Қуанбек Боқаев. Қазақ балалары неге орыс мектебіне барады?
Қазақ мектебін бітірген қазақ балалары мен орыс мектебін бітірген қазақ балаларының айырмашылығы бар ма? Орыс мектептерінің білім беру деңгейі жоғары дегендей пікірлерді жиі естіміз. Мейілі, солай-ақ болсын! Қазақ мектебінің қазақ баласы үшін артықшылығы көп. Ең бастысы олар нағыз таза қазақ болып шығады. Қазақ тарихы мен мәдениетін, салт-санасын, әдебиеті мен өнерін олар бойына сіңіріп өседі. Бұл - білім емес пе?! Ал орыс мектебінде оқыған қазақ балалары қазақ тілінде сөйлей білгенімен ұлттық салт-сананы, қазақ құндылықтарын білуі қазақ мектебінде оқығандардан кемшін болуы айтпасақ та түсінікті. Тіпті олардың мінез-құлқы, менталитеті де өзгеше болады. Бала қайсы мектепте оқыса сол ұлттың өкіліне тән діңі мен ділін санасына сіңіреді.
Қазақ мектебін бітірген қазақ балалары мен орыс мектебін бітірген қазақ балаларының айырмашылығы бар ма? Орыс мектептерінің білім беру деңгейі жоғары дегендей пікірлерді жиі естіміз. Мейілі, солай-ақ болсын! Қазақ мектебінің қазақ баласы үшін артықшылығы көп. Ең бастысы олар нағыз таза қазақ болып шығады. Қазақ тарихы мен мәдениетін, салт-санасын, әдебиеті мен өнерін олар бойына сіңіріп өседі. Бұл - білім емес пе?! Ал орыс мектебінде оқыған қазақ балалары қазақ тілінде сөйлей білгенімен ұлттық салт-сананы, қазақ құндылықтарын білуі қазақ мектебінде оқығандардан кемшін болуы айтпасақ та түсінікті. Тіпті олардың мінез-құлқы, менталитеті де өзгеше болады. Бала қайсы мектепте оқыса сол ұлттың өкіліне тән діңі мен ділін санасына сіңіреді.
Солай болса да қазақтар арасында балаларын орыс мектебінде оқытатындар азаяр емес. Олар баласы орыс мектебінде оқыса жақсы білім алып ғалым не бастық болып шығады деп ойлайды. Мұнысы зор қателік екенін сезіне қоймайды. Қазақстан жағдайында алғы кезде де де орыс тілі үстем болып қала береді деп түсінеді. Уақыт өткен сайын қазақтың саны артып, болашақта тілі үстем болатынына ой жібермей балаларын орыс мектебіне беріп кейін өкініп жүрген қазақ қаншама! Солай болса да мұндайлар азаяр емес. Мәселен, Алматы қаласындағы «Құлагер» шағынауданында 1500 оқушыға арналған мектеп-гимназия бар. Оның ғимараты қазіргі заман талабына сай етіп жаңадан салынған. Мұнда оқушылардың білім алуына, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Ата-аналар тарапынан да бұл гимназия мақтауға ілігіп жүр. Мұнда жалпы білім беретін орта мектептерге қарағанда білім ауқымы кең, деңгей жоғары. Алайда, осы «Құлагер» шағынауданында тұратын бір топ бала осы мектеп-гимназияны менсінбей, жалған насихатта иланып, қала орталығына автобуспен қатынап, орыс мектебінде оқып жүр. Жуықта осындай балаларды оқуға автобуспен бара жатқанында жолықтырып, әңгімеге тартқан болатынмын. Сонда олардың бәрі орыс мектебінде білім алудың деңгейі жоғары дегенге иланып жүргенін әңгімелей бастады. Олардың көбі қазақшаға шорқақ екен. «Қайда тұрасыңдар?» деп орысша сұрап едім, «Құлагер» шағынауданында тұратынын айтты. «Құлагер деген не?» деп сұрап едім, 7-8 сыныпта оқитын олар біріне-бірі қарап «писатель или поэт» деп еді, әңгімемізге құлақ түріп тұрған қазақ мектебінің бір оқушысы «Құлагер» деген ат емес пе?!» деп мырс етіп күліп жіберді. Бұлардың жауаптарына қарап орыс мектебінің ұлттық бағытта білім беру ауқымы қандай екенін де айтпай-ақ аңғаруға болады. Тек бұл балалар ғана емес, телеарналардан берілетін орысша хабарларда қазақтың ана тілін білмейтін қыз-жігіттерін қазақтың салт-санасынан, тарихы мен әдебиетінен мақұрым екенін аңғару қиын емес.
Олардың сырты бүтін, іші түтін болып жүретініне бір мысал келтірейін. Алматыға алғаш келген жылдары қазақша білмейтін бір қазақ жігітімен пәтер жалдап бірге тұрған едім. Оның есімі Кеңес еді. Әкесі Қазақстанның батыс жағындағы бір облыстық мекемеде бөлім меңгерушісі екен. Кеңестің жатса-тұрса әңгімесі, арманы қазақша үйрену еді. «Егер қазақ қазына үйленіп, ауылдағы қайын жұртыма барсам мылқау адамдай болып, мазаққа ұшыраймын ғой» деп әзілдей сөйлеп қазақша үйренумен болды. Алайда жарытып қазақша сөйлей алмады. Кейін оның әкесімен де таныстым. Әкесі орысша таза сөйлей алмайтын кәдімгі қарапайым қазақ екен. Қалада үйлерінің жанында қазақ мектебі болмағандықтан баласын орысша оқытуға мәжбүр болғанын, баламен үйде тек орысша тілдескенін, кейін ол тіл білмеген соң туыстарына жоламай қойған соң Алматыға қазақша үйренсін деп жібергенін өкінішпен әңгімелеп еді. Сөйтіп баланың ана тілін білмеуі әкесі үшін де қасірет болғанын ұғынғандай болдым. Қазір Кеңес сияқтылар ержетіп есейген соң өкініп, күйініп, іштей қамығып жүргенін жиі ұшырастырамын. Тіпті, орыс мектебінде оқыған бала қазақша сөйлей білсе де ой-өрісі, ділі өзгеше болып қалыптасады. Оншақты баласы болған бір туысқаным 80-ге келіп қайтыс болды. Оның балаларының үлкендері орыс мектебін, кішілері қазақ мектебін бітірген еді. «орысша оқыған балаларыммен түсінісе алмаймын. Туысқа суық, ақылдары шоқтау, мінездері тік. Соны байқап кейінгі балаларымды қазақша беріп едім, бұлармен сырласып түсіну оңай болды» деп отыратын.
Ел тәуелсіздік алғанға дейін Алматыда тұрғылықты қазақтар некен-саяқ болса, қазір керісінше орыстар мүлдем азайды. Қоғамдық орындарда да өзге тілде сөйлейтіндерді сирек ұшырастыратын болдық. Солай болса да орыс тілінде оқитын балалар саны азаяр емес. Тіпті орыс мектептерінде оқитындардың басым көпшілігі қазақ балалары. Сөйтіп, республика бойынша қазақ балаларының үштен бірі орыс мектептерінде оқып жүр. Мұны санға шақсақ миллионға тақайды. Демек, еліміздегі бес миллиондай баланың бір миллионға жуығы ана тілінде білім алудан, ұлттық тәрбиеден қол үзіп жүр. Болашақта олар өздерін қазақ мектептерінде оқытпағаны, қазақы тәлім-тәрбие дарытпағаны үшін ата-аналарын ғана емес бүкіл қазақ қоғамын жазғырып айыптайтыны күмәнсіз. Бұған нақты бір мысал келтірейін. Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтан оншақты жыл бұрын сұхбат алған едім. Д.Сәтбаев білікті де, білімді, саяси оқиғаларға терең сараптау жасауымен ерекшеленіп жүрген жастардың бірі. Оның қазақша білмейтініне танданып «мұның қалай?» деп сұрап едім, ол:
- Аға, бұған сіздер, алдыңғы ұрпақ кінәлісіздер, - деп өзінің ата-анасын емес, қазақ қоғамын жазғыра сөйлеген еді. Саясаттанушының бұл пікірі бекер емес. Демек, мұндай қолайсыздықты болдырмау жолын бүгіннен бастап іздестірген жөн емес пе? Осындай жайтты аңғарған болса керек, Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» деп межеледі. Бұл межеге қалай жетеміз? Бұл үшін қандай шара жасалғаны жөн? Ол жағы беймәлім. Тіпті білім берудің 2020 жылға дейінгі бағдарламасында мемлекеттік тіл жөнінде бір сөз жоқ. Сонда Елбасы межелеген межеге қалай жетпекпіз? Ал қазіргідей жағдаймен орыс мектептерінде оқитын балалар саны ортая қоймайтын түрі бар. Неге? Оның басты бір себебі «орыс мектептерінің білім беру деңгейі қазақ мектептерінен жоғары» дегендей насихат ақпарат құралдарынан бастап, билік орындары мен қоғамдық ұйымдарға дейін өршімесе, бәсеңдер емес. Ал шын мәнінде қазақ мектептерінде білім беру деңгейі орыс мектептерінен кем емес, тіпті артық. Мұны жыл сайынғы ҰБТ көрсеткіштерінен-ақ аңғаруға болады. Солай болса да, жұртшылық неге жалған насихатқа иланады? Тіпті қарапайым азаматтарды былай қойып, білім беру мекемелерінің басшыларына дейін орыс тілінде білім беру деңгейі жоғары деп пікір таратудан жаңылар емес.
Ал ақпарат құралдары мен орыс тіліндегі оқу орындары басшыларының мұндай жалған пікір таратуының өзіндік себебі бар. Егер қазақ балалары түгелдей қазақ мектебінде оқуға ойысатын болса, орыс мектептерінің саны қысқарады. Соған орай, орыстілді мұғалімдердің саны да кемуі тиіс болады. Сонымен қатар ақпарат құралдарының таралымы да күрт азаяды. Олардың қоғамға ықпалы мүлде әсіреп қазақ БАҚ-тарының беделі де, таралымы да арта береді. Сондықтан орыстілді мұғалімдер мен журналистер, шенеуніктер қазақ балаларын орыс мектептерінде оқыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап-бағуда. Сөйтіп олар қызметті қазақша атқаруға қатардағы шенеуініктен бастап мемлекет басшысына дейін жол берер емес. Конститутция бойынша олар, яғни Үкімет, Парламент, Президент мемлекеттік тілде ғана қызмет етуі тиіс. Барша елде осылай. Солай болса да орыс тілділер қазақша түсінбеймін деген сынай танытумен істі орысша жүргізуге де мәжбүрлеп келеді. Тіпті, қатардағы қызметкер қызметін қазақша ғана атқарса, мұны түсініп тұрса да шағымданып шу шығару ұшырасады. Мәселен, автобус жүргізушілері арасында аялдамаларды тілі келмесе де тек орысша хабарлап тұратындардан неге қазақша хабарлай бермейсің?» десең, «Жұмысымнан айырылып калмайын» дейді. «Орысша ұқпайтын қазақтар да бар емес пе. Қазақша да хабарла» десең, «олар шағымданбайды» дейді. Кейбір қазақ басшылар жиналғандар арасында тіпті бір орыс болмаса да орысша сайрайтынын көріп жүрміз. Сонымен қатар орыс тілділер қазақ тіліне, қазақ мектептеріне жала жауып, күстаналап, сынап-мінеп жалған насихат жасауға кәнігіп алған. Тіпті телеарналарда «Наша қазаша» секілді бағдарламаларда қазақтың діңі мен тілін мазақтап, әжуалап жатса да оларға қарсы шара қолданылмайды. Мұндайларға қарсы насихат айтылса, ұлтшылдық деп бағалану дағдыға айналды. Сөйтіп қазаққа қарсы сойыл сілтейтіндер арасында қазақтар да көбейіп барады. Мұндай орыс тілінде қызмет етуге бейім қазақтар ұрпақтарының болашағын емес, өз бастарының қамын күйттеп, қазақ тіліне қарсы сойыл сілтеумен қатар, балаларын орыс балабақшалары мен орыс мектептеріне беріп, ана тілінен, ұлттық табиғатынан ажыратып, болашақта зор өкінішке ұрынатынын аңдамайтын бейбақтар деуге болады. Міне, нақ осындайлар ұрпақтарының болашағының қаскөйлері десек сөзіміз жаңсақ бола қоймас. Амал не, Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде» деп тұжырымдағанындай болашақта қазақ тілінің үстем болатынына ой жібере қоймай жалған насихатқа иланып балаларын орыс мектебіне оқытатындар азаяр емес.
Биыл жазда Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы, «Студент» ауылының тұратын Айнұр Жәкенова деген 3 баланың анасы телефон шалып, бірінші қазақ сыныбына балалар саны толмай жатқанын, қазақ сыныбына үш бала жазылса, орыс сыныбына баратын балалар саны жетеу болса, олардың үшеуі қазақ балалары екенін, олардың ата-аналары балаларын қазақша оқытуға көнбей қойғанын айтып бізден көмек сұрағандай болды. Қазақ сыныбы жабылса баласын орыс сыныбына беруге, не көшіп кетуге мәжбүр болмақ. 3 баланың анасы осыны айтып шырылдаса да мұндағы мектеп директоры Ақмарал Мұқашева да, ауыл әкімі Қалбай Жұмабаев та, аудандық оқу бөлімінің басшылары да - бәрі қазақ болса да, бұл мәселеге араласудан ат-тондарын ала қашып, ешкімді күштеуге болмайтынын айтатын көрінеді. Егер қазақтар түгел балаларын қазақ сыныбына берсе, қазақ сыныбы емес, орыс сыныбы жабылмақ екен. Ал қазақ сыныбы жабылыпты. Қазір осындай оқиғалар аз ұшыраспайды. Тіпті кейбір жерлерде қазақ тұрғындары басым болса да, қазақ сыныптарын ащуға кедергілер жасалып, жол берілмейтін болды.
Газетіміздің биылғы 9-15 ақпан, №6 санында Тараз мемлекеттік пединститутының оқытушысы, Қазақстан оқу ісінің үздігі Райгүл Омарованың «Қазақ мектебінің қадірін білейік» деген мақаласы жарияланды. Мұнда ол 1990 жылдары Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының орталығындағы аралас орта мектепке директор болып тағайындалған соң, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен, аудан басшыларымен пәрменді жұмыс жүргізіп, нәтижесінде аралас мектеп бір жыл ішінде-ақ таза қазақ мектебіне айналғанын баян еткен еді. Осы мақаланы оқығанда менің есіме жас кезімде болған бір оқиға орала береді. 1970 жылдары мен Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан аудандық оқу бөлімінде инспектор болып істеген едім. Бір күні аудандық оқу бөлімінің бастығы Ризабек Сарыбасов аға инспектор Мұрат Бадиқовқа былай деп тапсырма берді:
- Қаратал ауылына барып бір аптадай боласың. Мұндағы орыс тұрғындары Мәскеуге «Балаларымыз қазақ балаларымен бірге бірге оқығандықтан тілдері бұзылып барады. Сондықтан орыс балаларын қазақ балаларынан бөліп оқытсын» деп арыз жолдапты. Орыс сыныптарындағы оқушылардың басым көпшілігі қазақ балалары емес пе. Сен мектеп директорымен, ұжымшар басшыларымен, ауылдың беделді адамдарымен сөйлесіп жұмыс жүргізесің. Ауылдағы қазақтардың бәрі балаларын орыс сыныптарынан алып қазақ сыныптарына беру жөнінде өтініш жазатын болсын.
Сөйтіп келесі оқу жылы орыс сыныптарына бала саны толмай, аралас орта мектеп таза қазақ мектебіне айналған болатын. Орыс тілі қаһарына мініп тұрған кезде осылай болса, қазір мұндай жұмыс неге жүргізілмейді? Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың осындай мәселеге де маңыз беретінін биылғы Жолдауынан да аңғарғандай болдық. «Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу керек» деген Жолдау жолдарын зерделесек, балаларды қазақша оқыту мәселесіне ауыл, аудан, мектеп басшылары да, қоғамдық ұйымдар мен депутаттар да белсене араласып, ата-аналармен, жалпы жұртшылықпен үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізетін болса, еліміздегі орыс мектептеріндегі бір миллионға жуық қазақ балаларын қазақ мектебінде оқытуға бет бұрғызу қиын емес. Егер ұлтымыздың іштей іруіне тежеу саламыз десек, тәуелсіздігіміз болашақта бекем болсын десек, жастарды шын мәнінде ұлттық рухта тәрбиелейміз десек балаларымызды қазақ мектебінде оқытуға мемлекет те, жекелеген азаматтар да белсенділік танытуы тиіс. Әл-Фарабидің «тәрбиесіз білім умен тең» деп айтқанындай, қазақ жастарына тек білім ғана емес ұлттық тәрбие берілмесе қазақтың азғындауы-қазақтан безінуі арта бермек. Қазақ мектебінде оқыған бала біліммен қатар ұлттық тәрбие алып өсетіні түсінікті. Ең бастысы қазақ баласы қазақ болып өссе ғана толыққанды қазақ азаматы болмақ.
"Abai.kz"