Маргарет Ходж: «Оларға «алтын виза» беріп келдік»
Британ Үкіметі тағы да Қазақстанның бай-бағландары туралы мәселенің шетін шығарды. Депутат Маргарет Ходж «Ұлыбритания билігінің 2008-2015 жылдар аралығында 205 қазақстандық клептократқа «алтын виза» бергенін» айтты.
Ол Британ билігінен Қазақстанның байлығын заңсыз иеленген шенеуніктерге санкция салып, шоттарын жаптыруды сұрады.
Маргарет Ходждің мәліметінше, Ұлыбританияда қазақстандық элита өкілдерінің жарты миллиард фунт стерлингтен астам жылжымайтын мүлігі бар. Бұл соманың шамамен 330 миллион фунт стерлингі Назарбаевтар әулетіне тиесілі екен.
Маргарет Ходж сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев пен отбасы мүшелерінің, оның маңайындағы жақын адамдар мен олигархтардың аттарын атап, олардың қалай байығандарына шолу жасаған. Ол Қазақстанды «Орта Азиядағы ең бай елдердің бірі» деп атады. Ұлыбританияның сыбайлас жемқорлықты «қолдап» келгенін әшкерелегісі келетінін айтқан.
«Кеңес Одағының ыдырауынан кейін Тәуелсіздігін алған Орталық Азиядағы көпұлтты, табиғи ресурстарға бай Қазақстан мемлекетінің құрылғанына 30 жыл болды. Аталған жылдар аралығында Қазақстан кейбір көрсеткіштер бойынша едәуір табысқа жетті. Оның ЖІӨ-нің өсімі Ресейді қосқанда маңайындағы көршілес елдердің біразынан озық. Өмір сүру деңгейі жоғары.
2010 жылдарға дейін Қазақстанда саяси тұрақтылық бар сияқты көрінді. Бірақ, Қазақстан тарихының әлемге беймәлім қырлары да бар. Елді басқарып отырғандар заңсыз байыған шенеуніктер. 2019 жылға дейін оның автократиялық басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Қазақстанда бар-жоғы 162 адам байлықтың 55%-ын иеленіп отыр, олардың көпшілігі Назарбаевтың отбасы мүшелері мен олардың жақындары. Елдің адам құқықтары саласындағы беделі нашар және БАҚ саласында бостандық аз. Жақында Chatham House-тің жасаған есебі бойынша, қазақстандық элита Ұлыбританияда жарты миллиард фунт стерлингтен астам жылжымайтын мүлікке ие болып отыр. Бұл соманың шамамен 330 миллион фунт стерлингі Назарбаевтың отбасына тиесілі. Болжам бойынша, 15 миллион фунт стерлингке сатылды делінген Саннингхилл зәулім сарайы Назарбаевтың күйеу баласының иелігінде», – дейді Маргарет Ходж.
Ол 2006 жылы Клинтон әкімшілігінде істеген Джонатан Винердің Назарбаевтың жемқорлығы туралы айтқан сөзін мысалға келтіреді:
«Виннер: «Мен еркін әлемде Назарбаев сияқты өзінің сыбайлас жемқорлығымен танымал көшбасшыны елестете алмаймын. Біз оның сыбайлас жемқорлық әрекеттерін 15 жыл бойы көріп келе жатырмыз», - деген. Ұлыбритания бұған көз жұмып, сыбайлас жемқорлықты елемей, қазақстандық режимнің «заңсыз» ақшасын жасыруға көмектесті. Бұл мәселенің өзекті болып отырған себебі, Қазақстанның жемқор элитасы әбден шектен шықты. Сұйытылған газ бағасы өсіп, қарсы шыққан ереуілшілердің шеруі билеуші топқа қарсы бүкілхалықтық қозғалысқа айналды», - дейді Ходж.
Ол дәлел ретінде Назарбаевтың $7,8 миллиардт болатын активтерін жасырған «қайырымдылық» қорын жасырын түрде қалай басқаратынын анықтаған «Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу жобасының» (OCCRP) мәліметтерін алға тартты.
Бұл активтер Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies холдингіне тиесілі, екенін айтады.
Сондай-ақ, Ходж қаңтар қасіретіне ұшырап, қаза тауып, түрмеге қамалып, азапталып жатқандарды елдегі режимнің құрбандары деп атаған.
Ол Палатадағы баяндамасында қазақстандық «клептократтарға» жеке-жеке тоқталып өтті.
Назарбаевтың қызы Динара Назарбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев, Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаев, Дариғаның ұлы Нұрәлі Әлиев, бүгінгі таңда мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен тергеуде отырған ҰҚК-ның экс-басшысы Кәрім Мәсімов пен оның сенімді серігі банкир Айгүл Нұриева, Қазақстандағы ең ірі олигарх – Владимир Ким, жұмбақ байлығы $1,6 миллиардты құрайтын Кеңес Рақышев, құны $3 миллиардтық Бермуд компаниясының жасырын иесі болып келген Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің экс-министрі – Сауат Мыңбаев, «Үштік» ретінде танымал алтын виза иегерлері – Александр Машкевич, Патох Шодиев және олардың марқұм серіктесі (Алиджан Ибрагимов), Назарбаев аппаратының бұрынғы басшысы – Болат Өтемұратов, «Самұрық-Қазына» тәуелсіз әл-ауқат қорының экс-төрағасы Ахметжан Есімов, лауазымды қызметтер атқарған Назарбаевтың құдасы – Қайрат Боранбаев, байлығы $374 миллионды құрайтын Александр Клебанов пен ұлы Яков, «Nur Otan»партиясының жоғары лауазымды тұлғалары – Нұрлан Нығматулин, Бауыржан Байбек және Марат Бекетаевтың аты аталды.
Ходждың сөзінше, Назарбаевтың жақын серіктестері және сыбайлас жемқорлықты қолдауға, адам құқықтарын бұзуға қатыстары бар болғандары үшін жауапқа тартылулары тиіс.
Ұлыбритания Жоғарғы Соты Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның оффшорлық құрылымдар арқылы, оның ішінде Британ-Виргин аралдарында елден $300 миллионнан астам қаражат шығарғанына баса назар аударған.
Бизнесмен Айдан Кәрібжановтың экс-әйелінің «Қазақстанның ұлттық телекоммуникациялық компаниясын сату арқылы өз жағдайын жасады. Мемлекет есебінен саяси байланысы бар инсайдерлерге үлкен пайда әкелетін мемлекеттік активтерді жекешелендірді» деп таққан айыбын да қарастыру керектігі айтылды.
Оффшорлық құрылымдар арқылы айтарлықтай жетістікке жеткен Назарбаевтың туыстары - Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш те аталған тізімде бар екен.
Қорытындылай келе, Маргарет Ходж жемқор элитаға санкциялар салу - Қазақстанды түбегейлі демократия жолына жетелеп апармайтынын, бірақ осы арқылы «заңсыз» келген ақша мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге міндеттеме алғандарын көрсеткісі келетінін айтқан.
«Лондон мен біздің қаржылық қызмет көрсету секторымыздың беделі түскен, себебі, Ұлыбритания «арам ақшаны бүркеуші» ретінде қарастырылады. Біз бұл әрекетіміз арқылы Ұлыбритания идеясын қалпына келтіріп, одақтастарымызға клептократтар мен олигархтарға баспана бермейтінімізді көрсетеміз», - деп аяқтады сөзін.
Abai.kz