Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2146 0 пікір 16 Ақпан, 2022 сағат 15:46

Жастар – жаңа идеялардың «қозғалтқышы»

«Қасіретті қаңтар» оқиғасына да қырық күн өтті. Бүгінде оқиғаның себеп-салдары жан-жақты зерделенуде. Бұл болашақта татулығымызға сызат, бірлігімізге бөгет болатын келеңсіз жайлардың алдын алу үшін керек. Мұндай күрделі шақта Мемлекет басшысы алаңдаған халықтың көңіліне сенім ұялатып, бір мақсатқа біріктіріп, ортақ идеяның айналасына топтастыруда жауапты роль атқарды.

«Кеңесіп іс басқару – келелі елдің белгісі. Жұмыла жұмыс атқару – өрелі елдің белгісі» дейді бабаларымыз.  Қаңтар оқиғасы секілді күрделі, сындарлы шақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігіне қызмет етуге, ел тілегін орындауға барын салып жатыр. Мемлекет басшысы халыққа ұсынып отырған «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыруда ерекше атап өтерлік, терең мән беруді қажет ететін мәселелер аз емес. Алдағы жолымыз түзу, бағытымыз айқын болу үшін сүбелі іске біздің де үлес қосуымыз керек. Ол үшін ойымызда жүрген, көңілімізде тұрған мәселелерді Президент назарына ұсыну кезек күттірмейді.

Ел Президентінің бастамаларында дамуға бағыт, ілгерілеуге негіз болатын көптеген орынды ұсыныстар қамтылған. Әр жыл сайын жасалатын Жолдаулардан, қаңтар оқиғасынан кейінгі Президент үндеулерінен ел дамуына кедергі келтіретін кемшіліктерді жойып, Жаңа Қазақстанның іргетасын қаласақ деген биік ұстанымның барын аңғармау мүмкін емес. Халыққа арнаған Жолдауларының бірінде Мемлекет басшысы: «Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс» деген. Яғни, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады. Біз осы заңды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп, салдарын ұғындыруымыз керек. Өйткені, бұл біздің ата-бабамыз аманат еткен тәуелсіздікті сақтап тұру үшін қажет.

Елдің ертеңі туралы айтылғанда ешкімнің бейжай қалмасы белгілі. "Қаңтардағы қақтығыс" болашаққа қатысты күмән-күдікті сыналап санаға кіргізді. Осындай екіұдай сәтте Мемлекет басшысының орнықты сөзі, нақты ұсынған бағдары ғана халықтың сенімін бекіте түскен еді. Шындығында халық пен билік арасындағы диалогтың сәтті болуы екі тараптың белсенділігіне тәуелді. Елін сүйетін кез келген азамат мұндай сындарлы сәтте үнсіз қалмауы, Мемлекет басшысының оң бастамаларын қолдауы керек. Қолдап қана қоймай, бағдарламалардың дұрыс жасалуына, өз деңгейінде орындалуына немқұрайды қарамауы тиіс. Осы ретте назар аударуды қажет ететін мәселелерді ұсыну да азаматтық борышымыздың бірі. Мәселен біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын  есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Президент тапсырмаларында алдағы уақытта осы бір түйткіл толық шешімін тапса дейміз. Жаңа идеялардың «қозғалтқышы» саналатын жастардың күшін, қуатын ел игілігіне жарату білген орынды.

Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек. Мұндай түйткілдің бар екенін Мемлекет басшысы да дұрыс сараптап отыр. Қаңтар қақтығысынан кейін Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының: «2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп есептеймін. Осы орайда, екі техникалық бағдарланған филиалды еліміздің батысында ашқан жөн. Жалпы, бәрімізге білім туралы көз­қарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өндірісшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет» деуі бұл саладағы олқылықтардың да көп уақыт өтпей орны толатынына үміттендіреді.

Жастар да, ересектер сияқты Отанымыздың болашағына алаңдайды. Біздің республикамыздың азаматтары әлеуметтік шығу тегіне және қай ұлтқа жататынына қарамастан, әділетті заңдармен, тең мүмкіндіктермен еркін, экономикалық дамыған елде өмір сүргілері келеді. ҚР Президентінің реформалау саясатының және ҚР Үкіметінің Қазақстан экономикасын жаңартуға бағытталған бағдарламалары студент жастарды жақсы оқуға ынталандырды, оларда шығармашылық даму, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін құлшыныс пен мүмкіндіктер пайда болып, бақытты, жарқын болашаққа деген сенім ұялады.

Заң басқаратын және заң сақталатын, заң алдында барлығы тең қоғамда мансаптық өсу, баршаға тең мүмкіндіктер, сондай-ақ Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың құқықтық мемлекет ретінде тануы үшін мүмкіндік бар. Жақсы заңдар қажет, бірақ бүкіл қоғамның жоғары мәдениеті мен адамгершілік, рухани құндылықтарсыз, жастар арасындағы дұрыс патриоттық  тәрбиесіз  өз жемісін бермейді, мемлекет те өркендемейді. Бұл да алдағы уақытта ескерілуі тиіс.

Халық қалаулыларының алдында сөз алған Мемлекет басшысы: «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасына бастама жасадым. Бұл – келешегі зор жастар үшін әлеуметтік саты. Сонымен бірге жаңаша ойлауды қалыптастырудың, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізудің тетігі. Бұл тәжірибе жалғасын табады» деп жастарға тұрақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Дұрыс-ақ. «Жаңа Қазақстан» жастардың үмітін жағып, жасындай жарқырауына ықпал етсе нұр үстіне нұр.

Серікқали Тыныбеков,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475