Айнұр Көкетаева. «Қазақ балалары қазақ жерінде қалу керек...»
Айнұр Көкетаева - Өмірлік позициясы - өз өзіне сенімді болу.
Өмір сүру формуласы-тұрақтылық.
Адам бойындағы ақылдылықты бағалайды. Ақымақ адамдардан қорқады.
Арманы - ұлының жақсы білім алып, қоғамда өз орынын табуы.
Илияс Есенберлинді бірнеше қайтара оқиды. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақ өмірінің бүкіл энциклопедиясын жазып кеткен деп есептейді. Егер ұлы шығарма ағылшын тілінде болса, әлемдік әдебиетті түк қалдырмай оқып шығатын американдық оқырмандар клубына ұсынар еді. Олжас Сүлейменовті ұнатады, оның Нью-Йоркте өтетін поэтикалық кештеріне жиі барып тұрады.
Өзімен үнемі келісе беретін ДОС қажет емес деп есептейді, түптеп келгенде әркім өз ойын ашық айта білуі керек, ұстанған позициясын дәлелдеу керек.
Өз Отанын мақтан тұтады. Ата-бабалар мекенінде мәңгілік сапарға аттануды тілейді.
Егер ешқашанда сізде болмаған нәрсені қаласаңыз, Сіз ешқашан жасамаған істі жасауыңыз керек.
Коко Шанель
Айнұр Көкетаева - Өмірлік позициясы - өз өзіне сенімді болу.
Өмір сүру формуласы-тұрақтылық.
Адам бойындағы ақылдылықты бағалайды. Ақымақ адамдардан қорқады.
Арманы - ұлының жақсы білім алып, қоғамда өз орынын табуы.
Илияс Есенберлинді бірнеше қайтара оқиды. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақ өмірінің бүкіл энциклопедиясын жазып кеткен деп есептейді. Егер ұлы шығарма ағылшын тілінде болса, әлемдік әдебиетті түк қалдырмай оқып шығатын американдық оқырмандар клубына ұсынар еді. Олжас Сүлейменовті ұнатады, оның Нью-Йоркте өтетін поэтикалық кештеріне жиі барып тұрады.
Өзімен үнемі келісе беретін ДОС қажет емес деп есептейді, түптеп келгенде әркім өз ойын ашық айта білуі керек, ұстанған позициясын дәлелдеу керек.
Өз Отанын мақтан тұтады. Ата-бабалар мекенінде мәңгілік сапарға аттануды тілейді.
Егер ешқашанда сізде болмаған нәрсені қаласаңыз, Сіз ешқашан жасамаған істі жасауыңыз керек.
Коко Шанель
Жүзі әрдайым жарқырап, көздері шоқтай жанып, бойынан мейірім лебі есіп тұратын қазақ келіншегімен ең алғаш Америкаға іс сапар барысында танысқан едім. Бұған дейін ойлайтынмын, америкалық қазақтар жаттанып кеткен шығар, адамға суық шығар деп. Қателесіппін. Адамның бойындағы көркем мінезді, ұлттық болмысты, қанмен сіңген қасиетті ешбір шекара шектей алмайды екен. Айнұр Көкетаева таныса салысымен қазаққа тән қонақжайлықпен бізді мейманханаға шақырды. Жұмысының қауырт екеніне қарамастан көмегін аямады. Керекті жерімізге көлігімен зулатып алып жүрді. Америкада, сапырылысқан сан ұлттың ішінде Айнұрдың арқасында өзімізді бөтен, жалғыз сезінбедік. Әр сәт бағалы, әр сәт қызу тірлікке толы адуынды мемлекетте бұндай әрекетке әркім бара бермейді. Бірақ Айнұр бізге қазақтылықтан ажырамағанын, ешқандай өтеусіз біздің барлық тілегімізді орындайтынын көрсетті. Үйіне қонақа шақырып, қазан көтеріп, жолымыз оң болсын деп шелпек те салды. Мол дастархан басында Айнұрдың отбасымен ашық жарқын әңгіме құрдық. Әнді де құйқылжытып айтады екен Айнұр ханым, ал жары домбыраның құлағында ойнайды. Осылайша, Америкадан Шәмшінің әнін тыңдап, күйдің күмбіріне қанып қайттық. ...Бір бірімізге бірден бой үйренісіп кеттік. Айнұр ақ жарқын көңілімен, әзілімен, сыңғырлаған күлкісімен мені баурап алды, бір көргеннен америкалық бірақ қазақ әйеліне деген ықыласым сол сапардан екі жыл өтсе де әлі ерекше, әлі ыстық. Санамда нәзік, әдемі қазақ әйелінің Америкада бағындырған белесі, жеткен жетістігі жаңғырып тұр. Айнұрдың бойындағы батылдық менің де жігерімді жани түсті. Қайраттандырды. Шынымен қаласаң, тырыссаң, еңбектенсең, армандасаң мүмкін емес ешнәрсе жоқ екеніне көзім айқын жетті...
... Енді сол қайратты қазақ әйелі әйелінің тағдыры туралы...
Мұхиттың ар жағына шақырған арман...
Айнұр Көкетаева - АҚШ-қа осы елдегі компанияның жұмысқа шақыртуымен, 1998-ші жылы отбасымен қоныс аударған. Қазір алып мемлекетте заңдастыру, аударма және түрлі жобалардың құжаттарын әзірлеу компаниясының атқарушы директоры. Бұл мекеме сондай ақ ТМД елдеріне дипломаттар мен әскери атташелер дайындау жөніндегі мемлекеттік жобамен де айналысады.
Айнұр Көкетаева: Америкаға алғаш келгенде аса қатты қинала қойған жоқпыз. Жұмысқа шақырған компания басымызға жихазымен баспана, астымызға көлік берді. Ұлымыз мектепке барды. Осылайша тіршілік жасай бастадық. Кейінірек, аяғымыздан тұрғаннан кейін өз қаржымызға көлік те, Вашингтондағы керемет аудандардың бірінен үй де алдық. Қым қуыт тірлікпен, өмір зулап ағып жатты. Бейтаныс ел, бейтаныс жерді біртіндеп бағындыра бастадық. Дегенмен Отанға деген сағыныш уақыт өткен сайын ұлғая түсті. Осылайша, 2005 жылы жазда, елге барып қайтуды жөн санадым. Алматы ажарланып, Астана абаттанып кетіпті. Зәулім құрылыс нысандарын көріп таң қалдым. Мен елден кеткенде халық құлазыған күйде еді, енді жұрттың жайқалып, жаны кіре бастағанын көріп қатты қуандым.
«Қазақ балалары қазақ жерінде қалу керек...»
Заңдастыру ісімен айналысу барысында халықаралық бала асырау процесіне қатысты бірқатар проблемаларды көзі шалған қазақ әйелі бұл тақырыпты терең зерттей бастайды. Осылайша ол шетелге қазақстандық балаларды беруге байланысты Қазақстанның барлық аймақтарында кездесіп отырған келеңсіз жайттарды жою үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне, Вашингтондағы ҚР Елшілігі консулдық бөліміне арнайы ұсыныс хат та жолдаған. Бұл ұсыныстарда ГААГА конвенциясына қосылу мәселелері, сондай ақ мемлекет үшін сыртқа бала беру соңғы қадам екені көрсетілген. Халықаралық бала асырау механизімін терең зерттеген ғалым қаракөздерді шетелдіктердің жетегіне берместен бұрын, ең алдымен Қазақстанның ішіндегі бала асырау процесін ретке келтіру қажеттігін айтады.
Айнұр Көкетаева: Жергілікті жерде патронаждық бағдарламаны күшейту керек, осылайша қазақ балаларының туған топырақтан ажырамауын, өз елінде жан-жақты дамып, қамтамасыз етілуін ойластыру керек. Тек ешнәрсе жасау мүмкін болмаған жағдайда ғана халықаралық бала асырау процесін қарастыруға болады. Қазақстан - ұлан байтақ жері бар, қойнауы табиғи байлықтарға толы мемлекет. Болашақта осы алқапқа кім иелік етеді, кім қызмет жасайды осыны ойлауымыз керек. Ата-ана қамқорлығынан айырылған жетімектердің барлығын шетелге ағылта беріп, береке таппаймыз, елдегі адами ресурстарды байытуға күш салу керек. Біз ұлт ретінде бір нәрсені айқындап алуымыз керек, егер біз халықаралық бала асыраудан бас тартсақ сол бүлдіршіндерге не ұсына аламыз?!. Ал, бұлай болмаған жағдайда қазақстандық балаларды шетел азаматтарына асырауға берсек, заң талаптарын қатаң сақтап, олардың құқықтарының тапталмауын қадағалау қажет.
«Елде алған сапалы білімнің арқасында американдықтардан кем түспейміз, сол үшін Қазақстанға борыштармыз»
Айнұр Көкетаеваның ғылыми жұмысына арқау болған бұл келелі тақырыптардың бірі ғана. Ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу барысында Айнұр «Ақпараттық технологиялардағы зияткерлік меншік» тақырыбында еңбек жазып шығады. Бұл жұмыс қазірде АҚШ Конгресіне қарасты әлемдегі ең әйгілі, ең ірі кітапханалардың біріне қойылған. Жеткен жетістігіңе малданып бір орында қалмау керек екенін жақсы білетін Айнұр енді мемлекетік қызметкерлер мен бизнес саласы мамандарына бағытталған оқу құралын емлекеттік қызметкерлер және бизнес тұлғаларына бағытталған оқулық шығаруды жоспарлап отыр. Осындайда ойға еріксіз бір оқиға оралады. Америкада адамдар бір нәрсемен ғана шектеліп қалмайды, қанша жасқа келсе де ізденуден, оқудан жалықпайды. Өйткені, алып елде қол қусырып отыру қисынсыз. Бүгін сен атақтысың, бүкіл марапат саған лайық ал ертең сен ешкім емессің, сені ешкім елемейді. Американдықтар сол үшін ертесінде ұйқыдан тұра сала қайтадан қармана бастайды. Өйткені алып елде жүзден жүйрік болу үшін үнемі жанталасуың керек.. Тіпті мен 60-70-тен асқан қарт адамдардың балет студиясына келіп, кезінде Францияда патша сарайындағы салтанатты кештерде ғана орындалатын өнерді үйретуді сұрағандарын естігенмін. Ал, бізде 30-дан ассақ қартайдық дейміз. Меніңше біздің ортада қалыптасқан осы қасаң түсінікті жою керек тәрізді. Барлығы өз қолымызда!
«Қазақтар оңайлықпен берілмейді!»
Айнұр Көкетаева: Ағылшын тілін Алматыда жүріп үйрендім. Жат елде, алғашқыда бір нәрсе қолымнан келмей жатса өзі өзіме ылғи айтатынмын, «мен бәріне қазақ екенімді көрсетуім керек, қазақтар оңайлықпен берілмейді», деп. Жастайымнан санаға сыналаған ана сөздері, қанға сіңген өршіл қасиет ұдайы жігерімді жанып, рухымды өсіретін. Шын мәнінде Америка түрлі ұлттар мен ұлыстар тоғысқан алып ел. Бұл жерде шартараптан жиналған адамдарды кезіктіресің. Америка иммигранттармен құрылған мемлекет, әлі де осы үрдіс үзілмеді. Мен бұл елден ешқандай теперіш көрген жоқпын, бұл мемлекет бізді жақсы қабылдады. Адамдарды алалауға болмайды, барлығы бірдей, проблемалары да ұқсас, тек түрі бөтен, тілі басқа. Біз американдықтарды қилы тарихымызбен, жоғары білімімізбен, мәдениетімізбен қызықтырамыз. Бізбен танысқаннан кейін олар жедел түрде ғаламторға кіріп, қазақ елі туралы ақпараттар іздей бастайды. Келесі жолы кездескенімізде Қазақстаның қандай ел екенін, қазақ ұлтының ұлылығын шаттанып айтып отырады. Бөтен елдің ауасымен тыныстап, суын ішіп отырсақ та, біз қазақ екенімізге мақтанамыз, сол сәттерде ерекше күйге бөленесің, қатты толқисың, еліңнің, жеріңнің қасиетін,ерекшелігін еске алып масаттанасың, елге тартып кеткің келеді... әттең алып мұхит арамызды бөліп тұр.... Үлкен қазандықта қайнап жатқан түрлі халықтың ішінде тіліңнен, діліңнен, дініңнен айырылып, тамырыңнан ажырап қалмау үшін, жұтылып кетпеу үшін біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, өзгешелігімізді шамамыз жеткенше сақтап қалуға тырысамыз.
Айнұр Көкетаева басқаратын мекеме Америкада қазақтың мәдениетін дәріптеуге де күш салып келеді. Американдықтарды қазақстандық өнер қайраткерлерінің шығармашылығымен таныстыру үшін Вашингтонда түрлі концертер мен қолөнер шеберлерінің көрмелерін ұйымдастырады. Наурыз мейрамын ұлықтауды дәстүрге айналдырған. Тіпті Қазақстаннан келген шараларға билетті өзі алып, көршілерін ертіп апарады. Сондағы мақсат бүкіл әлемді билеп отырған мемлекет қиянда қазақ деген тегеурінді ел бар екенін білсе деген ниет қана. Мұхиттың ар жағында қазақ әнінің әуеніне қанып, күйдің күмбірін естіген американдықтар қазақ ұлтының ұлылығына, өнеріне, салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысына тамсанып кетеді екен.
Айнұр Көкетаева: Біз салт-дәстүрімізді сақтап қана қоймай, американдықтарға да үйретеміз. Оларға қазақтың тағамдары қатты ұнайды. Үйіме шақырғанда мен оларға міндетті түрде тек кесемен шай берем, бізге келгенде оларды мырзадай күтіп жіберетінімізді біледі, қазақтың қонақжайлығын қатты құрметтейді.Американдық жолдастарымның арасында заңгерлер, ғылым докторлары,саясаткерлер мен ғалымдар да бар.Олар біздің мәдениет пен салт-дәстүрді үлкен қызығушылықпен зерттейді. Айтпақшы жазда олар Қазақстанды көріп қайтуға ниетеніп отыр.
«Діттегеніңе жету үшін бейімделе білуің керек»
/Америка. Қазақстанмен салыстыру қисынға келмейді. АҚШ-тағы әр үйде екі, үш көліктен бар. Ақсайтын тұсы да жетеді, мұнда жоғары сапалы азық-түлікті тек "Whole Foods' ," Fresh Market' деп аталатын арнайы сауда орындарынан ғана сатып алуға болады. Бірақ цитрусты жемістердің алуан түрлілігінен бізден озады. Жеміс-жидектер мен көкөністер Мексикадан жеткізіледі. Дегенмен Астанадағы өмір сүру деңгейі, қымбаттылығы жағынан Вашингтоннан қалыспайды. /
Айнұр Көкетаева: Қиналған сәттерде мен қазіргі жағдайға қалай тап болғанымды тағы бір шолып, ой елегінен өткізем, бүкіл ісімді, әрекетімді бағдарлаймын. Діттеген мақсатыңа жету үшін бейімделе де білу керек. Америка өзгеше, көп түрлі ел. Менталитет мүлдем басқа. Американдықтар өмірге басқаша қарайды. Әрдайым күліп жүреді, ар жағында не жатса да, көмектесуге тырысады, сұрасаң тәптіштеп, ерінбей жалықпай бәрін түсіндіреді. Жалпы, бүкіл әлем бойынша білімді адамдардың арасында соншалықты айырмашылық жоқ. Бәрін ә дегеннен ақ түсінеді. Дегенмен айта кету керек, АҚШ-тағы қозғаушы күш - орта кластағы адамдар. Әлбетте барлық елдегі сынды Америкада да кедейшілік қамытын кигендер бар. Бірақ, тұрмысы нашар отбасыларына қолдау көрсету үшін мұнда әлеуметтік бағдарламалардың алуан түрі қабылданған. Қазақстанда да осы тектес жобалар қолға алынған, дегенмен Америкамен салыстыруға келмейді, әлі де дамыту керек. Мәселен бұл елде күн көрісі қиын, жағдайы жоқ немесе ата-аналары ішкілікке салынған отбасылардың балаларына жәрдемақыға қосымша мектепте әр жұма сайын арнайы азық-түлік пакеті беріледі, құрамында нан, ет, таңғы ас, консервілер, жеміс-жидектер т.б. бар. Сауда орындарынан ай сайын бірнеше рет азық-түлікті көлікпен үйлеріне жеткізіп береді. Әсіресе шіркеулердің көмегі орасан. Дін қызметкерлерінің қайырымдылық жасауға ықыластары зор. Аз қамтылған отбасылар тегін киім, тағамға арнайы купон ала алады. Осы көріністердің барлығы мен Америкаға алғаш келген кезден бастап көз алдымда өтті. Ал, баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, мемлекет ауқатты адамдар тұратын әр ауданда тұрмысы нашар отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді қарастырған, сондай ақ мемлекеттік қызметкерлердің баспаналы болуына үлкен жеңілдіктер жасалған. Мәселен олар баспана құнының 50 пайызын ғана өтейді. Американдықтар денсаулықтарына айырықша көңіл бөледі, басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, тілін үйреніп, жақсы қасиеттерін бойларына сіңіруге тырысады, осыған қарамастан олар өз құндылықтарын сақтай біледі.
«Қазақ әйелдеріне ешкім тең келмейді!»
Айнұр Көкетаева: Біз американдық әйелдерден озбасақ кем түспейміз. Қазіргі нәзік жандар жоғары білімді, ақша да табады, жұмысты да өндіріп істейді, үй шаруасын да шет қалдырмайды. Өз басым отбасылық бақытты бәрінен жоғары қоямын, үйдің берекесін келтіретін де қашыратын да әйел. Біз бәріне үлгеруіміз керек, қызмет те жасап, қоғамдық жұмыстарымен де айналысып, өзіміздің сырт келбетімізге де көңіл бөліп, жарымыздың да баламыздың да көңілін тауып...осыдан ақ қырық жанды екеніміз анық қой!
«Адамның іргетасы ана тәрбиесімен қаланады!»
Айнұр Көкетаева: Өмірімнің қанша градусқа ауысқанын бағалау қиын. Тек бір айтарым, мен Қазақстанда өмір сүргенде кәсіби тұрғысынан алғанда және өмірлік өте бай тәжірибе жинадым. Америкада бұл қасиеттер одан әрі шыңдала түсті. Менің тағдырымда тегеурінді, мығым іргетасты анам, туыстарым, елде алған білімім, қазақы өмір сүру қалпы қалады. Қазақ еліндегі менің жеке тұлға болып қалыптасуыма себі тиген, алға талпындырған, аяғымнан тұрғызған, мені шыңдаған барлық жанға алғысым шексіз. Әсіресе менің жетістіктерімді көре алмаған, кеуделерін қызғаныштың шоғы қарыған, бетіңе күле қарап, артынша күстаналаған, ашық айқасқа түскен дұшпандарға қатты ризамын.Солардың арқасында мен қатая түстім, шыңдалдым, мықты шешімдер қабылдадым, тәуекелге бардым. Сондықтан сіздерге айтарым, жасымаңыздар, жігерленіңіздер! Осы жасқа келгенше жеткенім де, алғаным да көп болды, ал жоғалтқанымды өмірдің бейкүнә ұсақ-түйектері деп қабылдаймын.
«Әйел өзін ер адамның көзімен қабылдайды».
Коко Шанель
Айнұр Көкетаева: Біз әйелдер сүйгіміз келеді, сүйікті болғымыз келеді. Жеке басыңда бақытқа бөленудің нақты «рецепті» жоқ, болмайды да. Әр адам өзіне керек деп тапқан таңдауын жасайды. Қазіргі заман әйелінің де үлгісі жоқ. Түптеп келгенде әр адам өз қалауымен өмір сүреді. Жүрегіңіз сізге не деп үн қатады, сізге не жарасады, бәрінен де сіздің қолыңыздан не жақсы келеді, бәрінен де нені жақсы көресіз? Ең бастысы осы! Біреу бизнесі гүлденген ханым болғысы келеді, енді біреуі дәмді тағам әзірлегенді ұнатады, бірі модель, бірі әртіс болуды қалайды. Осындай түрлі таңдау бар екенін ойлағанда адамға өмір неге бір ақ рет беріледі екен дейсің... Сондықтан да қалай әрекет етудің, бақытқа жетудің жолдары да тарам тарам. Біз әрқайсымыз әр түрлі тәрбиеленгенбіз, әр түрлі білім алғанбыз, өміріміз де бір бірімізге ұқсамайды. Бізді біріктіретін де осы ерекшеліктеріміз. ... Ер адамның бойындағы еркекке тән мінезді,қайраттылықты, тәуекелділікті, шешім қабылдауда жаңылыспайтынды бағалаймын. Құдай қосқан қосағымның бойында шүкір деймін барлық жақсы қасиеттер топтасқан. Егер бір нәрсені қаласа, бір нәрсеге жеткісі келсе ол аянбайды. Қазақ қыздарына тілерім жар таңдауда сүю ғана маңызды емес, ақылға да жүгіну керек.
«Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге..»
Мұқағали Мақатаев
Айнұр Көкетаева: Бәріміз пенде болғандықтан өмірдің сан қатпарында түрлі қателіктер жібереміз. Ешкім де күнәдән пәк емес. Данышпандық мынада: сенің құлағаның маңызды емес, бойыңды қайта жинап, қайта тұрып, еңсеңді тіктеп, ішкі ұмтылысыңмен дұрыс бағытта қозғалуың керек, осы маңызды! Әр адам үшін ішкі сенімділік пен жан тыныштығы қорған болады.
«Келінімнің қазақ қызы болғанын қалаймын»
Айнұр Көкетаева кәсібін күйттеп кеткен жоқ, ең басты байлығы отбасы. Жұбайының мамандығы қаржыгер, АҚШ-тағы өз саласындағы білікті мамандардың бірі. Ұлы Әнуар ержетті. Отағасы екеуі балаларының бойына қазақы тәрбиені, қазақы қасиетті сіңіріп өсіріп жатыр. Өйткені Америка мектептерінде қазақ менталитетіне қайшы мүлдем басқа нәрсеге тәрбиелеуі мүмкін. Баланың психологиясы өте нәзік, шыны тәрізді, сондықтан абай болуға тырысамыз дейді. Жыл сайын, жаз шыққанда Қазақстанға, ауылға жібереді ұлдарын. Тамырын үзбеу үшін. Ұлдары елден оралғанда көрген, білгенін қайта ұмытпауы үшін барын салады ата-анасы. Қазақтардағы жеті атасын білу керек деген заңдылық бұл отбасында бірінші орынға қойылған. Ұлдарының қазақ қызына үйленгенін жан-тәндерімен қалайды.
Айнұр Көкетаева: Әйел үшін, ана үшін ең бастысы - бала. Өз ауыздарына өз қолдары жеткенше оларды аялаймыз, қорғаштаймыз, есейе бастағанда балаң саған қарап бой түзейді. Сондықтан ұрпағыңа үлгі болу үшін өзіңнің де құның жоғары болу қажет. Әлеуметтік ахуал тең емес ортада бұл әрине қиын. Бірақ сіз шыққан белесіңізде тоқтап қалмасаңыз немесе баланы ұдайы қамқорлыққа, махаббатыңызға бөлесеңіз - ұрпағыңыз бұны бағалайды. Өйткені сіз Анасыз! Әйелдің басты бақыты, ер адамның да, өзіңнен кейін жарқын із қалдыру, бұл үлкен еңбек!
Айнұр ханым өзін бақытты әйелмін деп есептейді. Өзіме бұйырған сыбағам бар, соған тәубе дейді. Жанның тыныштығын жоғары бағалайды. Жары мен баласына қатты көңіл бөледі. Өзін түсінетін аз кем достары бар. Ал, жалған достардың әлдеқашан ара жігін ажыратқан, мағайлатпайды өзіне. Шығармашылық және кәсіби тұрғыдан қанағаттандыратын, шабыттандыратын жұмысы бар. Және басқа елдерге жиі сапарға шығуды жақсы көреді.
«Қазақстан картадағы белгі ғана емес»
Айнұр Көкетаева: Туған жер дегенде жан бөлек. Аңсаймын, қатты сағынамын. Үйде ұлттық тағамдарды жиі әзірлеймін. Шаңырағымда әрдайым бауырсақтың исі шығып жатады. Туған үйді сағынам. Бірақ, біз көшпенділердің ұрпағымызбыз ғой. Кім өзге елдерді бағындырады, Қазақ елінің тек географиялық картадағы белгі ғана емес, түбірі терең ұлт екенін, мықты қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет екенін жариялайды. Пешенемізге осы жазылған шығар деп ойлаймын кейде.
«Бәрі біздің қолымызда, сондықтан еңсемізді түсірмеуіміз керек»
Айнұр Көкетаева: Мен бұл өмірде өзімді таптым, бақыт, сәттілік мені тапты деп айта аламын. Менің білімімді, жұмысымды, пікірімді, сараптамаларымды бағалайды, демек мен қоғамға қажетпін.
«Егер әйел 18 жасында әдемі болмаса ол - табиғаттан, ал 30 жасында сұрықсыз болса- ол ақымақтықтан»
Коко Шанель
Айнұр Көкетаева: Әлбетте, қыз-келіншектер өз күтіміне қатты көңіл бөлу керек. Дене шынықтырумен айналысуды үзбей, сұлулық салондарына барып тұру қажет. Мүмкін кейбірінің бұған шамасы келмейтін шығар. Бірақ таңертең тұрып серуендеп қайтуға, аптасына екі рет тырнақ күтімімен айналысуға шамасы келетіні сөзсіз. Өзіңіздің жеке басыңыздағы күтіміңізге көңіл бөлсеңіз айналадағылар да сізге көңіл бөледі. Әр күнді осы сөзден бастау керек. Қазақстандық әйелдер бұл жағынан ешкімге дес бермейді деп ойлаймын. Меніңше сыртқа қоқыс төгуге шықса да, айнаға қарамай, шашын тарамай, көзіне сүрме жақпай шығатын нәзік жандар аз. Қазақстанға барған сайын қазақ әйелдерінің ерекше тартымдылығына сүйсініп қайтамын. Осыдан ғой шетелдіктердің біздің қыздарға қызыға қарайтыны.
Сөз соңы
Қазақстандық қыз-келіншектерге, әпкелерге, әжелерге зор денсаулық, жан мен тән сұлулығын, мәңгілік махаббат тілеймін. Әрдайым әдемі, тартымды, ерекше болып қалыңыздар. Сіздер осы ерекшеліктеріңізбен сұлусыздар! Барлық қазақстандықтарға тыныштық, тұрақтылық, көркею тілеймін. Қазақстан атты менің үйім бейбітшілікке оранып гүлдей берсін!
Сіздердің порталдарыңызда жаңа кездесулерде жолыққанша! Шығармашылық табыс тарылмасын!
Құрметпен ,
Айнұр Көкетаева
АҚШ, Вашингтон қаласынан
Cұхбаттасқан - Жанар Байсемізова
«Абай-ақпарат»