Жұма, 22 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 4373 16 пікір 21 Ақпан, 2022 сағат 11:37

Қазақ баласын қазақша оқытпаса, кінәлі ме?

Кінәлі емес. Біз оларды бас-көз жоқ, кінәлап жатамыз. Намыс жоқ дейміз, санасыз дейміз, орыстанған дейміз. Әйтеуір, айтпайтынымыз жоқ, кінәлі қылып шығарамыз. Бірақ сол ата-ана баласын орыс мектебіне не үшін бергендігін ақылға салып жатпаймыз. 

«Сананы тұрмыс билейді» деген нақыл бар. Қай ата-ана болмасын, баласының болашағының жақсы болуын қалайды. Жақсы мамандық алып, жақсы қызмет атқарғанын, дәулетті, бақытты болғанын көргісі келеді. Ал мұндай мақсатқа қазақ мектебін, қазақша жоғары оқу орындарын бітіргендердің бәрі бірдей жете бермейді. Өйткені, біздің елімізде қазақ тілі емес, орыс тілі дәуірлеп тұр. Орыс тілін жетік білмесең, өнеркәсіп кәсіпорындарына, қазақтілді екі-үш облыстан басқа жерлердегі әкімдіктерге, тіпті барлық дерлік мекемелерге қызметке алмайды, алса да қызмет атқара алмайды. Өйткені, іс қағаздарының бәрі орысша жүргізіледі. Екі тілде жүргізіледі деу биліктің халықты алдауы. Сол екі тілде жүргізіледі деген мекемелерде қазақша жаза да оқи алмайтын, дұрыс сөйлей алмайтын қазақтар толып отыр. Оларды білуге міндеттейтін заң жоқ. Осыны түсінген ата-аналардың көпшілігі балаларын, немерелерін қазақ мектептеріне емес, орыс мектептеріне беріп жатыр

Қай жылы екенін ұмыттым, техникалық жоғары оқу орнын бітірген аралдық бір жігіттің «Жас Алаш» газетінде ашуға толы бір мақаласы жарық көрді. Мектепті де, жоғары оқу орнын да қазақша бітірген әлгі жігітті орысша дұрыс білмегендіктен Алматының кәсіпорындары мамандығы бойынша жұмысқа алмай қойыпты. Ашынған жігіт әкесіне хат жазып, орысша білмегендіктен өзінің жұмысқа орналаса алмай жүргендігін, қазақ балабақшасындағы кішкентай інілерін ертең қор болмауы үшін қала шетіндегі орыс балабақшасына беру керектігін қатты ашуланып айтқан. Ал енді осы ісі үшін ол жігітті кінәлауға бола ма? Мен қазақы аудандардан, ауылдардан Қостанайға көшіп келіп, өздері қазақ мектептерін, жоғары оқу орындарын бітірсе де, балаларын орыс мектептеріне беріп жатқандарды білемін. Неге? Өйткені, қайда барсаң да бәрі орысша. Банктерде болсын, басқа мекемелерде болсын, толып отырған қазақ қыздары қазақша білмейді, біліп тұрса да, сенімен қазақша сөйлеспейді. Қазақша сөйлесең, жақтырмайды, орысшасына көшіп кете береді. Не оларға жоғарыдан осындай нұсқау келген, не ресми орындарда орысша сөйлеу олардың санасына сіңіп кеткен, сіңдірген, не қазақша сөйлеуге арланады, ұялады. Құлдық сана.

Біз қазақ мектептері жақсы білім береді деп мақтанып жатамыз. Осы сөздің растығына мен күмәнданам. Бес жыл бұрын үлкен немеремді баламның қарсылығына қарамай,  бастауыш қазақ мектебіне бердім. Бастауыш сыныптарда немерем басқа сабақ жоқтай, үнемі бір өлеңдерді жаттайды да отырады. Өлеңдердегі «үскірік», «шірік», «қызанақ», тағы басқа сөздердің мағнасын сұрасаң, білмейді. Мұғалімдері түсіндірмейді не өздері түсінбейді. Өзі қазақша нашар білетін бала мыйы ашып, бар күнін сол бес алты шумақ өлеңді жаттаумен өткізеді. Әрі жүйкесін құртады. Сол өлеңдерді жаттау балаға қаншалықты қажет?

«Қазақ әдебиетінің» өткен жылғы 26 қарашадағы нөмірінде Әмірхан Балқыбектің аса талантты жазушы, марқұм Сайын Мұратбековты еске алуға байланысты онымен көзі тірісінде жүргізген сұқбаты басылды. Сол сұқбатта қазақ мектептеріндегі білім беру мәселесі сөз болады. Әмірхан «Әліппе» оқулығы сапасының нашарлығын, баласының бірінші сыныпты бітірсе де, дұрыс оқи алмайтындығын айтады. Осы сөзден кейін Сайын біраз мектеп оқулықтарын ақтарыстырады. Әмірханның айтқанының растығына көз жеткізіп, оқулықтан мынадай мысал келтіреді: «Көріп қалып қырғиды, тауық ырғиды, жылан сырғиды». \Авторы Мұзафар Әлімбаев\. «Осы секілді жолдарды жаттатқаннан ұтарымыз бар ма? Мұндай жаңылтпаштан жеті жасар бала не түсінбек?» дейді жазушы. Расында солай ғой.

Жалпы жоғары сыныптарды қайдам, бастауыш сынып оқулықтарының сапасы нашар. Дұрыс құрылмаған сөйлемдер, бала тұрмақ үлкендер түсінбейтін «жаңа» сөздер. Бастауыш сыныптар оқушыларының жасына, түсінік-талғамдарына сай келмейтін оқулықтық бағдарламалар. Неге бұлай? Өйткені, Білім министрлігінің бұрынғы басшылары бұған мән бермеді. Тіпті, сол министрлікте ұлттың тіліне, ұлттың болашағына жаны ашитын адам болғанына күмәнім бар. Сондықтан оқулықтарды тамыр-таныстық арқылы қолынан жазу келмейтін мұғалімдер де жаза берген. Өйткені, бұл үлкен ақша. Ол оқулықтардың сапасы қазақша оқи алмайтын Е. Сағадиев сияқты орыс тілді бұрынғы білім министрлеріне де, олардың шалақазақ орынбасарларына да бәрібір болды. Бізде министрлікте ғана емес, облыстық, қалалық білім басқармаларын да қазақша қақпайтын қазақтар да, орыстар да, басқалар да басқарып отыра береді. Ал оларды қазақ мектептеріндегі білім беру сапасының жағдайы алаңдатпайды. Мен мұны білгендіктен айтып отырмын. Сіз Ресейде орыс тілін білмейтін қазақтың сол елде білім министрі болуы мүмкін екенін көз алдыңызға елестете аласыз ба? Мүмкін емес. Ал бізде бола береді. Өйткені, қазақ тілі биліктегілер үшін иттің «тілімен» бірдей. Иттің «тілін» түсінуге де болады, түсінбеуге де болады. Өйткені, оның сұрауы жоқ. Сол сияқты қазақ тілінде сөйлеуге де болады, сөйлемеуге де болады. Өйткені, бұл тілдің де сұрауы жоқ. Сұрауы жоқ нәрсе жоғалады.

Қазақ тілінің жағдайы дұрысталудың орнына жылдан-жылға нашарлап барады. Мұны халық көріп отыр, біліп отыр. Тіпті бүгінгі таңда қазақ тілінің болашағын елестетудің өзі қиын, тіпті қорқынышты. Биліктің кешегі де, бүгінгі де жүргізіп отырған тіл саясаты «балаңды қазақша оқытпа, қазақ тілінің болашағы жоқ» дегенге итермелеп отыр. Расында оңтүстікті қайдам, күні кеше қазақ боламыз деп балаларын қазақ мектептеріне топырлатып берген солтүстік қазақтары енді балаларын қайтадан орыс мектептеріне беріп жатыр. Мен бұл үшін оларды кінәлай алмаймын. Бұл олардың өз ұлтынан жиренгендігінен емес, биліктегі басынан бақайшағына дейін орыстанған шалақазақтардың өз ұлты тілінің «қол аяғын» тырп еткізбей, байлап-матап тастағандығынан болып отыр.

Біздің билікті тіл мәселесінде Ресей билігі өз отары сияқты қатты қыспаққа алды. Дума депутаттары, саясаткерлері, журналистері және басқалары Қазақстанда орыс тілін кемсітіп жатыр деп, дүниені улатып-шулатып, биліктің зәресін ұшырды. Біздің қорқақ билік соларды мойындағандай үн-түнсіз бұғып қалды. Орыс тілі дәл біздің еліміздегідей еш елде дәуірлеп тұрған жоқ. Ендеше соны дәлелдеп, шовинистердің аузына құм құюға болмайтын ба еді? Болатын еді. Бірақ біздің билікте орысқа қарсы сөз айтуға болмайтындай сана қалыптасқан. Қалыптастырды. Орысша сұрақ қойған орысқа қазақша жауап берген қазақты кезінде Назарбаевтың қалай кінәлағанын білеміз. «Қызметтен қуу керек. Прокурор қайда қарап отыр?! деп қиғылық салған жоқ па? Соның салдары болар, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен Ахметовті қазақ билігі орыс қысымынан қорқып, қылмыстық жауапкершілікке тартпақ болғанда ол қашып, шетел асты. Соның өзінде қазаққа қоқан-лоқы жасауға әбден әдеттеніп алған орыс шовинистері байбаламдарын қоймады. Біз қорқуды қоймасақ, қатты қарсылық көрсетпесек, олар бізге қысым жасауын да ешқашан тоқтатпайды. Тіл үшін күресетін кез келді. Өйткені, ұлт ретінде жоғалудың аз-ақ алдында тұрмыз.

Дамир Әбішев,

журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері.
Қостанай қаласы.

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5244