Сенбі, 23 Қараша 2024
Жауап 3901 13 пікір 19 Ақпан, 2022 сағат 14:38

Қандастарыңды аямадың ба, Ауытжан?..

Редакциядан: 11 ақпан күні Abai.kz ақпараттық порталында Ауыт Мұқибектің «Қауымдастық құрылыс компаниясы ма?» атты мақаласы жарық көрген.  ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жазылған үшбу хатта Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматыдағы ғимаратына және Қауымдастықтың Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында «Тұрғын үй және жұмыс» бағдарламасы аясында «Асар» әдісімен, қандастарға арналған коттедж қалашықтарын салу бойынша пилоттық жобалары туралы, атап айтқанда Ақмола облысының Аршалы ауданындағы агроқалашық жобасы туралы сөз болған.

Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Жуырда порталымыздың электрондық поштасына Тағабек Байзақов есімді азаматтан Ақмола облысының Аршалы ауданындағы агроқалашық тұрғындарының жауап хаты келіп түсті. Біз бүгін сол жауап хатты оқырман назарына ұсынамыз...


Ауыт Мұқибектің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары  Е.Л. Тоғжановқа жазған ашық хатына!

Айналайын Ауытжан!

Тарих керуенінде қаншама қанды, қансыз оқиғамен бетпе-бет келген қандастарыңды аямадың ба? Ақмола облысының Аршалы ауданынан Алты Алаштың бір бұтағы болып бас қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауыл шаруашылығына арналған жерді жеке меншіктен сатып алып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының көмегімен, жеке тұрғын-үй салуға айналдыру үшін 118 мың парақтан астам құжат жинап, енді-енді Үкіметтен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы арқылы, сол Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлының тынбай жұмыс істеуінің арқасында, тұрғын үйлер түсетін жерге инфрақұрылымының салынуына қол жеткізгенімізде, неге зымиян жыланға ұқсап, кесе көлденеңдеп, құйрығыңды ары-бері бұлғаңдатып жатырсың?

Біз бір топ Өзбекстаннан келген қандас ағайындар, бір ауыл болып отырайық деген шешімге келіп, үй салып алайық деп жатыр едік. Неге Үкіметті қандас ағайыныңа айдап салып жатырсың? Бәлкім сен біздерді қиыншылық кезде елді тастап кетіп, енді елге арнайы статуспен оралып жатырсыңдар деп те жала жабарсың?.. Біз қазақтың даласы, өз жерімізде мекен еттік. КСРО кезінде сол жерлер өзбектердің иелігіне өтіп, қалып кетті. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев үш ауданды, Жетісай, Мақтаарал, Киров аудандарын қайтарып алды. Бірақ, қалып қойған жерден Өзбекстан бірнеше аудан құрып, сол аудандардың есебінен Жызақ облысын ашып алды.

Отбасымызды ешкімге мұқтаж етпей, мемлекетке алақан жаймай, өз үйімізді өзіміз сала бастап едік. 1282 коттедж салуға аз қаражат кетпейді депсің. Ондағы құрылатын үйлерді әрбір отбасы өз күшімен салып алады. Бұл жұмыстар сен айтқандай, 2021 жылы басталған жоқ. Оның басталғанына 5 (бес) жылдан астам уақыт кетті. Бюрократиялық жүйеде бұған қол жеткізу оңай еместігін білмейтін бе едің? Үкімет тарапынан заңды түрде инфрақұрылымның салынуын көре алмайсың ба?

Мол қаражатты өкімет Зауытбек Тұрысбековтің қолына ұстата салғанын қайдан көрдің? Инфрақұрылымды тендерде жеңіп шыққан мекеме жүргізетінін және ақша сол мекемеге төленетінін де білмейсің бе? Жазғаныңның барлығы өтірік екенін оқыған адамның бәрі біледі. Жалақорлығың үшін Алланың алдында да, келешекте уақыты келгенде заң алдында да қатаң түрде жауап бересің.

Ауыт Мұқибек, сол біз салған үйлер, үлкен ауыл болайын деп тұр. Сол ауылға инфрақұрылым керек емес деп санайсың ба? ОҚО әкімі болып жүргенде, Ташкентке талай рет барып, судың құлағында отырған ала шапанды ағайыннан өзінің саяси шеберлігінің арқасында оңтүстік алқапты, ОҚО, Жамбыл, Қызылорда облыстарының жерлерін суару үшін су мәселесін, электр энергия мәселесін, облыстың әкімі бола тұра, Өзбекстанның Президенті И.Кәрімовпен тең дәрежеде келіссөз жүргізген Зауытбек Қауысбекұлының, бізге қол ұшын созып, жәрдем бергенін көп көріп отырсың ба? Әлде жазып отырғаның кейбір «көкешкаларыңның» тапсырысы ма? Аздаған блогерлік жолды кәсіп етіп, біреулердің ақырынан жем жеп жүрген жоқсың ба?

Ауытжан!

Қарапайым қандас бауырларыңа және бізге қолқанат болып жүрген саясаттың ақсақалы Зауытбек Қауысбекұлына тиісе көрме. Үкімет назарын аударсын, тексеріп ақ қарасын анықтасын. Ол жерге әлі көп нәрселер салынуы тиіс. Сен шынымен ақын болсаң, халыққа жанашыр болсаң, үй салып алуға күші жетпей тұрған қандастарыңа Үкіметтің назарын аудартып, төменгі  пайызбен несие алып бер. Сонда сенің де атың Зауытбек ағаның атымен бірге аталады. Ауыр жұмыста адал еңбегімен нәпақа тауып жүрген халыққа тиісе көрме. Біз де үлкен елміз. Кез келген уақытта сенімен заңды түрде есептесуге дайынбыз. Және жұмыстағы көп кісілердің фейсбук, интернет қарауға уақыты жоқ. Сондықтан, мынау сенің жазғаныңнан бейхабар. Көпшіліктің ішінен бірді-жарымы сені қатты ренжітіп қоюы ықтимал. Сен аязды аяз демей, аптап ыстықты ыстық демей, қолы күс-күс болып істеп жүрген ағайындарыңнан ұялмайсың ба? Тапсырыспен тапқан қаржың қалай сіңбек, бала-шағаңды сол қаржымен қалай бақпақсың?

Тағабек Байзақов,

Қараша Қуанышұлы Қалдыбеков,

Қайрат Ашимов, 

Әбілда Досанұлы Тұранов, 

Дәулет Серікбайұлы Қалмырзаев. 

Abai.kz  

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407