Украинадағы соғыс: Путиннің алты «өтірігі»...
25 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесі жиналысын өткізіп, біраз сөйлеген еді. «Currenttime.tv» Путиннің сөздеріне шолу жасапты. Сөйтіп, алты басты «өтірікті» әшкерелепті.
Ресей президенті Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты не деп жалған сөйледі? қандай жалған мәліметтер берді? Назарларыңызға ұсынамыз.
Бірінші фейк. «Ресей ұлтшылдармен соғысып жатыр»
«Ресей әскерінің негізгі шайқасы Украина қарулы күштері тұрақты бөлімдерімен емес, ұлтшыл топтарымен болып жатыр», - деді Путин.
Бұл өтірік. Украинаны қорғаудың бар жоспарын елдің Бас штабы ұйымдастырып отыр. Бұған дәлел болатын тек қана Үкіметтің ресми мәлімдемесі емес, тарап жатқан көптеген фотосуреттер мен видеолар. Ресей әскерлерімен қарулы қақтығысқа түсіп жатқан Украина қарулы күштері тұрақты бөлімдері. Бас қолбасшы Владимир Зеленский елді қорғаумен өзі айналысып жатқанын мәлімдеді. Ресейлік ресми өкілдер: «Зеленский Украина астанасынан кетіп қалды», - деп жалған ақпарат таратқан, бірақ, ол Киевте екенін дәлелді түрде көрсетті және Украина телеарналары мен әлеуметтік желілерде халыққа қайта-қайта бейне үндеу жасап, нақты ақпараттармен бөлісіп жатыр.
Екінші фейк. «Украин ұлтшылдарының бөгеуші жасақтары»
«Украина қарулы күштері тұрақты бөлімдеріне ұлтшылдық сипаттың енуі оларды қарулы қарсылық танытуға итермелеп қана қоймай, «бөгейтін жасақтың» рөлін ойнатуда», - дейді.
Бұл да өтірік. Бөгейтін жасақтар – бұл негізгі әскери бөлімнен кейін тұратын арнайы бөлім. Ол әскердің соғыс алаңынан қашуына, әскердің шегінуіне жол бермеу үшін жасақталады. Украинада бөгейтін жасақ жоқ. Олардың бар екенін дәлелдейтін видео, фото не басқа дәйектер де жоқ. Керісінше әскери комиссариатқа, шекараны қорғау жасағына және қан тапсыру орындарына келіп кезек күткен жұртты көруге болатын көптеген дәлелдер бар.
Үшінші фейк. «Украин әскерлері бейбіт халықтың атын жамылып жүр»
«Бандершілер мен неоұлтшылдар Киев пен Харьков сияқты ірі қалалардың орталығына ауыр қару-жарақтарды, оның ішінде (реактивті) отты орналастырып жатыр. Олар кәдімгі терроршылар сияқты әрекет етуде. Қарапайым халықтың кейпіне еніп алған. Олар құрбан болған бейбіт тұрғындарды Ресейдің мойына іле салғысы келеді», - деп сөйледі.
Бір сөйлемде бірнеше жалған мәлімдеме жасалды.
Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, ресейлік әскерлерге қарсы соғысып жатқан «ғайыптан пайда болған бандершілер» емес, украин сарбаздары мен шекара қорғаушы жасақтар.
Екіншіден, 24 ақпанда соғыстың бірінші күні Ресей стратегиялық нысандар: аэродром, әскери бөлімдер, Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғану жүйесіне ғана емес, ірі қалалар Киев, Харьков, Одессаға шабуыл жасады. Путиннің таңғы бес жарымдағы үндеуінен кейін бұл жерлерді Ресей дереу бомбалай бастады. Ол кезде ешқандай (реактивті) от Украина қалаларында орналастырылған жоқ. Адамдар шырт ұйқыда жатты.
Төртінші фейк. «Батыс әскерилерінің кеңесі»
«Мұның бәрі шетелдік кеңесшілердің айтағымен болып жатыр. Ең әуелі америкалық кеңесшілер ақыл беріп жатыр», - деді Путин.
Бұл да жалған. «Батыс кеңесшілері» деген үйреншікті сөзге ешқандай дәлел келтірілмеді не олардың аты аталмады. Батыс елдері Украинаға расымен де әскери кеңесшілерді жіберді. Ресейлік әскерлер Украина шекарасына көп топтаса бастағаннан кейін ғана, Батыс елдері жергілікті әскерилерді жаңа қару-жарақ түрімен таныстыру үшін кеңесшілерін жіберген болатын.
Бесінші фейк. «Украина халқы Киев бандасының тұтқынында»
«Мен сөзімді Укринаның әскери күштерінің әскери қызметшілеріне жолдаймын. Неоұлтшылдар мен бандеровшыларға қарсы балаларыңыз бен әйелдеріңізді, қарттарыңызды тірі қалқан қылмаңыздар. Билікті өз қолдарыңызға алыңыздар. Украина халқын толықтай тұтқынға алған Киевтің нашақор бандаларымен, неоұлтшылдарымен келісімге келуден гөрі, сіздермен ортақ келісімге келу оңай болатын сияқты», - деді Путин.
Сөздің турасын айтқанда Ресей президенті елді қорғау міндетін атқаруға тиісті әскерилерді Украинаның билігін басып алуға шақырып отыр. Ал қарапайым украиналық жұрт: «Ресейдің басып кіруі елдегі саяси алауыздықтың бәрін ұмыттырып, қоғамды жұмылған жұдырықтай етті», - жеп отыр. Олар: «30 жыл бойы тәуелсіз Украинаны басқарған барлық президенттер істей алмағанды Путин істеді. Ол бүкіл украин халқын біріктірді», - дейді.
Алтыншы фейк. «Ресей сарбаздары өз борышын ерлікпен атқаруда»
«Ресейлік сарбаздар мен офицерлердің қызметіне жоғары баға беремін. Олар кәсібилігін көрсетіп, өз әскери борышын ерлікпен атқарып, Отанымыз бен халқымыздың қауіпсіздігін қорғау мақсатында өте маңызды істі сәтті орындап жатыр», - дейді Владимир Путин.
Ресей әскері Украинаға шабуыл жасап, Отанын қорғап жатыр деген аргументті есептемегеннің өзінде, бұл мәлімдеме – жалған.
Бейбіт тұрғындар мен балалар қаза тауып жатқан соғысты Кремль ресейлік БАҚ-қа «соғыс» деп айтқызбай отыр. Адам құқықтары жөніндегі Жоғары Раданың өкілі Людмила Денисованың ақпараты бойынша, Ресей басып кірген бірінші күні кәмелетке толмаған үш бала қаза болған. Мелитополдегі онкологиялық бөлім жойылған. Ахтыркадағы балабақша атқыланған. Киевтің тыныш аудандары мен көшелерінде соғыс жүріп жатыр. Харьковтің бейбіт халқына реактивті отты атқылап жатыр.
Ресейдің Қорғаныс министрлігі тек қана украиналық тараптың қаза тапқан сарбаздары туралы айтуда. Бірақ, Ресей билігі тарапынан қаза тапқан ресейлік сарбаздар туралы бір ауыз сөз айтылған жоқ. Шындығында қаза тапқан Ресей сарбаздарының саны 4 мыңға жуықтайды. Оған қарулы қақтығыс орындарынан жарияланып жатқан көптеген видеолар дәлел.
Дайындаған Айжан Темірхан
Abai.kz