Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 9611 7 пікір 21 Қаңтар, 2022 сағат 15:35

Диктатордың ажалы

Бiреулердiң аузынан "көреген көсем", "ұлы көшбасшы", "ұлт серкесi" сияқты сөз шықса болғаны, Нұртастың жүрегi зырқ ете қалады. Өйткенi бұл сөздi ести-ести құлағы әбден сарсылған. Осының бәрi жай алдамшы, өтiрiк сөздер екенiне, жарамсақтар тауып жүрген жалған мадақ екенiне де көзi жетiп болған. Ең бастысы, жаңағы мадақ сөздердiң тасасында азу тiсi ақсиып, "диктатор" деген сөз тұрғанын да жақсы бiлушi едi. Тақта отырғанда "Мен диктатормын, абайлаңдар!" деп кiм айта қояр дейсiң. Олар қашанда "төңкерiс көсемi", "халық қамқоры", "ұлт серкесi" секiлдi бүркеншiк аттарды пайдаланады.

Сонау Шығыс Түркiстанда туып-өсiп, атажұртқа соңғы он жылдың айналасында көшiп келген Нұртас Қытайдағы "көсемдер" дәуiрiнiң бiрталайын-ақ бастан өткергендi. Бағынышты бодан жұрттың қолдан "құдай" жасап алып, кейiн содан құтыла алмай әлек болатыны да оған жақсы таныс едi. Нұртастың мамандығы - тарихшы. Сондықтан ол тек Қытай "көсемдерi" ғана емес, "мемлекет дегенiң - мына мен" дейтiн XIV-Людовиктен тартып, кешегi Гитлер мен Сталинге дейiнгi дүниежүзi диктаторларының тарихы мен тағдырын бiршама бiлетiндi. Нұртастың атажұртқа көшiп келуiнiң мақсаты да, бiр жағы, күн санап дiлiнен, тiлiнен ажырап бара жатқан ұрпағын аманында үйiрiне қосу болса, екiншi бiр көздегенi - көсемсiз, диктаторсыз, қолдан жасалған құдайсыз елде өмiр сүру едi.

Алайда бұл заманда көсемсiз жер табу да оңай емес көрiнедi. Әсiлi, "көсемдер" мен "көшбасшы серкелер" отарлықтан таяуда ғана құтылып, жаңадан еркiндiк алған елдерде бiрден жамырап шыға келедi екен. Өйткенi бұлар бұрын жат елдiң құзырында билiкке қолы жетпей, мансапқа жарымай келген ұлттар ғой. Солар азаттыққа шығысымен, өз ортасынан әлдебiр Кейқуатты*  таққа отырғызып, төбелерiне көтередi екен де, әлгi адам көп ұзамай "көсем" болып шыға келедi екен. Ол ендi жөнi түзу көсем болып, көш бастаса жақсы ғой. Арада бiраз жыл өткенде жаңағы Кейқуат қылышынан қан тамған диктаторға айналады. Өйткенi әркiм көргенiн iстейдi ғой. Оның бiлетiнi - қожайын мен құл. Жаңа диктатор ендi қандастарын құлға айналдырғысы келедi.

Қарап отырсаңыз, мына араб елдерiнде дәл осылай болыпты. Олар өткен ғасырдың алпысыншы жетпiсiншi жылдарында еуропалық мемлекеттердiң бұғауынан босап, әрқайсысы жеке жеке ел болмады ма. Отаршылдар кетерiнде әрқайсысына бiр бiр "көсем" сайлап берген. Сырт билiгi бұрынғы қожайындардың қолында тұратын қуыршақ "көсемдер" ғой баяғы... Өздерiнiң салымы мұндай зор болар ма, жерлерiнiң асты көлкiген мұнай теңiзi екен. Сол мұнайдың арқасында жаңағы "көсемдер" мен олардың сыбайластары аз жылда алпауыт байларға айналып шыға келдi. Ендi бiраз жылдан соң жаңағы "көсемiңiз" - қылышынан қан тамған диктатор.

Нұртас кейде iшiнен "бiр кезде өз өркениетiмен дүниенi тамсандырған араб елдерi кейiнгi кезде неге көш соңында қалып қойды" деп таңғалушы едi. Бiр кезде ертегiдей әсер қалдыратын ежелгi Бағдат, Мысыр, Шам шаһарлары неге көрiнгеннiң қолжаулығына айналды? Сөйтсе, байқұс арабтар отаршылардың құрығынан құтылар-құтылмаста, әрқайсысы ұзақ жыл бiр бiр диктатордың табанының астында жатыпты ғой.

Диктатор жерден шығатын қазынабайлықтың есебiнен өзi ғана байып, туыстары мен сыбайластарын байытып қана қойса, оған көнесiң ғой. Одан өрбитiн зардап басқада. Диктатор - қоғам денесiне түскен жегi құрт. Ол қоғамды өсiрмейдi. Шексiз билiк өзiне табынуды тудырады. Ал табыну мен жағыну - егiз. Диктатор мемлекет қызметiне қабiлеттi, талантты, бiлiмдi адамды қоймайды, өзiн қолпаштап қоштайтын жағымпаздарды қояды. Диктатор билеген елде ақылды адам - бiреу ақ. Ол - диктатордың өзi. Ендеше, ол елден екiншi бiр ұлы адамның шығуы мүмкiн бе? Атамаңыз. Бұл елде мемлекет басқара алатын бiр ғана адам бар. Ол да - диктатордың өзi... Күнкөрiс не iстетпейдi?! Жарамсақ ақындар осылай деп өлең жазады. Жағымпаз, жалған ғалымдар диктаторды жер көкке сиғызбай мақалалар жариялайды. Ендеше, мұндай жалған қоғам керi шегiнбегенде қайтедi?!
Әуел бастан үш құрылықтың (Азия-Еуропа-Африка) тоғысына орналасқан араб дүниесi қашанда қайшылықтарға толы өлке саналатын. Тұрғын халқы айнығыш, бұзылғыш, жолдан тайғыш болушы едi. Соларды түзу жолға салу үшiн, Жаратушы бұл аймаққа пайғамбарларды да көп жiберген. Ең соңғы пайғамбар Мұхамметтiң де (с.ғ.с.) арабтарды бiрлiкке келтiрiп, ел қатарына қосып кеткенiне де он бес ғасырдың жүзi болыпты... Кейiн таққа отырған диктаторлар сол пайғамбарымыздың сара жолын ұмыта бастаған сияқты ма, қалай? Олар соңғы кезде аспандағы Құдайдан гөрi астындағы мұнайға көбiрек табынатын болған.

Не ғажап, былтыр, яғни, ХХI ғасырдың он бiрiншi жылы араб елдерiнде үлкен сiлкiнiс болды. Араб дүниесiнiң кемерiнен асып, теңiздей толқығаны сонша, жолындағы бөгеттiң бәрiн бұйым құрлы көрмей, сол қатарда диктаторларды да бiрiнен соң бiрiн ұшырып әкеттi.

Соған қарағанда, Жаратушы ием ақшаға табынған диктаторлардың араб дүниесiн қалай бүлдiргенiн күнделiктi бақылап-көрiп отырған сияқты. Оларды жөнге салу үшiн, Жаратушы бұл жолы арабтарға пайғамбар жiберген жоқ (пайғамбарлар лимитi Мұхамметпен аяқталған). Бұл жолы ұлы Жаратушы арабтың аптапты күн сәулесiне аздап қана "Азаттық нұрын" қосып едi. Арабтың қанында ұлттық рух болып тасыған да, қуыршақ "көсемдердi" қаңбақ құрлы көрмей тақтан ұшырған да - Жаратушы жiберген сол ғажап Нұр болатын.

Тақтан ұшып түскен соң байыптап қарасаңыз, жаңағы диктаторлар жарамсақтар көкке көтерiп дәрiптегендей "ұлы" да емес, "кемеңгер" де емес, "көшбасшы" да, ешкiм орнын баса алмайтын данышпан да емес, қатардағы көп пенденiң бiрi екен. Пенде болғанда, адамгершiлiк, ар-ұяттан, қанағаттан жұрдай, сайтан азғырып, iбiлiс иектеген күнәһардың өзi... Өздерi мұндай сужүрек, қорқақ болар ма! Зауал шағы жақындап, өмiрмен қоштасар сәтте көпшiлiгi әскери адамға тән ерлiк өлiммен де өле алмады ау!
Әсiлi, диктатор дегенiмiз кiм десеңiз, ол - өзiмшiлдiк пен тойымсыз ашкөздiктiң шыңына шыққан адам. Онда қанағат, рақым, iзгiлiк деген болмайды. Жеген сайын жей берсем, жұтқан сайын жұта берсем дейдi. Ол не iстесе де, тек өзi үшiн iстейдi. Мәселен, ол әлдебiр шөл далаға апарып, қала салуы мүмкiн. Бiрақ оны бағынышты халқы үшiн салды деп отырсыз ба, қателесесiз, ол қаланы да әлемдi таңғалдыру үшiн, өз басының даңқы үшiн салады... Аттап бассаң соның ескерткiш мүсiндерi, көше толған соның суреттерi... Араб елдерi жайында сөз еткенде, Ливия мемлекетiне арнайы тоқталмаса болмайды. Себебi диктатураның шешек атып, нағыз гүлденген жерi - осы Ливия. Диктатор Каддафи бұл елдi қырық екi жыл билеп, өткен күзде ғана тақтан тайды. Жай кеткен жоқ ау, алты айға созылған қанды қақтығыс соңында көтерiлiсшi сарбаздар қолынан оққа ұшты. 1970 жылы Ливиядағы әскери төңкерiс кезiнде өкiмет басына кездейсоқ келген 28 жастағы талантты офицер жасы жетпiске жеткенше, қолындағы билiктi ешкiмге бермеген ғой. Каддафидiң билiкке келуiнде қапы жоқ ау. Оның соры - билiктен қай кезде кетудi бiлмеуiнде. Басында Керолдi тақтан тайдырған төңкерiсшi қайраткер ретiнде танылды да, одан бiрте бiрте "ұлт көсемiне", одан кәдiмгi диктаторға айналды. Дара билiк қоғам денесiне жегi құрт болып түстi де, Ливияны да көктеткен жоқ, Каддафидiң де түбiне жеттi.
Нұртас жақында диктатордың қазасынан кейiн түсiрiлген деректi фильмдi тамашалады. Көз алдыңнан Каддафи өмiрi тiзiлiп өтiп жатады. Мiне, әскери формадағы, жасы әлi отызға iлiне қоймаған, сымбатты, жас офицер. Жүзiнде шаттық нұры ойнап, мәз бола күлiп тұр. Жай офицер емес, төңкерiс көсемi, ұлт қаһарманы. Алда оны "Араб елдерiнiң лидерi", "Африка елдерiнiң көшбасшысы" деген мәртебелi атақтар күтiп тұр. Ол өзi екi лагерьге де танымал. "Африкада социализм орнатушы" деген дақпыртпен Совет Одағының құрметiне бөленсе, Ливия мұнайының арқасында капитал дүниесiмен де тiл табысып, есеп шотына миллиардтар құйылып жатқан iрi алпауытқа айналып едi.

Не үшiн екен, деректi фильмдегi бейнесiне қарап отырсаңыз, диктатор Муамар Каддафи тым тез қартайыпты. Баяғы сымбатты жас офицерден iз де қалмаған. Алпысқа келгенде арсаланған шал! Әлде басы артық байлықтан, әлде маңайындағы қаптаған қалың әйелден... Каддафидiң күзет гвардиясы кiлең қыз келiншектен құралған екен. Бұл да ұлт көсемiнiң «мiндетiн» ауырлата түскенi көрiнiп тұр.

Сонымен, полковник Каддафи Ливия тағында он жыл емес, жиырма жыл емес, отыз жыл емес, табандаған қырық екi жыл отырыпты. Егер ол алғашқы он жылдан соң, жарайды жиырма жылдан соң дейiкшi, өз орнын абыроймен басқа бiреуге өткiзсе, Ливия тарихында аты алтын әрiппен ақ жазылатын адам. Амал не, олай iстеуге өзiмшiл пендешiлiгi жiбермедi ғой. Нәтижеде, Каддафи бастаған ат төбелiндей элита байыған үстiне байи бердi, ал бұқара халық қайыршылыққа белшесiнен бата бердi. Ақырында, iште де, сыртта да Каддафидiң еш қадiрi қалған жоқ. Бұқара халық кеше өз қолдарымен жасап алған "Құдайдан" ендi құтыла алмай әлек. Бұл кезде Жаратушы жiберген "Азаттық нұры" Ливия халқының да қанын тулата бастаған. Египеттен соң көп кешiкпей олар да атойлап атқа қонып едi.

Каддафидан халықтың безiнгенi сонша, көп ұзамай үкiмет әскерiнiң өзi көтерiлiсшiлер жағына шығып кеттi. Диктатор ендi өз халқымен көршi елдерден әскер жалдап соғысуға мәжбүр болды. Африкада не көп - жұмыссыз жүрген қаңғыбастар көп. Солардың қолына қару ұстатып, өз халқына қарсы айдап салды ау! Ақшаны аямапты. Жалдамалы әскердiң әр күнi мың доллардан айналған көрiнедi.

Қашанғы әдеттерiнше, диктатордың күнi батуға таяғанын сезе салысымен, төңiрегiнде жүрген нөкерлерi жан жаққа қаша бастаған. Ендi бiр қараса, әншейiнде сарайға симай жөңкiлiп жүретiн жағымпаздардың бiрi қалмапты қасында. Өзiнiң ет жақын туыстары мен отбасы мүшелерi ғана қалыпты. Бұған дейiн Еуропалық одақ әскерi мен көтерiлiсшi комитет 48 сағат iшiнде елден кету туралы оған бiрнеше дүркiн ескерту жасаған ды. Бiрақ Каддафи оны тыңдамай ақырына дейiн соғыса бердi. Өйткенi оны бұл кезде алды артын ойлатпайтын "өлiм есiрiгi" билеп алған ды.

Соған қарамастан, диктатор Каддафидiң жаны тым тәттi, өзi сұмдық қорқақ екен. Соңғы шайқаста аяғынан жараланып, әлдебiр бетон құбырға кiрiп кетiптi. Деректi фильмде ереуiлшi сарбаздардың оны сирағынан ұстап қалай суырып алғанын тiптi анық көрсетедi. Егер дәрiгерлiк жәрдем көрсетiлсе, Каддафидiң өлмей тiрi қалуы да мүмкiн едi. Алайда ереуiлшiлердiң диктаторға өшiккенi сонша, оны орталыққа жеткiзбей, сол арада қорлап өлтiргенi байқалып тұр. "Итке - ит өлiмi" деген осы.

Нұртас тағы бiр "ит өлiмiн" осыдан екi үш жыл бұрын Ирак диктаторы Саддам Хұсейннiң басынан көрiп едi. Диктаторлардың қоян жүрек қорқақ болатынына сонда тағы бiр рет көзi жеткен. "Мен Америка әскерiн Бағдатқа кiргiзiп алып, бiр ақ жоямын" деп бөскен "батырың" жау әскерi қалаға басып кiргенде, бiр үйдiң ауласынан үңгiр қаздырып, сонда тығылып жатыпты. "Ұлт көсемiнiң" қадiрi кеткенi сонша, оның тығылған жерiн жақын көмекшiлерiнiң өздерi ақ көрсетiп бердi. Сөйтiп, бiр елдiң басшысы Саддам Хусейн өте абыройсыз жағдайда қолға түстi. Нұртас сол көрiнiстердi теледидардан көрiп отырып, "қайран Ирак халқы "көсемiм бар" деп, сонша жыл кiмдi төбесiне көтерiп келген?" деп қатты түңiлгенi бар едi.

Сол Саддам Хусейн ақыры сот үкiмi бойынша өлiм жазасына кесiлiп, дарға асылды. Сонда, су жүрек Сәддамның өзiн алда не күтiп тұрғанын бiле тұрып, соңғы оғын өзiне жұмсамай, iннен iнге тығылғаны ұят ақ болды. Ендi ойлап отырса, сол диктаторлар бейбiт кезеңде тай жеген бөрiдей күпиiп жүргенi болмаса, басына күн туғанда ерлiктен жұрдай, адамгершiлiк, ар ұяттан ада, тек айла шарғымен жан баққан, бiр басының қамынан өзге ойлайтыны жоқ, алаяқ бiреулер екен ғой.

Жай сөз орайы келгенде еске алғаны болмаса, Нұртас жоғарыда аталған диктаторлардың ешқайсысына аузын ашып таңдана қоймайды. Өйткенi бұл ондайдың талайын өз басынан өткерген, көзбен көрiп, қолмен ұстаған адам. Адамзаттың төрттен бiрiн уысында ұстап, ұзақ жыл жусатып өргiзген миллиард "көсемi" Мао ның қасында жаңағы Саддам Хусейндер, Муамар Каддафилер жiп есе алмайды.

- II -

Алла ай десейшi, осы Нұртас тумай жатып кiмнен қарғыс алды екен, өрiмдей жастық шағы дүниедегi ең қатал, ең мейрiмсiз, ең жауыз диктатордың заманына тура келiптi ғой. Бiреудiң босағасында отырған бодан жұртта таңдау бар ма? Өзiңнiң ата анаңды таңдай алмайтының секiлдi, туатын жерiңдi, тұратын мемлекетiңдi де таңдап жатпайсың. Нұртастың туып өскен жерi - Шыңжаңдағы Тарбағатай аймағының Майлы Жәйiр таулары. Жерде тұрған ештеңе жоқ ау, бар пәле - уақытта, қоғамда.

Қытайда Қызыл өкiмет орнағанда, Нұртас небәрi он жаста. Алда не күтiп тұрғанын кiм бiлiптi, бұл әйтеуiр жұрт қатарлы мектепке барғанына, мойнына алқызыл галстук таққанына мәз... "Пионер" дейдi екен. Жаңа дәуiрдiң бастаушысы, жақсылыққа алғаш iз салушы деген мағына берсе керек. Сабақ басталар алдында, кластың төрiне iлiнген бет аузында бiр тал әжiм жоқ, әдемiлеп жасаған қасқа бас кiсiнiң суретiне қарап, бас иiп, тағзым еткенi есiнде.

- Бұл кiсi - ұлы көсемiмiз Маужуши*, - дейдi мұғалiм. - Сендер Маужуши заманында бiлiм алатын нағыз бақытты балаларсыңдар!
"Не бұрын, не кейiн емес, дәл осы қарсаңда туғанымыз қандай дұрыс болған!" деп балалар қуанып қалады.

Содан бiраз уақыт өткенде комсомолдық дәуiр басталды. Ел қожасы коммунист болуға қол созым ғана жер қалған. Жастардың жапатармағай жаттайтындары Мао ның сөздерi. Жатса тұрса айтатындары - марксизм ленинизм және Маузайдуң идеясы. Соңғысы алдыңғы екеуiне қосылған жаңалық көрiнедi. Маркс пен Ленин капитализмнен кейiн ғана социализм орнатуға болады десе, Мао капитализмге соқпай ақ социализмге өтудiң төте жолын тауыпты. Мiне, мәселе қайда жатыр. Ендеше, Мао ұстаздарынан асып кеткен. Мао - философ, Мао - данышпан, Мао - кемеңгер...
Ол бiрден ақ "ұлы данышпанның" позасына ене бiлдi. Әр сөзi жұмбақ, әр сөйлемi астарлы. Ол бiр жиналыста залда отырған әлдебiр профессорға қарап:

-Айтыңызшы, бiз қазiр жерде тұрмыз ба, әлде көкте тұрмыз ба? - деп сұрайтыны бар.

-Бiз, әрине, жерде тұрмыз ғой, Маужуши! - дейдi профессор.

-Қателесесiз! - дейдi Мао. - Бiз жерден қарағанда ғана жерде тұрамыз. Ал Марсқа барып қарасаңыз, көкте тұрамыз.

Осыны оқығанда жастардың есi кетедi. Қандай ақыл, қандай бiлiм. Профессордың өзiн сүрiндiрген көсем данышпан болмағанда қайтедi. Жалғанда диктатордың философ болғаны жаман екен. Адамның миы жетпейтiн неше түрлi қым қиғаш сөздер айтады. "Америка Құрама штаттары - қағаз жолбарыс! - дедi Мао тағы бiр сөзiнде. - Бiз ядролық қарудан қорықпаймыз. Егер сұрапыл соғыс болып, адамзаттың қақ жарымы қырылған күннiң өзiнде, соның аман қалғанының төрттен бiрi қытай болады".
Мына сөздi естiгенде зәрең ұшады. Әйтеуiр, Мао тұрғанда жеңiлмейтiнiңдi ойлап шүкiрлiк етесiң. Осы сөзден кейiн жастар "қағаз жолбарыс" - Американы да менсiнбейтiн болған.

"Бiздiң жүрер жолымыз Совет одағынан өзгеше, - дедi Мао тағы бiр жиналыста. - Бәрiн техника шешпейдi, халық шешедi, кадр шешпейдi, саясат шешедi". Осыдан кейiн бiраз жұрт Совет одағына қырын қарай бастады.
Осындай бiр бiрiне қайшы, түсiнiксiз ұрандарға қарамастан, 1958 жылға дейiн Қытай экономикасы қарыштап дамып келе жатқан ды. Сол жылы дүние бүлiнiп, қытай қоғамы астан кестен болды да кеттi. Әлде көз тидi, әлде табыстан басы айналған көсемнiң миында бiр өзгерiс болды. "Алжыды" дейiн десең, Мао сол жылы небәрi алпыс бесте. Сонда не болды бұл кiсiге? Әлде осыған дейiн айтып жүргенiмiздей, оның асқан ақылды, кемеңгер, данышпан екенi өтiрiк пе?!

Сол жылы зиялы қауым арасында "стиль түзету" деген бiр науқан басталған. Осы науқан барысында оқымысты зиялылардың бiр тобы оңшыл ұлтшыл атанып, қызметтен шеттетiлiп жатқан кез... Ол аз болғандай, Мао сол жылы күзде "үш қызыл ту" деген бiр пәленi ойлап тапты. Оның бiрiншiсi, экономикада жоспармен емес, "секiрiп iлгерiлеу", екiншiсi, бiр жылда он миллион тонна құрыш өндiрiп, Англияны басып озу, үшiншiсi, жаппай коммуна құру арқылы бiрден коммунизмге өту.

Көсем айтты - бiттi, сол жылы күз айларында ақ әлгi науқандар басталып кеткен. Ол кезде көсем сөзiне күдiкпен қарайтындар жоқтың қасы. Қарсы пiкiр айтатын бiрен саран ойлы адамдар оңшыл ұлтшыл болып, саптан шығып қалған. Сонымен, не керек, қызмет те, оқу да жайына қалып, бүкiл жұмысшы шаруа, мекеме қызметкерi, студенттер, мектеп оқушылары қолдарына кетпен күрек, қайла, лом-темiр ұстап, құрыш қорыту үшiн тау тасты кезiп кеттi. Құрамында темiр бар руда тауып, оны жабайы пештерде қорытып, құрыш өндiрмек. Он миллион тонна құрыш деген не тәйiрi, бiр миллиард Қытай халқына бөлсеңiз, кiсi басы он килодан әрең айналады екен. Оны бiр жыл емес, бiрер аптада-ақ қапқа салып алмай ма?!

Адамдардың ендi бiр бөлiгi ауыл-қыстақта коммуна құрумен әлек. Аты дардай болғанымен, бұл жұмыс оншалық қиынға түскен жоқ. Бұрыннан бар мойынсерiк-әтiреттерiн бiр-бiрiне қосып, мың отбасын бiр коммунаға иiрдi де тастады. Мал-мүлiк түгел ортада. Әр әтiрет бiр ғана ортақ қазаннан ас iшедi. Үй басы жеке түтiн түтетуге қатаң тыйым салынған. Әркiм ортақ қазаннан қалағанынша iшiп-жеп жүре бередi. Несiн айтасың, жалқаулар мен кедей-кепшiктiң тұяғын қимылдатпай, жатып iшетiн-ақ жерi...

Бұл кезде Нұртас бала емес, Үрiмжiде университетте оқиды. Тарих факультетiнiң 2-курс студентi. Әр нәрсеге ой көзiмен қарайтын шамаға келiп қалған. Болып жатқан оқиғалар ақылына симай, кейде шақшадай басы шарадай болады. Ұлы көсем қателесiп отыр деуге аузы бармайды. Дүниеде теңдесi жоқ ұлы адамның бұлай жаңсақ басуы мүмкiн бе? Ал оның нұсқаулары дұрыс дейiн десе, көз алдында бүлiнiп жатқан дүние мынау?
Былтыр "стиль түзету" науқаны кезiнде университеттегi ең бiлiмдi деген ғұлама ұстаздары түгел дерлiк "оңшыл-ұлтшыл" болып айдалып кеткенде, оны көсемнен емес, жергiлiктi күншiл белсендiлерден көрген. Ал мына биыл басталған "үш қызыл ту" дегенi ешбiр жобаға келмейдi. Тұрақты түрде жақсы дамып келе жатқан елге "секiрiп iлгерiлеу" неге қажет болды? Кiсi бойындай ғана жабайы пештерге руда толтырып, астынан отты қанша өртегенмен, одан темiр балқып шыға ма? Осы қылығы бүкiл адамзат алдында күлкiге қалып жүрмес пе екен? Ал коммуна... Қытай қоғамы үшiн коммунизмге өтуге әлi ерте емес пе екен? Өндiрiс құралдары мынадай төмен сатыда тұрғанда, оның өнiмдерi "қабiлетiне қарай еңбек ететiн, қажетiне қарай iшiп-жеуге" мүмкiндiк бере ме? Қарапайым студенттiң ақылына сыймайтын нәрсенi ұлы адам неге алға тартады? Жарайды, көсем әлденеден жаңылыссын дейiк, қасындағы нөкерлерi не бiтiрiп отыр? Олар неге айтпайды?

Олар айтыпты: маршал Пың Ды Хуай бастаған бiраз адам сара жолдан бұлай бұра тарту жақсылықа апармайтынын, мұндай арандату түбi апатқа ұшыратуы мүмкiн екенiн айтудай-ақ айтыпты. Бiрақ "ұлы көсем" оларды тыңдамаған. Олар көп ұзамай-ақ "партияға қарсы топ" және "халық жауы" атанып, қызметтерiнен қуылды.

Сонымен, "ұлы көсем" шылбыр-тiзгiндi өз қолына алып, дара билiкке көшiп едi. Оның ертеректе айтқан: "Қытай халқы - әлi iз түспеген бiр бет ақ қағаз сияқты. Оған ойға алған сөздерiңдi еркiн жазуға болады" деген күмәндiлеу сөзi бар едi. Ендi, мiне, "Мәкең" сол қағазға ойына келгенiн шимайлап жазып жатты.

Арада жыл өтпей-ақ, маршал Пың Ды Хуайдың айтқаны айна-қатесiз дәл келдi. Мына заманда баяғы жабайы тәсiлмен құрыш қорытуға болмайды екен. Бүкiл мемлекет бойынша мыңдаған-миллиондаған оба-пештер құрыш ағызуға қауқары жетпей, iшiндегi руда мен көмiр қойыртпаққа айналып, сол күйi тас-шемен болып қатып қалды... "Секiрiп iлгерiлеу" де солай.

Экономикалық дамудың қатал заңын бұзып, қалай болса солай секiруге болмайды екен ғой. Оған да жұрттың көзi ендi жеттi. Құрыш қорытудың зардабы оңай болған жоқ. Өткен жылы қарайған халық темiр рудасын iздеп, тау-тасты кезiп кеткенде, астық жиналмай қалыпты. Келесi жылы-ақ бүкiл ел көлемiнде ашаршылық басталды.

Ал коммуна?.. Ол да мезгiлсiз шақырған тауықтың кебiн кидi. Ол көсем айтқандай коммунизм нышаны бола алмады. Кейiн ел iшiн ашаршылық жайлағанда халықты аштан өлтiрмей, күнiне бiр уақ жүрек жалғайтын орынға айналды.

Нұртастың "көсемнен" көңiлi қалғаны соншалық, ендi оның бiрде-бiр сөзiне иланбайтын болды. Тiптi, оның атын естiгiсi келмейдi. Әрине, үмiттiң ақталмауы, сенiмнiң күйреуi, бiр сөзбен айтқанда "көсеммен қоштасу" оңай болған жоқ. Бiрталайға дейiн әлдебiр тiрегiнен айрылғандай жетiмсiреп жүрдi.

Осындай бiтеу жара күйiнде арада төрт-бес жыл уақыт өттi. Сол баяғы "Маузайдуң идеясы", сол баяғы "Үш қызыл ту". Алайда бұл сырт көрiнiс қана едi. Орталықта iшкi тартыс жүрiп жатқан. Партия мен үкiметтiң кейбiр басшылары iштей ұғысып, көсемнiң түзелмес жолға түскенiн, мына қалпында мемлекеттi апатқа ұрындырмай қоймайтынын мойындаса керек. Шамалары келсе, алдағы құрылтайда қордаланған қателiктердi ашық айтып, Маоны билiктен тайдырғысы келе ме, қалай?

Бұл кезде жасы жетпiс үшке аяқ басқан, кәрi көкжал Мао олардың астыртын әрекетiн сезбедi дейсiң бе? Сезгенде қандай! Бұған дейiн талай құқайды көрген әккi диктатор бұл жолы ешкiмнiң ойына келмеген мүлде "тың жүрiс" жасап едi. Бұрын өзiн қолдап келген үзеңгiлес серiктерiнiң терiс айналғанын байқайды да, шабуылды олардан ерте бастап жiбередi. Бұл кезде көсемнiң айтқанын дұғадай қабылдап, соңынан еретiн бiр ғана топ бар-ды. Олар - әлi оң-солын танымаған жастар: студенттер, мектеп оқушылары, жас жұмысшылар. Мао өзiн қорғау үшiн, мiне, осыларды iске қосты.

-Арамызда капитализм жолын көксеткен мансаптылар бар: отырған орнына, лауазымына қарамастан, соларды ортаға сүйреп шығарыңдар! Кеңселерiн шағып, шенеунiктердiң күлiн көкке ұшырыңдар! Бүгiннен бастап ел билiгi, қызыл жауынгерлер - сендердiң қолдарыңда! - деп жастарға жарлық шашты.
Көсем айтты - бiттi. Сол күнi-ақ iштерiнде қыжылы бар жұмысшы жастар мен студенттер, мектеп оқушылары оқулары мен кәсiптерiн жинап тастап, бiрден төңкерiс жасауға аттанған. Бұл, бейнелеп айтқанда, шөлмекте жатқан "жынды" босатып жiбер-генмен бiрдей едi. Қытайдағы әйгiлi "мәдениет төңкерiсi" осылай басталды. Ал төңкерiсшiл жастар - "хуңбейбiндер", яғни "қызыл жасақшылар" деп аталды.

- III -

Сынаптай сусып, ауысып тұратын қайран дүние-ай! Сөйтiп, Қытайдағы өкiмет билiгi бiр-ақ күнде жастардың қолына өттi. Ерiккен жастарға, бiр жағы, қызық керек. Мектеп оқушылары өздерiнiң мүдiрлерiн, студенттер өз ректорлары мен профессорларын көшеге сүйреп шығып, бастарына кардоннан жасалған неше алуан қалпақ кигiзiп, алаңдарда "күрес жиналысын" өткiзсе, бұдан өткен қызық бола ма?!

Ректорлар мен мүдiрлер тұрыпты ғой, орталықтағы министрлер мен үкiмет мүшелерiн айтсайшы. Олардың көрген қорлығын айтып сұрама! Төңкерiстiң орталық штабында күреске тартылатындардың тiзiмi жасалатын болса керек. Жастар, көбiнше, соларға тiсiн басып жүр. Қытай Халық Республикасының төрағасы Лю Шау Шидiң өзi "капитализм жолына түскен ең iрi мансапты" атанғанда, басқаларды аясын ба, талайлардың басына масқара қалпағын кигiзiп, көше аралатып, қорлаумен болды. Сөйтiп, жыланның аяғын көрген диктатор Мао ақ-қараны айырмайтын ноқай тобырдың қолымен өз бақталастарынан өшiн бiр алды-ау!

Сол күндерi Қытайдың сыртқы iстер министрi, Саяси Бюроның мүшесi, маршалл Чин И-дiң де үстiнен күрес жүргiзiп, көпшiлiк алдында тiзерлетiп, әбден қорлапты. Соңында Чин И сөз сөйлеген екен. Жұртшылық арасына жасырын таратылған сол сөздiң ұзын-ырғасы мынадай:

-Жастар, естерiңдi жиыңдар! Айтыңдаршы, сендерге менi қорлауға кiм құқық бердi? Мен әлi де Саяси Бюроның мүшесi, сыртқы iстер министрiмiн ғой. Қытай армиясының маршалымын. Менi әлi ешкiм орнымнан алған жоқ. Тым құрыса, мемлекеттi, үкiметтi сыйласаңдаршы... Манадан берi "Маужуши Уансүй-уансүй"*  деп шуылдап, құлақтың етiн жедiңдер. Мен төраға Маомен күнiне неше рет кездесетiн адаммын. Соның бәрiнде "Маужуши Уансүй" деп ұран шақырады деп ойлайсыңдар ма? Бiздiң ұрандауға мұршамыз жоқ, жай қызмет барысын ақылдасамыз... Естерiңдi жиыңдар, жастар. Саяси науқан өтедi-кетедi. Қытай елi қалады орнында. Сендер әлем жұртшылығы алдында бүйтiп масқара болмаңдар!

Алайда әбден есiрiп алған тобыр қайраткердiң айтқан ақылын тыңдамайды. Төраға Лю Шау Шидi де, маршал Чин И-дi де сүйрелеп жүрiп, қорлықпен өлтiредi. Мiне, сiзге диктатор Маоның нағыз жыртқыштық бет-бейнесi. Ол өз үстемдiгiн сақтау жолында көп жылдан берi өзiмен бiрге келе жатқан, төңкерiстi бiрлiкте жасап, жаңа Қытай мемлекетiн бiрге құрысқан үзеңгi жолдастарының ешқайсысын аямады ғой. Миғұла, мәңгүрт жастардың қолымен олардан құтылғанша асықты.

"Түйенi жел шайқаса, ешкiнi аспаннан көр" деген сөз бар. Байтақыт қала Бежiннiң өзiнде әлгiндей сорақылық орын алып жатқанда, кiлең бодан ұлттар жасайтын Шыңжаңның жағдайы қандай күйде болды деп ойлайсыз? "Мәдениет төңкерiсi" онсыз да сүрепетi қашқан елдi зiлзаладай жайпап кеттi.
Бұл кезде әлдеқашан университет бiтiрген Нұртас шалғайдағы Тарбағатай аймағының Толы деген ауданында мұғалiм боп жүрген. Орта мектепте тарихтан сабақ бередi. "Мәдениет төңкерiсiнiң" қызығын Нұртас осында жүрiп көрдi. Ауданда капитализм жолына түскен бәлендей iрi мансаптылар жоқ. Бұл жерде қармаққа iлiнгендер - аудан әкiмi, мекеме басшылары, мектеп мүдiрi... Сондықтан бұл жақтағы науқан басқаша түс алыпты. Бiр кезде тордан түсiп қалған ұлтшылдар, шетелмен (Қазақстанмен) астасқан "қос жүректер", көне мәдениет қалдықтары күрес нысанасына қатты алынып жатыр екен. Қашанда қазақ жүрген жер оңа ма, несiн айтасың, бұл науқан да бiр-бiрiнен өш алудың, қарымта қайтарудың құралына айналыпты.
Көше толған хуңбейбiндер. Ауданда қайбiр оңған хуңбейбiн болушы едi, бiлектерiне қызыл шүберек байлаған шала сауатты жастар мен мектепте оқитын боқмұрын балалар... Солар-ақ әр ауылдың басшыларын, мектеп мүдiрлерi мен мұғалiмдерiн алдарына салып айдап жүр... Өздерiн "Маужушидiң балаларымыз" дейдi екен. Оларға кiм қарсы келедi? Ақыл айтсаң, өзiңдi соққыға жығып жазалайды. Жалғанда тобырдың қолына түспе. Олардың бiлетiнi - қирату, шағу, бүлдiру. Диктатор Мао жастардың осынау осал жерiн қалай дәл тауып пайдаланған десеңiзшi!

Олар, ескiлiктiң қалдығы дегенде, ертеде араб әрпiмен басылған дiни кiтаптарға өш екен. Кириллицамен басылған Қазақстан кiтаптарын көрсе де жындары қозып кетедi. Нұртастың баяғы бала күнiнен жинаған бiр-екi сөре кiтабы болушы едi. Бiр күнi өзi жоқта үйiне хуңбейбiндер келiптi де, әлгi кiтаптарын аулаға шығарып, үстiне кәресiн шашып өртеп жiберiптi. Сонан соң, Совет одағында жасалған бұйымдарға қандары қарсы. Оларды көрсе паршалап, шағып, қиратып кетедi. Көп үйлерде орыс моделiнде жасалған арқалы орындықтар бар екен. Хуңбейбiндер үй-үйдi аралап жүрiп, солардың арқалығын аралап, қиып тастады.

Хуңбейбiндердiң сонан кейiнгi тағы бiр қатты шүйлiккенi - ұлттық өрнек, әртүрлi өнер туындылары. Олар үшiн оюлы сырмақ, гүлдi текемет, зерлi түскиiз, күмiс ер-тұрман - түгелiмен феодализм сарқыты. Соларды бiр жерге үйiп қойып, үстiне кәресiн шашып, өртедi-ау! Ауылда шалдардың сақалын күзеу, кемпiрлердiң бұрымын кесу - жай әдеттегi шаруаға айналған.

Бұрынғы ел басқарған би-болысты, үкiрдай-зәңгiлердi көрсе, тобырлардың жыны тiптi қозып кетедi. Басқа аудандарды кiм бiлсiн, Нұртас тұратын Толы ауданының хуңбейбiндерi мүлде шектен шығып кеттi. Нұртастың ел iшiнде қатты құрмет тұтатын бiр адамы бар едi. Ол - бұрын Жәйiрдi жайлаған, кейiн коммуна құрылғанда Өшетi деген жерге иiрiп тастаған уақ елiнiң басшысы Уәйiс зәңгi. Ал Уәйiстiң әкесi Әбiштай деген кiсi уақтарды осы өлкеге бастап келiп, қоныс әперген адам... Сол бiр рудың ақылшы абызы болған Уәйiс зәңгiнi сол елден шыққан хунбейбiндер мойнына арқан салып, сүйреп жүрiп өлтiрiптi. Осыны естiгенде Нұртастың қалай күйiнгенiн сұрама! Елдiң қазiргi халiн көрiп, өзiн тоқтата алмай, оңашада еңiреп жылағаны есiнде.
Хуңбейбiндердiң қолында - Мао еңбектерiнен үзiндiлер басылған қызыл кiтапша. Сол кiтапшаны көкке көтерiп, "Маужуши Уәнсүй" деп шулағанда алаңды бастарына көтередi. Қазiр адамдар өзара жолыққанда "ассалаумуғалайкумды" қойған, бiр-бiрiмен "Маужуши Уәнсүй" деп амандасады. Әр үйдiң төрiнде Маоның үлкейтiлген суретi.   Таңертең тұра сала сол суретке тағзым етiп, кешке жұмыстан қайтқанда бүгiн не бiтiргенiңдi айтып, көсемге есеп бересiң.

Бұл туралы ел iшiнде тараған күлкiлi әңгiмелер де аз емес. Бiр тақуалау ақсақал жұрттан жасырып, төргi үйде намаз оқып жатса, бiр тентектеу немересi "Маужуши жүз жасасын" деп айғайлап, жайнамазын әрi-берi кесiп өте берiптi. Ашу қысқан қарт қиқар немеренi шапалақпен тартып жiберсе керек. Немересi де заманға лайық туған, бiр қаны сұйық, зәндемi екен. Дереу хуңбейбiндерге барыпты.

- "Маужуши Уәнсүй" деп ұран шақырып едiм, атам менi ұрды! - дейдi ғой баяғы.

Қызыл жасақшылар бiрден шалды ортаға алып, тергей бастайды.

-Ұран шақырған немереңдi ұрғаныңыз рас қой?

-Рас.

-Неге ұрдыңыз?

-Бiз бәрiмiз ұран шақырғанда "Маужуши мың жасасын" демеймiз бе. Ал мына ақымақ "Маужуши жүз жасасын" деп сандырақтайды. Ойбай-ау, ұлы көсемге жүз жас не болады? Соған күйiп кеттiм де, шапалақпен тартып жiбергенiм рас.

Хуңбейбiндер не iстерiн бiлмей желкесiн қасиды. Былайша, шалдың сөзi қисынды сияқты. Сөйтiп, сұңғыла қарт желөкпе жастардың өз бидайын өзiне қуырып берiп, пәледен құтылып кетiптi.

Айтпақшы, сол тұста хуңбейбiндер арасында өз әкесiн менсiнбей "Мен Маужушидың баласымын" дейтiндер көбейген. Соны естiген бiр қазақтың қаны көптен қайнап жүрсе керек. Бiр жиналыста баласы "Маужушидың баласымын" дегендi тағы қайталапты. Сонда әкесi шыдай алмай кетiп:

- Әй, ақымақ, өзiң не оттап тұрсың? Сенiң шешең Маужушимен ойнас болған ба, сонда? Ұлы көсем сенiң жаман шешеңдi не қылады? - дептi баласына оқты көзiн қадап.

Сол сөзi үшiн әлгi адам жетi жылға сотталғанын Нұртас өз көзiмен көрiп едi.
Әрине, "Мәдениет төңкерiсi" Нұртастың өзiн де сыбағасыз қалдырған жоқ. Көптен көлкiлдеп тұрған бiтеу жара бiр күнi жарылды. Оған себеп: аздаған молдалығы бар әкесi ауылда тұрушы едi. Белуарына түскен, өзiне көрiк берiп тұратын әдемi сақалы бар-тұғын. Бiр күнi әкесi аудан орталығындағы Нұртастың халiн бiлмек болып, қалаға келе қалмай ма. Көшеде хуңбейбiндер қартты ұстап алыпты да, сақал-мұртын қайшымен қиып, күзеп жiберiптi. Байқұс әкесi құйрық-жалы күзелген, асқа соятын жылқыдай шұнтиыпты да қалыпты. Нұртастың өзi танымай қала жаздаған. Сондағы әкесi марқұмның:

- Я, Жаратқан, мынадай қорлықты көрсеткенше, менi ертерек алғаның жақсы едi ғой! - деп зар еңiреп жылағанын көрсең!

Мына сұмдықты көргенде, Нұртас ызадан жарылардай болып, бiрден хуңбейбiндердiң аудандық штабына қарай жүгiрген. Бұдан ары не iстеп, не қойғанын өзi де бiлмейдi. Кейiн ұғынғаны: кеңседегi үстелдерiн төңкерiп, ұран жазылған плакаттарын жыртыпты. Қарсы шапқан бiрнеше хуңбейбiннiң мұрнын бұзыпты. Онымен де қоймай:

- Сендер - ешқандай да төңкерiсшi емес, Маоның айтақтаған итi, санасыз тобыр, қанiшер бандысыңдар! - дептi. - Халыққа, адамшылыққа, мәдениетке қарсы осындай төңкерiс бола ма екен? Танауларыңа мәдениеттiң иiсi бармайтын, шеттерiңнен надан, топассыңдар! - дептi. - Сендер қожаларыңның сойылын соғып болған соң, әлi-ақ иттей ұлып, далада қаласыңдар! - дептi.

Қойшы, әйтеуiр, айтпағаны жоқ, жыл бойы жиналған запыранды аямай бiр төгiптi. Нұртасты сол күнi-ақ қолға алған. Бiр айдай көше аралатып, "күреске" алды да, ақыры он жылға соттап, Тарым лагерiне айдап жiбердi. Ол жазалау лагерiнен 1976 жылы Мао өлген соң ғана босап шықты.

"Мәдениет төңкерiсi" арқылы өздерiнiң әлем жұртшылығы алдында тағы бiр рет оңбай масқара болғанын Қытайдың көзқарақты адамдары түгел-ақ сездi. Бiрақ "ұлы көсемдi" ашық айыптаған тағы ешкiм болмады. Бар кiнәны кейiнгi жылдар Саяси Бюроға мүше болып, Маоның қасынан табылған әйелi Жаң Шың мен күйеу баласы Яо Ван Юан бастатқан "Төрт бандыға" жапты да, ар жағын қазбаламай қоя салды. Маоның қалай өлгенi жайында нақты мәлiмет жоқ. Кейiнгi айларда миына қан құйылып, ел басқарудан қалса керек. Кiмнiң мұрагер екенi анықталмай, арты ырың-жырың дауға айналды. Егер қоғамға жеткiзген зияны, халыққа көрсеткен жәбiрi, жазықсыз жапа шеккен құрбандықтар санын есепке алса, әдiл сот үкiмiмен дарға асылатын нағыз қылмыскер диктатор Мао едi, амал не, қытайлар ата салты бойынша бұл жолы да өз билеушiсiн қорғап қалды.

Ой, сұмдық-ай, диктаторлар өлсе де халыққа кесiрiн тигiзiп жатады. Осы таяуда Солтүстiк Корея диктаторы Ким Чен Ир қайтыс болған. Теледидардан көрсеттi: жылап-еңiреп жоқтаған жас-кәрi, шашын жайып, бетiн жұлған әйелдер... Нұртас соларды көрiп отырып: "Ойпырмай, мына кәрiстер өз көсемдерiн сұмдық жақсы көредi екен-ау" деп ойлаған. Сөйтсе, соның бәрi бұйрықпен жасалған нәрсе екен. Кеше газетке шықты: көсемдi ойдағыдай жоқтамаған, дұрыстап жыламаған мыңдаған адам жұмыстан қуылыпты. Демек, диктатордың бүкiл тiрлiгi осындай жасанды қолпашпен өттi деген сөз ғой.

Нұртастың атажұртқа оралғанына он шақты жылдың ғана жүзi болды. Осы елдiң азаматтығын алса да, әлi де саясатқа сұғынып кете алған жоқ. Өйткенi саясаттан әбден тойған. Саясат десе, жүрегi май iшкендей кiлкiп тұрады. Бiреулер "көсем", "ұлт көшбасшысы" десе, "ел бастар серке" десе, аза бойы қаза болады... Бұл елдiң президентiнiң де таққа отырғанына жиырма жылдан асыпты. Бұл - өте көп уақыт қой, американдық өлшеммен бақандай бес президенттiк мерзiм. Өзiнiң не ойлағаны бар екен, айналасындағылар оны тақтан түсiргiсi келмейтiн секiлдi. Президенттiң төңiрегi толған миллионерлер мен миллиардерлер. Олар өздерiнiң асыраушысын жiбергiсi келмейдi. "Мәңгiлiк президент" ұранын көтерген де, сайлаусыз-ақ президенттiк мерзiмдi ұзартпақ болған да солар болса керек. Олардан басқа "елбасы", "көшбасшы", "ұлт көсемi" деген неше түрлi атауларды ойлап тауып, ел iшiне таратып жүргендер де - сол ортаның адамдары.

Осыларды естiгенде, табыну мен жағынудан әбден запы болған Нұртастың жүрегi тағы да зырқ ете қалады. Талай диктаторға бүркеншiк ат болған жаңағыдай жантық сөздерге қазақ президентiн қимайды. Айналасын қоршаған жемқорлар мен жағымпаздар президенттi жарға жыға ма деп қорқады.

"Тәуелсiз Қазақстанның тұңғыш президентi". Тарихқа алтын әрiппен жазылатын осы лауазымнан асатын атақ бар ма?! Ендеше, жағымпаздар жапсырған "көшбасшы", "ұлт көсемi", "партия лидерi" сияқты жасанды мансаптарға неге қызығады бiздiң президент? Әлде осының бәрi тақта отыру мерзiмiн ұзарту үшiн керек пе? Ал тақта екi мерзiмнен артық отырудың не қажетi бар?

Нұртастың пайымдауынша, ата жұртта демократия жағы тым тапшы. "Қазақстан азаматы көшеде шеру өткiзуге, алаңда митинг ұйымдастыруға ерiктi" деп ата заңдарында жазып қойғанына қарамастан, оған жол берiлмейдi екен. Әсiлi, Жаңаөзендегi трагедияның төркiнi - сол "жиын өткiздiрмеймiз" деген зорлықтан туса керек... Ақыры не болды? Жазықсыз халық қырғынға ұшырамады ма. Нәтижеде, Қазақстан бейбiт күнде өзiнiң халқына оқ атқан өкiметке айналып, дүниежүзi қауымдастығы алдында масқара болды.

Ой, сұмдық-ай! Бұл елде полицейлер ешкiмнiң бұйрығынсыз, халыққа өз қалауынша оқ жаудыра бередi екен. Талай қырғынды көрген Нұртастың қазақ қазақты қырғанын көргенi осы едi. Талайға дейiн есiн жия алмай есеңгiреп жүрдi.

Бәлкiм, соның әсерi болар, ол таяу күндерде бiр қызық түс көрдi. Астанада, "Ақорда" маңайы ма екен дейдi... Ақүй жақта мың-сан қарулы әскер тұрған секiлдi. Әскер алдында - өзiмiздiң елбасы.

Ал қарсы бетте ереуiлшi халық. Оның да санына көз жетпейдi. "Президент билiктен кетсiн" деген плакаттар көтерiп алған... "Ойпырмай, текетiрестiң соңы осыған әкелген екен-ау! - деп ойлады жанұшырған Нұртас. - Шынымен-ақ, қан төгiле ме? Әскер алдында президенттiң өзi тұр ғой, оқ атыла қоймас".
Дегенмен, не деп болады. Көптiң арасында кiм жоқ дейсiң? Әлдебiр ашынған жанкештi, немесе әлдебiр арандатушы... Солардың бiреуi шүрiппенi басып қалса!.. Нұртас осылайша жанұшырып қысылып жатып оянып кеттi.
"Түбi, менiң түсiм қайырлы болар. Оқ атылмады ғой" деп жұбатты ол кейiн өзiн өзi.

Нұртастың қатты қызығатыны - мiне, екi ғасырдан берi өзгермей келе жатқан Американың сайлау жүйесi. Президент сайлауы әр төрт жыл сайын кезегiмен келедi де отырады. Сайлауға қатарынан екi мәрте түсуге де болады. Жұрт көңiлiнен шығып, көп дауыс алсаң, сегiз жыл тақта отырасың. Одан артыққа жол жоқ. Екi мерзiмнен кейiн "бастары жаңа идеялар мен ұсыныстарға толы" келесi президентке орын босатуың керек. Айғай да жоқ, шу да жоқ. Бiреудiң даусын бiреу ұрлау да жоқ. Бейне, iскер машинист тепловозды белгiлi бекетке дейiн айдап келiп, кезекшiсiне өткiзiп бергендей ғана әсер аласың.
Әттең, дүние! Бiзге де сол Америкадағы секiлдi көсемсiз, дау-дамайсыз, ру таласынсыз, сыбайласқан ұры-қарысыз, еркiн өмiр сүретiн күн болар ма екен?!

*Маужуши Уан Сүй - қытайша: "төраға Мао мың жасасын" дегендi бiлдiредi.

Қабдеш Жұмаділов

Abai.kz ақпараттық порталында 2012 жылдың ақпанында жарияланған.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383