Сәрсенбі, 29 Сәуір 2026
Аласапыран 199 0 пікір 29 Сәуір, 2026 сағат 13:47

Қазақстанның Иранмен байланысын қалай бағалаған дұрыс?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Ақпан айының соңына қарай АҚШ, Израиль, Иран үштігінің арасында жаңа соғыс ошағы пайда болды...

Осындай алмағайып кезеңде, жағдайдың күн сайын емес, сәт сайын өзгеріп отыратыны – соғыс табиғатына тән жағдай. Сондықтан, біз бүгін тағы да еліміздегі ең мықты ирантанушы, саяси сарапшы Қуанышбек Қариды тағы да ой бөлісуге шақырдық:

Бірінші сұхбат: Қуанышбек Қари: Иран уақытша бітімді тиімсіз деп санайды

Екінші сұхбат: АҚШ Иранды иліктірем дейді, Иран иілмеуде...

Әбдірашит Бәкірұлы: Иран мен АҚШ арасындағы келіссөз тұйыққа тірелген сияқты. Себебі неде болуы мүмкін?

Қуанышбек Қари: Пәкістанда басталған Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздің жалғаспау себебі тараптардың ортақ мәмілеге келе алмауы болар. АҚШ жағы Иранды ядролық бағдарламадан қайырып алғысы келеді. Трамптың Иран қолындағы 60 пайызға байытылған 450 кг уранды да елден шығарып алғысы бар. Иран оған көнбей отыр. Әйтпесе, Пәкістанда АҚШ вице-президенті Джей Ди Венс пен Иран мәжілісі төрағасы Мұхаммед Бақер Қалибоффтың арасында болған келіссөздің алғашқы кезеңі 11 сәуірде тәп-тәуір басталған еді. Сол қарсаңда Иран да Ормуз бұғазын ашқан, алайда АҚШ артынша бұғазды сыртынан бұғаттап тастады.

Иран алдыға қарай бір қадам жасағанда, АҚШ артқа қарай екі қадам жасағандай әсер қалдырды.

Исламабад келіссөзінің алғашқы кезеңі 21 сағатқа созылған. Алайда көрінетіндей нәтижеге қол жеткізген жоқ. Тек тараптар мәмілені жалғастыруға ғана уағдаласқан. Алайда қазір көріп отырғанымыздай келіссөз келіскен уақытында жалғаспай қалды. Осы аралықта АҚШ бітім мерзімін тағы да ұзартты. Білетіндердің айтуынша, бұл – Трамптың Иран жағына келіссөз туралы бір тоқтамға келуге уақыт берген түрі. Өйткені келіссөздің алғашқы кезеңінен кейін Иранның 80 адамдық келіссөз командасы елге қайтып барғанда сын астында қалды. Келіссөзшілер Пәкістанға аттанғаннан бастап, Тегеранда «олар АҚШ-қа берілуге кетті» деп келемеждегендер болды.

Мұндай сын-сықақ радикалдар тарапынан айтылып отыр. Мәжіліс төрағасы да олардың көзін келіссөздің дұрыстығына жеткізе алмаған сияқты. Ол да келе салып, келіссөзді қорғай отырып қарсыластарын «экстремист» атап эмоцияға берілді. Ізінше Израиль БАҚ-ы Қалибоффтың мәжіліс төрағалығынан кеткені, тиісінше келіссөз командасына басшылық ете алмайтынын хабарлады.

Иранда 28 ақпаннан бергі болған оқиғалардың алдын-ала Израиль БАҚ-ынан хабарлануы үйреншікті жайға айналып кеткен және соңынан сол хабарлар расталып жататын. Бұл жолы олай болмады, Қалибофф әзірге орнында отыр. Бірақ келіссөз командасынан шеттетілген тәрізді. Мұның бәрі – Исламабадта басталған АҚШ-Иран келіссөзінің неге тұйыққа тірелгенін анықтап беретін қайшылықты оқиғалар.

Әбдірашит Бәкірұлы: Ендігі әрекеттің беталысы қалай?

Қуанышбек Қари: Бұл күндері Трамптың жедел жиын өткізетіні хабарланған. Сол отырыста келіссөзден әскери әрекетке дейінгі ұсыныстар қаралады деген. 22 сәуірде Иран келіссөзден бас тартқаннан кейін Трамп созған бітімнің нақты уақыты айтылмады. Бұл дегеніңіз – кез-келген уақытта соғыс қимылдары қайта басталуы мүмкін дегенді білдіреді. Соңғы күндері АҚШ-тың Таяу Шығыстағы базаларындағы қозғалыстың жиілеуі де соны аңғартады.

Иран бұл жолы АҚШ-қа үш кезеңнен тұратын келіссөз өткізуді ұсынып отыр. Бірінші кезеңде Тегеран Иран мен Ливанға қарсы соғыс әрекетін тоқтату шарттарын ақылдасуды жөн көріп отыр. Екінші кезеңде Ормуз бұғазының мәселесін талқыласақ дейді. Үшінші кезеңде уранның мәселесін шешсек дейді.

Осы аралықта Иран сыртқы істер министрі бір күннің ішінде 2 рет Пәкістанға, арасында Оманға сапарлап, соңында 27 сәуірде Ресейге барып, Путинмен кездесті. Ресейдегі жабық кездесуден соң Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчи әлдебір «идеялар» талқыланғанын айтты. «Идея» деп акцент бергеніне қарағанда сөз Иран уранын Ресейге шығару туралы болған сияқты. Детальдары алда белгілі бола жатар.

Алдын-ала мәліметке қарағанда, президент Трамп Иранның келіссөзге деген ықыласын құп көргенімен, ондағы ұсыныстарды ұната қоймаған сынды. Дегенмен Иран өкілінің Ресей сапары келіссөздің қайта жалғасуына себеп болатын түрі бар.

Әбдірашит Бәкірұлы: Тегеранның Мәскеумен қатынасы Ресей көршілерінің де назарын аударып отырғаны хақ. Соның бірі – Қазақстан. Қазақстанның Иранмен байланысын соңғы оқиғалар сипатында қалай бағалаған дұрыс болар еді?

Қуанышбек Қари: Ресми Астананың соңғы Иран соғысындағы ұстанымы өзге Орталық Азия елдері бағытынан алабөтен басқаша көрініс тапты. Жоқ дегенде сондай әсер берді.

Қазақстан 28 ақпаннан бері Иранды кем дегенде 2 рет айыптап, Тегеранның АҚШ-тың Парсы шығанағындағы базалары орналасқан елдерге шабуылын айыптады. Иран аятолласы қаза тапқанда, оның атын да атамай дұрыстап көңіл де айтпады. Арасында Қазақстан президенті Ирандағы қосбилікті де түйреп өтті. Қазақстанның Қаңтар оқиғасына дейін осындай екіұдай кешкенін де мойындап қойды.

Және Қазақстан басшылары Иранға көрші елдер өкілдерімен ұдайы байланыс ұстап, олардың елшілерін қабылдап, араб елдерін қолдағанын көрсетті. Астананың АҚШ жағымен де жиі байланысып отырғаны байқалды. Мұның бәрі екі арадағы соңғы жағдайдың өткен желтоқсан айында ғана Қазақстанға сапарлап келіп кеткен Иран президенті Мәсуд Пезешкианның сапарында айтылған жақсы сөздермен қабыспайтынын көрсетті.

Алайда соңғы күндері Қазақстанның Ирандағы өкілдері жергілікті билікпен қайта байланысқа шыққаны хабарланды. Яғни, Қазақстан әуелгі екпінмен АҚШ-тың есебі бойынша Иран билігі өзгереді деген ұстанымға бой алдырған сияқты. Алайда 60 әскербасы мен бас қолбасшы-аятоллада айрылса да, режимнің шаңырағы шайқалса да Ирандағы жүйенің бүгін-ертең ыдырамайтыны Қазақстан басшыларын да ойландырса керек. АҚШ-тың бұл соғысқа тиянақты стратегиясыз килігуі де есеп-қисаптың ойдағыдай шықпағанын көрсетеді.

Қуанышбек, сізге алғыс, көп нәрсе енді түсінікті болды.       

Abai.kz

0 пікір