Жұма, 22 Қараша 2024
Не дейді?! 4330 3 пікір 27 Қаңтар, 2022 сағат 13:17

Хат-жауап: «Қырғи-қабақ соғыс» басталды

Бір ай бұрын Ресей НАТО-ға арнайы ультиматум қойып, өз талаптарын жолдады. Мәскеу қауіпсіздік кепілдігіне қатысты сөз қозғап, НАТО-ға қисынсыз талаптар қойды. Атап айтанда: «НАТО шығысқа жылжуын тоқтатып, Украина мен Грузияны ұйымға қабылдаудан бас тартуы тиіс», «НАТО посткеңестік елдерді ұйымға қабылдамауы қажет», «АҚШ пен Ресей өзге елде ядролық қару орналастырмауы керек», «НАТО шекарасы 1997 жылғы шекараға қайтуы тиіс», - деді. «Бұл Ресей үшін өлім мен өмір мәселесі», - деді ресми Кремль. 

Кремльдің ұсынысы бойынша НАТО және АҚШ-пен кездесулер өтті. 10 қаңтарда АҚШ пен Ресей арасында кездесу өтіп, тараптар келісімге келе алмады. 12 қаңтар күні НАТО мен Ресей арасында келіссөздер өтті. Тағы да нәтижесіз аяқталды. Кездесулерде АҚШ пен НАТО-ның жауабы бір болды: «Кез келген мемлекеттің таңдауы оның заңдық құқығы және оған Ресей әсер етпеуі тиіс». Бір сөзбен айтқанда НАТО-ға мүшелікке қабылдауды Ресей шешпейді. Кездесудің нәтижесі бойынша, АҚШ пен НАТО арнайы жазбаша жауап дайындап, Ресейге ұсынатын болды.

Қаңтардың 26 күні Ресейдегі АҚШ елшісі Джон Салливан Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне келіп, жазбаша жауапты табыстады. Салливан жазбаша жауаптың мәтінін ашып айтпады және Ресей тарапы да оны жарияламауы тиіс деп санайды. Дәл сол күні НАТО-ның да жазбаша жауабы берілді. Хат күйіндегі жауаптан кейін НАТО шұғыл жиын өткізіп, Ресеймен қатынасын талқылады.

АҚШ Мемхатшысы Энтони Блинкен жазбаша жауаптан кейін тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Қысқаша айтқанда Блинкен тезисті түрде былай деді:

«Біз берген жауапта жағымды тұстары да жетерлік. Сол тараптар бойынша Ресеймен жұмыс істеуге болады, әрине егер олар шынайы соны қаласа. Қазіргі уақытта АҚШ барлық мәселені дипломатиялық жолмен шешуге дайын, бірақ біз кез келген сценарийге дайынбыз. АҚШ пен Ресей арасындағы қауіпсіздік мәселесі бойынша әріптестік біз жолдаған жазбаша жауапта жазылған, сол бойынша жұмыс істеуге болады. НАТО болса ашық есік принципін сақтайды».

Артынша НАТО отырысы өтіп, НАТО басшысы Столтенберг бірнеше маңызды шешімдерді қабылдағанын айтты. Нақтылап айтқанда, НАТО «ашық есік» принципінен ешқашан бас тартпайды және Грузия мен Украинаның ұйымға қабылдануын олардың заңдық құқығы деп таниды. Егер Ресей бейбітшілік пен татулықты қалайтын болса, онда ол Грузия, Украина және Молдовадағы әскерін әкетуі тиіс. НАТО Шығыс Еуропа елдеріндегі әскер санын арттыратын болды және одақтастарға қару мен өзге де көмек беруді жалғастырады. АҚШ өз тарапынан Шығыс Еуропа елдерінің әрбіріне мың арнайы жасақтан аттандыруды жоспарлап отыр.

Әрине, бұл жауапты Ресей саясаткерлері «бізді мазақ етті» деп шулап жатыр. Олар қарсы жауап ретінде Украина шығысындағы бүлікшілер қолындағы аймаққа ресми қару беріп, жауап қатайық деп отыр. Бір қызығы бұл ұсынысты Мемдумада қырқысып жататын барлық партиялар құптай кетті. Аталмыш мәселе бойынша соңғы шешім Путинде.

Медведев болса ядролық қару жайлы сөз қозғады.

«Біздің ядролық күштерді қолданып жауап беруге толық құқығымыз бар, егер біздің одақтастарымызға немесе бізге ядролық соққы жасалса, жаппай қырып жою қаруын қолданса және біздің еліміздің тұтастығы мен өміршеңдігіне қауіп төнсе әрине қолданамыз. Бұл мәселені шешуге бағытталған формула десек те болады», -  дейді бұрынғы «қуыршақ президент». Оның ойынша, Ресей Куба мен Венесуэлада әскери база орнатуы әбден мүмкін, бұл бойынша арнайы келісімдер де жасалған. Алайда, Медведев НАТО мен Ресей ашық соғыспайды деп есептейді, себебі ондай қақтығыс нағыз апатты жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Тараптар осылайша жаңа қырғи-қабақ соғыстың тұсауын кесті. АҚШ алдағы уақытта жаңа санкцияларды енгізетінін ресми мәлімдеді, ал Ресей Украина шекарасының маңына әскери күшін топтастыруды жалғастырмақ.

Ка Мырза

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292