Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 4308 0 пікір 2 Ақпан, 2022 сағат 11:54

Халық Комиссары Шайхы Әбішев хақында...

Алғашқы Балық өнеркәсібі Халық Комиссары - Шайхы Әбішев 

Әр қоғам адамын заманынан, ол еңбек етіп, өмір сүрген уақыттан бөліп қарауға болмайды. Сондай абзал да, еңселі азаматтарымыздың бірі – Қазақ КСР Балық өнеркәсібі Халық Комиссары Шайхы Әбішев.

Оның қайнаған қазандай қызу өмірі жемісті де жетістіке толы өтті деп сеніммен айтуға болады. Саналы өмірінің басым бөлігі Қазақстан көлемінде жауапты, лауазымды, басшылық қызметтерде өтіп, ұзақ жылдар бойы еліміздің балық өнеркәсібі шаруашылығында еңбек етіп, артына өшпес әрі өнегелі із қалдырған тұлға. Халқының, айналасындағы адамдардың, жора-жолдастарының, ағайын-туғанның сый-құрметіне бөленді. Жастайынан бастан кешкен ауыр бейнет, соғыс жылдарындағы ел қайғысы Шайхы Әбішевті үнемі жігерлендіріп, халық мүддесі жолында еңбек етуге тәрбиелегені сөзсіз.

Халықтың көңілін таба басқарып, өзіне жүктелген міндет пен шаруаны тиісті дәрежеде биіктерге көтеріп отыруға зор ұйымдастырушылық және біліктілік пен білгірлік аса қажет. Ал, мұндай қасиет пен қабілет-қарым адамның бойына өмірден көре, көңілге түйе жүріп, үйрене қалыптасады. Қандай басшылық қызмет істесе де қарапайым халық Шайхы Әбішұлының іскерлік қабілетіне тәнті болып, таныды. Сол кезеңдерде халық шаруашылығын басқару қиын жағдайларда жүргізілгені белгілі. Барша халықтың басына түскен аса ауыр қиыншылықтан кейін жөнге салу, мемлекет пен партия талабына сай іс жүргізу қиынның-қиыны еді. Сондай ауыртпалықты қиналмай көтере білген атпал азаматтардың бірі – Шайхы Әбішев болатын.

Архив қорларындағы 1952 жылдың 2 ақпан күні өз қолымен толтырған автобиографиясына назар аударайық (Атырау облысы мемлекеттік архиві (АОМА), 193 қор, 1тізім,72-іс, 6п). Шайхы Әбішев 1894 жылы қыркүйек айында қазіргі Атырау облысы (бұрынғы Гурьев), Құрманғазы ауданы (бұрынғы Теңіз),   Мақаш ауылында (бұрынғы Морской) қарапайым балықшы отбасында дүниеге келген. 1913-1919 жылдар аралығында көзін ашқалы көрген балық аулаумен айналыса бастады. 1919 жылы Теңіз округі ақ гвардияшылардан біржолата тазартылғанннан кейін, ол шаруашылық жұмыстарына белсене араласады.  Сол жылы жаңадан шаңырақ көтерген  Волга-Каспий мемлекеттік балық трест мекемесіне жұмысқа орналасады. Бұл мекемеде 1926 жылға дейін наводчик және нұсқаушы болып жұмыс жасады. 1927 жылы науқастығына байланысты уақытша жұмыстан қол үзеді. 1928 жылы Морской ауылында құрылған тұңғыш «Төңкеріс» ұжымшарын ұйымдастырушылар сапында болады.

1930 жылы қаңтарда өткен Бүкілодақтық ұжымшар мүшелерінің бірінші кеңесінде, ұжымшар құрылысындағы балық кәсіпшіліктерінің кооперацияға бірігуінің маңызы зор екендігі аталып өтті. Осы кеңестің шешімдеріне сәйкес көптеген балық кәсіпшіліктері ұйымдық кәсіпорындарға бірікті. Мысалы, «Красный Каспий» (Ганюшкино (қазіргі Құрманғазы) селосы), «Красный Урал» (қала бойынша), «Красное Знамя» (Зеленый (қазіргі Көктоғай) селосы), «Свободный труд» (Редут (қазіргі Аққайың) селосы) сияқты балықшы ұжымшарлары құрылды.

Балық кәсіпорындарын құру жолында еңбектене жүріп Әбіш Шайхыұлы 1931 жылы партия қатарына өтеді. 1931-1938 жылдары Жайық-Каспий мемлекеттік балық аулау тресінің жүзбелі зауыттарында директордың орынбасары, кейін Жылыойдағы № 7 жүзбелі (Шаланды) зауытта директор болып, өлкедегі балық өндірісінің дамуына өз үлесін қосты. 1932 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралықтарында Гурьев қаласындағы әкімшілік-шаруашылық курсында оқыды.

КСРО Тамақ өнеркәсібі Халық Комиссары А.Микоянның 1935 жылдың 9 қыркүйектегі № 1626 бұйрығымен Жайық-Каспий мемлекеттік балық аулау тресінің балықшыларын І-ші жарты жылдыққа жоспарланған балық аулау жоспарын асыра орындағаны үшін Ш.Әбішев (№ 7 жүзбелі зауыты), Байтереков (Шортанбай балық зауыты), Глебов («Краснорыбный» комбинаты), Г.И. Хазанов (Флот басқармасы), Киселевтарды (Трест басқармасының орынбасары) аңшылық мылтық  және айлық көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапаттаған. Трест меңгерушісі Евдокимовтың 1938 жылдың 22 желтоқсандағы бұйрығымен Шайхы Әбішев «Қазбалық» тресі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Ол осы қызметте жүріп Гурьев, Маңғыстау бойы, Баутино балық аулау базасы, Қазақстан және Әзірбайжан балықшылары арасындағы іскерлік әріптестік байланыс, өндірістік базаны нығайту, мамандардың өзара тәжірибе алмасу, мамандық жетілдіруіне ерекше көңіл бөлді.

1938 жылы елімізде жүргізілген алғашқы сайлауда Ш. Әбішев Қазақ КСР-ы Жоғары Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып ұсынылады.  Ол Гурьев облысының Жылыой ауданындағы № 1,7 балық зауыттарының, «Эмбагидрострой» жұмысшылары мен қызметкерлері, Жылыой аудандық партия және атқару комитеті, Қазақ КСР Ішкі істер Халық Комиссариатының аудандық бөлімі, балық-кооперативінің қызметкерлері және «Жаңа тұрмыс», «Қызыл ту», «Қызыл қала», «Красная Эмба», «Красный Каспий», «Бірлік», «Ақкиізтоғай», «Қарасу», «Қараша», «Қазақстан», «Бірлік таңы», «Құмтоғай», «Аратөбе», «Алға», «Кеберкөл», «Жаңа жол», «Қызылшалы», «Сталин», «Исаев», «Амангелді» атындағы ұжымшарларының жалпы жиналысында кандидат болып еді. Ақыры Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне Гурьев облысының №157 Жылыой сайлау округі бойынша депутат болып сайланды (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (ҚР ОМА),  1109 қор, 5 тізім, 11-іс; 1109 қор, 5 тізбе, 21-іс, 57 артқы п; 64 п). 1939 жылы Москва балық өнеркәсібі институты жанындағы қысқа курсын бітіреді.

1939 жылдың наурыз айынан 1941 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақ КСР Балық өнеркәсібі Халық Комиссары қызметінде болды. Ол республикада балық өнеркәсібін жеке сала ретінде дамытудың алғашқы ізашар басшысы болды.

1941 жылдың 11 қыркүйекте  Гурьев облысы комитетінің хатшысы Бекжановтың партияның Орталық комитетіне ұсынысымен  Ш.Әбішев  Гурьев моторлы балық станциясының директорлығына бекітілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында тыл еңбеккерлері Ш.Әбішевтің басшылығымен балық шаруашылығын нығайту, Қызыл Армияны, елімізді сапалы да құнарлы балық өнімдерімен қамтамасыз етуде жанқиярлықпен еңбек етті. Жайық-Каспий алабының балықшылары сол бір қаһарлы жылдарда да жанқиярлықпен жұмыс жасады. Ұжымшар балықшылары белгіленген жоспарды жыл сайын артығымен орындап, олар майданға 30-40 мың центнер балық аулап тапсырып, Отан Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Соғыс жылдарында өлкеміздің балықшылары есте қаларлықтай ерлік еңбектің үлгісін көрсетті. Бұл жылдары балықшылар арасында көптеген тәжірибелі ұйымдастырушы кадрлар өсіп жетілді. Мысалы, Ш.Әбішев, Т.Еруханов, С.Қосыбаев, И.Я.Цепляев, Х.Өтегенов, К.Есжанов,  А.Әшімов, Қ.Жұмақанов, Е.Жазықбаев, Ф,Филиппов т.б. кадрлар өлкеге белгілі болды.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.А.Скворцов және Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа Ш. Әбішев 1942 жылы 3 қазанда рапорт жазған. Осы рапортында «Гурьев моторлы-балық станциясы ұжымы балық аулаудың жылдық жоспарында көрсетілген 104,7 пайызды, ІІІ тоқсанда 208,5 пайызға  артығымен орындады. Ұлы Октябрь мерекесінің 25 жылдығына ұжым мүшелері жоспардан тыс 5 мың центнер балық аулауды міндетіне алды», - деп жазды.

Соғыстан кейінгі жылдары балық өнеркәсібін одан әр дамыту бағытында Қазақ үкіметі «Балық өнеркәсібін дамыту шаралары туралы» қаулысын қабылдады. Қаулыны орындау үшін балық шаруашылығы саласына білікті басшылар аса қажет болды. Осыған орай 1945 жылдың 24 қыркүйегінде Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресінің меңгерушісі Ротань Ш.Әбішевке берген мінездемесінде «ж. Ш.Әбішев  өндірістік шаруашылықты практик ретінде жетік меңгерген. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Басшылық қызметтерді атқарған. Өзіне берілген тапсырмаларды аса мұқият және мерзімінде орындайтын шаруашылық маманы. Қазіргі уақытта Бақсай балық-моторлы зауытының директоры қызметін атқаруда және өз қызметіне лайықты», - деп жоғары бағалайды (Атырау облысы мемлекеттік архиві, 193 қор, 1тізім,72-іс 16 п).

Өмір тәжірибесі мол, көргені мен түйгені көп, өзен-көл, теңіз табиғаты, балық тіршілігін өте жетік білетін балық өнеркәсібінің майталман маманын 1946 жылы Қарағанды облысындағы Балқаш мемлекеттік балық тресі меңгерушілігіне тағайындайды. Республиканың ішкі су қоймаларындағы балық аулау жоспарын асыра орындағаны үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовтың Балқаш мемлекеттік балық тресі меңгерушісі Ш.Әбішевке құттықтау телеграммасын жіберуі, оның еңбегін жоғары бағалағандығы деп түсінуге болады. Бұл қызметті абыроймен атқарып, 1948 жылдың наурызында Бақсай балық-моторлы зауытының директорлығына тағайындалады. Шаруашылық қызметінде жүрсе де республиканың партиялық-мемлекеттік бақылау органдарының жұмысына белсенді қатынасты. Москвадағы орталық сырттай оқу балық өнеркәсібі институтының директоры П.Жерненконың  1951 жылы 17 ақпандағы Ш.Әбішевке жіберген қатынас қағазынан пайымдайтынымыз. Оның Москвадағы орталық сырттай оқу балық өнеркәсібі институтының инженер-техник қызметкерлерінің білім жетілдіру факультетінде инженер-ұйымдастырушы мамандығы бойынша білім алғандығы  (Атырау облысы мемлекеттік архиві, 193 қор, 1тізім,72-іс 34 п).

Жасы алпыстан асқанда  Арал мемлекеттік балық аулау тресініңдегі басшылық қызметін тапсырып, туған жеріне оралды. Оған республикалық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындалды. Еліне сіңірген елеулі еңбегі үшін үкімет тарапынан Шайхы Әбішұлы 1954 жылы Ленин орденімен марапатталады. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасы берілді. Қазақстандағы балық өнеркәсібінің майталманы Шайхы Әбішев 1969 жылы  Кудряшов ауылында қайтыс болды. Мемлекет, қоғам қайраткері Ш.Әбішевтің қайтыс болуына орай Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрлігі жіберген көңіл айту жедел хатында Қазақстанның балық өнеркәсібінің бастауларында тұрған талантты ұйымдастырушы,  ұлағатты басшы, еңбек ардагерінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап өтеді.

Көзкөргендер қоғам және мемлекет қайраткері Ш.Әбішевтың өмірде кіршіксіз тазалығын, қара басының қамын қоғам мүддесінен биік қоймайтын, өмірде мейлінше қарапайым болғанын асқан ризашылықпен еске алады. Мысалы, 1960 жылдары Теңіз ауданы еңбекшілер депутаттары Кеңесі атқару комитетінің төрайымы болған, Атырау қаласының Құрметті азаматы М.Сабырова «Шайхы ағаның Кудряшев селолық кеңесінде ақшасыз, пұлсыз штаттан тыс төраға болып, ауылдастарының мәселелерін шешуде сол төрағаның өзінен де беделдірек екендігі жайлы алып-қашпа әңгіме оралып, оның үстіне соңғы 5-6 ай бойы Кеңес төрағасының ауырып қалғандығы, барлық жұмысты Шайхы ағаның атқарып жүргендігін қаперге салып, «Аға, сіздің соңғы бес-алты айдағы еңбегіңізге жалақы төлегелі отырмыз» дегенім ғой... қария шошып кетті.

- Жо... жо... жоқ, мен зейнеткермін. Өзіме жететін тиын-тебенім бар. Ал менің жасаған көмегім жайлы айтсақ, кез-келген арлы азаматтың қоғамға пайдалы еңбек етуі – абыройлы борыш. Оған қаражат сұрау – қанағатсыздық, ашкөздік, - деп бірдеңені бүлдіріп алған кісіше тезірек кетуге асықты».

- Аға, ол бәрі де заңды, еш оғаштығы жоқ нәрсе ғой...

- Жо... жо... жоқ, ондай әңгімені қозғап неғыласың, керегі жоқ», менімен қоштасты да бөлмеден шығып кетті. Мен таңданған күйі отырып қалдым» - дейді.

Бұрынғы ұжымшар басқармасының төрағасы, еңбек ардагері П.Сутырин «Менің Шайхы Әбішұлымен алғаш танысуым 1962 жылдан басталады. Мен ұжымшарға төраға болып сайландым. Ешкімді танымаймын. ...Село шетіндегі шағын ғана тоқал тамнан шығатын ересек қарияның күнбе-күн ертелетіп, әр үйге соғып, содан соң селолық кеңес кеңсесіне қарай кетіп бара жатқанын көретін едім. Шыны айтсам, мені қызықтырғаны – оның қызмет жасындағы адамдардан кәдімгідей ересектігі,  болмаса қызметке ерте келіп, кеш қайтатындығы да емес. Ол кісінің елден ерек ірі дене бітімі, жасы келсе де еш еңкеюді білмей, қашанда тіп-тік, аршындап кең адымдап жүруі еді. Әуелгіде кәдімгідей таңдандым. Содан соң бұл алыптың аты кім, не істейді деген ой келді. Біреулер бұл кісінің бір кездері Қазақ Республикасының алғашқы Балық өнеркәсібі министрі (халық Комиссары) екенін айтты. Әрине, министр, оның үстіне алғашқы дегесін қызығушылық танытасың ғой. Ақыры жақындасу, білісудің реті келді. Тегінде мұндай адамды өміріңізде көрдіңіз бе, әй қайдам?! Және ол кісінің қызметі қандай дейсіз ғой, анау-мынау емес, селолық Кеңестің штаттан тыс төрағасы. Төрағасы бар, бірақ оның негізгі жұмыстарын осы кісі атқарады, тіпті кейде Кеңес сессияларын да  бұл кісі өткізе береді. Әйтсе де, ол кейбіреулердей басшылық билігіне араласып, өзінің бір кездегі Балық өнеркәсібі министрі, ішкі сулар моторлы-балық стансылары басшысы болғандығы билігін пайдаланбайды. Дауыс көтеріп, дауласып та жатпайды. Барынша қарапайым, көпті көрген, істі білетін жан ретінде қозғалатын тақырып бойынша сөз қозғап, мәселені мәніспен шешетін. Соған сай шешім де дұрыс, қаулысы да қалыпты болатын. Ол ылғи да өзі өмір сүріп, тұрып жатқан ауылдың гүлденуі, азаматтарының өз істеріне адал және мемлекет алға қойған міндеттерді қайткенде де орындайтын жандар болуын қалайтын, сол үшін жұмыс істеді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей ертең ерте жұмыс уақыты басталғанға дейін күн көрісі төмен, асыраушысы жоқ жандардың үйлеріне кіріп, жағдайларын білетін. Отын-суы бар ма, аула-қорасы таза ма? Балалары не отағасы соғысқа кетіп, қу тізесін құшақтап қалған аурулы, әбден қартайған кейуаналармен сырласатын, соларға көмек бергенше асығатын. Ауласында құсы, бірер-жар малы бар қарияларға жемшөп жеткізу, құрама жем, өздеріне астық, секер-шай алуға қол ұшын беретін. Міне, мен білетін алғашқы балық өнеркәсібі министрі Әбіш Шайхұлы осындай еді...».

Атқарған істері, қалдырған іздері мәңгілік тарихқа жазылған ардақты азаматтар ел тарихында өз орындарын алатындығы сөзсіз.

Аққали Ахмет,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау  университеті,
тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340