Сенбі, 20 Сәуір 2024
Елім-ай 4513 19 пікір 21 Ақпан, 2022 сағат 11:22

Жаңа Қазақстан – Ұлттық мемлекет!

Тәуелсіздік жылдарында еліміз бірнеше қиын сәтті бастан өткізді. Соның ең қасіреттісі – жыл басындағы көптеген жазықсыз жандар қаза тапқан «қаңтар қанды оқиғасы» болды. Ел тағдыры талқыға түскен кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел әрі батыл шешім қабылдап, ауыр сынақ еңсерілді. Алдымызда батыр бабаларымыз ғасырлар бойы қорғап, бүгінгі азат ұрпаққа аманаттаған Ел бірлігі мен Жер бүтіндігін сақтап, Ұлт болып ұйысу арқылы Жаңа Қазақстанды құру міндеті тұр!

Қазір «Ескі кадрлармен  Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?» деген сыни пікірлер де естіліп қалып жатыр. Бұл тұрғыда бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Кадр бірден тәрбиеленбейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық тағайындаулар жасауда асығыстық болмауы керектігін, мұның бәрі ойланып барып істелуі қажеттігін, оның үстіне ұлттық кадр дайындауда тапшылық барын да атап өтті.

«Мен мамандарды қысқартып, керексіз етіп тастауға қарсымын, оларды да кәсібилігіне қарап бағалау керек», – деді Президент.

Бірақ біз ұлттық кадрларды қалай дайындаймыз, мықты, қуатты ел құру үшін не істеу қажет?» деген сұрақтармен бірнеше белгілі азаматтың пікірін сұраған едік.

Ең алдымен жүйе өзгеруі тиіс

Оразалы СӘБДЕН, «Ғалымдар үйі» қоғамдық бірлестігінің президенті, экономика ғылымдарының докторы, академик:

– Қазір біз тұйыққа тірелген жағдайда тұрмыз. 30 жыл қалыптасқан жүйені бір мезетте өзгерту оңай емес. Кезінде Карл Маркс, егер адам 50 пайыз пайда көретін болса, ол сенімен келіседі. 100 пайыз пайда көретін болса, онда бүкіл заңның бәрін бұзады. Ал егер көретін пайдасы 200 пайыздан асып кетсе, онда ол өтпейтін кедергі жоқ, тіпті дарға асуға дейін барады деген. Біздегі жағдай дәл сондай. Мұны шешу үшін үлкен бір сыпырғыш алып, 30 жыл бойы қордаланған шаң-тозаңның бәрін сыпырып тастау керек. Бірақ, онда кім басқарады деген сұрақ туады. Себебі, билік баспалдақтарындағы көптеген жандар былыққа батқан. Дұрыс мемлекет болу үшін бай мен кедейдің арасындағы алшақтық 5-6 еседен аспауы тиіс. Ал бізде бұл көреткіш 30 еседен асып кетті. Бұл дегеніңіз – бәрі бітті деген сөз! Қысқасы жүйе өзгермей ештеңе өзгермейді.

Ал жүйені өзгерту үшін тез арада парламентті таратып, сайлау туралы жаңа заң қабылдау керек! Себебі, Қазақстан – унитарлы (біртекті) мемлекет, қазақ ұлтының үлес салмағы 70 пайыздан асып кетті. Сондықтан енді екі палаталы парламент деген болмауы керек. Әлемдегі унитарлы мемлекеттердің бәрінде бір палаталы парламент. Біз депутаттардың тең жартысын бір мандатты сайлау округтерінен сайлайтын мажоритарлы сайлау жүйесін енгізуіміз керек. Сөйтіп ел ішіндегі мықты-мықты азаматтарды халық өзі тікелей сайлайтын болады. Қалған жартысы партиялық тізіммен сайланса, бұл – саяси партиялардың белсенділігін арттырып, президентіміз айтып жүрген парламенттік оппозицияның қалыптасуына, сөйтіп «ақиқат – айтыста туады» дегендей әділ бәсекелестік арқылы қоғамның демократиялануына даңғыл жол ашар еді.

Қарап отырсаңыз, 12-13 жыл болыпты, әлі бір жаңа партия тіркелмеген. Сонда Жаңа Қазақстанды құратын жалынды, жас, жан-жақты, ары мен қолы таза жаңа кадрларды қайдан аламыз?! Сондықтан, жаңа партиялардың тіркелуіне қолайлы жағдай туғызылуы қажет. Мейлі, белгілі бір қоғам мүшелері өздерінің заңды құқықтарын пайдаланып, экологиялық немесе жасылдар партиясын, тағы біреулері әлеуметтік,  үшіншілері ұлттық демократиялық партия құрсын, сонда жаңа ой, жаңа бастама, жаңа көшбасшылар пайда болады да қоғамда пікірлердің әралуандығын қамтамасыз етеді. Сайлаушылар қазіргідей «мен бармасам да сайлау өтеді, «Нұр Отан» жеңеді, менің даусым ештеңе шешпейді» деген ойдан,  азаматтық парызын орындау, конституциялық құқығын пайдаланудағы салғырттықтан арылып, өз кандидатының, өзі таңдаған партияның жеңіп шығуы үшін саналы түрде сайлауға қатысатын болады. Ал Үкімет партиялардың сайлауда алған дауыстарының мөлшеріне  қарай жасақталатын болады. Сөйтіп, биліктің қайнар көзі ретінде, бір мандатты сайлау округтерінен де, партиядан сайланатын депутаттарды да азаматтардың өзі саналы түрде сайлап, халық өз тағдырын өзі қолына алады. Парламент те, Үкімет те халықтың алдында есеп беруге міндетті болады. Сөйтіп, бәрі төменнен басталады. Қазір біз түгелдей жоғарыдан тағайындап отырмыз.

Кадр мәселесі осылай шешіледі. Әйтпесе, ештеңе шықпайды. Мұның бәрі түптеп келгенде – жүйені өзгерту деген сөз.

Менің ойымша, бұл қанша ерте қолға алынса, жағымды өзгерістер сонша тез нәтиеже бере бастайды. Ал, кешіктіре беру – билікті көп қиындықтармен бетпе-бет қояды. Өйткені, қоғамның қазіргі беталысы басқаша.

Тойымсыздық трагедиясы

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, профессор:

– Мен Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің отырысында және 1 ақпан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөздерін мұқият тыңдадым.

Президент қайғылы жағдайдың орын алу себебін өте тереңнен қозғап, оның әлеуметтік-экономикалық негіздеріне үңіле отырып, дәл осылай ақиқатты ақтарып айтады деп күтпеп едім. Міне, осылай байыпты, байсалды, сауатты  сөйлеу керек. Бұл – керек десеңіз – зайырлы, құқықтық қоғам мен мәдениеттің, еркін пікір айтудың талабы, басты шарттары емес пе?! Несін айтайық, «шындық – көп, ақиқат – жалқы» дегендей, әркім өзінің айтқанын шындық деп есептейді.  Расын айтсақ, көпшілік көп жағдайда айтылған сөзді дұрыс бағалай бермейді, негізінде құры даурығып, айғайға сала берудің қажеті жоқ, аталы сөзге тоқтай білу керек.

Ал енді «Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?» деген сұраққа келсек, әрине көп нәрсе кадрге байланысты. Бұл тұрғыда біраз адам қазір ескі кадрлардың бәрін құрту керек деген жеке ойларын алға тартады. Менің ойымша, бұл – дұрыс емес. Өйткені, олардың арасында ауыл, аудан, облыс басқарған көптеген тәжірибелі, білім-білігі жетерлік мамандар бар. Бір ауылды басқарудың өзі оңай емес, мен театрда көп жыл істедім. Айналдырған 30-40 адамнан тұратын ұжымды басқарудың өзі қиын іс екеніне баяғыда-ақ көзім жеткен. Егер ескі кадр атаулының бәрін қуып жіберсек, жағдай бұдан да қиын болады. Мен мұны халық түсінсін деп айтып отырмын. Олардың көбісінің тәжірибесі бар. Сондықтан қолынан іс келетін, абыройын төкпеген, елдің қамы үшін аянып қалмайтын халықшыл азаматтарды аластай берудің қажеті жоқ!

Бірақ, біздің қоғамды ірітіп бара жатқан ең қауіпті індет – жемқорлық! Кешегі қаңтарда болған қанды оқиғаны «Тойымсыздық трагедиясы» деп атар едім. Өйткені, бәленің бәрі тойымсыздықтан шығып тұр ғой! Мысалы, сұйытылған газдың бағасын екі еседен артық қымбаттатып жіберді. Соны істеген адамдардың баласының баласының баласына жететін байлығы бар! Содан кейін әлгі жаңа техникадан алынатын алым-салық... Сондықтан ескі кадрларды іріктегенде жемқорлықтан таза ма, табысы адал ма, ел-халқыма қызмет етем деген ниеті бар ма, бірінші кезекте осы талаптар тұрғысынан іріктеу керек.

Президент неге байыпты, байсалды тұрғыда отыр? Өйткені ол кісі дипломат, шетелмен көп жұмыс істеген. Біздің үкіметтегі біраз шенділер, облыс, аудан әкімдері шетке шықпаған, әлемнің дамыған елдері экономиканы қалай жүргізіп жатыр, қандай техника, технология, ұйымдастырушылық жұмыстардың нәтижесінде жетістіктерге жетіп жатыр, соны көбісі білмейді. Мен оны талай жаздым. Бізде ақшаны оңды-солды шашу, көк тиын пайдасы жоқ тиімсіз жобалар бар. Біз ең болмаса шұлық шығара алмаймыз. Әйтпесе «Болашақ» бағдарламасымен қаншама жасты шетелдерде оқыттық. Экономикамыз әлгіндей болған соң, олардың түкке керегі болмай қалды. Олардың түсінігі, ой-өресі басқа ғой, оның үстіне әлеуметтік жағдай төмен, бастамаларына қолдау жоқ. Оларда «өсемін, өнемін, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосып, табысты да бақытты өмір сүремін» деген сенім болғанда солар туған жер, өскен елін тастап кетер ме еді?! Сондықтан, өзімізде, шет елдерде оқыған, экономиканы жүргізудің батыстық үлгілерін білетін және оны отандық өндіріске енгізуге қабілетті, қолынан іс келетін жастарды  көбірек тарту керек. Жастар – қай қоғамның да қозғаушы күші. Өйткені олардың бойы тұнып тұрған қайрат. Қазіргі жастар оның үстіне сауатты, елгезек, бейімделгіш. Тек осы қасиеттерді дұрыс бағыттап, өздерінің жеке басына, қоғам мен мемлекет игілігіне пайдалы іс істейтіндей арнаға бұра білуіміз керек.

Ертеден келе жатқан «халқы қандай болса, үкіметі сондай болады» деген тұжырым бар. Ең бастысы, халықтың өзі көзі ашық, белсенді, талапшыл болуы, құқықтық сауаты, конституциялық мәдениеті жоғары болуы керек. Сондықтан сүйексіз тілге сүйене бермей, ұлттық санамыз жаңғырып, ұлттық ынтымағымыз артуы керек. Ұлттық байлықты игеріп, оның игілігін ел тұрғындары тең көретіндей  жаңарған қоғам – Жаңа Қазақстанды бүкіл халық болып бірге құруымыз қажет. Оның тірегі – Отанға адал, білімді, білікті, мемлекетшіл жастар!

Ұлтшыл дегеніміз – мемлекетшіл деген сөз

Ғарифолла ӘНЕС, филология ғылымының докторы:

–  Менің ойымша, бұрынғы алып империя – КСРО тарағаннан кейін Балтық бойындағы бұрынғы үш одақтас республикада ұлттық мемлекет құрылды. Қазір Ресеймен тіресіп, айтысып жатқан Украина ұлттық мемлекет құру жолына түсті. Ал Грузия мен Арменияның бұрыннан өз жазуы бар. Олар тіпті КСРО кезінде-ақ дербес мемлекет болуға ұмтылды десек болады. Бірақ, Грузия, әсіресе Армения өз қолы өз аузына жеткен  ұлттық мемлекет болды деп айту қиын.

Егер Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) Жер жүзіндегі 200-дей мемлекет мүше болса, оның екеуі – Оңтүстік және Солтүстік Корея, «солардың бір-бірінен айырмашылығы неде?» деген сұрақ туады.  Басты айырмашылығы  – олар ұлттық мемлекеттер. Егер шындықтың бетіне тура қарап айтатын болсақ, бүгінгі Қазақ мемлекетін біз ұлттық мемлекет деп айта алмаймыз.

Менің таңқалғаным, Түркияда қартайып қайтыс болған, кезінде Ресей империясының аумағында, 1917 жылы ең бірінші Башқұрт автономиясын құрған, кейін  Өзбекстанда, Түркістанда баспашылар қозғалысын басқарған, одан кейін Түркияға барып, үлкен тарихшы маман, профессор ретінде ұзақ жылдар қызмет еткен Заки Уәлиди Тоған деген башқұрт азаматы бар. Оның «Хотиралар», яғни «Естеліктерін»   оқысаңыз, бір нәрсеге көз жеткізесіз. Сол заманда, Ресей патшасы құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық күреске шыққан бүкіл саяси қайраткерлер екіге бөлінген. Олардың біреуін федералистер,  екіншісін унитарлар деп атаған. Яғни, бірі Ресейден мүлдем бөлініп шығып, жеке ұлттық мемлекет құрамыз десе, енді бірі өзінің тілі, мәдениеті бар, бірақ Ресейдің құрамында болатын федеративтік республика құрамыз деп шыққан. Алаш қайраткерлерімен қоян-қолтық араласқан ол унитарлы мемлекет құрып, жеке ел болып шығамыз деген бірде-бір қазақ азаматының атын атамайды. 1917 жылы бізде автономияның жарияланбауының да бір себебі осында. «Тіпті Мұстафа Шоқайдың өзі қазақ халқы жеке өмір сүре алмайды, тек федерацияның құрамында ғана дамып, содан кейін ғана бірнеше ондаған жылдардан кейін жеке ел болады» деген идеяда болды деп ашық жазып отыр.

Сондықтан, менің ойымша, жеке ұлт болу, жеке мемлекет болу деген үлкен мәселе.  Ақиқаты, парламентіміз қазақша заң шығармайды, үкіметіміз қазақ тілінде сөйлемейді. Жалпы, елде орыс тілі мен қазақ тілін жарыстырып, барлық басымдық орыс тіліне беріп қойылған. Конституциялық тұрғыдан, билік тарапынан осындай жағдай болып тұрған кезде Ұлттық мемлекет құру деген арман жоқ. Өйткені, мен Жаңа Қазақстанды ұлттық мемлекет деп түсінемін және солай көргім, ұрпағыма солай түсіндіргім келеді. Егер біз шын мәнінде Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, ол жеке, дара  қазақ мемлекеті, қазақтың Ұлттық мемлекеті болуы керек! Біздің Конституциямызда жазылған, бізге ұлттық партия құруға болмайды, бізге діни партия құруға болмайды. Ал әлемдегі алып мемлекттердің өзінде, өркениетті елдерде, мысалы Германияда христиандық партия бар, ұлттық партия бар. Тіпті, іргеміздегі Өзбекстанның өзінде Миллий тикланиш (Ұлттық жаңғыру) партиясы, ал Қырғызстанда Ата-Жұрт Қырғыстан, Біртұтас Қырғызстан, Азаттық, Ата-Мекен, Ел үміті, Ұлттар бірлігі, Ұлы жұрт, Иман нұры сияқты бірнеше ұлттық, діни партиялар бар.

Сондықтан, ұлттық мемлекет, ұлтшыл азамат деген сөздерден қашпауымыз керек. Ұлттық дегеніміз – нағыз тәуелсіз мемлекет, ал ұлтшыл дегеніміз – мемлекетшіл деген сөз.  Біз Жаңа Қазақстанды ұлттық мемлекет ретінде құруымыз керек. Қарапайым ғана мысал, кешегі «қаңтар қасіреті» кезінде  көшеге шыққан адамдардың арасында бірде-бір өзге ұлттың өкілін көрдіңіз бе? Бір орыс азаматы көшеге шығып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін, Қазақстанның болашағы үшін алаңдайтынын білдіріп немесе өзінің құқығы тапталғанын айтты ма?! Жоқ!..

Мен кадр саясаты дегенде бір-ақ нәрсені айтайын, ұлттық мемлекет құрамыз дейтін азаматтарға жол берілсе, яғни ұлттық партия құрылса, айталық жұмысшылардың, яғни қазақтардың,  зиялылардың-интеллигенцияның, керек болатын болса дәрігерлердің ұлттық партиясы құрылса. Ондай партиялар жақын келешекте құрылады деп ойлаймын. Қазірше бізде ұлттық деген сөз алға шықпай тұр. Тағы да қайталап айтайын, ұлттық деген сөз – мемлекеттік, ал ұлтшыл деген сөз – мемлекетшіл деген мағынаны береді. Мәселен бізде Ұлттық университет, Ұлттық банк деген мекемелер бар. Оны біздің бауырларымыз мемлекеттік, қазақтық деп түсінеді.  30 жылда «Мемлекеттік тіл  туралы» заң қабылдай алмай отырғанымыздың да жалғыз  себебі сол – әлі күнге «ұлттық» деген сөзден қашып отырмыз. Өйткені, «ұлтшыл» деген  сөздің мағынасы шовинист, нацист, фашист деген сөздермен астасады деп қорқамыз.

Сондықтан бұл қасаң пікірден арылуымыз керек. Жаңа Қазақстанды құрудың менің ойымша, бір-ақ жолы бар. Ол – Ұлттық мемлекет құру!  Ұлтшыл, яғни мемлекетшіл азаматтар билікке келуі  керек. Кері жағдайда басқалардың көлеңкесінде жүре береміз,  санда боламыз, санатта боламыз, бірақ сапамыз болмайды.  Әлі күнге біз туған тілінде екі ауыз ант бере алмайтын адамдарды депутат сайлап, жоғары  мемлекеттік лауазымдарға тағайындап отырмыз. Қазақ үшін бұдан өткен қорлық, бұдан өткен  азап жоқ! Егер ұлттық мемлекет құра алмасақ, бұл мәселені көтерудің де қажеті шамалы. Ұлтшыл, ұлтшылдық деген сөздерден қорықпау керек, ол өзгелердің құқығын таптайтын озбырлықты, кемшілікті туғызу емес, ел азаматтарының бойында мемлекетшілдік, отаншылдық қасиеттерін  қалыптастыру, дамыту деген сөз.  Ұлттық, яғни националь деген сөздің мағынасы – мемлекет деген сөз!

Тоқсан сөздің түйіні

Көріп отырғаныңыздай, әр жеке адамның өзіндік ойы болатыны секілді, сарапшыларымыздың да пікірі әралуан.  Бірі жүйені толық өзгертіп, бұрынғы қоқыстың бәрін сыпырып тастау керек десе, екіншісі тәжірибелі ескі мамандардың бәрін аластауға болмайтынын айтады. Ал үшіншісі Жаңа Қазақстанды құрудың жалғыз жолы – Ұлттық мемлекет екенін ерекше атап отыр. Қай-қайсысының да пайымын қате, уәжін орынсыз дей алмаймыз.

Бірақ ең қиыны, бізде өткен 30 жыл ішінде, жердің асты-үстіндегі табиғи байлықты жан басына шаққанда әлемдегі ең бай елде тұрсақ та, сол байлықтың қызығын санаулы адамдар ғана көретін, ұлан-ғайыр жерде тұрып, халқын тұрақты жұмыс, жеткілікті табыспен қамтамасыз етуге құлықсыз, терең ой, қанағат, рақымның не екенін білмейтін жемқор жүйе құрылды.  Сөйтіп ол қоғамның ең ауыр індетіне айналды. Ал Жаңа Қазақстан –  жемқорлықтан ада ел болуы тиіс!

Адам үмітпен жасайды. Сарапшыларымыз айтқандай, жүйе жаңартылып, барлық деңгейдегі билік орындарына жемқорлыққа былғанбаған, ниеті түзу, ісі дұрыс, саяси сауатты, белсенді де ұлтшыл   азаматтардың келуіне жол ашсақ, бойындағы ақыл-ой, білім-білігі мен күш күш-қайраты тасыған жастарға экономиканың сан-саласында  тұрақты да өнімді еңбек етіп, жақсы табыс табатындай жағдай жаратсақ, шын мәнінде Халық үніне құлақ асатын Ұлттық мемлекет құрсақ,  жақын келешекте бәрі түбегейлі өзгереді деген үлкен үміт бар.

Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?!

Құтмағамбет Қонысбай,

Мәдениет қайраткері

Abai.kz

19 пікір