БЕРГЕЙ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ БАЙБАЛАМ
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев орнынан кеткелі бері ол туралы жөні түзу ақпаратты біле алмай келеміз. Ресми орындардың айтары тек аталған өңірде бұрынғы басшылықтың кезінде орын алған жалпы былықтар ғана. «Ешкім қамауға алынған жоқ, тек тексеру жүріп жатыр» деп сендірді о баста. Бірақ тұтқындаулар көп күттірмей басталып та кетті. «Атырау ісі» бойынша бірінші болып облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жайсаңов құрыққа ілінді. Оны бұл қызметке өткен жылы бұрынғы әкім тағайындаған екен. Ал көпшілік қауым сол Бергей Рысқалиевтің өз тағдыры туралы нақты білгісі келеді. Әрине, міндетті түрде тұтқындалғанын немесе шетел асып кеткенін емес, қазіргі хал-жағдайының қалай екенін. Алайда оның орнынан алынғанына бір ай болса да, еш жерде нақты мәлімет жарияланбай жатыр. Естеріңізде болса, Атырау облысын алты жылға жуық басқарған Бергей Сәулебайұлының қызметтен қалай кеткенінің өзі сан-саққа жүгіртілді. Біресе «басқа жұмысқа ауысуына байланысты», біресе «денсаулығына байланысты» дедік. Ақыр аяғында оның және депутат інісі Аманжан Рысқалидың қайда кеткенін де біле алмай, сабылып қалдық. Осы інісінің Парламент мәжілісіндегі жиындарға келмей жүргенін де жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр. «Екеуі де Бурабайда үйқамақта екен» деді, одан соң «үйқамақтан босатылыпты екен» деді.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев орнынан кеткелі бері ол туралы жөні түзу ақпаратты біле алмай келеміз. Ресми орындардың айтары тек аталған өңірде бұрынғы басшылықтың кезінде орын алған жалпы былықтар ғана. «Ешкім қамауға алынған жоқ, тек тексеру жүріп жатыр» деп сендірді о баста. Бірақ тұтқындаулар көп күттірмей басталып та кетті. «Атырау ісі» бойынша бірінші болып облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жайсаңов құрыққа ілінді. Оны бұл қызметке өткен жылы бұрынғы әкім тағайындаған екен. Ал көпшілік қауым сол Бергей Рысқалиевтің өз тағдыры туралы нақты білгісі келеді. Әрине, міндетті түрде тұтқындалғанын немесе шетел асып кеткенін емес, қазіргі хал-жағдайының қалай екенін. Алайда оның орнынан алынғанына бір ай болса да, еш жерде нақты мәлімет жарияланбай жатыр. Естеріңізде болса, Атырау облысын алты жылға жуық басқарған Бергей Сәулебайұлының қызметтен қалай кеткенінің өзі сан-саққа жүгіртілді. Біресе «басқа жұмысқа ауысуына байланысты», біресе «денсаулығына байланысты» дедік. Ақыр аяғында оның және депутат інісі Аманжан Рысқалидың қайда кеткенін де біле алмай, сабылып қалдық. Осы інісінің Парламент мәжілісіндегі жиындарға келмей жүргенін де жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр. «Екеуі де Бурабайда үйқамақта екен» деді, одан соң «үйқамақтан босатылыпты екен» деді. Оңған ресми мәлімет болмаған соң осылай болуы, әрине, заңдылық. Әр тұстан түрлі болжамның шеті шығып жатыр ғой. Оның бір де бірін ресми орындар растаған жоқ. Ал біз, тегі, сәуегейлік жасамай-ақ қоялық. Күндердің күнінде биліктің өзі Бергейге қатысты бір үлкен жаңалықты бұрқ еткізеді. Сабыр сақтап, соны күткеннен өзге амалымыз жоқ.
Алғашқы тұтқындаулар
Ал әзірге мұнайлы өлкеде бюджеттің 6 миллиард теңгесін қалтасына басып алғандарды құзырлы орындардың өкілдері жатпай-тұрмай тексеруде. Әрине, Рысқалиев орнынан алынғаннан кейін аталған өңірге сау етіп барған Астанадағы мүйізі қарағайдай мекемелердің басшылары ортақ қазынаға қол салғандардың кімдер екенін бірден жария еткен жоқ. Тек кейінірек алғашқы есімнің аталғаны жөнінде жоғарыда айтып өттік. Яғни облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жайсаңовқа «Өзгенің мүлкін меншіктеу және талан-таражға салу» бабы бойынша ресми айып тағылды. Ары қарайғы мән-жайы тағы айтылмайды, әрине. Бірақ ол әлгі 6 миллиардтан сәл сыбаға тигендердің бірі ме деп болжап отырмыз. Бұдан кейін аталған облыстың бұрынғы әкімдігіндегі жемқорлық іске байланысты облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукенов үш тәулікке қамауға алынды.
Есесіне, Атырау қаласының экс-әкімі әрі облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Сәлімжан Нақбаев пен оның көмекшісі Қалыбек Хайруллин бостандыққа шығарылды. Биыл көктемде жүгенсіздікке жол берді деген айыппен Нақбаев 4 жылға, Хайруллин 2 жылға сотталған еді. Бұған Президентке Нақбаевтың Атырау облысы әкімдігіндегі былықты әшкере ететін хат жазуы себеп болған. Осыдан кейін еліміздің Жоғарғы Соты оны көмекшісімен бірге ақтап шығарды.
Бергей туралы бір мысқал
Бір ай бойы талай кісінің ұйқысын қашырып, құқық қорғау мекемелерінен гөрі ақпарат құралдарының «аңдуына» көбірек түскен Бергей Рысқалиевтің өзі кім еді? Өмірбаянына қарасақ, 1967 жылы қазіргі Атырау өңіріндегі Мақат елді мекенінде дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Біраз жылдар бойы мұнай компанияларында жұмыс істепті. Ал шенеунік ретіндегі қызметі 2003 жылы Атырау облыстық мәслихатының хатшысы болуынан басталады. Одан кейін осы облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі қызметтерін атқарған ол 2006 жылдың қазанында облыстың әкімі боп тағайындалған. Айта кету керек, бұл кезде оның жасы қырыққа әлі толмаған. Сосын, өмірбаянындағы «отбасылық жағдайы» деген жерде тек «үйленген» деген жазудан басқа ештеңе жоқ.
Атқа қонып тұрған кезінде де ол туралы талай сыпсың болды. Өсек-аяңды жария етіп қайтеміз, тек биыл жазда айтқан біртүрлі мәлімдемесінің біраз дау тудырғаны есімізде. Бергей Сәулебайұлы өңірдегі мұнай-газ компаниялары өздерінің ведомстволық балабақшаларын салып алсын деді. «Біз осы мәселені ірі мұнай-газ кәсіпорындарының басшыларына жеткіздік. Егер орындамаса, мынадай шешім қабылдаймыз: ірі кәсіпорын жұмысшыларының балаларын мектепке дейінгі мекемелерден шығарып тастау жөнінде тапсырма бердім» дегенді тағы қосып қойды. Әрине, мұндай мәлімдеме назардан тыс қалған жоқ. Белгілі саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов басқаратын Әлеуметтік серіктестік орталығы («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жанындағы) Бас прокуратураның Рысқалиевтің осы сөзіне құқықтық баға беруін өтініп, бұл әлеуметтік араздықты қоздырады дегенге келтірді. Бірақ Бергей сол кезде айтқанынан қайтпайтынын жеткізді. Бизнес саласы, соның ішінде мұнай-газ кәсіпорындары әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге міндетті екенін шегелеп атты. Алайда бүгінде сол дегеніне қол жеткізе алмай биліктен кеткеніне куә болып отырмыз.
Күйеубаланың досы
Атырауда алдыңғы аптада «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалының жиыны өткені мәлім. Соған қатысқан еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев облыстағы түрлі нысандарды салу мен жөндеуге мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген 120 миллиард теңгені бір ғана топқа жататын бірнеше компанияның ұтып алғаны туралы дерек келтірді. Ол кезде бас қадағалаушы мекеменің басшысы «осы топқа иелік етіп отырған кәсіпкердің атын тергеу мүддесі үшін» деп атамаған еді. Бірақ артынан ол да белгілі болды. Жергілікті «Ақ жайық» газетінің облыстық әкімдіктегі ақпарат көздері бұл кісінің кім екенін айтып беріпті. Ол - облыстық мәслихат депутаты Владимир Пак. Білетіндер оның жеке құжаттарын өзгерткенге дейінгі аты Вадим екенін айтады. Сондықтан, бұл кәсіпкер туралы сөз болғанда көпшіліктің шатасып қала беретін жайы бар. Ал есімін не үшін өзгерткені белгісіз. Жарайды, есімін қайтеміз, оның иелігіндегі фирмалардың тізіміне қараудан-ақ көз сүрінеді: «УС-99» ЖШС, «АтырауИнждорстрой» ЖШС, «АТГ Құрылыс» ЖШС, «МұнайҚұрылысСервис ЛТД» ЖШС, «Азия-маркет С» ЖШС және тағы басқа бірнеше компания. Бас прокурор айтқан 120 миллиард теңгенің жұмысын атқару құқығын иеленген компаниялар осылар.
Владимир (Вадим) Пактың өзі кәсіпкер, Б.Рысқалиевтің күйеубаласы Рүстем Әлибақасовтың жан досы боп келеді екен. Осы достар соңғы жылдарда жарияланған ірі тендерлерді өзара бөлісіп келіпті.
Қайран, «Алтын орда»!
«Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген мақалдың бұл жағдайға қаншалықты қисыны барын білмеймін, әйтеуір, Бергей төңірегіндегі байбаламнан кейін Атырауда шығатын екі бірдей республикалық газеттің журналистері түгел жұмыстан кететіндерін мәлімдеді. Олар - «Алтын орда» және «Тұран». Әзірге бұлардың әрі қарай шығатын-шықпайтыны белгісіз. «Рысқалиев айналасындағы жағдайға тікелей байланысы бар ма?» - деген сауалға да мардымды жауап таба алмайсыз. Тек «Алтын ордадан» кеткен ұжымның 30 тамызда жариялаған ресми мәлімдемесі мынадай: «Республикалық тәуелсіз «Алтын орда» газеті өзі шыға бастаған он жылдан астам уақытта мыңдаған оқырманның сүйікті газетіне айналды. Осы жылдарда газеттің мықты тілшілер корпусы, жақсы базасы қалыптасты. Бірақ соңғы күндерде газеттің құрылтайшыларымен арадағы келіспеушілікке байланысты газет бүгінгі күннен бастап шығуын тоқтатты. Себебі, құрылтайшылар халық арасына іріткі салатын түрлі ашық хаттарды газетке жариялауды талап етті. Осыған келіспегендіктен, ұжымымызбен жұмыстан шығамыз деп шешім қабылдадық. Әрине, бұл қалыптасқан ұжым үшін оңай болған жоқ. Бірақ «Алтын орда» РТГ ЖШС директоры, газеттің бас редакторы және журналистер қауымының шешімі осы болды».
О баста Ақтөбеде тұсауы кесілген басылымдар енді қайтадан сол өңірде басылатын болады деген де ақпарат бар. Ал кеткен журналистер қазір басқа жұмысқа жайлап орналасып жатыр екен. Мұны бізге «Алтын орда» газетінің бұрынғы Бас редакторы Нұрлан Қабылов хабарлады. Ал осы басылымның алғашқы Бас редакторы, белгілі көсемсөзші, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы газеттің кейінгі кездегі бағыт-бағдарына риза емес. Ол бұл тұрғыдағы ойын «Жас қазаққа» былай деп жеткізді: «Газет облыстық деңгейге түсіп қалды. Өйткені, баяғы контингент жоқ, баяғы идея жоқ. Жай бір уәлаяттық газет болып қалды. Республикалық деңгейдегі басылым ретінде ол әлдеқашан өлген. Тіпті ол қазір біздің Ақтөбеге де келмейді». Расымен де «Алтын орда» алғаш шыға бастағанда, республикалық деген мәртебесіне әбден лайық еді. Сонау Ақтөбеде шықса да, бүкіл ел халқы оқитын дәрежеге жеткен. Өкінішке қарай, кейіннен республикалық деген аты болмаса, аймақтық деңгейге түсіп кеткеніне біз де куәміз. Тіпті кей жұрт бұл газеттің қазірге дейін шығып келгенін басылым айналасындағы соңғы жағдайдан кейін ғана біліп жатыр.
Оразәлі БАЙМҰРАТ
"Жас Алаш" газеті