып, мұндайға келешекте жол бермеудің жолын қарастырып, нақты сабақ алу - бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі. Ең бастысы, халықтың газ бен басқа да тауарлар бағасының шарықтап өсіп кетуіне деген қарсылығының бүкілхалықтық сипатқа ие болуын биліктің мүлдем күтпегендігі.
Баяғы ескі сарынмен «е, не болар дейсің, айқайлап-айқайлап қояр» деген жалған үмітпен, өздерін-өздері жұбатып, қалың ұйқысынан ояна қоймады. Мұның алдын алып, нақты шаралар қолдануға үкіметтің де, оның соңының жаппай бүліншілікке, тіпті, адам өліміне дейін жетуіне жол бермеуге, КНБ деген әншейінде жұрттың зәресін ұшыратын құдыретті органсымақтың да қауқары жетпеді. Армия генералдарының да кәсіби дәрежесінің әбден құлдырап, қарулы күштерді қалай басқаруды мүлдем білмейтіндігі де айдай әлемге белгілі болды. Алматы қаласында ғимараттарды жаппай өртеу мен дүкендерді тонау секілді мемлекетке аса қауіпті жағдай байқалғанда қатардағы полицейлердің оларға тоқтау салуға әлі келмейтіндігі анық байқалды емес пе?.. Ендеше аса шалт қимылдап, Отар секілді, одан да басқа жақын жердегі әскери базалардағы мұндай бүлікті басуға қауқары жететін десанттық әскерді неге қалаға жедел енгізіп, қарулы топтарды біржоталата жойып жібермеске?.. Басқасы-басқа қаладағы қоян-қолтық шайқасқа кіріп кеткен қарулы бандиттер мен лаңкестік топтарды міне, осылар тәубесіне келтірер еді ғой. Өйткені дәл осы десантшылар ғана қоян-қолтық шайқасып, бірден бұғалауға арнайы дайындалады.
Міне, генералитеттің осындай дәрменсіздігінен ҰҚШҰ (ОДКБ) деген ұйымнан көмек сұраудан басқа амал қалмады. Әрине, шетелдік әскерді елге кіргізу жайлы елде әртүрлі пікірлердің бар екені де рас. Мүмкін, оларды да түсінуге болар. Алайда, меніңше, Президентіміздің бұдан басқа жасар амалы қалмады ма деген ойдамын. Әрине, бұл менің жеке пікірім.
Жарайды, «болары болды, бояуы сіңді» дегендей, өткенге салауат. Өмір бірте-бірте қалпына келер. Мүмкін елдің байлығын бір өзінің уысында ұстаған әйгілі отбасының олигархиялық басқару жүйесінің тас-талқаны шығып, шын мәніндегі нарықтық қатынастарға көшерміз. Сол отбасына жақындығын пайдаланып, халықтың қазынасына «қол салып, қол салғанда мол салдып», әбден байып, Құдайын ұмытқан байшыкештер де жауапқа тратылар. Бұған Тоқаев мырзаның батылдығы жетер деп ойлаймыз. Өйткені бұл - әділеттік үшін шейіт болғандардың алдындағы азаматтық қарызы десек, артық айтқандық болмас.
Мені тағы бір ойландырған мәселе, Алматыдағы жаппай бассыздық кезінде дүкендер тоналып жатқанда, әншейінде қой аузынан шөп алмайтын азаматтардың әлгіндей ниеті бұзық адамдарға бірден қосылып кеткендігі болды. Тіпті, интернетте бір әйел адамның дүкеннен бір құшақ затты көтеріп алып, мәз-мәйрам болып, шығып бара жатқаны қазіргі тілмен айтқанда ерекше «мемге» айналып, шартарапқа тарап кетті. Оның соңынан бір жас жігіт те ұрланып шығып барады. Оны айтасыз, кейбір баспасөз құралдары мұндайлардың арасында аяғы ауыр әйелдердің де кездескендігін жазды.
Сонда біз қандай ел болдық? Атамыз қазақтың «бүлінген жерден бүлдіргі алма» дегені қайда? Ең болмаса, анау жапон жұртынан үлгі алсақ қайтеді? Атақты Фукусима атом станциясы сыр бергенде, сондағы тұратын жұрттың барлығы үй-жайы мен дүние-мүлкін тастай қашқан. Сонда қарапайым жапондар не істеді дейсіздер ғой... Олар көшеде шалылып жатқан дүниені жинастырып, ақшасы мен құжаттары бар әмияндарды арнайы апарып полицияға тапсырған. Күні ертең олардың иесі ең болмаса жоғалған құжаттарын қалпына келтірем деп босқа әуре болып, асыл уақыттарын жоғалтпасын деген жанашырлығы еді. Ал біз болсақ..
Е, қайсы бірін айта бересің...Енді жұртқа нысап пен қайырымдылық берсін делік.
Жайберген Болатов
Abai.kz