Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 8654 17 пікір 2 Наурыз, 2022 сағат 12:16

Украина: Ресей оңбай қақпанға түсті

1) Бүгін Польшаға келіп жиын өткізген НАТО бас хатшысы Солтенберг: «НАТО көрші Еуропа елдері арқылы Украина аспанын НАТО ПВО-сымен жаба алмайды. Және ПВО жүйесін Украин жеріне орналастыра алмайды. Бұл дегеніңіз Ресей мен НАТО-ның тікелей соғысы», - деді. Бірақ бір қызығы НАТО-ға мүше және мүше емес елдер Украинаға ұшақтан бастап, түрлі әскери көмектерін жіберіп жатыр.

2) 1815 жылдан бері бейтараптық саясат ұстанып келген Швейцарияның өзі 207 жылдан кейін осы саясатты бұзып, Ресейге әуе кеңістігін жапты.

3) Бзежинскидің «Үлкен шахмат тақтасы» кітабында: «Украинасыз Ресей - Ресей емес», - дегені дәл келді. Украинада 45 млн. славян бар. Өте құнарлы жері бар. Және ол славян Ресей үшін өз ішіндегі «цветнойлардан» он есе артық. Украинаны өзіне қаратса, Ресей өзінің демографиялық жағдайын украиндар арқылы түзеп алар еді. Және басқа жағынан да. Англо-сакстар соны жақсы түсінді. Шеберлікпен соғыстырып үлгерді. Ресейдің өзі де құбыжық. Еуразия одағын ұсынды. Бірақ, одақтастарын басып-жаншып отырады. Еуро одақ бар. Лидері - Германия. Негізі Еуро одақ, ол неміс империясы. 28 елді біріктірген. Одақстасының жеріне көзін алартпайды, тілін құрметтейді, өркениет бар, заң бар. Елдің барлығы сол одаққа жүгіреді.

4) Ресей: «Украина НАТО-ға кірсе, НАТО зымрандары дәл менің тұмсығымның астына келеді», -деді.

НАТО: «2004 жылы Эстония, Латвия, Литва ұйымға кірді және олардың да ара қашықтығы Мәскеуге тура Украинамен бірдей», - деді.

Бірақ, Ресей үшін Украинаның жөні бөлек. Жириновскийдің айтқанындай, сол үшін Ресей «соңғы соғысын жүргізіп жатыр».

5) Путин 2008 жылы Груизияның 20% жерін, 2014 Қырымды, Донбасс пен Луганскіні алды. Сол жолмен «жүре беремін» деп ойлады. Батыс Путинді оңдырмай тұзаққа түсірді.

15 күн бұрын Германия: 5 мың әскери каскі ғана жіберемін», - деді. Франция араласқысы келмейтінін айтты. Қысқасы, Польшадан басқасы онша көмекке келмейтіндей болды. Ал кеше басып кіргенде барлығы өзгеріп шыға келді.

Бұл жерде ұтқан Англия мен АҚШ болды. Екеуінің жүрісі бір. Англия әлемдік қаржыны өзіне топтастырған. Өзге елдердегі демократия туралы айтады. Бірақ, сол елдерді тонауды өте жақсы меңгерген. Бір мысал, Қазақстаннан ақша ұрлаған қанша адам барды. Назарбаевтардың әулетінен бастап есептей бер. Ақшаның лас жолмен келгенін біледі. Бірақ, қайтармайды.

Енді біз сияқты елдердің саны жүзден асады. Ресей, Үндістан, Пәкістаннан бастап, қай елді алмаңыз, қашқанның бәрі сонда барады. Осындай жолдармен жылына тек 200 млрд келеді екен.

6) АҚШ ықпалынан кете бастаған Еуропа қайтадан НАТО-да бірлесіп, АҚШ көлеңкесіне кіре түсті. АҚШ-қа да керегі осы.

Кезінде КСРО-мен қорқытып, өзіне тартып тұрды. Енді Ресейді құбыжық етіп тұрады. Шындығында құбыжық. АҚШ пен Еуропа елдері арасында үлкен келіспеушілік бар еді.

Трамп кезінде Германияны сынға алды. «НАТО-ның көп ақшасын АҚШ төлейді. Бірақ, Германия Ресейден газ сатып алады», - деп....

7) Мына жағдайдан кейін Еуропадағы НАТО-ға мүше елдер дереу ІЖӨ 2%-ға төлеуге келісті. Бұған дейін 2% төлеуге қарсы болып жүрген. НАТО бұрын болмаған дәрежеде бірікті. Тіпті, Финландия мен Швецияда ұйымға мүше болуға арыз берді.

8) Ең маңызды емес деген әлемдік мәдени-спорттық ұйымдардан бастап, түрлі-түрлі халықаралық ұйымдардан, банктік жүйе - SWIFT-тен Ресейді ажыратып жатыр. Ресей мұнайын алудан бас тартып жатыр. Байден ең басында: «Украинаға кірсең нәтижесі сұмдық болады», - деп ескертті.

9) Ресей бұлқан-талқан болды. «2003-те АҚШ Иракқа басып кіргенде ешкім оған санкция салып оқшауламады», - деді. Бірақ, шындық мынау, БҰҰ бастап әлемдегі барлық үлкен ұйымдар АҚШ және Батыс бастамасымен құрылған. Жоғары технологиялар мен барлық жетістіктер солардың қолында. Әрине, Иракта соғыс жөнінде қозғалмаған қылмысық іс Гаагада енді қозғалады.

10) Зеленский: «Әлемнің барлық жерінен Украинаны қорғағысы келетіндерге есік ашық, визасыз кіре береді», - деп жарлық шығарды. Бұл идеяның артында АҚШ тұр. Әлемде ақша үшін соғысатын түрлі-түрлі ұйымдар бар. Бұл тізбектелген кластер бизнесі. Кейбірі діни фанаттар, психикалық ауытқуы барлар, жәй адам өлтіргісі келгендер көп. Енді эстондық снайпер әйелдерден бастап, косовалық, пәкістандық, нигериялық, анголалық дегендер қаптайды. Сол ұйымдардың кураторларын АҚШ жақсы біледі. Ақшасын да АҚШ төлейді. Мұндай тәжірибе Чечен мен Югославия, Сирия соғысында болды. Украиндер 90 жылдары Чечендер үшін соғысқан. Енді Чечендер Путин үшін соғысып жүр. Хаккерлер тобы да өз үлестерін қосып жатыр. АҚШ спутник суреттерімен көмектесіп жатыр.

11) Медиада да сұмдық соғыс. Мысалы, бүгін Зеленскидің Еуроодақ парламенті алдындағы видео арқылы сөйлеген сөзін орындарынан тұрып қол шапалақтап қарсы алды. Дәл осындай жиын бүгін БҰҰ-ның адам құқықтары жөнінде болды. Ресей СІМ-і Лавров сөйлегенде Ресейдің жанындағы 4-5 мемлекеттен басқасы орындарынан тұрып, залдан шығып кетті. 200 мемлекет ішінен бұл сұмдық. Енді осыларды Ресей медиасы көрсетпейді. Бұл бір мысал ғана. Батыс медиасы, әрине, Ресейден үлкен. Ал мүмкін болса саяси хабар тарататын біздің елдегі Ресей медиасын жабу керек.

12) Бұл соғыс Путин мен Лукашенконың жұлдыздарының сөнуінің басы болды. Өйткені бүгін Солтенберг: «Лукашенконы да соғыс бастаушы», - деді. Сонымен қатар, АҚШ Мәскеуде Путиннің жанындағылармен де келіссөз жүргізе бастауы мүмкін. Өйткені, көзі қызарған Путин ядролық қызыл кнопканы басып жіберуі де мүмкін. Жүйкесі сыр берген. Яғни, айтқанын орындамаңдар деген секілді. Қазіргі бомба Жапонияға тасталған бомбадан мыңдаған есе қуатты. Бұл сұмдық.

13) Осы кезге дейін Ауғанстанға бөліп келген ақшасын АҚШ енді Украинаға бөлетін сияқты. Сол үшін де былтыр Ауғаннан кеткен. АҚШ Мемдептің хабарлауынша, Ресейлік арнайы топтар 2-3 ай бұрын Укаринаға кіріп, Киев, Харьков сияқты бірнеше үлкен қалаларда пәтер жалдап тұрған. Соғыс барысында іштен хабар жинап, белгі қойып, диверсиялық шабуылдар жасаған. Осыдан екі жыл бұрын АҚШ ескертуімен Украиналық Шайтанов деген генерал Мәскеуге жұмыс істегені үшін тұтқындалған.

14) Соғыс басталғалы бірнеше ел татуластырғыш болып ұсыныс айтты. Бүгін Лавров: «Ешбірінің қажеті жоқ», - деді. Ертең Беларусь жерінде келіссөздің екінші кезеңі болады.

15) Украина жеңеді деген сөз - Ресей әскерін Мәскеуге дейін қуып бару деген сөз емес. Өз жерінен кетуге мәжбүрлесе, сол үлкен жеңіс. Эстония, Латвия, Литвадан кейін Ресейден түбімен бостандық алған төртінші ел болады. Түбімен бостандық алуға украиндықтардың сана-сезімі де дайын.

Дәл қазір шектеулер мен санкциялар астында қалған Ресейдің экономикалық жағдайы әлсіреп, бізге әсері қатты тиіді. Ал жәйменен ұтып жатқан Қытай. Бірақ, АҚШ оның да аяғын аспаннан келтіре алатын сияқты. Осындай үлкен ойындарда біздің ел аяғын анық басып аман жүрсін деп тілейік!

Нұрат Ілияс

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572