Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2249 2 пікір 16 Ақпан, 2022 сағат 15:42

Депутат: Қарашаңырақ – ауылға қамқорлық қажет

Қарашаңырақ – ауылға қамқорлық қажет. Фракцияның тиісті депутаттық сауалын Азамат Әбілдаев мәлімдеді.

Премьер-Министр
Ә.Смайыловқа

Ауыл десе елең етпейтін қазақ жоқ. Ауыл – қазақ баласы үшін қасиетті қара шаңырақ, кіндік қаны тамған киелі мекен. Ол – қазақтың дәстүрі мен ділінің ордасы. Егер біз болашағымызды ойласақ, ауылды сақтауымыз керек. Тек сақтап қана қоймай, оны бүгінгі заманның талабына сай көркейтуіміз қажет. Ауылдың жағдайы жақсы болса, қазақтың да төрт құбыласы тең болады.

Ал ол үшін ауыл тұрғындарының табыс деңгейін көтеру қажет. Өкінішке орай, қаламен салыстырғанда, ауыл тұрғындарының табыс деңгейі айтарлықтай төмен. Қала мен ауылдың әр тұрғыны есебімен бюджеттен қаражат бөлуде теңсіздік бары анық.

Барлығымыздың тамырымыз сол ауылдан тарады емес пе!? Қаражат бөлуге келгенде мемлекет неге сол ауылды – қара шаңырақты ұмытады?!  Сол жақта тұрып жатқан кенже баланы неге ескермейді? Шынымен, мемлекет ауыл тұрғындарына келгенде қаржыны үнемдейді.

Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру, қала мен ауыл арасында шығындарды біркелкі бөлу – тұрақты қоғам құрудың ең сенімді жолы деп санаймыз.

Ауылға немқұрайлы қараудың салдары ондағы білім мен медицина деңгейінің төмендеуіне, ақпараттың қолжетімді болмауына, мәдениет пен спорттың дамымауына, сондай-ақ жол сапасының төмендеуімен қатар басқа да факторларға әсер етеді.

Ауылдан шығып, оқуға түсе алмаған ауыл жастары амал жоқ, қала шетіндегі пәтерлерді жағалайды. Соның салдарынан, қалада қазір екі мамандық басым. Ол – таксист және күзетші-оққағар. Тепсе темір үзетін ауыл жастары қолында дипломы болмаған соң, күзетші-оққағар болып 50-60 мыңға – 1 күн жұмыс жасап, 2 күн демалып, бос уақытында спортзал мен сыраханаларды жағалап күнін өткізеді. Мен мұны өз ауылымның жастарынан көремін.

Біздің ауыл – Алматы облысының тау баурайында орналасқан Қастек деген 170-тей түтіні бар шағын ғана ата мекен. Бұрын 16 ғылым докторы, 57 ғылым кандидаты бар деп мақтан етуші едік. Ал қазір 50 күзетші-оққағар бар, «Алаш Праид» клубы да бізден шыққан деп мақтанамыз. Бірақ, шүкір деп айтамын, білімдері орта болса да, бауырларымның тәрбиесі өте жоғары.

Дегенмен, біз қазақстандықтардың жартысы ауыл-аймақтарда өмір сүріп жатқанын ұмытпауымыз керек. Сол ауыл жастарына жағдай жасап, ауылдың әл-ауқатын көтеретін бір-ақ нәрсе бар. Ол – аграрлық өнеркәсіпті қолдау. Өсімдік шаруашылығында мүмкіндіктер жоқтың қасы: егістіктерді кеңейтіп, экстенсивті жолмен даму үшін жер тапшы;

- Егістікке жарамды жердің бәрі айналымға шығарылған;

- Астық өнімділігі табиғи-климаттық жағдайға байланысты шектеулі;

- Климаттық шектеулер тура солай жеміс-жидек және көкөніс дақылдарын ұлғайтып, өсіруге мүмкіндік бермейді.

Сондықтан да, ең қолайлы сала ол - мал шаруашылығы. Қазақстанның ұлан-ғайыр даласы, мал бағуға жарамды жайылымдары мал шаруашылығы саласын дамытудағы біздің табиғи артықшылығымыз болып табылады.

Малды жайылымда бағу қызыл ет өндірісінің өзіндік бағасын төмендетеді. Осылайша, қазақстандық өнім - әлем нарықтарында бәсекеге қабілетті бола алады. Жайылымды жердің ауданы бойынша біз әлем бойынша бесінші орында тұрмыз (186 млн. гектар жер, ҚР-дағы ауыл шаруашылық жерлердің 85%-ы). Ол Қазақстанға отарлы мал шаруашылығын дамыту үшін орасан зор мүмкіншілік береді.

Әлемде қызыл етті тұтыну деңгейі күн санап артып, баға өсіп келеді. Ең ірі импорттаушы елдер – іргелес жатқан көршілеріміз Қытай мен Ресей. Ал, Орта Азия елдері, Араб әмірліктері мен Түркия қой етін көптеп тұтынады. Осылайша, қазақстандық қызыл етті өткізуге арналған ірі нарықтар бар. Әлемдік нарықтарға шығу үшін Қазақстанға ең кемі 100 мың фермерлік шаруашылық қажет. Демек, қолдағы барымызға қоса тағы ең кемі 80 мың бизнес иесі қажет етіледі.

Кәсіпкерлер табысты арттыру, жеке кәсіпті дамыту, жерді баптауға басқаша қарайды, мотивациясы бөлек. Жаңа фермерлер ауыл тұрғындары үшін жұмыс орындарын ашып, сабақтас салалардағы тауарлар мен қызметтерге сұранысты құра алады. Мысалы өсімдік шаруашылығында астықты етке конвертациялау – 1 млн тонна астық 300 млн доллар экспорттық түсім береді.

Осы астықтан 200 мың тонна қызыл ет алуға және 1 млрд доллар пайда табуға болады.

Ал, мал шаруашылығы – қазақ халқы үшін дәстүрлі ата кәсіп. Көшпелі халықтардың түсінігінде төрт түлік – табыстың нышаны, өмірдің ажырамас бөлігі. Ата кәсіптегі біліктілік пен оған бейімділік – қазақ халқының мәдениетіне терең бойлаған. Демек, «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп бабаларымыз айтқандай, етті мал шаруашылығын Қазақстанның ұлттық идеясы ретінде дамыту экономикалық тұрғыдан қисынды, әрі халқымыздың табиғатына жақын сала.

Осы жуырда Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне мән берді. Бұл – өте жақсы жаңалық. Онымен қоса, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты. Алайда, субсидия қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатындай өзгеріс болмағандығына тоқталды.

Ол рас. Негізінде субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсіп кетеді. Мысалы 2 триллионның қаражаттың үштен бір бөлігі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға бөлінген. Оны АӨКке қосады. Бұл банктердің схемасы - ауыл шаруашылықтың субсидиясына жатпайды.

Мемлекет банктерге 1,5 - 2 пайызбен сауықтыру бағдарламасына миллиардтаған қайтарымсыз қаражат бөлінгені белгілі. Ал ауылға келген кезде 17 пайызбен несие беріп, 70 пайызын банктің схемасымен төлеп, оны субидия деп атап қояды.

Мысалы: ауыл шаруашылығына жылына 350 млрд. теңгеге дейін субсидия бөлінеді. Бұл - нарықта бір деңгейде тұрған Белоруссия мен Ресейден 6-8 есе төмен. Осы субсидия 83 000 субъектіге бөлінеді. Сонда әр қайсысы қанша алады деп ойлайсыздар?!

Мысалы: преференция бойынша автопромға 3-4 зауыт салуға деп 2019 жылы 150 млрд.қаржы бөлді. Оны зауыт деп айтуға аузың бармайды. Отверткамен жинайтын цехтар. Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несие сыйақы мөлшерлемелерін төмендететін субсидияға 2 жылда 2,4 трлн. қаржы бөлінген.

Неге біз мемлекеттің ақшасын банктерге арзанға беріп, олардан қымбатқа алып, оған тағы субсидия береміз. Мен осыны түсінбеймін. Бұның барлығы қазынадан ақша ұрлауға жасалған схемалар.

Ауылдың өркендеуіне тосқауыл қоятын, жағдайын нашарлататын бағдарламаларды біздің жұртқа жасалып жатқан қастандық деп білеміз.

Тағы қосарым. Қазір мал бағудың өзі қиын болып барады. Жұмыстың қиындығынан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  субсидия алған малшыларды тексеріп, төңкеріп жатыр. Ауылда басқа кәсібі жоқ болғандықтан, шығынды болса да жұмыс жасап отырған малшының қолына жартылай ғана жететін қара бақырды желкесінен шығарып сілкілейтіндей, белден басып, талан-таражға түсіретіндей не күн туды басымызға? Агенттік атының басын қарапайым халықтың қара бақырына емес, мемлекетті сорып, ақшасын қаптап жеп жатқан қорқауларға бұрып, соларды тексерсін.

Онымен қоса, біздің комитеттің мүшелері «АӨК-нің субссидиялау тетіктерін жетілдіру» жөнінде тақырыптық отырыс өткізді. Отырыс барысында ауыл шаруашылық министрі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің ұсыныстары тыңдалды. Мұнда айтылған субссидиялау тетіктерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарға біздің көңіліміз толмады.

Ал, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындау тұсында. Тоқтап қалмай, сүйемдеп болса да қозғалып жатқан мал шаруашылығын дамыту жолында бізге мыңдаған бағдарлама емес, 1945 жылғы соғыстан кейінгі Англияны көтеру үшін Премьер-Министрі жасаған «Один стакан молока» сияқты 1 ғана мықты бағдарлама жасау қажет деп ойлаймыз.

Құрметті Әлихан Асханұлы! Сондықтан да, ауыл өмірінің жақсаруы үшін бюджеттен қаражат бөлу кезінде ауыл мен қалаға бөлінетін қаражаттың арасындағы алшақтығын жойып, АӨК-ке берілетін субсидияны жоқ дегенде 2-3 есеге көбейтіп,  мал шаруашылығын дамытуда Қазақстанның өркендеуінің ұлттық жоспарын жасауды қажет деп санаймыз.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478