Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3635 15 пікір 9 Наурыз, 2022 сағат 15:32

Саяси жауапсыздық және арандатушылық!

Редакция: Бірқатар уақыт бұрын Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты Геннадий Андреевич Зюганов біздің еліміздің солтүстік аумағына көз алартып, оңтүстік өлкеміздегі орыс тілінің жағдайы мүшкіл екендігі туралы арандатушылық сөзін айтқан болатын. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев ресейлік әріптесінің орашолақ пікіріне орай өз пікірін жария етті.


Ресей Федерациясы Коммунистік партиясының басшысы Геннадий Зюгановтың Қазақстандағы орыс тілділердің құқықтарын қорғауға қатысты жалған мәлімдемесін қазіргідей күрделі кезеңде жасалған саяси жауапсыздық және арандатушылық деп қабылдаймын (!).

Осы ретте, ең алдымен, Қазақстанда тұратын орыс ұлтының өкілдері бірінші кезекте, біздің елдің азаматтары екенін Зюганов мырзаның есіне салғым келеді. Олар Қазақстанда 100-ден астам этноспен бірге тату-тәтті, достық пен келісімде өмір сүруге болатынын көріп, өздері және отбасылары үшін бейбітсүйгіш мемлекет ретінде біздің елді таңдады. Олардың заңды құқықтары мен мүдделері Қазақстан Конституциясымен және заңдарымен сенімді түрде қорғалады, сондай-ақ, ол қосымша тетіктерге мұқтаж емес.

Ал, Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесіне келер болсақ, бұл тілдің білім, ғылым, медиа, мәдениет, бизнес және қызмет көрсету салаларында берік орны бар. Қазіргі таңда Қазақстанда орыс тілінде білім беретін 1160 мектеп жұмыс істейді. Бұл – елдегі жалпы мектептің 16,6 пайызы. Одан бөлек, 2047 (29,4 пайыз) аралас мектеп бар. Онда білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сонымен қатар білім беру тіліне қарамастан орыс тілі барлық мектепте пән ретінде оқытылады.

Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің үштен бірі білім алу үшін орыс тілін таңдайды. Бұл үшін оларға ешқандай кедергі жоқ және толық мүмкіндік беріледі.

Қазақстанда он орыс театры жемісті жұмыс істеп келеді. Оның ішінде Зюгановтың сөзі бойынша орыс тілі «қыспаққа» ұшырап жатқан Қазақстанның оңтүстік өңірінде, яғни Тараз (Жамбыл орыс драма театры) және Шымкент (Орыс драма театры) қалаларында да орыс театрлары бар.

Сонымен бірге біздің елімізде «Русский мир» қорының екі бірдей Орыс орталығы Алматы және Ақтөбе қалаларында ешқандай кедергісіз жұмыс істеп отыр. Бұдан басқа, Семей және Павлодар қалаларында Ресей азаматтарына құқықтық көмек көрсететін екі орталық жұмыс істейді.

Осыған қарап, Г.А.Зюгановтың орыс тілді азаматтарға қатысты «озбырлық» туралы мәлімдемесі біздің еліміздегі нақты жағдаймен ешқандай байланыспайтынын көруге болады (!). Қазақстан – этносы мен діни сеніміне қарамастан барлық азаматтың құқықтары мүлтіксіз сақталатын құқықтық демократиялық мемлекет.

Осы ретте Қазақстандағы тіл саясаты елімізде тұратын барлық этностық топтардың тілдерін қолдау арқылы мемлекеттік қазақ тілін дамыту қағидатына табан тірейтінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар Зюганов мырзаға Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы сенімді шарттық-құқықтық базаға негізделетінін де жеткізгім келеді. Біздің елдеріміз арасында 4 мыңнан астам келісім мен шарт жасалды. Екі елдің мемлекет басшылары қос тараптың мүддесін білдіретін барлық маңызды мәселе бойынша тұрақты түрде кеңесіп, консультациялар өткізіп тұрады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың негізі 2013 жылы қол қойылған ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт екені де белгілі.

Біздің елдеріміздің байланысы мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқылы және ішкі істерге араласпау, аумақтық тұтастықты, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын мойындау қағидаттарына негізделеді.

Өкінішке қарай осындай жауапсыз мәлімдемелер біздің елдеріміздегі онсыз да қиын жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Халықтарымыз арасындағы бейбітшілік пен келісімді жоғары бағалап, соның қадірін түсініп, оны күмәнді саяси ойындарға пайдаланбауымыз керек (!).

Сондықтан осындай шетелдік әріптестерімді пікір білдірген кезде салмақты әрі салқынқанды болуға, Қазақстандағы жағдайды бағалау кезінде алып-қашпа сөздерге емес, нақты деректер мен мәліметтерге сүйенуге шақырамын.

Ақылбек Күрішбаев, Сенатор

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3264
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596