Жексенбі, 24 Қараша 2024
Шолу 3447 9 пікір 1 Наурыз, 2022 сағат 16:58

Шолу: Украинадағы соғыс һәм ОА-ға төнген қауіп...

Қазір әлім жұрты алаңдап қарап отырған мәселе – Украинадағы соғыс пен АҚШ және Еуропа елдерінің агрессор елге (Ресейге) жойқын экономикалық санкциялар салуы. Ол қандай санкциялар? Біз егжей-тегжейлі жаздық. Ал енді Украина-Ресей дағдарысының Орталық Азия елдеріне әсері қалай болады? Бұл туралы ағылшын тілді ақпарат не дейді? Біз шолып шықтық.


Al-jazeera: «Ресей-Украина дағдарысы ОА экономикасына қысым түсіреді», - деп жазады. Үзінді:

Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан Ресей мигранттаранының ақшасына тәуелді. Мәскеудегі ІІМ мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Ресейге Өзбекстаннан 3 миллионнан астам еңбек мигранты, Тәжікстаннан 1,6 миллионға жуық және Қырғызстаннан 620 мың адам жұмыс істеуге келген. Қарапайым тілмен айтқанда, осы үш елдің әрбір оныншы азаматы Ресейде жұмыс істейді.

Дүниежүзілік банктің соңғы мәліметтеріне сәйкес, Ресейден жасалған ақша аударымы Тәжікстанның жалпы ішкі өнімінің 30 пайызын, Қырғызстанның  28 пайызын және Өзбекстанның 12 пайызын құрайды екен. Санкциялар қаупінің өзі рубльдің құлдырауына әкеліп соқты, мигранттардың жалақысы мен жинақтарының құнын төмендетіп жіберді.

Вашингтон ұсынған шаралар Мәскеуге бағытталған болса да, олар Тәжікстан мен Қырғызстанның экономикасына, Өзбекстанның жағжайына да айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін, өйткені бұл елдердің жағдайы Ресейде жұмыс істейтін азаматтардың үйге жіберген ақшасына байланысты болып отыр.

Eurasianet: «ОА көшбасшылары жұмған аузын ашпады. Ал нарық пен қоғамның қорқынышы күшейді», - деп жазыпты. Үзінді:

Ресей экономикасына келген залал рубльмен еңбекақысын алып жүрген мигранттарды айналып өтпейді. Ресейдің Украинаға басып кірген уақытында Орталық Азия билігі үн-түнсіз отырды, бірақ нарық пен қоғам арасында үрей туды. Шенеуніктердің үнсіздігі бір жағынан түсінікті. Себебі, аймақтың үш елі - Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан Мәскеу басқаратын ҰҚШҰ әскери блогының мүшелері. Өзбекстан ҰҚШҰ құрамында болмаса да оның экономикасы Ресеймен тығыз байланысты. Ал, Түркіменстан болса ешқашан сыртқы істер туралы түсініктеме берген емес, оның авторитарлық Үкіметі елге кез-келген нәрсені ашық айтуға тыйым салады.

Ұлттық банк 137 миллион доллорға интервенция жасағанына қарамастан, Ресей Украинаны бомбалай бастаған алғашқы сағаттарда-ақ, Қазақстанда теңге 13 пайызға құлдырады. Қырғызстан сомының жағдайы да осындай. АҚШ доллоры 84 сомнан көтеріліп, 95 сомға тең болды. Өзбекстан валютасы өз бағасын ұстап қалды. Бірақ,   сарапшылар алда экономикалық тұрақсыздық күтіп тұр дейді. Бұл экономикалық дағдарыс Тәжікстанға қатты әсер еткелі тұр. Ел экономикасының үштен бір бөлігі Ресейде жұмыс істейтін мигранттардың еңбекақысына тәуелді. Тәжік сомониі соңғы аптада рубльмен есептегенде 15 пайызға құлдыраған.

Украина мен Ресей соғысына қатысты билік өкілдері үнсіз отырса да, қоғам бұл соғысқа әлеуметтік желілерде және пикетке шығып, қарсылығын көрсетті.

Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушылары Украина туын өз парақшаларына қойып, Алматыда оншақты белсенді Ресей елшілігі алдында пикет өткізді. Оларды кейін полиция ұстап алып кетті.

Өзбекстан аралас пікірлердің жиынтығын көрсетті. Болып жатқан жағдайға қарсылықтан бастап, агрессивті Ресейден өз елінің қауіпсіздігі үшін қорқуға дейінгі пікірлер тарады.

Қырғызстанда Украинаны қолдаушылар Ресейдің елішігі алдында пикет өткізді. Олар «Украина жасасын», «Путин-Гитлер», «Тозаққа кет», «Путин – жоқ, соғыс – жоқ» деген жазулары бар тақтайшалар алып шықты.

Тәжікстан журналисі Лилия Гайсин Facebook парақшасында Украинаға болысқан жазба қалдырған. Бірақ, оны басқа әлеуметтік желі қолданушылары: «Ресейде жүрген қандастарымызға кесірің тиеді», - деп басып тастаған.

United States Institute of Peace: «Ресейдің Украинаға басып кіруі ОА елдеріне қандай қауіп төндіреді?», - деген мақала жариялапты. Үзінді:

Қазір Ресейдің көршілері үшін ең қауіптісі - идеология. Путиннің 21 ақпанда Украинаның жеріндегі екі аймақтың тәуелсіздігін мойындап, ақтала сөйлеуі Батыста құры сандырақ ретінде қабылданды. Бірақ, Путин біреудің шекарасын өзгерткенін ақтай отырып, көршілеріне анық белгі берді. Ол: «Кеңес одағы кезінде ұлттық этникалық әкімшілік бірліктерді болшевиктер енгізген. Бұл дәстүрлі унитарлық Ресей мемлекетінің бұрмалануына әкелді және ол заңсыз екенін», - айтты. Осылайша, Путин Александр Солженицынның славяндық ревизионистік идеологиясын қайталап отыр. Бұл Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі мемлекеттердің өзара танылуын түбегейлі қайта қарау. Әсіресе, Қазақстан үшін оның мәні жоғалған жоқ.

Украина жағдайынан кейін, Путиннің Қазақстан мемлекеттігін елемеуінің қаупі қазір күшейе түсті. Себебі, 2022 жылғы Қазақстандағы қаңтар оқиғалары кезінде Ресейдің оңшыл саясаткерлері орыс ұлтының көпшілігі тұратын Қазақстанның солтүстік өңірлерін аннексиялауға шақырды. Қазақстан мен Қырғызстандағы Украинаны қолдаған қоғам  наразылықтары адамдардың Ресейдің іс-қимылына қандай көзқараста екенін көрсетті.

Айжан Темірхан

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572