Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 4251 16 пікір 31 Қаңтар, 2022 сағат 15:17

Президент сұхбатын сәл сараласақ...

Президент көптеген сұрақтарға белгілі деңгейде көңіл көншітерлік жауап берді. Бастысы – сөзінен Назарбаеа кланымен ат кекілін кесіскені сезілді. Дегенмен көкейде жүрген біраз сауалдарға жауап ала алмадық. Оларға тергеу қорытындысы шыққаннан соң бір-ақ жауап беретінін аңғартты. Оны да күтеміз. Егер алдағы уақта жауап бермесе, Назарбаев сияқты өтірікші болары хақ. Ол өзіне қатер. Қазақ өзін отыз жыл алдаған бір суайттан әзер құтылғанда ендігі өтіріктерге төзе алмайды. Тоқаевқа ендігі қалғаны – сөзінде тұру. Егер сөзінде тұра алмаса – мұның соңы зор әлеуметтік дүмпулерге әкеп соқпақ.

Президенттің жүзінде өзіне деген бек сенімділік, неге де болса тас түйін бекінгендік бар. Не бел, не белбеу кетеді деп нар тәуекелге бел байлағаны байқалады. Тек мұнысы саяси албырттық болып шықпасын дейік. Еліміз қазір өте күрделі кезеңді бастан кешіруде. Осы тұрғыда Президент халықтың көңіліне қарауды ұмытпағаны абзал. Дәл қазір халыққа жылы және шын сөз керек. Мәселен бүгінгі сұхбатында: "Қаңтар қырғынында жазықсыз құрбан болғандардың отбасына көңіл айтамын. Мемлекет тарапынан марқұмдардың артында қалған отбасыларына моральдік, әлеуметтік көмектер көрсетіледі", – деп ел күткен сөзді айту керек еді. Айтпады. Мұнысы дұрыс болмады. Келесі мәлімдемесінде айтады деп сенеміз. Айтпақшы, ең ұнамағаны – күлімсіреп сөйлеумен болды. Мұнысын халыққа көрсеткен қыры деп, ұғып жатқандар бар. Неше жерден өзіне сенімді болса да, былай істемеуі керек еді. Ел қайғы жамылғанда, ер күлмейді. Мұнысы әбестік енді.

Елдің көңілін су сепкендей басқан келесі бір мәселе – сұхбаттың орыс тілінде жүруі. Бұл – әлеуметтік желілерде елдің наразылығын, тіпті ашу-ызасын тудыруда. Қазіргі қазақ тілінің ахуалы аңшылар тығырыққа тіреген жаралы жолбарыс сынды. Атылса – биліктің бетін алып түскелі тұр. Тіпті майып қылуы да кәдік. Мәселен, соңғы болған тағайындаулар халықтың көңілінен шыққан жоқ. Басқа ұлт өкілдері мемлекеттік лауазымдарға тағайындалмасын демейміз, тағайындалсын, бірақ мемлекеттік тілді білуі шарт. Сондықтан мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде Президентке өте абай болғаны абзал. Өйткені мемлекетті түзуші халық – қазақтардың үлес салмағы соңғы санақ нәтижесі бойынша 70 пайыздан асқан. Ал мұндай моноұлтқа айналып келе жатқан халыққа былай орысша шүлдірлей берген еш болмайды. Біздің шенеуніктерге ресейшіл көңіл-күйден арылу керек. Бұл да зор қатер. Соңғы кездері Ақ Орданың саяси атмосферасында осы ахуал басым. Әрине, көршімен тату қарым-қатынас ұстанған жақсы, бірақ олардың саяси-экономикалық өктемдігіне мүлде жол беруге болмайды. Өкінішке қарай, соңғы кезде ақырындап Ресейдің жетегінде кетіп барамыз, мұның соңы неоотаршылдыққа ұласпасына кім кепіл? Президенттің бүгінгі сұхбатының негізгі кемшілігі осы орыс тілінде сөйлегені болды. Тым болмағанда, қос журналистке – қазақ, орыс тілдерінде жауап бергені жөн болар еді. Президенттің қазақ тіліне келгенде ыңғайсыздану комплексі бар екенін білеміз. Бұдан арылу керек. Шешен сөйлемесе де, қазақ тілін тәп-тәуір меңгергені сөйлеген сөздерінен мәлім. Ендеше, бүгінгісіне не жорық? Туған тілінде сөйлеу Президентке барьер болмауы тиіс.

Экс президенттен бір айырмашылығы – бұрынғы мен бүгінгі мәлімдемелерінде көтеріңкі пафос жоқ. Елдегі болып жатқан барлық ситуацияларды президент ретінде көріп отырғандығы әрі оларды шешудің жолдарын білетіндігі сезіледі. Өзін нық, орнықты ұстауы осындай ой түюге жетелейді. Бұл жақсы, дегенмен халықтың сеніміне ие болу бір басқа. Халық сенімі зор күш. Ол үшін тағы да айтамын, сол халықтың арман-аңсарын аңдап, сол халықтың тілінде сөйлеуі шарт. Егер сөйлемесе, бұл проблемаға назар аудармай қойса... айтудың өзі қорқынышты.

Бұдан былай Президент мемлекеттік тілдің беделін көтеретін пәрменді шараларды жүзеге асырады әрі өзі де қазақ тілінде сөйлейді деп үміттенеміз. Үміт үзілмейді, дегенмен әр нәрсенің шегі болады.

Ерлан Төлеутай

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036