Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІІ
- Кері төңкерісші Сәйданың үстінде өткен кешегі зор күрестен не әсер алдың, қайтқанда соған байланысты қандай мәселе өткіздіңдер, осы жөнінде материал жазып тапсыр! Партияға адалдығың осы материалыңнан көрінсін, ұқтың ба? - Жаубасар ертеңіне түстен кейін келіп, терезеден осыны тапсыра сала жүріп кетті. - Тура жаз, ә, тура жаз!... Жасырмай жаз!.. Жасырсаң мәселең зорайып кетеді!
- Көзеген жеріңізден қасығыңызға ілінерлік ештеңе өне қоймас, клуб сахнасы мен залдағы өзіңізге көрінбеген мәселелерді де жазайын!-дегенімде қайрыла қарап түйілді:
- Сен өзің бірнешеумен бірлесіп өткізген мәселе үстінде ғана жазасың!.. Сен қазір өзіңді ғана тексерушісің, газет тілшісі емессің, ұғып қой!
- Ұғып тұрмын. Өз алған әсерім мен өз мәселемді жазу үшін көргенімді, нақ қай жерінен әсер алғанымды қосуым керек. Себепсіз салдар болмайды. «Партияға адалдық көрсету» үшін расын жазудан басқа лаж жоқ!
- Айттым, сен өз ісіңе байланысты мәселені ғана көр!
- Екі көзім де сау қалыпты, мәселеге сыңар көзбен қараудан адалдық табылмайды!- дегенімше алыстап кеткен Жаубасарға осы сөзді ғана естірте алдым.
ІІІ
- Кері төңкерісші Сәйданың үстінде өткен кешегі зор күрестен не әсер алдың, қайтқанда соған байланысты қандай мәселе өткіздіңдер, осы жөнінде материал жазып тапсыр! Партияға адалдығың осы материалыңнан көрінсін, ұқтың ба? - Жаубасар ертеңіне түстен кейін келіп, терезеден осыны тапсыра сала жүріп кетті. - Тура жаз, ә, тура жаз!... Жасырмай жаз!.. Жасырсаң мәселең зорайып кетеді!
- Көзеген жеріңізден қасығыңызға ілінерлік ештеңе өне қоймас, клуб сахнасы мен залдағы өзіңізге көрінбеген мәселелерді де жазайын!-дегенімде қайрыла қарап түйілді:
- Сен өзің бірнешеумен бірлесіп өткізген мәселе үстінде ғана жазасың!.. Сен қазір өзіңді ғана тексерушісің, газет тілшісі емессің, ұғып қой!
- Ұғып тұрмын. Өз алған әсерім мен өз мәселемді жазу үшін көргенімді, нақ қай жерінен әсер алғанымды қосуым керек. Себепсіз салдар болмайды. «Партияға адалдық көрсету» үшін расын жазудан басқа лаж жоқ!
- Айттым, сен өз ісіңе байланысты мәселені ғана көр!
- Екі көзім де сау қалыпты, мәселеге сыңар көзбен қараудан адалдық табылмайды!- дегенімше алыстап кеткен Жаубасарға осы сөзді ғана естірте алдым.
Жаубасардың «өз ісіңе байланысты мәселе» дегені, кешегі тізіліп қайтып келе жатқандағы қалжыңдаушылардың ғана сөзі екені белгілі. Ал шындығында бұл қалжыңдарға түрткі болған түпкілікті мәселе - күрес жиынына қызды есеңгіретіп жуасытып әкелу үшін сахна сыртында соққылаған өз террорлықтарында. Жазып тапсыратын материалымда осы жайтты қысқаша әшкерелей келе мәселені былай айқындадым.
«...Мұндай соққы мен иянаттан өлімді жеңіл көретін намыскер қыз, атылу жазасына лайық сөзді сондықтан сөйледі. Оны олай сөйлетпей шығарып әкету дұрыс еді. Екі мың адам қарап отырған сахнада бойжеткен қызды бассалып сабауға, үстіне мінуге, ұятты жерлерін жұлмалауға, киімін жыртуға, көкпар етіп тартысуға... Адам ұжданы қалай шыдамақ!... Көп адам - көп белсенді содан қателесті. Жиын басқарған Жаубасар осы жабайылықтарға жиынның күн тәртібі ретінде жол қойып бақылап қарап тұрды. Мұны шектемеудің халық пен партия арасына қаншалық зиян салғандығын, төңкерісті қаншалық масқаралағандығын көру қажет!... Бұл әрине компартиядан өтілген мәселе емес, бізден де өтілген мәселе емес!... Идеямызға симаған бұл оқиғаны Жаубасардан көрдік те қайтқан жолымызда соны ғана сықаққа айналдырдық...»
Жаубасар «жасырмай жазуға» бұйырған мәселем дәл осылай жазылды. Арасына ашық жер қалдырмай, таза жаздым да аяғына тағы да ескерту қосып жөнелттім.
Мұнан соң көпке дейін маған Жаубасар көрінбеді де, бұл жөнінде ешкім ештеңе сұрамады. Қалық пен Юсупбектен де қайталап сұрамай, «құйын соққан» мен Нұралыны ғана қатты айналдырғанын біліп жаттым. Тегі бұл екеуі Жаубасардың бұл сықақты «партияға, төңкеріске қарсы әрекет» деп бопсалағанына бұлғақтап ықтап, содан дәніктіріп алған тәрізді. Әсіресе Нұралыға қатты төнгені еміс-еміс естіліп тұрды. Алғашқы кезде Жаубасар оған әр кеште шаңқылдады да, кейінірек екі-үш күнде бір рет шаңқылдап жауап алатын болды. Нұралыға материал жаздырып, соны өзіне толықтату үшін шаңқылдайтынын түсіндім.
Маған күзетке қойған алты авчаркісі да зеріккендей, түнде бір, иә екісі ғана қалып жүрді. Мақұлбектен басқасы қалған кеште үйіме барып келуге рұқсат алып тұрдым. Мақпалдан естуімше маған жақын адамдардың барлығы режимде екен. Ауыз ашып сөйлесе алмайтын болыпты. Тыңшы тіпті өзінің соңынан да таң атқаннан ел жатқанша үзілмей жүр екен.
Жаз шыға газетте Әбілеметтердің қылмысы жарияланды: «дербестік талап еткен. Шынжаңды бөліп әкетуге ұрынған. Қатерлі кері төңкерістік зор блок құрған, стилде шіріктескен...» сондықтан партиядан шығарылып, қызмет орнынан қуаланыпты. Иендегі тың жер ашу жұмысына айдалғандығын соңынан Мақұлбектен естідім. Ол маған оңашада күрсіне келіп, қайғырғанси хабарлады.
- Әбілемет жазаланып кетті, жайымызды түсінер ағадан айрылдық. Ондай адамды аман қоя ма!
- Мұны маған қайғылы хабар етіп жеткізгенің қалай?- деп сынай қарадым жүзіне.
- Біз ұсақ-түйек істе келісе алмағанымызбен түбіміз бір, ірі істегі қормалымыз еді ғой!
- Қашаннан бері қормалың еді?... Былтыр жаз бойы содан көрген қорлығымызды айтып, маған шағынып жылап келіп жүретіндердің бірі өзің емес пе едің!... Енді оған аза білдіріп жылап келудегі мақсатың не?... Мені енді Әбілеметтің блогына байланыстырмақпысың!..
Бақылаушыларымның бірі кіріп келді. Есік сыртынан біздің сөзімізді тыңдап тұрып, қысылған Мақұлбекті құтқару үшін келгендігі күле кіруінен сезілді. Құбылмалы жынның енді жала жабудан тайынбайтын болғанын сезіп, жаңағы сөздерімізді соңынан кіргеніне әдейі мәлімдеп, қайталап сөйлеп бердім.
Әбілеметтің жазалануы маған жеңілдік әперуге тиісті. Мені сайрауға мәжбүр етіп, ұлтшылға айналдырған кесірдің бірі - осының зорекерлігі емес пе еді. Оның қылмысы анықталған болса, мен ағармаймын ба!...
Осы үмітті бейғам жылтыратып тағы да екі апта отырыппын.
Бір күні алты авчарка түгел жиылып келіп, айдай жөнелді. Күреске түсетіндігімді айтты. Үміт отын енді жүре жылтыраттым: «мұншалық бекер қамағандықтарынан ұялып, табылысынша мінеп-шенеп, сындап шығармақ болса керек. Мұны компартия абройы үшін істемек қой, мен де сіресіп алмай, «барыммен әзір», біраз иіліп, сын қабылдап шығайын!» дегенге келдім.
Өзім бұрын жүріп көрмеген сырт көшеге, одан төтелеп, тастақты белеңді асыра айдады. Айландырып апарып бір жаңа көшеге, жаңадан салынған зор аула дарбазасынан өткізіп, сұр қабырға, сұр еденді зор клубқа кіргізді. Быжынап сығылыса отырған қалың адам, дүр көтеріле ұрандап, шулай жөнелді. Жұдырықтар түюлі, «жоғалсын» деп бәрі бұйырды.
Кіре бере зыр ете түскен жүрегім, төбеме шыға атқақтады. «Шыда-шыда, сені мықтап бір шайлықтырып шығармақ болса керек, мұнысынан қамықпа, үстемсітпе Жаубасарды!» деген сертке бекідім де қорқыныш жағынан титтей сыр бермеуге тырыстым. Көтерілген жұдырықтардың астымен айдап апарып, сахнаға шығарды. Баспалдақтардан да илікпей өрледім. Буындарым бекемделе түсті. Жаубасардың нұсқауымен ең төрдегі микрафонды столға жандап барып тұра қалдым. «Отыр!» деді біреуі. Шаң басқан орындықты қағазбен сүртіп, үрлеп-үрлеп жіберіп отырдым. Кең залда жұлдыз құрттай үйіліп жыпырлаған қалың көз менде екен. Орындықты асықпай тазалағаныма күлісіп, күбірлескен үндер естілді. Сахнаның екі жақ шетіндегі екі столға қарап күліп жіберіппін. Залдың алдыңғы қатарында отырған активтер ақырысып қалды.
- «Тұр орныңнан буржуй!», «кімді басынып күлесің!»- деген екі сөз, екі жүз түрлі зейіл дауыспен естілді. Тік тұрып жауап бердім.
- Ең төрге шығарған құрметтеріңізге рақмет айта жаздаппын.
Зал ду күлді. Клубтың тас қабырғаларынан бетер көгеріп тұрған Жаубасар өз алдындағы микрафоннан шақылдап жіберіп, шорт тиды күлкіні. Күлкі түгіл күбір-сыбыр да өшіп, өліктей тынды. Жаубасар мені жұдырығымен басқандай ишарамен қайта отырғыза сөйледі.
Біраз «жөнге келіп қалғанын» осы отырғызуынан байқап тыңдадым. Жаттанды нұсқауларын бұл жолы түп-түгел оқыды да тік өрлей шапқылады.
- Асқан тоңмойын оңшыл, жерлік ұлтшыл, шегіне жеткен кері төңкерісші Биғабіл қазір өзін тексереді. Алдымен өз ықырарын тыңдаймыз. Сөз берудің алдында тағы бір рет, мүмкін соңғы рет ескертіп қоялық. Басқа оңшы, жерлік ұлтшылдардың барлығы Сәйданың үстіндегі күрестен сабақ алды. Тоңмойындықтың өлім жолы екендігін бәрі көріп, танымдарын өсірді. Мәселелерін үздіксіз тапсырып жатыр. Сәйдаға ұқсамау үшін Биғабіл тіпті ерекше тырысуға тиісті. Мәселе таныма жағынан өткен жиындарда Сәйдаға бек ұқсап келген. Енді ол жолға мүлде баспауы, шығар жолына бұлтармай түсуі шарт!... «Мойындағанға кеңшілік, тоңмойынға қаталдық» саясатымыз мәңгі өзгермейді. Ал, сөйлесін!
Сөзімді орнымнан түрегеле бастап едім. Отырып сөйлей беруіме рұқсат етілді. Микрафонды төмендете отырып қайта бастадым.
- Жиын бастығы танымды өзгерту қажеттігін бек дұрыс айтты. Бұл жөнінде өз позициямды білдірейін: ең алдымен осы науқанның өзін дұрыс таныуымыз қажет. Бұл науқан, бұрынғы зорекер тап жауларына, ұры-қарақшыларға, қиянатшы, бирократ, сырапқорларға қарсы науқандарға характер жағынан мүлде ұқсамайды. Мұнда жауды өз басымен ойлатып, рухани жақтан іштей мойындату мақсат етіледі. Себебі, «бұл идеялогиялық, яғни, рухани төңкеріс». Ой-сана күресіне дене жазасының құралы қолданылса пікірді бұзады. Сондықтан бұл науқанға әсіресе жұдырық жұмыс істей алмайды. Ол тілсіз ақымақ, идеяны ғана емес, ар-ұятты да, мінезді де бұзады. Сәйданың үстіндегі күрестен осы масқаралықты тіпті айқын көрдік. «Оңшыл», «ұлтшыл» деп аталған элементтеріңіздің мәселесі жұдырықпен, иянаттаумен емес, тек факт-дәлелмен ғана шешіледі. Егер мойындамаса, әрине оның да дәлел айтып, ақталатын құқығы бар. Дәлелдей алмаса, Сәйданың барған жеріне сонан соң ғана баруға тиісті. Қысқартып айтқанда бұл науқанның компартия жол қоюға тиісті бірден-бір құралы - факт-дәлел сыфат айтысы.
Қазіргі бізбен сіздер ғана емес, бүкіл материализм дүниесі - факттың құлы. Көрініп тұрған фактке мойындамаушы ғана тоңмойын деп аталып, жазалануға тиісті. Фактке кім құрмет қылмаса, сол тоңмойын!... Сәйданың үстіндегі күрестен, мен жоғарыда айтылған танымым бойынша сабақ алдым. Ол күрестен, күреске тартылушы да, күреске тартушылар да жақсы нәтиже таба алмады. Ондай жолмен ешкім жақсы нәтиже таба алмайды да. Себебі, бұл науқанның негізі болған факт-дәлел айтысы несиеге қалып қойды. Сондықтан оның мәселесі қайтадан қаралмай тұрақтамайды. Ашумен ыза бәрімізге де қажетсіз екен!
Енді мен өз үстімдегі мәселелерге жауап берейін,- дегенімше залдың арт жақ жарымы қол шапалақтап шатырлатып ала жөнелді.
- Тоқтат, тоқтат!... Кім бастады шапалақты?- деп Жаубасар сахнадан тік шаншыла шаңқылдады да, залдың алдыңғы жағында отырған активтер арт жаққа атылып барып, тұс-тұсынан қоршай шақылдады.
- «Кім бастады?», «Бастаған кім шапалақты?», «Айтыңдар кім бастады?»...
Жаубасар да түсе жүгіріп, тексеруге кірісті. Сахнада менен басқа хатшы әйел, залдың алдыңғы үш қатарында Гүлниса атты жалғыз әнші қыз ғана қалыпты. Осы күресте активтер түгелімен алдыңғы үш қатарға жиналғаны, сөйтіп, орындарынан көрінді. Бұл қыз, сұлулығымен шекара бұзып, активтер қатарында да, пассивтер қатарында да жүре беретін, бүкіл мәдени-ағарту лениясындағы ерке қыздардың бірі болатын. Бұрын ешқандай байланысымыз, тіпті, таныстығымыз да жоқ сияқты еді. Арт жағы шулыған, шақ-шұқ тексеру болып жатса да мөлдір тұнық қара көзін менен аударар емес. «Мені күзетуге қалғанбысың?» дегендей мен де қарай қалыппын. Ол, сезіктенгендей көз қиығымен хатшы жақты шолып қойып қарайды маған. Миығынан ғана жымияды...
- Сен тұр орныңнан, шапалақты кім бастады?- Айғайкөк ақырып тұрғызды біреуді.
- Білмеймін. Бәрі шапалақтаған соң ілесіп кетіппін!...
Активтер кімді тұрғызып сұраса да сондай жауап шыға берді. Қалпақтылар мен жауапқа жүктілерден де ешкімін ұстай алмаған активтер алқына қайтты орындарына. Әуесқой қыз көзі солар келіп орныққанша ғана үзілді менен. Жаубасар орнына шыға сала сөйлеп кетті.
- «Кім кері төңкерісші жақтан көрінсе, сол кері төңкерісші. Кім жиянгерлік, феодализм, бирократ капитализм жағынан көрінсе, сол кері төңкерісші». Бұл жолы сол кері төңкерісші ашықтан-ашық жау сөзін қолшапалақ бастап қарсы алып, ашық бұзғыншылыққа дейін жетті. Төңкерістік қырағылықтарың қайда?... Бұл жау өзінің үстіндегі күреске позиция білдіру сылтауымен не сөйлегенін, төңкерістік жолымызға қандай у шашқанын түсінбедіңдер ме!.. Бар сөзді бізді құралсыздандыру, ашықтан-ашық қарсы шығып, атысу үшін сөйленбеді ме! Бұл күресімізді «айтыс» деп жар салып бұрмалап отырғаны сол емей не!... Төңкерістік күрес майданымызды тек тұрып айтысу майданына айналдырмақ!... Айтыңыздаршы, ұлы көсеміміз төңкерісті қалай түсіндіріп еді?... Естеріңізден шыға қалды ма!.. «Төңкеріс деген, мейман шақыру емес, сурет сызу, кесте тігу де емес... Төңкеріс деген - қозғалыс, бір таптың бір таптан әкімшілік тәртіп алу жөніндегі зорлықты күш».
Активтер жағынан ұран басталып, бүкіл залды гүрілдей, дүрілдей тітіретті. Айқайға қосылғысы келмегендерін алакөзбен атып, қоса шулатты. Ұрандары таусылғанда «жоғалсын Биғабіл есек!» деп те айқайлатты. Залдан қыстыққан шиқ-шиқ күлкі тағы естілді. Гүлниса бұл ұранға қосылмай, төмен қарап алған екен, қасындағы бір әйел бүйірінен түртіп қалғанда, жүзінің нарттай жанып, түйіліп қалғаны көрінді.
- Сөйле! -деп зекірді Жаубасар маған. - Бізбен айтысамын деп әуреленбей, тек өз мәселеңді ғана тапсыр, ұқтың ба?
- Бұл күрестеріңіздің мақсаты менен қалай болса да бір жауап алу емес пе!... Иә, жауап бермей-ақ, Сәйда барған жерге үнсіз кете бер дейсіз бе? Осыны анықтап түсіндіріңіздерші маған, қолымнан екеуі де келеді! Егер жауап алмақ болсаңыздар, айтыс деген сол. Ол, «атыс» емес, ақ-нахақты айыру ғана! Қай бұйрықтарыңызды орындайын?
Жаубасар жауапсыз сазарды да, хатшының қасына келіп қыдиған Айғайкөк зекірді:
- Сөйле! Сөйле!
Қабақ шытпай, ашық та жуас үнмен бастадым сөзімді.
- Сөйлетсеңіздер рахмет!... Төңкеріс деген, өз саптасына жала жабу емес, дұрыс сөзді бұрмалап ойнайтын қылжақ та емес. Дәл Жаукеңнің жаңағы жариялағанындай, «бір таптың бір таптан әкімшілік тартып алатын зорлықты күші». Маужушидың бұл анықтамасын мен басымды тіземе дейін иіп құрметтеймін. Мен, 50-ші жылдан бұрынғы ешқандай әкімшілік басындағы таптың ұрпағы емес, тіпті ол дәуірдегі орта таптардың да баласы емес, солардан қанқақсап езіліп келген жалаңаш жалшы батырақтың баласымын. Оның үстіне мен ешқандай таптың әкімшілік қызметінде де болған емеспін. Сондықтан жалған-жасанды, тісін жасырып тілін шығаратын жағымпаз қошаметтің сөзін де сөйлей алмаймын. Ойым ашық, туым айқын. Пікірдің қабырғасынан қапсыра ұстап, тура төтесінен бір-ақ сөйлеймін. Бұл мінезіме қарап, менен кері төңкерісшілдік таба алмайсыздар. Бұл мінезді маған өзімді жаратқан табым берген! Мендегі бұл батылдықты коммунистік партия берген!... Бүгін өз мәселемді сөйлеуімде мұншалық көп басты шақырып тыңдатқан Жаубасарға рахмет! Тағы да шиқылдап шыға бастаған күлкіні, қол сермеп баса жалғастырдым сөзімді. - Мұным, кекесін емес, шын алғыс. Тарихты жаратушы - халық. Ал, халықтың қазысы - көпшілік. Әсіресе бүгінгі көпшілік - ұқықта тепе-тең қазы. Мұншалық көп қазыға тыңдатқан кісіге тіпті көп алғыс!...
Мен 45-ші жылы үш аймақ төңкерісінде қоғам қызметіне алғаш араласқанымнан бастап оқу-ағарту қызметін таңдағанмын, оқытушы болғанмын. 50-ші жылы Үрімжіге шақырылып, содан бері оқу-құрал жасау қызметіне алмасқанмын. Егер бұл науқанда аударылсам, тек жыл он екі ай тапжылмай жалғыз отырып, басымды үздіксіз тырнайтын ең жапалы, ең ауыр жұмыстан ғана айрылмақпын. Сондықтан сіздерге тапсырып беруге қимай жасыратындай ешқандай мәселем жоқ!..
«Мәселе тапсыруды» осылай бастадым да оқу-ағарту қызметіндегі Әбілемет өкілдік еткен кесір-кеселді арылта ақтаруға кірістім. Түскі тамаққа алты авчарканың екеуі айдап апарып келуден басқа ешқандай ақыру-зекіру болмады.
Барлық сөзім, болған ахуалды дәл өз қалпында әңгімелеп беру сипатында, тіпті, қызық әңгіме болып сөйленді. Былтырғы оқу бітірген қазақ студенттердің қызметке бөлінуіндегі мәселе мен олардың талабы барлық болмысымен баяндалып келіп, Әбілеметтің шашқан уы екені әшкереленді де, өзімнің сайрағаным, Әбілеметтердің сол уына ғана қарсы пікір екендігі дәлелденді. Сайрау сөзімді газетке бұзып жариялаған тілшінің ісі де, сайратқан Фубужаңның анты да, сондағы брашура тысына жазылған өз сөзімнің тезисі соның қолында екендігі де факт ретінде қалмай баяндалды. Соңында өзіме сұраулы бір мәселе ғана қойдым.
- Қорытып айтқанда менің сайраған пікірлерім, өз ұлтымның қырсыққа ұшыраған мәдени-ағарту қызметі жайында ғана болды. Бұл ісімді ұлтшылдық десеңіздер де, иә өзінің өтемесе болмайтын азаматтық міндеті десеңіздер де құқық сіздерде!-деп тоқтаттым сөзімді.
Әрең шыдап тыңдаған Жаубасар інінен шыққан суырша шақ ете түсті.
- Тұр орныңнан!... Бір күн сөйлегенде неңді тапсырдың!... Өзіңе кір жуытамысың, жоқ па?
- Тазалыққа дағдыланғанмын,- деп мен жымидым. - Өзімде болмаған нәжісті тіпті де жуытқым келмейді. Егер кірдің өзі келіп жабысса, жауапкерлікпен жуамын!
- Асықпа оған, тегі сенде ұлтшылдық бар ма, жоқ па, өзің айт!
- Өзім айтсам, пікірде де, істе де партия мен халықтың өзіме артқан міндеті бойынша ғана азаматтық борыш өтедім. Менде идея болып сіңген ұлтшылдық жоқ!
- Ұлтшылдық деген не?- Жаубасардың дауысы тіпті өрлеп, найзадай шаншылды.
- Осыны өзім де бір сөйлемек едім, жақсы сұрадыңыз! Хатшы бұл жауабымды толық жаза көріңіз!- дедім де баптап - анықтап сөйледім. - Ұлтшылдық деген - өзінің ұлт халқын бір тап ретінде ғана ту етіп ұстап, басқа ұлттарға қарсы майданға шығу. Қарсы майданға шығудың ең кішкене, ең төменгі факторы - басқа ұлттарды кемсіту, орташасы - басқа ұлттарды басыну, шетке қағу, жоғарғысы - өз ұлтын бәрінен жоғары қойып, басқа ұлттардан ерекше мәнпағат, артықша құқық талап ету. Ал, ең зоры - басқа ұлттардың күн көру, тұрмыс кешіру, даму жолын кесу. Ең құтырған ұлтшылдық - басқа ұлтқа Гитлерше құралды қырғыншылық жүргізу, тұқым құрту. Осы бес дәрежелі бес сатылы ұлтшылдықтың, менен, ең төменгісіне жататын, шын мәнінде бір мәселе табылса, «ұлтшыл» аталуға, тіпті, зорекер ұлтшыл дәрежесімен жазалануға да разымын!
- Жерлік ұлтшыл деген не, ол қалай туылады?- деп залдағы бір актив дүрс еткізді. Бұл сұраудың, «зор ұлтшылдық болмаса жерлік ұлтшылдық туылмайды» деген таласты пікірді маған сөйлетіп шатастыру үшін қойылғаны белгілі. Сол арқылы мені «жерлік ұлтшыл» етіп дәлелдемек.
- Бәрі сол бестің ішінде, екінші сатысына жатады, дей салдым мен. - Ұлтшылдықтың ен-таңбасы, ауыры мен жеңілі, ақ-қарасы, торысы мен сарысы, қатесі мен дұрысы деп таңдайтыны жоқ, бәрі қап-қара. Төменгісінен өсіп-өрлей беретін улы өсімдік!
- «Бәрінің апасы зор ұлтшылдық!», «зор ұлтшылдық!», «зор ұлтшылдық қайсысына жатады?»- деген күбірлер күлкімен араласып көтеріле бергенде Айғайкөктер түлкі иісін сезген тазыша жалтақтады да Жаубасар қолын сілкіп, тиып тастады.
- Әкетіңдер мынаны!... «Қылмысы жоқтығын» ертең көрсін!- деп біреулерге мені тапсырып, қолын тағы бір сілкіді де көпшілікке шұқшия сөйлеп кетті. Менің «шегіне жеткен кері төңкерісшілдігім», «зор ұйым құрған ұлтшылдығымды» атаған шаңқылы артымнан естілді. Авчаркаларым мені сахнаның артқы есігінен шығарып әкетті.
Бүгінгі жиын күрес емес, тамыр ұстап көру мен «блоктас» - тілектестерімнің ізін бағу екендігін байқап қайттым.
Тастақты белеңнен аса бергенімде соңымнан басқа «ұлтшылдардың» іріктеліп қайтып келе жатқаны көрінді. Жаубасар күрес қосындарына айырым жиын ашып, тағы бір сұмдығын даярламақ сияқты...
Ертеңіне мені сол екі күзетшім тағы айдады. Сәске көтеріле, асықбай жылжытты. Дәл сағат онда жеттік. Кешегі көксұр зал баттасқан қалың қара жазуға толып, бүтіндей қарашұбар залға айнала қалыпты. «Дазыбау» сол үлкен залдың қабырғаларына симай, көлденең керілген қатар-қатар, айқыш-ұйқыш жіптерге тізіліп, жиналған қалың күресшілердің үстіне мыңдаған бүйеннің торындай жайылған екен.
Күрес қосыны кешегіден де көбейіп, өтер жол қалмағандықтан, есік алдына тосып тұрған Айғайкөктің өзі жеңімнен тарта жөнелді мені. Шақырылған ұрандар арасынан шақылдай жылжып әрең өткізді. Көпшіліктің қабағы бүгін аса қату көрінді. Жетесіне жете қайрылып, араларына тыңшы көп қойылған тәрізді.
Кешегі орныма шығарып алып, Айғайкөк пен Жаубасар екі жағымнан шошайтты саусақтарын.
- Мына дазыбаудың барлығы сенің мәселең!... Осы көпшіліктен түскен факттер! Қара, қанша екен?
- Сен де мәселе бар ма екен, жоқ па екен?
- Сапасын жауап алғанда көрерсіздер, саны үш-төрт мыңнан кем түспес!- деп жымия жауап бердім. - Бірақ, екі мекеменің архивіндегі «Шынжаң газеті» түгел боялып, сырап болғаны ғана қорқынышты!
Екі жыртқыш, қанталаған көздерін маған қадай ыршиды.
- Қорқатының газеттің «сырап болуында» емес, осы кетпес бояуда екенін көресің әлі асықпа!
- Осындай қитұрқылықтан танбасаң, кететін жеріңе бүгін-ақ кетесің!- деді Жаубасар тісінің арасынан. - Өзің шындыққа келіп, бар қылмысыңды мойындасаң ғана қаласың! Егер бұл жерде жуастықпен мойындамасаң, төңкеріс түрмесінде құрыш қыспақпен мойындайсың! Ақыр мойындайсың! Жан керек пе өзіңе?... Онан да осы көпшіліктің алдында мойындап құтыл!...
- Жолдастар тынышталыңыздар!- деді сонсоң залға шаңқылдап, өз столындағы микрафонға барып сөйледі. - Халықтың қас жауы, кері төңкерістік ұйым бастығы, оңшыл, ұлтшыл Биғабілдан бүгін алдымен алынатын жауап, тарихи қылмыстары үстінде. Бұл жау, асқан айлакер, түлкі жау, кешегідей өздеріңізбен өздеріңізді керістіріп қойып, бұлт етіп шығып жүре бермесін!- деп бастап, әр түрлі қырағылықты ескертті. Жауға қатты қолдықтың қажеттігін көксите келіп, «тарихи қылмыстарымды» көрсетті. - 45-ші жылы жазғытұрым қанқұйлы қарақшы Оспанға қашқан! Сол жылдың күзінде төңкерістік үш аймаққа гомендан жағынан шпион болып барып, қолға алынған! Он бір тармақты бітімнің кеңшілігі бойынша түрмеден шығып алып, төңкеріске дінсіздік желеуімен бұзғыншылық жүргізген!- деп жариялады. Фактке қашан құрмет қылып, мәселе тапсыратын позиция көрсеткенше отырып сөйлеуіне рұқсат жоқ!... Ал, сөйле!
Микрафонды биіктетіп алып, қынжыла жауап бердім.
- Ең жақсысы, бұл әңгімеге уақыттарыңызды сіздер сырап етпеңіздер, мынадай күресте тұрып мен мақтанбайын. Себебі, оның ішінде сіздер іздеген мәселе жоқ. Төңкерістегі ұзақ оқиға. Әрі алдыңғы өткізілген күрестерде екі рет сөйленді. Оған сенбесеңіздер, сендірерлік факттерді ғана айтып қояйын. Бұл үш сұрақтың алдыңғы екеуі 46-шы жылдың басында Құлжа сахшы басқармасында тексеріліп анықталған. Сондағы дело архивінен комиссия жіберіп қана тексеріп көріңіздер! Және сол оқиғаның басы-қасында болған адам факттер тіпті көп!- дедім де қазір Үрімжіде барларын түгел атап бердім. Үшінші оқиғаны көрген адам факттерді тағы шұбыртып, адрестеріне дейін айтып жаздырдым. - Солардан сұрап анықтаңыздар!
- Өзің сөйле!- деген Әлияның шаңқылы жалт қаратты мені. Арт жақта отырыпты. - Қане қалай мақтанар екенсің, көріп алайық, сөйле!
- «Өзің қазір біздің алдымызда жауап бер!», «өзіңе сөйлетеміз!», «жауапты өзіңнен аламыз!»-деп шу көтерді көпшілік ұрандай жөнелісті.
- Бұлай талап етсеңіздер тағы да сөйлейін, тек, ұзақ сөйлеп кетті деп қынжылмай тыңдаңыздар!
Ол кездегі Оспанның гомендаңға қарсы төңкеріс шебінде екендігін алдымен дәлелдедім де 44-ші жылдың соңғы маусымынан басталған оқиғаны сөйлеп ала жөнелдім. Әлде неше рет сөйлеп төселіп алған аузым микрафонда көпшілікті күрес райынан әңгіме қызығына сиқырлай тартып, кешегі сөзімнен де мықтырақ баурап әкетті.
Жаубасар мен Айғайкөк тағы да көгеріп, лажысыз отырып қалып еді. Түскі тамаққа барып келіп, 3-ші мәселені енді бастағанымда сөзім шорт үзілді.
- Рұқсат па райс?- деп Әлия тағы да шаңқ ете түсті. Сахнаға жақындап қалған екен, сұп-сұр. Оқ жыланша атыла қарады маған. Жаубасар менің сөзімді бұздыру үшін оны әдейі дайындап қойған сияқты. Сахнаға шақырып, микрафонда сөйлетті. - Жолдастар!... Бұл кері төңкерісші асқан алдампаз, бетсіз суайт!... Өтірік оқиға жасап, адамды сендіруге, алдап-аздыруға өтіп кеткен шебер. Мұны ұзақ сөйлетуге болмайды! Мұның өткендегі қылмыстарын мен бастан-аяқ білемін. Бірге қызметте де болғанмын. Жүрген жерінде әр күні бір қылмыс өткізіп келетін бұзық! Сол кездегі Дөрбілжін әкіміне мәлімдеп, қызметтен де қуалатқанбыз!...
Әлия сөзді осылай терісінен бастады да, менің тарихымды керісінше жасап, үш аймақ төңкерісін бүлдіруге жіберген гоменданның арнаулы шпионы етіп бір-ақ тоқтады. Сырт бұрылып, залға түсіп кете берді сонсоң. Активтер боран соқтырып ұрандата жөнелді. Қолдан-қолға жалбырап ұшып қағаздар жауды сахнаға. Жаубасар мен Айғайкөктің уыстары толды. Бұл қағаздар Әлияның жаласына қарсы пікір ме, иә оны құптаушы пікір ме, аңғара алмадым. Сөйлеуге рұқсат сұраушылар да қол көтере шуласты. Мені ақтаушылар Әлияның жаласына қарсы пікір көтеріп, дәл мына күрес үстінде бұлай ашыққа шықса бәрі де менің «төңкеріске қарсы ұйымымның мүшесі» есептеліп, маған да өздеріне де зор күмән тудырады. Ал, мұншалық көп қол Әлияны құптаса, мені талап жейді. Сөйтіп, екеуінің қайсысы болса да хауіпті!... Ойымды Жаубасардың сұрағы бөлді.
- Төңкерістік үш аймақта қызметтен қуылғаның рас па?
- Рас, бірақ онда шпиондық емес, басқа бір жаламен қуылғанмын да екі айдың ішінде ақталғанмын. Бұл туралы сөзімді енді бастадым. Сөйлеп болайын!
- Демек, Әлияның қойған факттері рас!- деп безерді Жаубасар. - Ал, Үрімжі гомендаңынан үш аймаққа қандай міндеттер алып бардың, өзің соны сөйле, таста бос сөзді!
- Мен гомендаңға шпион болған соң сұраңыз бұл сұрауыңызды, алдымен болған іске жауап берейін!... Менің екі айлық қызметтен қалғаным ғана рас. Басқасы түгелімен өтірік. Дөрбілжіннің сондағы маған өштескен әкімі осы Әлия сияқты екі жүзді жалданбаларын ұйыстырып, маған жала жапқызған. Бұл іс екі айдан соң әшкереленіп, қызметтен әкімнің өзі қуылған да мен ағарып, қызметіме қайта келгенмін. Талап етіп сөйлеткен соң мұндай бейбастақтыққа жол қоймай, себеп пен нәтижесін толық тыңдап алып үкім шығарыңыздар!
- Партия мүшесі болған бір әйелді не деп иянаттап тұрсың! - Айғайкөк дүрсе қоя берді маған. - Ал, ол әкім жала жапқан екен, коммунист Әлия да жала жаба ма саған! - «Басшылықтың» мына сөзіне қарқылдап күліп жіберіппін.
- Әлияға коммунистік сана қашан жұғып еді? -дегенімде активтер шу ете түсті де мені «жоғалсынның» астына алып ұрандата жөнелді. Құлақ жаратын осы көп ұранның «берген» уақытынан пайдаланып, Әлияның жала жабатын себебін, түрегеп тұрып, бір бет қағазға сойдақтатып жазып үлгердім. Айқай-ұран тоқтап, сұрақ қайтадан қойылғанда жауабым сол қағаз болды, Жаубасарға бере салдым. Мұнда Әлиямен той жасауға уәделесіп жүріп, 47-ші жылы жазда Алтайға банды қууға кеткенімде опасыздық істегені үшін тастап кеткенімді, соның «кегін» алу үшін қазір тағы да жала жауып тұрғанын жазып едім. Жаубасар оқып шықты да «Айғайкөкке» берді. «Айғайкөк» алара қарады маған.
- Сөйлейін бе?- екеуіне кезек қарап сұрадым. - Осы жаласына қарай менің енді толық сөйлеуім қажет болып қалды!- дедім.
- Мұны айырым тексереміз! - Ызбармен күбірлесті Жаубасар - айтып қояйын, мәселе әшкерелеушілерді көпшілік алдында масқаралап кек алуыңа мүлде рұқсат жоқ!
- «Сөйлесін!», «сөйлесін!»- деп шулады көпшілік.
Жаубасар микрафоннан барып шаңқылдап тоқтатты көпшіліктің дауысын.
- Жолдастар, жолдастар! Әлия жолдас жақсы сөйледі. Кері төңкерісші ұлтшыл оңшы Биғабілдің тарихи мәселесін осымен тоқтата тұрамыз. Бұл туралы пікірлерің болса жазып тапсырыңыздар, айырым қаралады! Партия алдында анықталмай-ашылмай қалатын ешқандай мәселе жоқ. Тағы да айтып қоялық, оңшыл-ұлтшылдардың енді құтыра бермегені жөн! Бір-біріне жан басып, әнзі аударуларына жол қойылмайды!... Бұлардың шығар жолы біреу-ақ. Ол - партияға сеніп, әрқандай мәселені халықтың шешуіне тапсыру ғана. Өз идеясын өзгертіп, партия мен халыққа жуастықпен тізе бүкпей, ешқандай кері төңкерісші өзін-өзі немесе, бірін-бірі ақтап құтыла алмайды!.. Енді кері төңкерісші Биғабілдің негізгі мәселесіне, яғни партия мен социализмге қарсы сөз-әрекеттеріне көшеміз. Биғабілдің бұл тақырыптағы қылмысы тіпті ауыр. Партия мен социализмге кімнің адал, кімнің арамдығы, кімнің қорғаушы, кімнің қарсы екендігі осы сатыдағы күрес амалияттарыңыздан көрінеді. Мақсатымыз - «ауруды емдеп, адамды құтқару». Биғабілді аятындар оның ауруын түбіне жете әшкерелеп күйдіріп құрту жолында болуға тиісті. Тоңмойын Биғабілдің «граниттей қатты басымен Құдайдың даргайына кетуіне»[1] жол қоймауымыз, жаңағы Әлия жолдастың пидакарлығынан үйренуіміз қажет! Адамды аяу деген осы, коммунизмшілдік деген осы!... Қане, кім бастап әшкерелейді, рұқсат!
Жаубасардың жаңағы «ұлтшылдарға» қаратқан ескертуі де, сөз алысындағы бұл өзгеріс те бағанағы залдан келген қағаздардың мені жақтаған пікірлері екендігін айқындағандай болды. Қара жала қаншалық көп болғанымен ақтаушы-жақтаушыларым да одан қалыса қоймайтындығын байқап, көңілім қайта орынға түсіп еді.
- «Мен әшкерелеймін!», «мен!», «мен!»- деген дауыстар дүр ете түсті. Рұқсат сұрап көтерілген қолдардың көбі алдыңғы жақтағы активтердің жұдырығы екен. Жаубасар соларға көз жүгірте қарап, Құлжанның сөйлеуіне рұқсат етті. Нәнсіп шардыңдай басқан Құлжан сахнаға шыға шашын сылап-сылап жіберді. Микрафонға өңешін созып, өкшесін көтере тұрып бастады сөзін.
- Жолдастар, Биғабіл деген бұл кері төңкерісші - көк езу, асқан шайпау, темір өңеш, тоңмойын жау. Жалғыз-жарым адамға дес бермейді. Сондықтан мен нақтылы болған факттерді ғана әшкерелеймін. Ақ-қараны айырып талдау көпшіліктен болсын!... Биғабіл алдымен партияға тіс-тырнағымен қарсы оңшы. Бұған бірінші факт: 57-жылы төртінші айдың 20-күні Биғабіл бізді өз үйіне қонаққа шақырған. Сонда партияға не себепті кірмей қалғандығын сұрағанымызда «партияға кірудің шарты - бастықтарға табыну, жағымпазданып көпшік көтеру, сөйтіп, құлақ кесті құл болу ғана. Сондықтан мұндай партияға кіргім келмеді» деген!
Зал ыңыранып, үрейлене күрсінді бұл «фактке».
- Рас па?- деп Жаубасар шақшиды маған қарап.
- Бұл, менің сөзім емес, иесін тауып беремін,-дедім мен - сол отырыстағы қылмысты сөздері әлі бар, сөйлеп болсын!
- Екінші факт,- деп Құлжан бүйірін таяна көтерді өкшесін. - «Ақиқатты іс жүзінен іздеу» дегенде партияның іздейтін ақиқаты, басшыларға құйрығын бұлғаңдатып, табанын жалайтын жағымпаздар табу ғана» деген және сол отырыста!
- Рас па?
- Тағы бар, сөйлеп болсын!- деп тағы жымидым.
- Бұл отырыстан алған үшінші фактым: партияны кім жақтаса, Биғабіл сонымен қастасады. Мені үйінен қуып шығарып, есігін бекітіп алып, сырластарымен сөйлеседі. Сондағы құрған, партияға қарсы блогын өзі әшкерелесін!
- Рас па?
- Тағы бар, өзі сөйлеп болған соң бір-ақ жауап берейін!
- Алдымен осы факттеріме жауап бер, басқа қылмыстарың қаша қоймас!- деп Құлжан, жүзі бүлк етпей бедірейе қарады маған.
- Осы сөздеріңнің соңында да талай сойқанды сөзің бар еді ғой!- деп түйіле ескерттім. - «Мен партияға емес, Биғанға ғана шоқынамын» дегеніңді де әшкерелесеңші!... «Партия қатарын ыңғай жағымпаз жаулар толтырды» дегенің қайда? Оған келтірген дәлелдерің де көп емес пе еді, бір сағат сөйлеп едің ғой, бәрін әшкереле!
- Ей тоңмойын, алдымен өзіңнің үстіңнен әшкерелеген факттеріңе жауап бер! Рас па, тағы да «бәрі өтірік» пе?
- Бұл қайтып өтірік болсын, өзіне тиісті көп қалпақты қазыр маған лақытырып тауыса алмай тұрмайма!... Менің үйімдегі сол отырысқа шақырылмай өздігінен келген осы Құлжан, «жекеге табыну» дейтін мәселені көтеріп, үлкен даулы айтыс қозғаған. «Біздің елімізде жекеге табынушылық жоқ» деген жақта Есқали мен Тоқбай, «біздің елімізде жекеге табынушылық тіпті күшті» деген жақта осы Құлжанның өзі мен Мақұлбек тұрып айтысқан. Бұл екеуінің майданына көпшілік қарсы шығып, әсіресе Құлжанға наразылық шектеу айтып еді. Бұл тіпті ерегесе сөйлеп кетті: «Маужушидың өзі шоқындырушы, оған ілескен басшыларымыздың бәрі шоқындырушы болды. Сондықтан партияны ыңғай шоқынушы жағымпаз-қошаметші жау таптар иелеп алды» деген сөзін бір сағат сөйлеп, осындағы партияға кіріп алған жоғары тап өкілдерін санап шықты. Үй иесі болғандығым үшін мен Құлжанға мұндай сөз сөйлемеуін бірнеше рет ескерттім. Ақырында өзімді Құдай сайлап, «мен Биғаннан басқа ешкімге табынбаймын» дегенге көшті. Осы былжырағын екінші рет қайталаған соң үйден жетектеп шығардым. «Бұл үй, партияның үйі, мен партияның құлы. Мені осы партия ғана құтқарған. Саған Құдай бола алмаймын. Қашан партияға табынатын болғаныңша бұл үйге кіруші болма, кет-жоғал көзімнен!» деп зекіріп қуаладым. Бұл тойтарысымды соңымнан ере шыққан анау Әлия да өз әйелім де естіген.
Құлжанның қазір менің үстімнен әшкерелеген болып тұрған сөздері түгелімен сол отырыстағы өз сөзі, өз мәселесі. Айтылмағаны әлі бар! «Мені үйінен қуып шығарды да, өздері оңаша қалып блок құрады» дегені де сол оқиға!- деп күліп жібердім де сондағы Құлжанның пікіріне қарсы сөйлегендерді айғаққа тарттым. Асылқан, Ынтықбай, Рақымқаннан бастап, барлық қонақтарымның аты аталды. - Мәселенің анығына жетпек болсаңыздар, осылардан сұраңыздар! Жала жапқанда да жөнімен-қисынымен жаппай, бірқанша адамның көзін бадырайтып қойып, көпе-көрнеу өз мәселелерін жазықсыз біреуге арта салатын осыншалық арсыз жалақордың «төңкеріс» деген аты бар науқанға ешқандай қажеттілігі жоқ! Бұндайлар актив болып ешкімге абырой әпермейді! Мұндайларды құқық жағынан шектеуші шықпаса, адамды адам көпе-көрнеу сойып жеуге құқық бергендік болады! Мұндай жабайы азғындыққа жол қоймаңыздар!
- Сенің мәселеңді әшкерелеушінің бәрі жалақор ма?- деп ақырды Айғайкөк.
- «Бәрі» деп көпке балап тұрғаныңыз, Әлия мен Құлжан ғой! Маған бұл екеуінен басқа, қазірше, осы күрес үстінде ашық жала жапқан ешкім жоқ! Ал, бұл екеуінің маған артқан қылмыстары ыңғай жала болмаса, басы қасында болғандарды менше айғаққа тартсын!... Мәселен, менің үйімдегі сол отырыстағы сөзге Мақұлбек пен Құлжан ғана емес, жиырма шақты қонақ қатынасқан. Сол көпшілікке сөз беріңіздерші қане! Мұндай мәселені дәл осы анықталатын жерінде шешпей, несиеге қалдыруға болмайды!
- Сенің, «басы-қасында болған көпшілік» деп куәға тартып отырғаның кім?- деп Жаубасар шаңқылдады. - Бәрі өз мүриттерің-құлдарың емес пе!
- Сіз осы жиынның төрағасысыз төте жала жаппау - өз бетіңізге төсенші, сабыр етіңіз! Бұлардың бәрі, осы қоғамның ары бүтін еркі бар азаматтары! Ақын-жазушы, баспасөз қызметінің кадрлары. Партбилеттері қойнында отырғандары да бар, мұндай заңсыз қалпақ кигізбеңіз! Сол отырыстағы сөзге қатынасқан осы көпшіліктің мәселені анықтайтын құқығы толық! Көпшілікті инаватқа алмай, жалғыз-жарым жалақордың сөзін ғана аса таяқ қып ұстап, өзіңіз кім болмақсыз, сөзді көпшілікке беріңіз!
- Тоқтат бұйрықты, сен күреске тартылып тұрған жаусың!- деп Айғайкөк ақырғанда активтер ұрандата жөнелді. «Жоғалсын...», «жойылсын...», «байлансын...», «айдалсын...», «жасасын Жұңго коммунистік партиясы!», «жасасын ұлы көсеміміз Маужуши!»...
- Ей, сен соны айтшы, Маужуши мен компартияға сенемісің, сенбеймісің?- деп Жаубасар столын қойып қалды.
- Сенетіндерден де мықтырақ сенетінмін. Ал мұнымен жалақорлардың жалған факттерінің не байланысы бар?.. «Компартия мен Маужушиға сенсең, мұндайларға да басыңды ие бер» демексіз бе?
Жаубасар микрафонға ұмтылып сөйлей бергенінде мені «жоғалтатын» ұран тағы да шу көтерілді де сыбанған он неше жұдырық түйліе жүгірді маған. Қоршай қалды. Тұс-тұсымнан сапылдап-саңғырлай жөнелді.
- «Маужуши да жалақор демексің бе!», «компартия да жалақор демексің бе!»- дегендері ғана ұғылды көп байбаламнан.
- Сіздерде жұдырық қана емес, ми да, тіл де, құлақ та бар. Осы логика кімнен шығып тұрғанын түсіндіңіздер ме?- дедім жауап кезегін әрең алып, сонсоң Жаубасарға қарап сөйледім. - Иә, мені Сәйда екен деп қалдыңыздар ма? Менің шартым оған толмайтындығын, мұнымен аузым буылмайтындығын сіз де біліп отырған шығарсыз?
- Жолдастар, қайта тұрыңыздар, тағы да біраз шыдап көрелік! - Жаубасар қамқорсыған пішінмен жендеттерін күрсіне қайтарып түрегелді орнынан.
- Ал көпшілік, бұл кері төңкерісшінің қай көпшілікті куәлікке тартып тұрғанын ұғып отырған шығарсыздар. Сонсын өзі де әшкерелеп тұрмай ма! Мұның қайта-қайта сарапқа салып тұрғаны, өзінің кері төңкерістік ұйымындағы көпшілік. Сол «көпшілігі» арқылы біздің осы төңкерістік жиынды да басып алмақ!... Осыған жол беріп қарап отырайық ба?
- Жол бере алмаймыз!- деп микрафонда алдымен Құлжан шыр ете түсті де, сайланулы активтер ду көтерілді. Билетті-құралды үкім иесінің «көпшілігі» аз болмақпа. Көз қырларымен қайшылап, мен сенетін көпшіліктің де быт-шытын шығарғаны көрінді: аты жаман «кері төңкерістік ұйым» аталған соң ондай пәлелі «орда» маңына кім шыдап отырмақ, көбі көтерілді. Жұдырықтарын тастай түйген қатал ұранға зал түгелдей қосылды. Ұлар-шу... «Мен сөйлеймін!», «мен!», «мен!», «мен!» -деседі.
- Жолдастар, менің сөзім біткен жоқ, алдымен өзім сөйлейін!- Құлжан Жаубасардың иек ишарасымен тағы да сөз алып, енді сыбана шырқырады. - Жау не десе, десін, Маужушидың майданында тұрғаным - тұрған. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді!» кері төңкерісші Биғабілдің партия мен социализмге қарсы екендігінің төртінші факты: бұл да былтырғы 57-ші жылы бесінші айдың бесінші күні Асылқанның үйіндегі кешкілікте өтілген мәселе. Мен ол отырысқа орталықтағы оңшыл оппортонизмшілдердің Маужуши мен партияға қарсы сөз-әрекеттерін естіп барғанмын. Қатты ыза болып барып, солардың арам ниеттерін әшкерелегенмін. Сонда Биғабіл мені сындай жөнелген. Оңшыл оппортонизмді ақтап, бізді шошқаға теңеген. «Бұл сының, сын емес, қотиындық, бүлдіруші бұзғыншылық» деген. Ал, мұның блогындағы Құмар, Тоқбай, Қапас, Нұралылар жабылып, мені ұрмақ болған!
- Қане жауапкер, рас па бұл факт?- Жаубасар маған мұқатқанси қарап сұрады. - Айтып қояйын, «көпшілік» сенде емес, бізде! Көпшілікті ауызға алып, куәға тартып әуре болма мұнан соң! Рас па мына қойылған факт!
- Мен де айтып қояйын, бұл мәселені де сол жерде естіп отырған көпшілік анықтайды!... Қашан болмасын солардан сұрамай, сырттағы ешкім де тиянақтандыра алмайды! Енді өз жауабымды берейін: мен Құлжанды өз үйімде компартияға қарсы сөйлегендігі үшін қуалағанымнан соң бір айға дейін маған көрінбей кеткен. Содан Асылқанның шақырған кешкілігінде бір-ақ көрінді. Тағы да өтірік мас болып барыпты. Бұл үйде партияға қарсы сөйлесе тағы да қуылатындығын біліп, бізге жағыну үшін оңшыл оппортонизмді тілдеп барды. Тілдегенде де ол оппортонистерді ғана емес, бірлік саптағы барлық ауқатты таптарды түгел қосақтап, фашистік үкім жариялап иянаттады. «Бұрынғы жалаңаш кедейлерден басқа таптарды бүкіл ұрпағымен құртпай, бұл иттер партияның балағынан алуын қоймайды!»- деді. Бұл сөзі әрине тағы да бұзғыншылықтың сөзі болды. Әрқандай тапты тұқым-тұқиянымен, бала-шағасымен құрту, кім істейтін іс? Жоғары таптардың езіп-қанаушы тісін ғана шақпай, тұқым-тұқиянымен қырсақ, өзіміз қасқыр болып кетпейміз бе деген мағынадағы сөздер содан шыққан. Ал, бұл кешкіліктегі мұндай сөзге мен мүлде қатынаспағанмын. Сондықтан Құлжанның маған қойған бұл факты тағы да жала! Құмар мен Қапастардың мұны ұрмақ болғаны да өтірік. Олар Құлжанға «енді саяси мәселе қозғамай ..... қысып қана отыр!» деп күліскен болатын. Оған тоқтамаған соң, «тыныш отырмасаң шығып кет!» деп үй иесі - Асылқанның әйелі ғана қаттырақ ескерту айтқан. Демек, Құлжанның бұл сөзі де адамгершіліктен жұрдай жала!
- «Жын секірсе секірсін, мен секірмей ойнаймын!»[2]- деп Құлжан енді әумәсірлене жалғастырды сөзін. - Кері төңкерісші Биғабілдің партиямен социализмге қарсылығының бесінші факты: биыл 58-ші жылы бірінші айдың 12-сі күні іңірде осы кері төңкерісшіні жалғыз тағы бір байқауға бардым. Биғабілдің өзі жалғыз, тым көңілсіз отыр екен. Неге ренжігенін сұрағанымда «мен өлсем, осы мемлекетте мына жалғыз ұлым аштан өледі, соған қайғыланып отырмын» деген!
- Осыны қайсы аузыңмен сөйлеп тұрсың, ей бетсіз!- деп жіберіп жауап бердім бұл жаласына. - Сөйлесе отырып арақ ішу үшін, социализм жөнінде сұрау қоймап па едің!... «Биға, сіз социализм-социализм деп тамсана бересіз. Сонда социализмнің жақсылығы қай жерінде»- деп жылтыңдай қалғансың. Мен оныңа бір мысалмен ғана жауап бергенмін: «социализмнің ең абзал бір қасиеті, мәселен, мен өліп мына бала жастай панасыз қалса да социалистік қоғамда аштан өлмейді, көштен қалмайды. Қоғам тәрбиелеп өсіреді. Ал, капиталистік қоғамда тірексіз-панасыз адам жасай алмайды!» деп қана анықтап тұрып айтып едім ғой!... Жалалар жинағыңа мұны да құйрығыңнан ағып жүретін жиркенішті сұйықтығыңмен сасытып жазыпсың ғой!
Зал ду күлді. Бұл жолы күлкі бастаған алдыңғы қатардағы активтер болғандықтан Жаубасарлар шаңқылдамай, тістерін үнсіз шайнап, жұдырықтарын ауаға сермеп қана тоқтатты. Күлкішілер осы күнәларын жуу үшін дереу ұрандата-борандата жөнелді. - «Жоғалсын!...», «жойылсын!...»
- Жолдастар, Биғабіл мырза қысылғанынан осы рет жіберіп қойды!- деп Құлжан шиқылдап күле жалғастырды сөзін. - Ар-ұяттан безген кері төңкерісші фактке құрмет қылудан бүтіндей қалды. Енді бір фактты әшкерелеп қана қоя тұрайын... Алтыншы факт: жә мырза, «гұңшандаң деген - алдамаса, тіршілігінен айрылатын, өтірікке ғана сүйенген алдамшы партия, дүниені сөйтіп жалмамақ!» дегеніңді енді қай жеріңе жасырмақсың?
- «Рас па?», «сөйле, сөйле!», «ойланбай сөйле!», «расында да жасыратын жер таба алмай қалды!», «тез сөйле!»- десіп шу көтерді қолдаушылары...
- Бұл жала, менің де Құлжанның да сөзі емес!- деп ойлана түстім. - Құлжан былтырғы қуғыннан соң менің алдымда бұлай кері сөйлей алмайтын болып қалған!... Ә, табылды, бұл Мақұлбектің сөзі. Уақыты, мен алғаш күреске түсе бастаған кез, Құлжанның сондағы жалғыз келуінен төрт-бес күн өткен соң Мақұлбек те жалғыз келген. Сондағы сөзі, ол сөзін, «компартияның да кім екендігін көрдік» деп, менің халыма қайғырғанси бастап, осы әшкереленген сөзінен сәл ұзағырақ сөйлеген. Бұл сөзін мені қатты тілдеп, ызамен тойтарғанмын... Сабыр етіңіздер сөйлеп болайын сонан соң жоғалтыңыздар»!... Оған менің жауабым мынау болған: «ей қанды ауыз қасқырдың жалқы күшігі, сен тіліңді тартып, к...тіңді қысып жүр! Мені күреске түсіп, жүрегін кір шалды, енді бетін қарату оп-оңай деп қоңырсып отырғаның ба?» дедім. Ол, «жоқ Биға тіпті де олай емес, сізді жазықсыз күреске тартқанына бұл партиядан жүрегім қарайып барады!» деп мені қолпаштай қалды. Сонсоң мен де тілдеуді қойып, ұзағырақ түсінік бергенмін. Ал, Құлжан бұл жаланы Мақұлбектің кінешкесінен ұрлап алды ма, иә, Мақұлбек Құлжанның қолымен от көсейтін әдеті бойынша сен әшкереле деп өзі айтып берді ме, ол жағын білмеймін. Әйтеуір Мақұлбек маған осыны сөйлегенде Құлжан жоқ болатын. Нақтылы ахуал дәл осылай!
Осы жауабым аяқтай келе залдағы екі мың ер-әйел шаңқылдасып-даңғырласа жөнелді. Өз араларында қайшылық пайда бола қалғанын ғана байқадым. Сөздері ұғылмады. Алдыңғы қатарда отырған Гүлнисаның біреулерімен айтыса кеткен сөзін де ұға алмадым.
- Әкетіңдер мынаны!- деп Жаубасар мені авчаркаларының алдына салып айдатып жіберді. Тым ауырлап қайттым. Күн батып барады екен. Екі-үш күннен берге күресте ыңғай түрегеп тұрғаным, санымды сірестіріп, қорғасынға айналдырғандай. Оған ауыр жалалар қосылып, діңкелетіп тастапты. Абақтыға жете құлап, ұйықтап кетіппін. Тамақтың қай уақытта келгенін білмеймін. Түн ортасында шала-шарпы жеп, қайта құлаппын. Таңертең ерте келген шайды зорлап, тоя іштім. Бүгінгі күрестің ерегеспен ширығып, тіпті қатал жүргізілетін қисыны бар еді. Соны ойлағанда денем де ширығып, қайта ширай қалды. Жалақорлар алдында шаршағанымды білдіріп мойысам, мойындағандық болып көрінбей ме!...
Сахнаға тағы да ұранды жұдырықтар астынан тік өрлеп шығып, зал райына шола қарадым. Алдыңғы қатарда отыратын Гүлнисаның шырайы маған барометр сияқты, Жаубасарлардың кеше кештегі өздеріне түсірген қысымын, жаутаңдай қарап, ауыр кірбеңді қабақпен сездірді. Сөйтсе де миығынан жымиып қана қойып, төмен қарап алды. Ештеңе етпес дегені тәрізді.
Жаубасар бүгінгі жиынды бұрынғыдан да күшеп шаңғырлап бастады. Кеше кешкі жиында көп сөйлеген болса керек, үні қарлығып, тарғылданып қалыпты. Тіпті зорлана шаңғырласа да кей сөзі сыбырлап шықты: «...бұл тоңмойын кері төңкерісші әлінен асып кетті. Қазірге дейін бір мәселесіне де мойындамады. Фактке құрмет етіп, мойындау орнына мойынымызға мініп, көпшілікке керісінше үгіт жүргізумен болды. Тіпті, партияны жалақор етіп көрсетуге дейін жетті. Мұны шорт шектеу қажет! Сондықтан күрес тактикамызды бүгіннен бастап өзгерттік. Мұнан соң бірме-бір жауап алмаймыз. Әшкерелеуші жолдастар нақ-шын факттің өзін ғана ортаға қоя берсін. Жауапты соңынан бірақ аламыз. Сонда да бір-бір сөйлемнен артық сөйлеуіне рұқсат етілмейді. Жаулық етушіге әрине біз де жау!» - Жаубасардың көп сөйлеген жойымпаз нұсқауының мазмұны осы болды.
Сөйлеуді талап еткен «әшкерелеушілер» шу ете түсті соңында. Бүгінгі тіпті көбейіп кетіпті. Соншалық көп көтерілген қолдың немді әшкерелейтініне таңдана қарадым. «Бәрінің де жалақорға айналғаны ма?»... Сөз Мақұлбекке берілді.
- Құлжан жолдас, бұл кері төңкерісшіден әлі де қорқатын көрінді. Әшкерелерлік факттің көбін тастап кетті, -деп күле жетті Мақұлбек. - Ей, түзу тұр! - Аяғымды қағып жұптастырды да әшкерелеушілердің микрафонына барып сөйледі. - Алдымен айтып қояйын, Биғабіл мырзаға менің ешқандай өшті--қастығым жоқ. Тіпті, қызметке алғаш орналасуыма көмегі тигендіктен аға-ағалап құрметтеп келдім. Бірақ, осы «қамқорымның мақсаты бұзық екен: менің жоғары таптан шыққандығымнан пайдаланып, өзінің партияға қарсы құралына айналдырмақ екен. Бірақ, мен, Жұңго компартиясының нұсқауынан басқа нұсқауды қабыл алмадым. Биғабіл мырзаға қастық істеп, жала жаппақ емеспін. Тек оның кері төңкерістік қимылынан шекарамды бөлемін. Әлия мен Құлжан жолдастардан дәндеген аузымен «жалақор» қалпағын кигізсе кигізе берсін, төңкеріс жолында жау қолынан қаза тапсам да арманым жоқ, барымды партияға арнадым! Биғабілдің мен әшкерелейтін бірінші мәселесі: Құлжан айтқан өз үйіндегі кешкілік отырыста, «тарихта қай патша маған табыныңдар деп табындырып еді, емеурінімен-ақ табындыра бермеушіме еді» деген! «Табындырма десең, өзіңді тамұқтан көресің» деген күлдіргі сөзі тағы бар. Бұл да жала ма?
- Ей кері төңкерісші, жазып ал!- деп Жаубасар енді маңқылдап ақырды.
- Шын факт түскенде жазармын!
- Әммәсін жазасың!- Айғайкөк осы сөзімен бұйырды да хатшыдан қағаз әкеліп беріп, орындыққа иығымнан баса отырғызды. - Ұмытып қалсаң не деп жауап бермексің! Партия ешкімге жала жапқызбайды. Жала дейтін сөзің енді ақпайды жұмо![3]
- Мұншалық мол жала қалай ақпасын, әділетшіл парткомға сарқырап тұрып жетер!- деп салдым да отырғызған соң аяғымды демалдыру үшін жаза бердім. Мақұлбек шұбырта берді менің «қылмысымды».
- Екінші мәселе және сол отырыста: «құрметтеуді шегінен асырып жіберсе, құлшылық болады. Шегінен асыра жеген бал да - у» деген. Бұл, біздің Маужушиды құрметтеуімізді шектеу үшін шашқан уы!... Үшінші мәселе: партия мен Маужушиды жақтаушыларды Биғабіл дайым «арамза» деп атайды. «Халықтың арасына кіріп алған арамза», «осы табынып жүргендер түгелімен арамза» деген!... Төртінші мәселе: Биғабіл тобы саяси талқыға, саяси үйренуге бүтіндей қарсы! Үйреніп жатқан саяси доклатты да талқылаудан шектейді! Бесінші мәселе: Сәйданың үстіндегі күрестен қайтқандағы, бұзық сөздерді алғаш бастаған Биғабіл болатын: «Сәйда шіркін қыз болып қалыпты, әттең еркек болса, Жаубасарды қырық тесікке айналдырып жіберер еді» деген. Жаубасар жолдас партиямыздың ең қаһарман қорғаушысының бірі. Демек, Жаубасар жолдасқа қаратылған қарсылық, компартияға қаратылған қарсылықтан басқа еш нәрсе емес! Алтыншы мәселе: Биғабіл маған «Маужушиді Құдайдан да биікке көтердің» деп бірнеше рет ұрысқан!... Ал Биғабіл мырза, Құлжан екеуімізді «шайтан мен дию» деп қосақтаушы едің, қане жын-шайтан кім екен, енді де мойындамаймысың!
Мақұлбектің бұл сөзіне активтер тағы да ду көтіріліп, ұрандата жөнелді де залды үйіріп әкетті. Бұл реткі «жоғалсындары» күлімді көкке ұшыратындай, дүлей боранша буырқанды маған. Тарғыл дауысына екі қолын бірдей қосып Жаубасар әрең тоқтатты арзан ереуілді.
- Мен әшкерелейтін жетінші мәселе,- деп жалғастырды Мақұлбек. - Шынжаң институтындағы бұзық оқушылар былтыр күзде автоном районымыздың райысын қолға алмақ болып, қоршауға дейін жетіп құтырды. Сол ереуіл бастан-аяқ осы кері төңкерісшінің нұсқауымен көтерілген! Бұл факт тіпті көп: былтыр Оңтүстікке қызметке бөлінген студенттерді «бұл, сендерді қызметке бөлгендік емес, жер аударып жазалағандық» деп құтыртып, өзіне қолшоқпар етіп алды. Сөйтіп, кері төңкерістік ұйымын күндіз-түні кеңейтумен болды. «Блоктас - ұйымдастарына жиын ашарда мені қуып жібереді» деп Құлжан жолдастың айтқаны ып-рас. Мені де бір жаққа жұмсаған болып, талай рет қуған. Қапас бастатқан бірнеше бұзығы жиналған бір кеште мені, жұмсаған жұмысына бармай, терезесінің сыртынан тыңдап тұра қалдым. Оларға бірдемесін күбірлеп сөйлеп келіп, «компартияны құлату үшін іштеріне кіріп алып әрекеттенсеңдер ғана жеңесіңдер!» дегені анық естілді. Оқушыларға шәшіп жатқан бұл уына шыдамай, бір сылтаумен үйіне қайта кіріп бардым. «Жеті әкесін жездей қақтап сайраңдар» деп келіп, мені көре қойған бұл сайқал, кері төңкерісші өсиетін өзгерте қойды: «марксизм-ленинизмге табанды болыңдар!» дей салды....
Мақұлбектің бұл «фактін» қостап сөйлемекке жарыса дауыстады Әлия мен Құлжан. Жаубасардың рұқсатын ала бұлтыңдап, құйқылжи жүгірген Әлия сахнаға алқына жетіп сөйледі.
- Мен... бұл жолы... Мақұлбек жолдастың... әлгі фактіне қосымша болатын фактымды ғана... айтамын... басқасын кейін... Биғабіл кері төңкерістік ұйымын кеңейтіп жүрген сол шақта маған да сол амалын істеткен: бір кеште үйіне ерте келіп отырған Ынтықбай мен Күләннің үстіне бір топ сырластары келіп қосылысымен мені қарсы үйіне жетектеп шығып арақ құйды. Өзі де ішкен болып мені зорлап мас қылып тастады. Мен мастықта велосипетімді жетектеп үйге қайтамын деп шығып, адасып кетіппін... Һ-һ-һ...хиқ - Әлия күлкіден әрең тиылып сөйледі. «Осы намыссызды аламын деп те шатылыппын-ау!» деген жиренішпен тыжырына жаздым Әлияның «фактін». - Содан адасып жүріп есімді жиғанда таң ағарды. Биғабілдің үйіне қайтып келсем, бір топ кері төңкерісші әлі отырыпты. Биғабіл мен Ынтықбай кезек сөйлеп отыр екен. Терезесінен біраз тыңдадым да, өзім көрініп қалатын болған соң қайтып кеттім. Сондағы таң атқанша сөйлескен сөздерін өздері әшкерелесін!
- Ондағы сөздерін өздері мойындамаса, кейін әшкерелерсіз!- деп Жаубасар Әлияны қайтарды да қатерлі бір сөз бастады. - Кері төңкерісші Биғабіл ұйымының қалай құрылғанын, не істемек болғанын жаудың енді өздеріне сөйлетеміз!- дей сала бір бүйірге қарап иегін көтеріп қалды. Ол қараған іргеден Нұралы түрегелгенде жүрегім зу ете түсті. «Сәйдаға еркектік біте қалса, Жаукеңе сенікі төңкеріс, сенікі төңкеріс дегізер» деген қалжыңы ұсталғаннан бері Нұралыны қысып-қинап тексеріп жатқаны мәлім еді. Сонымен қорқытып, бүтіндей жоққа мойындатқанын түйсіне қалдым. «Шын жалақорлардың жаулығынан мына қорқақтың жаулығы қиын болар-ау, бұл біздің ісімізге қатынасқан бейнемен былжырайды-ау енді!» деп қауіптендім.
Сахнаға тым сұрқсыз ілбіп шығып, әшкерелеуші орнына тұқыра келіп тоқтады Нұралы. Бұйра шашы ұйпа-тұйпа. Тіпті жіңішкеріп кеткен ұзын мойыны үзілердей төмен созылып, жуан басын өредегі асқабақша салбыратыпты. Жаубасар қасиетті дұғаларын, «мойындаушыларға кеңшілік, тоңмойынға қаталдықтан» бастап шұбыртып жіберіп, қысқаша нұсқау берді.
- Кері төңкерісші Биғабіл ұйымының тіректі мүшесі болып келген Нұралы ақиқатқа қайтты. Бүгін қылмысын көпшілік алдында танып, толық әшкерелеуге шықты. Бұған қатты позиция қолданбаңыздар! Егер қайта айныса, көргілікті сонан соң көреді! Ал, сөз бердік!
Нұралы жанқалтасынан бірнеше беттік қағазын алып, қалтырата оқыды.
- Кері төңкерістік бұл ұйымға мен 57-ші жылы жаз басында тартылдым. Биғабіл тартқан. Оңтүстікке жер аударылатын студенттердің халін, Іле облысының мәдениет, оқу-ағарту жолының буылғандығын мысалға ала сөйлеп келіп, ұйымның ең жоғары мақсатын Биғабіл маған былай түсіндірген: «қазақтың үш елдегі үш отауының басын қосып, қазақтың тәуелсіз дербес мемлекетін құрамыз» деген!...
Нұралы «әшкерелеу» сөзін осылай бастады да «ұйымымыздың, Биғабіл жасаған программасы» деген атаумен үш-төрт тармақты бірдемесін шұбырта оқыды. Соңғы тармағын, «ұйымның расходы кітап магазиндерінен кітап ұрлап сату жолымен қамдалады. Бұл міндетті оқушылар орындайды деп оқыды Нұралы өз қағазынан.
- Ей, «жалпы ұрлық жолымен қамдалады» деген сөз еді ғой!- деп мұны Жаубасар осы «әшкерелеу» үстінде зекіріп түзетті.
Нұралы сонсоң ұйымның бастығын, орынбасарларын, ұйымдастыру «уәзірін», үгіт-насихат «уәзірін» тұрақты басалқаларының аттарын шұбырта атады. Оқып болысымен активтер үдере түрегеліп, «жоғалсынның» астына ала, ұрандата жөнелді. Өзім де түрегеліп аңыра қарап қалыппын. Аты аталған «ұйымдастарым» менің жайымды білетін жұртшылық түгел аңқиды маған қарап. Мыңдаған көздер түгел бадырайып, жарқырай түсті.
Әділетті тергеушім, сөйтіп, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Мына алып жершарын тырнақтарымен жарып, ең «түбінен» тажал қасқыр тауып шығарған саптастарыңыздың кереметіне сақылдап-ақ күлген шығарсыз. Бұл ашкөз тік құлақ жер бетінде тірі қылмыс қалдырар ма, сіз қуанбай кім қуанбақ!
(Жалғасы бар)
«Abai.kz»
[1] Маузыдұң сөзі.
[2] Ұйғыр бақсыларының «жын шақыру» дағы сөзі.
[3] Жұмо (ұйғырша) - «ұғып қой, біліп қой» деген ескерту мағынасындағы сөз.