Жұма, 5 Маусым 2026
Әне, көрдің бе? 105 0 пікір 5 Маусым, 2026 сағат 15:05

Зеленский Путинге ашық хат жолдады

Сурет: DM сайтынан алынды

Зеленский бейсенбі күні Путинге жазған ашық хатында төрт жылдан астам уақытқа созылған соғысты екеуара бетпе-бет кездесіп шешуден үмітті екенін мәлімдеп, «Мен кездесу ұйымдастыруды ұсынамын», - деді.

Зеленский ашық хатында кездесуді мүмкіндігінше тезірек өткізуді, келіссөздер кезінде Украина тарабы атысты толықтай тоқтататынын атап өтті. Бейбіт келіссөздерге Еуропа мен Америка Құрама Штаттарының да  қатысуы керектігін нақтылады.

Зеленский хатында: «Алдынғы майдан шебі - келіссөздердің басталар нүктесі болуы керек», - деп жазды.

Украина бұған дейін дипломатиялық келіссөздерді ілгерлету үшін бірнеше рет ұзақ мерзімді атысты тоқтатуды ұсынған болатын, бірақ Ресей атысты тоқтату Украинаға армиясын қайта құруға және күштерін толықтыруға мүмкіндік береді деп, ұсыныстан бас тартып  келеді.

Зеленскийдің Путинге ашық хаты жарияланғаннан кейін, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленскийдің «кез келген уақытта Мәскеуге келе алатынын» ​​мәлімдеді.

Дегенмен, Песков Путиннің өзі ашық хатты әлі көрмегенін де тілге тиек етті.

Ресей президенті Путин Зеленскийдің кездесу туралы ұсынысына әзірге тікелей жауап берген жоқ.

Путин бұдан бұрын Ресей мен Украина бейбітшілік келісімге қол қойғаннан кейін ғана, Зеленскиймен ресми кездесу өткізуге болатынын мәлімдеген болатын.

АҚШ президенті Трамп бейсенбі күні Ресей мен Украина президенттерінің кездесуін құптайтынын жеткізді. Сопақша кабинетінде тілшілерге берген сұхбатында Трамп Путин мен Зеленский кездесіп жаста, «жақсы ырым» болатынын айтты. Трамп: «Олардың кездесу туралы талқылап жатқанын көргеніме өте қуаныштымын. Менің ойымша, біз бұған үлес қостық... Егер олар бетпе-бет кездесе алса, бұл өте жақсы нәрсе болар еді», - деді.

Сарапшылар «екі тарап арасында атысты тоқтату шарттары, аумақтық даулар және келіссөздер шеңбері сияқты маңызды мәселелер бойынша айтарлықтай келіспеушіліктер сақталғанымен, Зеленскийдің кездесу туралы жария ұсынысы және Кремльдің жедел жауабы екі тарап арасында  дипломатиялық байланыстың әлі де сақталып отырғанын көрсетеді» дейді.

Abai.kz

 

0 пікір