Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 12172 12 пікір 19 Ақпан, 2022 сағат 16:03

Нығматулиннің шетел асқаны рас па?

Жуырда «Haqnazar Arnasy» Telegram парақшасында Қазақстан Мәжілісінің экс-спикері Нұрлан Нығматулин мен оның жақын туыстарына қатысты ақпарат тарады. Нақты айтқанда, Нұрлан Нығматулиннің Лондонға кетіп қалғанын жазды.

«Нұрлан Нығматулин Қазақстаннан кетіп, Лондонда жүр. Онымен бірге Нығматулиннің жақын туыстары да Қазақстаннан кеткен. Нығматулиндерге тиесілі барлық дүние-мүліктер мен бизнестер сатылымға шығарылған», - деп жазды.

Мәжілісте он жылға жуық қызмет атқарып, үш шақырылымда Мәжіліске басшылық жасаған Нұрлан Нығматулин Мәжіліс төрағалығынан 1 ақпан күні өз еркімен кеткен еді. Ол Мәжілістен кетерінде:

«Биыл Мәжіліс спикері болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылым төраға болдым. Бұл әрине, аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік.

«Нұр Отан» партиясының өткен сьезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы ретінде жаңа саяси тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде, Мәжілістегі партия фракциясы үшін де... Мен бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін кадрлық жаңару қажет екенін түсінемін. Сондықтан да, мен ел ел президентіне, партия төрағасына өзімнің депутаттық өкілеттігімді өз еркіммен тапсыру туралы өтініш жасадым.

Бүгін мен ең әуелі Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының негізін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, қазіргі Мемлекет басшымыз, қазіргі партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа маған сенім артқаны үшін алғыс айтқым келеді», - деп сөйлеген еді.

Нұрлан Нығматулин осыған дейін елімізде бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. Президент әкімшілігінде, Астана әкімдігінде, Үкіметте басшылық қызметтерде болды. Қарағандыда облыс басқарды. Ол ҚР Парламенті Мәжілісінің үш шақырылымында төраға болып, осы қызметте 10 жыл бойы жүрді.

Нұрлан Нығматулиннің сынары Ерлан Нығматулин де 18 жыл депутат болған. 1999-2011 жылдары Мәжіліс депутаттығына сайланса, 2012-2017 жылдары президент жарлығымен Сенат депутаттығына тағайындалған.

Жоғарыдағы Нығматулиннің дүние-мүлкін сатып, Лондонға қоныс аударғаны туралы ақпарат қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Бұған қатысты әзірге Нығматулиндер тарапынан ешқандай терістеу сөз айтылған жоқ.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413